Еркебұлан Шәріпханов. «Қайнар қасіреті». Рымғалидың орындалмай қалған өсиеті

175

Еркебұлан Шәріпханов – ШҚО Абыралы ауданының бұрынғы әкімі. Бозоқ қалашығынан Жидебайға дейінгі сапарымызда бізді Қайнар ауылынан күтіп алып, Тоқтамыс ауылына дейін жолбасшы болып барған еді.

Жер ұзақ, жол ұту үшін түрлі тақырыпта әңгіме өрбиді. Осыны пайдаланып Еркебұлан Хамитұлын біраз сөзге тарттық. Абыралы, Қайнар, Дегелең өңірлеріне қатысты біраз жайттың куәсі болдық.

— Еркебұлан Хамитұлы, жаңа Қайнар ауылынан шығаберісте бір монументті көзіміз шалды. Естуімізше Қайнардың 42 азаматына қойылған ескерткіш дейді…

— 1953 жылы 29 тамызда осы біздің өңірде сутегі бомбасы сынақтан өткізілді. Ол қазіргі Дегелен тауының маңындағы «Темір қақпа» деген жерде атылған деп айтылады. Мөлшермен Қайнар ауылынан ұзаса 70 шақырым жерде. Үлкендерден естуіміз бойынша, сол сынақ жасалатын кезде осы Абыралы ауданының халқын кемінде 200 шақырым жерге, сынақ алаңынан аулаққа көшіріпті. Оңтүстік жақтағыларын – Шұбартау ауданына, солтүстігін – Павлодардың Май ауданына, шығысын – Абай ауданына, батысын – Қарқаралыға деген секілді. Бұл төңіректе ел қалдырмаған.

Ал жаңағы манумент тұрған жерге Қайнар ауылынан белсенді деген жас жігіттерден 42 адамды қалдырады. Алайда оларды «сынақ қояны» ретінде қалдырғандарын айтпайды. «Сендер осында боласыңдар. Осындай жерден бомба жарылады, соны бақылайсыңдар, қалай болғанынан хабар бересіңдер» — деп лагер құрып, байланыс құралдарын, тамағын, керек-жарағының бәрін, тіпті арақ-шарабына дейін берген деп айтады. Сол 42 жігіт сынақ полигонының құрбандары. Монумент солардың құрметіне қойылған.

— Сонда ауылды түгел көшіріп тастаған ба, қайта келмейтіндей етіп?

— Жоқ, уақытша көшірген ғой. Сынақ аяқталып, бәрі қалпына түскен соң ауыл адамдары қайта оралады. Әскерилер де қайтып келеді. Содан кейін жаңағы сынақ алаңына қалтырған жігіттерге, «біз сендерге байланысқа шықтық, бірақ сендер дұрыс қоспаған екенсіңдер, байланыса алмадық» — деп алдайды. Шын мәнісінде оларға ешкім байланысқа шықпаған.

Сынақ бітеді, күнделікті ауылдың тірлігі басталады. 5-10 жыл өткен соң жаңағы 42 азаматтың денсаулығы сыр бере бастайды. Кейбірінің мұрны, кейбірінің құлағы өз-өзінен түсіп қалады. Жігіттердің арасында беймәлім ауру пайда болады. Осыны зерттеген қазақтың Сайым Балмұханов деген мықты академигі болды. Қазір өмірден өтіп кеткен шығар, осыдан оншақты жыл бұрын Алматыда ол кісімен кездескен едім. Сол кезде 90-ға таяп қалған болатын. Ол жас кезінде осы Қайнарға келіп, сол жігіттерді зерттеп, емдеуге қатысып, оларға «Қайнар синдромы» деген дигноз қойған. Және сол кездегі Кеңес үкіметіне ескертіп, «атом полигонын тоқтату керек. Себебі халықтың денсаулығына осындай залалы бар» деп үндеу жасаған адам. Сол сөзі үшін Сайым Балуанұлы қаншама жыл қуғындалып, сотталған. Кейін ақталып, академик атағын алды.

