Бүркіт Бекмағамбетов: Радио – халықтың ұстазы
Қазақ радиосының 100 жылдығына орай ардагер журналистермен әңгімелесуді жалғастырайық. «Ғасыр күнделігі» айдарының бүгінгі қонағы белгілі диктор Бүркіт Бекмағамбетов.
Бүркіт ағамызбен әңгімені тастаяқ ойнап жүріп өрбіттік. Өмірден көргені мен түйгені, оқығаны мен тоқығаны көп Бүркіт Мәжитұлы өзінің дикторлық жолы жайлы айтты.
— Халық сізді диктор ретінде таниды. Шынымен мамандығыңыз «дикторлық» па?
— Мен тарихшымын. ҚазМУ-дың Тарих факультетін бітірдім. Оған дейін музыкалық училищеде оқыдым.
— Ал дикторлық туа бітті ме, әлде дайындықпен келді ме?
— Жоқ, дайындық. Ол кезде дикторлық болған шығар, бірақ өз басымда ондай болған жоқ. Мен 1969 жылы Қызылжарда конкурсқа қатыстым. Ол кезде Музыкалық училищеде оқитынмын. Конкурсқа қатысқандардың өзі бір-екі-ақ адам шығар, соның ішінде бірінші орын алдым.
— Ол конкурсқа қатыс деп ақыл-кеңес берген адам болды ма, әлде өзіңіз барып қатыса салдыңыз ба?
— Алғашқы ұстазым Бәткен Сұлтанова дейтін диктор апай болды. Ой, енді дауысы керемет еді. Сондай ғажап! Менің қолымнан қақпай, «Әй, сен бір өлең жазасың ғой, өлеңді менен жақсы оқисың. Сенің дауысың оңды, өлеңді түсініп оқисың» деп мені мақтап қояды. Ол кісіден асырып оқу қайда? Өзім 10-шы сынып бітірген, жаңа бастап жүрген бала, қайдағы жақсы оқу? Өлең жазасың дейді, ол кезде үкімет пен мемлекетті мақтау, боданның кезі ғой композициялар болады солардың өлеңін оқитын болсам керек. О кісі әдейі, кішкене өнер адамына мақтау болмаса болмайды, ол әншісі болсын, ақыны болсын, жазушысы болсын, журналист болсын өнердің маңайында жүрген адамға мақтау болмаса көтерілмейді. Сонда әлгі кісі мені мақтап қояды. Содан ақырын-ақырын үйреніп кеттім. Ол кісі кетті. Мен негізгі диктор боп қалдым. Алдымен диктор практикант болдым. Содан Алматыға келдім 20 жылдан кейін. Петропавлда 20 жылдай жұмыс істедім.
— Алматыға кеп бірден радиоға жұмысқа қабылдандыңыз ба?
— Бірден кірдім десем болады. Әуесқой композиторларды шақырған бір съезд болды. Композиторлардың 7-съезі ғой деймін. Соған бізді де шақырды. Тиіп-қашып өлең жазып жүргенде. Сонда келгенде осында конкурс жүріп жатыр екен. Жігіттер айтты, «нең кетеді, онсызда келдің ғой, әдейі келіп қатыса алмай жатқандар бар екен. Сен бәрібір осында жүрсің, бара салсайшы» деп. Сосын конкурсқа қатысушылардың қатарына тізімделе салғанмын. Бірінші орын алып, өтіп кеттім.
— Ал Қазақ радиосына келдіңіз, топ етіп кімнің қолына түстіңіз?
— Ол кезде Облыстық радио деген бар екен. Облыстық радиоға жіберді. Сәтпаев бойындағы. Қазақ радиосына қарасты мекеме. Мені сонда жіберді. Радиоға алғаш келгендердің біразы сонда барады екен. Кейде журналистер ол жақта жылдап жүреді. Облыстық радиода әбден тәжірибе жинап, иі қанып, пісіп-жетілгеннен кейін Қазақ радиосына ауысады. Мен екі-үш жұма ғана жүрдім. Содан кейін бірден Қазақ радиосына дикторлыққа жіберді.
