Айдос Есмағамбетов, мүсінші: Мүсін өнеріне арналған музей болса деп армандаймын
Бұл күтпеген кездесу болды. Алматыдан Астанаға жолға шығайын деп, пойызға отырғаным сол еді, қасыма екі жас жігіт келіп отырды. Торғайлықтар екен. Торғай жақта дүниеге келген біраз журналистерді түгендедік. Екеуінің ортасында ала дорбаға салып көтеріп алған бір сумка басы бар жігіттердің әңгімесі маған қызық болып көрінді. Не де болса таныса келе олардың ағайынды Айдос пен Нұрдос Есмағамбетовтер екенін білдім.
Иә, сіз қателескен жоқсыз, кәдімгі балауыздан Нұрсұлтан Назарбаевтың, Абылай ханның, Барак Обаманың мүсінін жасаған Айдос Есмағамбетов. Сонымен журналистік әуестігіміз ұстап, жас шеберді сөзге тарттық.
– Қашаннан бері айналысасың бұл өнермен?
– 2010 жылдан бері балауыздан мүсін жасап келемін.
– Мүсін жасайтын шикізатты қайдан аласың?
– Менің негізгі бағытым бойынша балауыздан жасамаймын, бірақ осыған ұқсас силикон материал бар, мүсінді содан жасаймын. Оның өзі қазіргі кездегі ең заманауи материал. Ол балауызға қарағанда ерекшеліктері көп. Мысалы, өте мықты, илеуге тез келеді, ұзақ сақталады, т.б. дегендей.
– Елбасының, Абылай ханның және Обаманың мүсіндерін жасағаныңды білеміз, тағы қандай әйгілі тұлғаның бейнесін сомдадың?
– Қазіргі кезде Астанада осы салада арнайы мамандармен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Жақында ғана осы топтағы суретші-мүсіншілердің көрмесі ашылды. Астанадағы Әскери қару-жарақ музейінде. Сол көрмеде мен жасаған Абылай ханның мүсіні қойылды. Одан бөлек Головкиннің мүсінін жасап бітіре алмай жатырмын.
– Бір мүсінді жасап бітіру үшін қанша уақыт кетеді?
– Мүсіннің күрделілігіне байланысты болады негізі. Ал былайша 4 айдан 1 жылға дейінгі уақытты алады. Шет мемлекеттерде, мысалы Madame Tussauds музейінде бір мүсінді жасап шығу үшін бүтін бір команда жұмыс істейді. Ол жерде біреуі бет-әлпетін жасаса, біреуі қолын, бірі аяғын деген секілді әркім өзіне тиесілі жұмысты жасайды. Соның нәтижесінде мүсінді тезірек бітіруге болады. Ал бізде жаңа айтқанымдай, 4 айдан, 1 жыл аралығында бітсе, ең тез біткені болып есептеледі. Командалық жұмыстың тағы бір тиімділігі, киімін бір адам тігеді, шашын, қас-кірпігін бір адам жасайды. Оның сыртында дайын мүсінге әрлеу жұмыстарын жасайтын адам да бөлек болады. Сол арқылы командалық жұмыста уақыттан ұтуға болады.
– Сол бір команданың жұмысын өзің ғана атқарасың ғой сонда?
– Иә, бәрін өзім жасаймын. Әрине, осы салаға жақын отбасыдан шыққан соң, інім Нұрдос та көмектеседі. Болашақта осы салаға қатысты музей ашылса екен деген арманым бар. Сол музейдің ашылуына аянбай тер төгер едім. Сондай экспонаттар жинауға және жасауға көмектесуге әркез дайынмын.
– Адамның бейнесін жасау үшін бет-әлпеті ұқсауынан бөлек, кескінінен сол адамның болмысы танылып тұруы керек. Сен адамның қай мүшесінен бастап жасайсың?
– Ең бастысы басын жасау. Көрген адам мүсіндегі кім екенін жазбай танитындай етіп бет-пішінін нақты шығару – мүсін жасаудағы маңызды ұстаным осы. Ол үшін адамның төрт жағынан қарап, анатомиясын зерттеп алу керек. Тіпті артынан қарағанның өзінде оның сен мүсіндеген адам екенін бірден танитындай болуы керек. Мұндай дәлдікті жасау үшін адамның бетіндегі ұсақ-ұсақ ноқаттарына дейін көрініп тұратындай жоғары сапада түсірілген фото керек. Сондай фотолар арқылы мүсіндеп отырған адамыңның жеке ерекшелігін танытуға болады.
– Болашақта кімнің мүсінін жасағың келеді?