— Жаңағы 42 жігіттің соңғы тағдыры не болды?

— Ешқайсысы ұзақ жасамады. Бәрі де ерте өмірден өтіп кетті. Соның ішінде бір ғана жігіт қартайып көз жұмды. Бертінге дейін Теміртау қаласында тұратын. Оны да соңғы рет көргеніме оншақты жылдан асып кетті, ендігі марқұм болып кеткен шығар.

Өзім әкім болып жүрген кезде осы Қайнарда бір іс-шара өткіздік. Сонда жаңағы ақсақал келді. Өмірін, сынақтың қалай болғанын өз аузымен айтып берген еді. Қарияның айтуына қарағанда, өзінен туған баласы да полигонның құрбаны, тәжірибеден өткізілер «қоянға» айналыпты. Бірақ баласы Чернобльде сынақ алаңында болыпты. Бір сөзбен айтқанда, ұлы да әке тағдырын қайталап, сынақ алаңында болған болып тұр ғой. Аты-жөні қазір есіме түспей тұр, сол 42 азаматтан тірі қалған жалғыз адам еді.

— Бұл монументті сіздің бастамаңызбен орнатқан ба?

— Мен бұл өңірге әкім болып келген кезде, өзім туған өңір болса да, (Еркебұлан Хамитұлы Абыралы ауданы Тоқтамыс ауылында туып-өскен – Е.Ж.) бағамдайсың ғой. Бұл елде не бар, не жоқ дегендей. Тарихынан хабардар болып, айта қаларлық не бар дегенді зерделей бастадым. Ешкімнен жасырын емес, аудан – полигонның құрбаны. Содан болып аудан тараған, соның салдарынан ел бірін-бірі танымай, жан-жаққа босып кеткен.

— Кейін аудан қайта құрылды ғой…

— Иә, қайта құрылды. Ол бір ойпыл-тойпыл заман еді. Қазақстан Тәуелсіздігін енді алып жатқан кезде құрылды. Құрылды деген аты ғана болғаны болмаса, экономика тұралап тұрған. Содан кейін оңтайландыруға ілініп, аудан тағы тарап, Семей қаласына «қаламаңы ауданы» есебінде қайта қосылды.

Сонымен не керек, өзім әкім болып келген соң, ел үміт артып отыр, не істер екен деп отырған көз одан да көп. Сосын, әуелі осы ұлт қасіретінен бастауды жөн көрдім. Қайнардың қасіретіне айналған 42 азаматқа бір белгі қою керек болды. Ондағы мақсат – Абыралы елінің, Қайнар ауылының мұң-зарын жоғарыға жеткізейік, бәлкім мемлекет тарапынан көмек бола ма деген оймен қолға алып едік.

— Бұл қай жылдары еді?

— 2013 жылдары қойғыздық. Сол 1953 жылғы сынақтың 60 жылдығына орай қойылған еді.

— Қазір ауылда қанша адам тұрады?

— Мыңның ар жақ, бер жағында ғана халық қалды ғой.

— Палигонның зардаптары біліне ме осы кезде?

— Бір кездерде ашық байқалатын. Сәбилердің кемтар болып дүниеге келуі, ересек адамдардың белгісіз сырқатқа шалдығуы деген секілді болып тұратын. Қазіргі уақытта ел арасында онша көп байқалмайды. Десе де, халықтың ішінде обыр (рак), ақ қан ауруы, суицид сырқаттары бар. Енді Қазақстан әлемде суицид бойынша алғашқы орындардың бірінде ғой, тек біздің өңір ғана емес.

— Палигон адам жасына әсер ете ме?