— Әнуарбек ағадан тәлім алғаныңыз жайлы айтқаныңыз есімде…
— Қазақ радиосына ауыстым, көңіл көтерілді. Ол кезде қазіргідей емес, бір мекемеге жұмысқа кірсең болды, шошаң-шошаң етіп бір мекемеден бір мекемеге жібермейтін кез. Тіпті қатең болса да сөгіс береді, үйтеді-бүйтеді, әйтеуір жүре бересің. Сондай кез.
Радиода жүргеніме бір жыл емес, екі жыл емес, үшінші жыл. Мен күніне жаңалықтарға 7-8 рет шығамын. Әрбір жарты сағат сайын жаңалық. Әбден төселіп алғанмын. Бір күн емес деймін, жылдап. Содан мәтінге қарамай шығатын деңгейге жеттім. Әнекең пенсияда жүрген адам. Ол кезде зейнеткерлерге заң шыққан. Жылына үш ай жұмыс істеуге болады деген. Әнекең — Халық әртісі. Аты да атағы да дүркіреп тұрған кез.
Бір күні студияға келді. «Бұл кісі эфирге қалай шығады екен?» деп қарап тұрмын. Бір уақытта әлгі кісі келді дағы әтінді алды, қызыл қарандашын алды: «Тәәк, мына жерде былай жасау керек, мына жерде люк пауза қоямыз, мына жерді біріктіріп жібереміз, мына жерді тезірек, мына жерді асықпай оқу керек екен» — деп жазып, манағыны қып-қызыл қылып, үтірлерін қойып, түзетіп шықты. Менің көзім бақырайып кетті. «О-е-баай, Әнуарбек Байжанбаев эфирге мынадай дайындықпен шығады екен ғой. Бұл кісінің «Әнекең» аталып жүргені сондықтан екен ғой. Менікі не тәлпіштік?! Ылғи дайындалмай шығамын» — деген ой келді. Содан бастап мәтінге қатты дайындалатын болдым. Сонда мен түсіндім ол кісінің өзін сыйлайтындығын, елді сыйлайтынын, жұртты сыйлайтынын, қазақтың тілін сыйлайтынын, қазақтың халқын сыйлайтынын. Сол тәжірибесі, сол болмысы менің өміріме сабақ болды. Микрофонның арғы жағындағы миллиондаған тыңдаушының алдындағы жауапкершілікті сезіндірді.
— Журналист бөлек, диктор мүлде бөлек. Радиоға келгеннен кейін журналист ретінде жұмыс істеп көрдіңіз бе?
— Мен радиода емес, телеарнада журналист болып істедім. Жайдан-жай СССР журналистер одағының мүшесі болмайсың ғой. Көлемді сюжеттер дайындадым теледидарға.
Жалпы қазір жүргізуші деп жүр. Біздің кезімізде барлық хабарға дикторлар шығатын. Оны өзің білесің. Журналист жазады. Барлығын тек қана диктор оқиды. Сонда егер әлгі бәлен күн, бәлен түн жаяу-жалпы дайындаған, кейіпкерді әбден танып-біліп сөйлеткен журналистің хабарын диктор нашар оқыса, еңбегін еш қылады. Ол жағынан алғанда журналистің өзі жүргізгені жақсы. Өйткені, ол материалды диктордан әлдеқайда жақсы біледі. Ал мәселе соны өзі қалай жүргізуде. Мысалы менің Докторхан деген досым бар. Жақсы жазушы. Хабар дайындап әкеледі де, маған оқуға береді. «Өзіңіз оқи салсаңызшы» десем, «Ой, Бүркітжан, болмайды ғой. Шымшық сойса да, қасапшы сою керек» — деп қоймайды. Маған ыңғайсыз. Ол қанша дайындалады, пәленбай жерге барады, көзмайын таусып жазады. Соның өзінде «мә сен оқы» деп маған оқытады әлі күнге дейін. Сол сықылды оны жақсылап жүргізетін болса журналистің өзінің дайындағаны өзіне жақсы. Ал енді дикциясы нашар болып, кейбір әріптерді дұрыстап айта алмайтын болса, оның еңбегі еш болады. Яғни журналист өзінің еңбегін өзі еш қылады.
