Жылқы малының неге құрбандыққа шалынбайтынын білесіз бе?
islam.kz сайтына Жеңісбекесімді оқырман сауал жолдапты. Онда; «Әссәләмуғалейкум, айттарыңызбен! Сұрайын дегенім: неге осы құрбан айтта жылқы малы құрбандыққа шалынбайды? Толығырақ түсіндіріп өтсеңіз! Алла разы болсын. Жеңісбек Байтабынов» — делінген. Назарларыңызға осы сауалдың жауабын ұсынып отырмыз. Баршаңызға алда келе жатқан Құрбан айт қабыл болсын!
Уағалейкумассалам! Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының басты себебі – Алла тағаланың Құранда айтылған мына бұйрығы:
وَلِكُلِّ أُمَّةٍ جَعَلْنَا مَنسَكًا لِّيَذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّن بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ ۗ فَإِلَـٰهُكُمْ إِلَـٰهٌ وَاحِدٌ فَلَهُ أَسْلِمُوا ۗ وَبَشِّرِ الْمُخْبِتِينَِ
«Біз әрбір үмбет үшін, өздеріне берген жануарлардан: түйе, сиыр, қой және ешкіден, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Құдайларың — бір-ақ Құдай. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар! (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр»[1]
Осы аяттың арапша түпнұсқасында «бәһимәтул әнъам — بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ» сөз тіркесі ашық-айқын айтылған. Арапшада «бәһимә» сөзі – жануар, мал деген мағынаны білдірсе, ондағы «әнъам» сөзі арапшада төрт мал түрін қамтиды. Олар: түйе, сиыр және қой, ешкі[2]. Бұл дегеніміз, аятта бекітілген малдардан өзге, жылқы, тауық, қаз, үйрек т.б. хайуандар — құрбандыққа жарамсыз деген сөз дейді ғалымдар. Мұнда мәзхаб ғұламалары арасында талас жоқ.
Өйткені құрбандық шалу – намаз, зекет іспетті, Аллаға құлшылық етудің бір түрі. Ал құлшылыққа қатысты үкімдер көбіне аят және хадиспен бекітіледі. Аятта білдірілген үкім егер ешбір болжамды керек еттірмейтіндей ашық-анық келген болса, бұлжытпай сөзбе-сөз орындалуы тиіс. Одан артық немесе кем ешкім үкім баян етуіне құқы жоқ. Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының төркіні осында жатыр. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.