— Әбден мүмкін. Бір ғана мысал айтайын. Осы өңірде Қайнар ауылына жақын жерде Абыралы деген ауыл бар. 1977 жылы ауыл ретінде тіркеліп, 1978 жылы іргетасы қаланған еді. Сол ауылда да біраз жыл тұрдым. Сол ауылдың зиратына барған кезде бір жағдайды анық байқайсыз. Ол – сол ауылдың адамдарының жастай қайтыс болатыны. Егде жас жасап, 80-90-ға келіп дүниеден өткен адамдардың бейіті сирек. Көбі жастай кеткен. Ал Қайнар ауылы ежелден келе жатқан ауыл болғандықтан, бұл жерде қартайып қайтыс болатындары көп. Осыдан-ақ, полигонның қазіргі зардабын байқауға болады деп ойлаймын.

— Сынақ палигонына, бомба жарылған жерге ең жақын ауыл қайсы?

— Ең жақын ауыл осы біздің ауылдар. Қайнар, Абыралы, Ақбұлақ ауылдары. Ең жақын жер – Айнабұлақ ауылдық округі. Сол жерде Айнабұлақ, Самай деген елдімекендер бар. Біз күні бүгін малымызды – жылқы, сиырымызды сонда бағып жүрміз.

— Жаңа бір сөзіңізде Қайнар Семей қаласының «қала маңы аудандарына кіретінін» айттыңыз. Былай қарасақ, Қайнар қайда, Семей қайда?! Арасы 250 шақырым. Осы алыстық ауыл тұрғындарына кедергі келтірмей ме?

— Бұл мәселенің екі жағы бар. Таяқтың екі ұшы болады ғой. Өзім екі ауылда әкім болып, мемлекеттік салада 15 жылдай қызмет істедім.

Біріншіден, халыққа пайдалы жағын айтайын. Ол – атаулы әлеуметтік көмек аларда, басқа да мемлекет тарапынан төленетін төлемдерде, несие алу жағына келген кезде қала мекемелері аса қатты шұқшиып тексермейді де, жеке аудандардың ауылдарына қарағанда, қала маңы аудандарындағы азаматтар жақсы ала алады. Мысалы басқа ауылдардағы әріптес азаматтардан сұрастырсам, қала маңы аумағына кірген ауылдардан қарағанда, басқаларының әлеуметтік көмек, несие алуы қиын екен.

Өзге ауылдарда қарапайым несие алу үшін төлем қабілетін анықтап, мал-мүлкін санап, түгел тексерсе, бізге келгенде ондай тексеру болмайды, Сол секілді, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекті де біз қала тұрғындары ретінде аламыз.

Екіншіден ауыл тұрғындары үшін қиыншылығын айтайын. Қаланың өзінде 320 мың халық тұрады. 20 мыңын қала маңы аудандарында тұратын халық дегеннің өзінде, қалған 300 мыңның шешілмей келе жатқан мәселесі шаш-етектен. Қарапайым ғана, Семейдің жылу мәселесі – өмірі біткен емес. Қала ішінің жолы, қоғамдық көлік, т.б. жетіп жатыр мәселе. Ал қаланың өзі осылай сансырап отырғанда, ол қаланың басшылығы, орынбасарлары 250 шақырым жердегі Қайнардың мәселесін шешіп береді деу, оған көңіл бөледі деу ақылға симайды. Әрине, ауылға келген атқамінерлер Жаңа Семейге қарасты қала маңы аудандарына көңіл бөлеміз деп кетеді, бірақ, қаладағы ірі мәселелерге тап болғанда, алыстағы азғана халықтың мұң-зары құлақтарынан шығып кетеді.

— Әлеуметтік төлемдер алуға жақсы деп отырсыз ғой. Ал әлеуметтік мәселені қалай реттейсіздер? Мысалы, қандай да бір оқыс оқиға болса, денсаулыққа қатысты, жақын маңдағы аудандар сіздерді қабылдамайды, сонда 250 шақырым Семейге барасыздар ма?