— Қазір журналист өз хабарын өзі жүргізеді. Өзі – диктор, өзі – журналист.
— Сондықтан да оның эфирдегі дикциясына мән беру керек. Сөзіне, сөйлеу мәнері мен жекелеген дыбыстарды анық айтуына мән берген дұрыс.
— Ал сіз диктор ретінде тамағыңызбен жұмыс істедіңіз бе? Мысалы дұрыс интонацияны қалыптастыру үшін.
— Жоқ. Мүмкін іргетасы жақсы қаланғаннан болар. Негізінен сол Қызылжарда жүргенде музыкалық училищеде оқыдым. Ол кезде не көп, көркемөнерпаз үйірмесі көп еді ғой. Бір зауыттың көркем өнерпаз үйірмесінде хорға қатысатын едік. Екі-үш сағаттап өлең айтамыз. Оның алдында дайындық дегені болады. «А-а-а-а-а» деп жоғарылата береді жарты тоннан. Солардың маған көп пайдасы тиді ғой деймін. Әлі күнге дейін дауысымның осылай сақталғаны соның арқысы шығар деп ойлаймын. Сосын, қазақ айтады ғой, «жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деп. Менің әкем 82-ге кеп қайтты, марқұм. Сол 82-ге дейін дауысы менің дауысымдай болды. Ол кісі өлең айтқанда да бүлкілдетіп жіберетін. Дауыстың қоңырлығы текке де байланысты болуы керек, шамасы. Әкемнің дауысы сол қалпында кетті.
— Әнуарбек Байжанбаевтың көзін көрдіңіз. Сауыр Жақанова мен Аманжан Серіков ағалармен үзеңгілес болдыңыз. Жалпы, өзіңіздің Қазақ радиосындағы ортаңыз туралы айтыңызшы, сол кездегі дикторлар туралы.
— Нұрлан Өнербаев болды, сосын Мұрат Оспанов деген жігіт 5 жылдай істеді. Қазір Көкшетауда театр директоры. Жақсы-жақсы мықты-мықты азаматтар көп болды ғой. Біздің кезімізде сен тұр, мен атайын дейтін 28 диктор болды. Сосын оның әрқайсысының өзінің ампуласы болды. Мысалы біреуі тек қана концерт жүргізеді. Концертке дауысы сондай сызылып тұрып әдемілеп, «Жайлаукөл кештері» орындаған пәлен деп мәнерлеп хабарлайды. Әркімнің өз саласы бар дауысына байланысты. Мен сықылды дүрілдеген, гүрілдегендер газет оқимыз, не болмаса парад жүргіземіз.
— Сіз парад жүргіздіңіз бе?
— Мен Астана Арқаға көшкенге дейін төрт жылдай парад жүргіздім. Мына Алматының орталық алаңында тұрған Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанатын мен жүргізгемін деп мақтанып қоямын. Ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы президент. Сол кісі келіп ашты. Сонда сөз беріп, Тәуелсіздік туралы өлең оқып, ашылу салтанатын жүргізгемін. Сосын астанадағы Астана арена футбол алаңының ашылу салтанатын да мен жүргіздім. Ол кезде, өзің білесің, Астана Арқаға көшіп барған кез, әуелі президентке доп тепкізіп, әлемге танымал футболшылардың алдында өзім жүргіздім ашылу салтанатын.
Сол секілді, әрбір диктордың өз бағыты бар. Әрине, бәрінің де дауыстары ерекше. Анау Омархан Қалмырзаев қандай керемет дауыс иесі еді?! Болат Біжібаев, жаңағы айтып отырған Аманжан Серіков, бәрі жеке-дара дауыс иелері. Ең ғажабы, бір-бірімізден қызғану деген болмаған екен.
Өз үзеңгілестерің туралы айт деп отырсың ғой, Шалқарда жүргендегі бір қызықты жағдайды айтайын. Бұл біздің бір жақсы әріптесіміздің басынан өткен оқиға.
Ауысыммен жұмыс істейміз ғой, кейде «қой кезек» кешке келеді. Сонда бар ғой, Құдай сақтасын, 6-7 де ауысасың, содан таңғы сағат 8-ге дейін бір-ақ сағат, 5-тен 6-ға дейін техникалық үзіліс. Бір сағатта, 45 минуттай ұйықтайсың. Сосын операторлар оятып алады «тұрыңыз, ауа райын оқыңыз», — деп. Ауа райын оқығанда бір жолын көресің, бір жолын көрмейсің. Сонда бір диктор Алматыда 0 градус дегенді айтам деп, 0 дегенді мүлдем ұмытып қалған. Есіне түсіре алмай қалады. Ал радиода 1-2 секунд деген үлкен пауза. Қарап отырып мынаны дөңгелек дейін бе, сопақ дейін бе деп сасқалақтайды. Уақыт өтіп барады, ақыры «Алматыда қазір О градус» деп хабарлап жіберген ғой.
— Ол кезде салалық журналистика жақсы дамыған секілді?
— Иә, салалық журналистика жақсы жолға қойылған еді. Өз басым, әсіресе, телеарнада жүрген кезімде көп хабар жүргіздім. Онда бір күні дәрігерлер келеді, бір күні мұғалімдер, бір күні ғалымдар келеді. Сонда керемет білетін адамдай, мұрныма иісі бармаса да, осы мынау пәлен деп, білгішсініп сұрақ қоямын. Алдын-ала сұрап аласың не істеп жатқандарын. Дегенмен ол кезде журналистерді салаға бөлетін. Мысалы, әдебиет пен мәдениетті бөлек, ауыл шаруашылығын бөлек, өнеркәсіптікі бөлек деп. Олар мысалы ауылшаруашылығында 10-15 жыл істеп жүрген журналистер кейбір зоотехнниктерден әлдеқайда артық білетін. Өйткені әрі оқиды, әрі дайындалады, әрі ылғи сұрақ қояды, әрі күнде олармен сұхбаттасады.
— 52 жыл журналист болғанда не түйдіңіз? Екі дәуірді көрдіңіз ғой…
— Сұрағың орынды. Айтар ойыңды, көкейіңдегіні мүмкіндігінше жеткізген дұрыс. Мен саған шама-шарқымша түсіндіріп көрейін. Менің «Мысалдар» деген шағын жинағым бар. Осының ішінде «Қарын» деген өлең бар.
Үрлеген қарын
«Мен бір дарын» — деп сыздады
«Дарын болса дарын шығар» деп
Тыныштығын ешкім бұзбады
Өзін көтеріп анда да қойды,
Мында да қойды
Тырсиып әлі жүр сол қарын
Кім білсін ішінде не барын?
Сол сықылды «Қарғыбау» деген де өлең бар. Басқа иттерде қарғыбау жоқ. Мынада қарғыбау бар. Қарғыбауы болғасын оны иесі байлап қояды. Иесі жіберейін деген жерге ғана жібереді.
«…Менің кереметім қарғыбау,
Оған бекер бардым-ау…» — деп жүрген жоқ дейді. Қарғыбау қазір жұрттың көбінде бар. Сол қызмет береді. Сен журналистсің. Сен мың жерден айтайын десең дағы, сенің каналыңның этикасы бар, каналыңның бастықтары бар, оның бастықтары бар, бастықтарының бастықтары бар. Міне, сол – қарғыбау.
— Түсінгенім сол дейсіз ғой.
— Иә. Сондықтан айтайын дегенім осы.
Мынау Қазақстанның төрт бұрышын мен аралаған адаммын. Түгел. Алдында журналист ретінде, ақын ретінде, одан кейін құда-құдағилар анда апарады, мында апарады. Сонда менің керемет таң қалатыным, керемет қуанатыным сол төрт бұрышында да қай жерде сөйлесемде бәрі де анық, түсінікті. Олар да мені анық түсінеді. Ал енді мәселе осы диалектіге бөлмеу керек. Елің жақсы, әңгіме жоқ. Мысалы мынаны әгүршік дейді, Жамбыл жақта шалбарды сым дейді. Шымкентте таңертеңгілік дегенді азан дейді. Сонда мен мысалы: «Азанда тұрып әгүршік болаттайын десем сымым ұшты-күйлі жоқ» десем кім түсінеді? Бір мың адам бір жерде, бір мың адам бір жерде бірін-бірі түсінбейді. Бүкіл әлемдегі 9-шы орын алатын Қазақстанда бәрі бір-бірін түсінеді. Егер әлгіндей диалектіге салып әрбір жүргізуші өзінің елінен бір сөз алып келіп қоса беретін болса не болады? Қазіргі кезде «алдыға түс» дегенді шығарып алыпты. Сонда «алдыға» десе «артыға» деу керек қой?! «Оңдыға», «солдыға» дейік онда. Тіл бүлінді дегені сол. Сауатсыздық қой бұл барып тұрған. Біреу баяғыда футбол жаңағыдан шығып жатқан кезде, «доп басынан табылды» десе, бір кемпір отырып «доп бит боп кеткен ба?» деп айтады дейді. Біздің күйіміз де сол.