— Жалпы денсаулық сақтау саласына қатысты біраз сын айтуға болады. Бірақ бір жағдайға байланысты мен ол тақырыпты қозғай алмаймын.

— Ол не жағдай еді?

— Менің жұбайым қазір сол 250 шақырым жерге барып, Семей қаласында жұмыс істеп жүр. Оның да өз себебі бар. Басында ауылға дәрігер керек деп шақыртты да, соңында жұмысқа алмады. Жұбайым магистратураны бітірген маман еді, жұмыс істемесе дипломы жарамсыз болып қалатын болды. Сондықтан күнде 250 шақырымға барып, келіп жұмыс істеуге мәжбүр.

Ал осы өңірдегі денсаулық сақтау саласына қатысты сын айтпауымның себебі, әйелімді жұмысқа алмағаны үшін жамандап отырғандай боламын ғой. Сондықтан бұл жайлы пікір айтудан бас тартамын.

— Жақсы, уәжіңізбен келісейік. Дегенмен, өзіңіз осы өңірді біраз жыл басқардыңыз, қазір де осында тұрып жатырсыз. Байқасақ, қазір халық Қайнардан кетіп жатқан сыңайлы. Қалай ойлайсыз, ел неге кетіп жатыр?

— Осы өңірді басқаруға келген кезде сын көзбен қараймыз ғой. Өзім Абай ауданының қазіргі Тоқтамыс, бұрынғы Қызылту ауылында туып өскемін. Бала кезімде осы Қайнарда тұратын туыстарыма келіп жүрген кезде, жылқының көптігіне таңқалатын едім. Бұл жердегі жекеменшіктің жылқысы өте көп болатын. Ол кезде кеңшар деп атайтын, Қайнар кеңшарында ғана 3000 бас жылқы болды. Салыстыра қарағанда, біздің өңірдегі ең іргелі шаруашылық еді. Кейін осы өңірге басшы болып келгенде байқасам, халықта мал жоқ. Барының өзі өте аз. Көрші Абай ауданының іргелі ауылы – Сарыжал бар. Олар малын, жылқысын сақтап қалған. Қазір елімізге танымал Сарыжал қымызы сол ауылдан шығады. Тіпті көрші Доғалаң ауылының өзі малын сақтап қалған. Өзге де Қайнар секілді іргелі ауылдар малын сақтап, мал басын өсіріп отыр. Қайнар қалайша малынан айырылып қалған? Түсініксіз.

— Расында, Қайнар неге малдан айырылып қалыпты?

— Мен де осы сұрақтың жауабын көп іздедім. Өзімше зерттеу жасап, үлкендерден, ауыл ақсақалдарынан сұрадым. Ақыры жауабын да тапқандай болдым. Біздің Қайнар ауылы біраз уақыт аудан орталығы бола қалғаны, халықтың болашақ әлеуметтік жағдайына көп зиянын тигізген екен.

— Ол қалай сонда? Керісінше аудан орталығы болып, жағдайы жақсару керек қой…

— Иә, егер аудан тарамаса, халықтың жағдайы жақсаруы мүмкін еді. Ал біздің аудан тарап кетті ғой. Қайнар аудан орталығы болған кез 90-жылдардың басы еді ғой. Ол кезде малдың бағасы түсіп кетті. Малда құн жоқ. Қадірі болмады.

Аудан ашылған кезде, ауылдағы азаматтың көбі, тіпті бәрі десе де болады, жұмыспен қамтылды. Білімі жоқ, дипломы жоқ болса да, күзетші, аула сыпырушы, жүргізуші болса да, екі қолға бір күрек табылды. Ал мұндай тұрақты айлығы бар жұмыс тапқан адам, малда құн жоқ уақытта мал баға ма?! Малдың бәрін сатып жіберді де, жалақыға сүйеніп қалды ғой. Тіпті үйдегі әйелдердің өзі бос емес, бәрі қызметте.

Осылай малдан түгел арылған кезде, аудан тарап, бәрі жалақысыз, жұмыссыз қалды. Бағанағы малдың бәрін сатып жіберген азаматтар, не малда жоқ, не қызметте жоқ, екі саусақты мұрынға тықты да отыра қалды. Енді қаңыраған ауылда, қаңыраған қораға қарап отыратын емес, ел басқа жақтан, қалалардан нәпақа іздеуге кірісті. Менің ойымша халықтың ауылдан кетуінің басты себебі осы деп ойлаймын.

— Қазіргі кезде ауыл халқы малдан басқа немен айналысады?

— Ауылдың көп азаматы қазіргі Аягөз ауданының территориясында орналасқан Ақбастау-Құсмұрын мыс кенінің рудасын Қарағайлы кен байыту комбинатына тасиды. Соны таситын КамАз-дарда жалдамалы шопыр болып, ауысыммен жұмыс істейді. Одан бөлек, шамасы жеткендер өздері көлік сатып алып, сол жерде руда тасып жүр. Біраз халық өздерінің жеке шаруашылықтарын ашып, сонымен күн көріп отыр. Басқа айтақаларлық табыс көзі жоқ бұл өңірде. Әрине, белгілі деңгейде мемлекеттік қызмет істейтіндер бар. Оның өзі саусақпен санарлық қана ғой. Әкімшілік, мектеп, аурухана деген секілді.

— Аудан аумағында қандай тарихи орындар бар?

— Ауыз толтырып айта қояр осындай жер бар еді дейтіндей нысаналы жеріміз жоқ, дегенмен осы Қайнар өлкесі ең алғашқы білім орталығы десем болады.

Біз жаңа «Бассақал» деген қыстақтан аттандық қой. Соның арғы жағында «Қаратұмсық» дейтін жер бар. Семей қаласында ең алғаш мектеп ашылғанда, сол Қаратұмсықта да алғашқы мектептің іргетасы қаланыпты. Осы Сарыарқа өңірінде білім алу мәселесі көтерілмей тұрған заманда, біздің ауылда шәкірт даярлау басталып кеткен. Мектепті алғаш ашқандардың аты-жөні есіме түспей тұр.

Осы жерде Еркебұлан Хамитұлының мәліметін сәл толықтыра кетуді жөн көрдік. 1922 жылы Семей уезіне қарасты Абыралы, Қайнар өлкесінде Тұрсынбай Дайырбекұлы есімді орта шаруа өзінің екі бөлмелі үйін мектеп ғимаратына береді. Ол балаларды оқыту үшін әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің бастауында тұрған саудагер Ботовтан көмек сұраған. Қаратұмсық мектебінің алғашқы ұстаздары Мұсташ Ысқақов, Төлеуғали Мүсәпіров және Семейден үкімет жіберген жас комсомол белсендісі Әзікен Жұмағұловтар болатын. Қазір бұл мектеп Қайнар ауылында, алдағы жылы ғасыр тойын тойлайтын мектеп бүгінде Сапарғали Бегалиннің атында.

Екінші бір айта қаларлық ерекше жеріміз – Абыралы көтерілісі өткен жер.

1931 жылы Кеңес үкіметінің саясатына, колхоздастыруға қарсы шыққан кездер ғой. Сол кезде еліміз көлемінде, менің білуімше, үш үлкен көтеріліс болған. Бірі – Шұбартау өлкесінде, екіншісі – Созақ көтерілісі, үшіншісі – Абыралы көтерілісі. Осылардың ішіндегі Кеңес үкіметіне үрей әкелгені – Абыралы көтерілісі.

— Ол көтеріліс қай жерде болған?

— Абыралы көтерілісі – ауданның оңтүстік-батысында Көкшетау тауларының арасында болған. Ол жерлерді ежелден қаракесектердің ішінде Қамбар атаның ұрпақтары мекендейтін. Сондықтан да ол көтеріліс кейде «Қамбар көтерілісі» деп та айтылады.