— Сіздердің кездеріңізде диктор болды ғой. Қазір диктор деген жоқ. Диктордың жоқ болғаны сол тілге кері әсерін тигізіп жатқан секілді?
— Ойына келгенін жасап жатыр деген сол. Қазақ тіл әдебиеті, қазақ тілі, фонетикасы, грамматикасы дегенді біреу алып қалу керек қой. Үндестік заңы екі дауыс қатар келсе біреуі түсіп қалу керек, Қ-Ғ боп кетеді, К-Г боп кетеді деген сықылды. Ал енді ағайындар, туыстар біреуді өткізіп жібереді, екі айдан соң әлгің жұлдыз. «Талдыққорған» деп ұра береді, «Қазақ радиосы» деп. Менде көп шәкірттер болды, Жүргеновті бітіргендер. 10-15 маман институттан кейін келіп оқыды. Қарап отырып, оқығандар мынадай болса, оқымағандар қандай болды екен деп ойлап отырамын.
— Адамды дикторлыққа тәрбиелеуге бола ма?
— Болады. Дикциясын қоюға болады. Мен көптеген балаларға сабақ бердім. Сосын әркімнің өзінің қандай әріпті айтады, жаңылтпаштар деген сияқты. Қайсысын айта алмайды соған байланысты. Менің бір қиналғаным – бір қазақ қызын ертіп келді. Ертіп келді де, «Бір жұмадан кейін осы балам бір кеште өнер көрсетуші еді, мен – спонсормын. Сол концертке шығып екі шумақ өлең оқып беруі керек. Соған сұраған ақшаңды ал, мынаған үйретіп бер» дейді. «Жарайды, мәселе ақшада емес» деп келістім. Орысша сайрап тұр бала. Ағылшын тілін ерттеп мінген. Бірақ, қазақ тілін білмейді. Сондағы қатты қиналғаным «ң» әрпі болды. «Таң» десем «тан» дейді. «Таңертеңді» «танертен» дейді. Ал немістің «зиңгер» деген машинасын айт десем «зиңгер» деп «ң»-ды айтып тұр. Бірақ таңды айта алмайды. Енді «ң»-ды айтып тұрсың ғой деймін. Ақыры «зиңгер» арқылы әлгі қызға «ң»-ды үйреттім ғой.
— Ал жалпы журналистік жолыңызда қиналған кезіңіз есіңізде ме?
— Қиналған кез әрине болады. Әрбір хабарға ғалымдармен шыққанда, әр істің маманымен шыққанда басқа бір нәрсе айтып қоямын ба, ыңғайсыз боп қала ма деп қиналасың. Онсыз болмайды.
— Журналистік жолда кімнің жақсылығын көп көрдіңіз?
— Дүйсен Әуелбеков деген кісі болды Петропавлда. Сосын Тұрсынбай Кәкім деген кісі болды. Мықты журналистер еді. Сосын Ермек Құсайынов деген кісі болды. Олар өз ісінің – журналистиканың керемет шеберлері еді. Солардан көп үйредім.
Мысалы Құсайынов командировкаға шыққанда бір ғана блокнот алып шығатын. Таза блокнот, қаламсап. Сол блокнотты толтырып әкеледі ғой. Содан отыз минуттық хабар жасайды. Оның ішінде әлгі еңбек ерлері де болады. Күллі фактты әдемілеп тізіп, керемет дайындалады.