Оқиға 1931 жылы ақпан айында болған екен. сол кезде елдегі қара танитынның бәрі атқа қонып, Кеңес үкіметіне қарсы шыққан. Талаптары біреу – малда ортаққа бермейміз дескен. Әрине, Кеңес үкіметі ондай жандарды аясын ба, түгел қырып тастаған.

Сол көтерілістен 40-қа жуық азамат қашып шығып, Жетісу өңіріне барып сіңген екен. Содан көтерілістен кейін 7-8 жыл өткен соң елге хат жазыпты. «Біз аман-есенбіз, бізге еш алаңдамаңдар» дейді ғой. Олар сол жаққа сіңісіп, үйлі-баранды болып, отбасын құрып кеткен екен дейді. Әлгі хаттан соң НКВД жендеттері оларды тауып, бәрін жиып, бір сайға апарып атып тастаған екен. Бұның барлығын Болатбек Нәсеновті білесіздер, әйгілі «Рижий Алмаздың» әкесі. Сол кісі тарихи деректермен бәрін дәлелдеп шығарған.

Үшінші ерекше атап өтер орын – Таңбалы тас петроглифтері.

Қазіргі кезде Семейде тұрады Амантай Исин деген ғалым ағамыз бар. Сол кісі бір-екі рет ғалымдарды ертіп келіп зерттеген екен. Бірақ ол ғалымдар қандай баға бергенін білмеймін. Дегенмен, өз ойымша, ол тастар меторидтер деп санаймын. Себебі, таудың ең биік төбесінде шашырай түскен тастардың сырты күйген, жұмыр. Сырттай қарағанда, балқып түскен темірге ұқсайды келбеті.

Оған қашалған суреттердің қай ғасырда салынғанын мен айта алмаймын, бірақ өте ертеде қашалғаны анық. Ол тастарда найза ұстаған адамның, түйеге мінген адамның, мінгескен атты кісілердің, садақ тартқан мергеннің, бұғының бейнесі бейнеленген. Бұл петроглифтердің бір ерекшелігі, әлі бір жері өшпегендігі. Оның себебі тастың аса қаттылығы. Жұмсақтау, кемік тас болса, баяғыда өшіп кетер еді ғой. Осы таңба салынған тас секілді доптың көлеміндей тасты алып, басқа тастың үстіне қойсаңыз, шыңылдаған, темірге темірді ұрған секілді дыбыс шығады. Сонымен қатар, ол тас қаттыжерге түссе, доптай секірмесе де, белгілі дәрежеде серпін береді.

Өздеріңіз білесіздер, біздің өңірден шықан атақты академик, ғалым Рымғали Нұрғалиев деген ағамыз болған. Сол кісі көзінің тірісінде Таңбалы тасқа барып, бір таңба салынған тастың үстінде отырып фотоға түсіпті. Содан кейін шәкірттеріне «мен өмірден өткен соң, басыма осы тасты қойыңдаршы» деп өсиет айтыпты. Рымғали аға өмірден өткенде мен осы ауылдың әкімі едім, шәкірттерінің атынан Дәулеткерей Кәпұлы сәлем айтып, көлік жіберіпті. Ел таныған ағамыздың өсиетін орындауға қанша талпынсам да қолымнан келмеді. Ағамыз қасына отырып, суретке түскен тастың көлемі тым үлкен емес, бірақ біз оны орнынан қозғай алмадық. Өте ауыр екен. Содан амал жоқ, 4-5 жігіт одан көрі шағындау тасты таудан көтеріп алып түсіп, келген көлікке тиеп жібердік.

Міне біздің жердің, біздің елдің тарихы осылай. Әңгіме айтып жол қысқартқан жақсы ғой, дегенмен, шұбыртып айта берудің де мәнісі жоқ. Осында ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Құдайдың басқа салғанын көреміз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай, 2021 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.