Ал Тұрсынбай Кәкімов ағамыз керемет қаламы жүйрік журналист. Ол кісінің фактлері сіріңкенің сыртында жүретін. Барып келеді. Ол кезде дастархан мәзірінің күшті кезі. Сол күйі қыдырып қайтады. Бірақ фактлері бар болғаны сіріңкенің қорабының сыртында жазылып жүреді. Ол кезде оттық (зажигалка) жоқ. Содан 5-6 жол бірдеңені бірдеңені жазып алатындағы, соныменен 45 минуттық хабарды диктовка жасайтын. 45 минут диктовка жасап, өлеңін қосып, жұп-жұмыр хабар шығаратын. Сонда әр журналистің өзінің стилі болады екен ғой деп ойладым.
— Басшылықтан қиянат көрген кезіңіз болды ма?
— Жоқ, ондай болған жоқ. Өмірімде бір-ақ рет үстімнен арыз түсіпті. Соған түсініктеме жазуға тура келді. Онда да бірге істейтін азаматтардың көңіліне бола жаздым. Осы қазіргі диктор Аманжан Серіков ол кезде бөлім басшысы. Таңат Досыбаев ағамыз аға режиссер. Қайта-қайта өтініш жасап, болмағасын жазып бердім.
Отырсам жігіттермен араласып,
Пәленше келе берді жағаласып.
Өзі де ішіп алған болу керек,
Сізге де барыпты ғой қара басып, — деп жаздым. Жаздым да сол кездегі басшымыз Қуаныш Ормановқа апарып бердім. Оқыды. Оқыда да жыртып-жыртып тастады. Егер оны хаттамаға тіксе, ол кезде үш айлық премия деген болады. Бір оклад па, жарты оклад па сондай біраз ақша. Содан қағыласың, бітті, әңгіме жоқ. Жыртса, ол тігілмеген деген сөз. Жыртып тастады да Қуаныш ағамыз, «Кетші, кетші көзіме көрінбей кетші» деп қолын сермеді.
— Өміріңізде кімді үлгі тұттыңыз?
— Дикторлық жағынан Әнекең, жаңағы Бәткен Сұлтанова. Журналистік жағынан жоғарыда атын атаған Дүйсен Әуелбеков, Тұрсынбай Кәкімов, Ермек Құсайынов ағаларымызды атауға болады.
— Эфирде қателескен кезіңіз болды ма?
— Болады. Болады, онсыз болмайды ғой.
— Мысалы?
— Ол кезде парад жүргіземіз. Құлағыңда наушник болады. Парадта бес сағат бойы сөйлейсің. Сосын ол кездегі парадта айқайлап айтуың керек. Мен орысша-қазақша жүргізе беретінмін.
Бір байқағаным, адамдардың шен-шекпені үлкен болған сайын кішіпейілділігі керемет болады екен деп ойладым. Парад кезінде алаңға кіретіндерге бірнеше пропуск береді. Өйткені ар жағында Президент тұр. Ортасында үлкен кісілер, мына жағында генералдар, күллі әскерилер, ар жағында Социалистік Еңбек ерлері, президиум. Мен парад жүргізушімін. Микрофон әскерилердің жанында. Алаңға кіріп, микрофонға жетем дегенше қайта-қайта тексере береді. Халық көп. «Жай киім киген сіз қайда бара жатырсыз?» — деп тоқтатады. «Мінекей пропуск». Жарайды бірінші өткізеді. Екіншісі, үшіншісі. Асығып келе жатырмын, бастау керек. Микрофон тұр. Микрофон ана жерде микрофонға қарай жүрейін десем, былай-былай сіресіп тұрған генералдар. Біреуінің аяғын баса-маса өтіп кеттім. Қарасам сол кездегі Қорғаныс министрі әйгілі Сағадат аға Нұрмағамбетов екен. Сол кісінің аяғын басып кеттім. «Жігіттер, жол беріңдер, мына кісі өтіп кетсін» деп менің өтіп кетуіме көмектесті. Мынау аяғымды басып кетті-ау, боқмұрын жап-жас бала деп ойлап та тұрған жоқ. Әйтпесе білдей генерал, министр ғой. Тіпті, аяғын басқасып кеткенімді ешкімге сездірген де жоқ. Керемет қарапайым адам екен дедім. Жаман ыңғайсызданып қалдым өзім. Мен енді әдейі істеген жоқпын ғой. Маған да жұмыс істеу керек. Сондай да болған.
— Қазір радио тыңдайсыз ба?
— Жоқ. Көп тыңдамаймын қазір.
— Неге?
— Радио жоқ. Бәрін алып тастағанмын.
— Көлігіңізде бар емес пе?
— Көлігімде бар иә, кейде тыңдаймын, өлеңдерін.
— Тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіз бар ма?
— Жоқ, қазір жоқ. Биыл өзі қиын жыл боп кетті ғой. Оған дейін жігіттер-қыздар келіп жүрді.
— Бір кезде айтысқа қатыстыңыз ғой?
— Сүре айтысқа да, қайым айтысқа да, команда айтыс бәріне де қатыстым. Біз Солтүстік Қазақстан атынан Гурьевпен (қазіргі Атырау қаласы – Е.Ж.) айтыстық, соны ұтып кеттік. Сүйінбай деген ақынмен айтыстым, бас ақындары. Сосын Жезқазғанмен айтыстық, Павлодарда айтыстым. Шынболатпен айтыстым. Шынболат Ділдәбаев Жезқазғанның бас ақыны еді. Марқұм боп кетті. 52 жасында ма қайтыс болды. 50 жасқа толғанда Алматыда керемет концерт берді.
— 52 жыл журналистика саласында жүрдіңіз. Жақсыны да, жаманды да көрдіңіз. Радио қандай болу керек деп ойлайсыз? Жалпы стандарт осылай болу керек пе, әлде бұдан да басқаша болу керек пе?
— Радио деген ұстаз ғой. Ұстаздық сияқты. Бұл – халықтың ұстазы. «Радиода солай деп жатыр» дейді. «Радиода солай сөйлеп жатыр» дейді. Сондықтан радионың тілі таза болу керек. Оған жаңағы салиқалы, салмақты дүниелер көп болуы керек. Радионы 1-ден 10-сыныпқа дейінгі оқушылар тыңдап, сол радиодан үйренуі керек. Радиодан үлгі алуы керек. Радио – ұстаз. «Қара шаңырақ» деп бекер айтпайды.
— Біз «радио – халықтың ұстазы» деген ұстанымнан шыға алатындай радио жасай алдық па осы 100 жылдың ішінде? Сіз үшін радионың алтын дәуірі қай кезең?
— Мысалы кезінде халық «Шалқарды» керемет тыңдады. Әсіресе шет елдің қазақтары. «Шалқар» сөйтіп жатыр деп. Ән менен күй. Сосын қазір жақсы-жақсы хабарлар жүріп жатыр. Тарихи мәні бар. Сондай-сондай хабарларға көбірек мән берген дұрыс қой деп ойлаймын. Жалпы айтатыным, тек арзан күлкі емес, сондай бір салмақты болу керек қой.
Жалпы менің ойымша, адамға Құдайға сенетіндер Құдай десін, оған сенбейтіндер табиғат десін, оған сенбейтіндер Тәңір десін, мейілі, не десеңдер де әйтеуір бір тылсым күш әрбір адамға бір талғажаулық бірдеңе береді. Талғажаулық қызмет береді.
Ол мықты етікші, мықты жүргізуші, керемет дауыс иесі, данышпан болуы мүмкін. Қалай дегенмен, табиғат әйтеуір қолынан келетін, күнін көретіндей талғажаулық әрдеңе береді. Соны дұрыс алып жүрсе, жаңағы бергенін онда – балғажаулық.
Талғажаулық қызмет берсе балғажаулықта балы да болады, майы да болады, бәрі де болады.
Енді одан ары қарай күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей тарта беретін болса, жинағанын жинай беремін, жинай беремін десе онда ол – жанға жаулық болады. Сол жанға жаулыққа жеткізбеу керек қой деп ойлаймын. Жанға жаулық болған дұрыс емес.
— Әңгімеңізге рахмет!
Ержан Жаубай, 2021 жыл