– Жасағым келетін дүние көп. Уақыт таппай жүрмін, шынымды айтсам. Жаңа жоғарыда да айттым, Головкиннің мүсінін бастап қойғамын. Өзім Астанадағы «Астана мюзикль» театрында қызмет атқарамын. Түрлі гастрольдік сапарлар бар, басқа да жұмыстар бар, соның барлығы ойды бөліп, қолбайлау бола береді. Оның сыртында «Қазақфильммен» келісіп, түрлі гримерлік жұмыстарды жасаймын. Осы жолы да інім екеуміз Алматыда бір аптадан артық жұмыс істеп, танымал актерлердің бас мүсінін жасадық.
– Иә, айтпақшы, осы бастарыңның тарихын айта отыршы. Оны не үшін жасадыңдар?
– Әуезов театрында, Мүсірепов театрында, корей театрында және т.б. театрларда ойнайтын танымал актерлер бар ғой, солардың бет-әлпеттерінің пішінін алып, соны бассүйектерге қондырып, кесілген бастар дайындадық.
– Ол не үшін керек?
– Жасұлан Пошановтың «Қашқарияға саяхат» атты картинасына керек. Түсірілім алдағы тамыз айында басталады. Бұған дейін қазақстандық фильмдерде мұндай эфектілер көп болмаған. «Көшпенділер» фильмінде ғана бір бас қолданды, оның өзі шетелде жасалған болатын. Оның өзі әжептәуір қаржыға жасалады. Ал мына жақта біз осыны қолға алып жатырмыз. Әзірге біздің фильм үшін «мүшелер» жасайтынымызды көп ешкім біле бермейді.
«Қашқарияға саяхат» үшін біз 9 бас жасадық. Біздің де алғашқы жұмысымыз деуге болады. Негізі 12-15 бас жасауымыз керек еді. Ал фильмнің өзінде кәдімгі экшн жанрындағыдай, кесілген бастар көрсетілетін болады.
– Бұл енді фильм үшін жасалған тапсырыс қой. Ал жеке адамдардың тапсырысымен мүсін жасайсың ба?
– Әрине жасаймыз. Ақшасын төлеп, нақты не жасау керектігін немесе кімді жасау керектігін айтса, жасап беруге болады.
– Бір мүсінді жасап беруді қаншаға бағалайсың?
– Жұмысына байланысты. Аз, көп, қиын, оңай болуында ғой негізі. Мысалы шет елде, жаңағы айтып отырған Madame Tussauds музейінде бір мүсінді 200 мың долларға дейін бағалайды. Әрине, ол жақта өнердің құнын, мүсіншінің еңбегін тани білу дәстүрі қалыптасқан. Ал Ресейде, басқа да ТМД елдері аумағында 20 мың долларға бағаланады бір мүсін. Бізде де 15-20 мың доллар көлемінде құн төлеуге болады. Дегенмен, барлығы да мүсіннің күрделілігіне байланысты ғой.
– Мүсін жасау өнерін оқып бітірдің бе?
– Отбасымызбен осы өнерге бейімбіз. Әке-шешем сурет сызады. Және өзім де бір нәрсені жасауды ойға алсам, соны соңына дейін жеткізгенше тоқтамаймын. Ал негізгі мамандығым мүсіншілік. Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік педогогикалық институттын бейнелеу өнері мамандығы бойынша бітіргенмін.
– Жан-жануарлардың да мүсінін жасаған шығарсың?
– Иә. Өткен жылы Дзержинсково ауылына 7 киік жасап бердім. Одан бөлек көшеге қоятын түйелер, жылқы, т.б. аңдарды жасадым. Бірақ оларды пластиктен жасағанмын.
– Қандай материалдан жасаған оңай?
– Мүсінді қандай материалдан жасасаңыз да оңай деген болмайды. Пластик материалдың бір ерекшелігі – цликонға қарағанда жеңіл. Ал қандай материалмен жасасаң да әуелі ермексазбен (пластилин) мүсіннің нышанын жасайсың. Одан кейін қалып жасап, сол қалыпқа пластикпен құйғың келсе, пластикпен, цликонмен болса, цликонмен құясың.
Егер мүсінді цликонмен жасағың келсе, оның аздаған өзіндік қиындықтары болады. Мысалы цликонда әр тал шәшті жеке-жеке қадап шығасың. Ал көшеде тұратын пластик мүсіндердің шашын жеке-жеке құйып әуре болмайсың, бірден нышанын келтіріп кетсең болды.
– Әңгімеңе рахмет!
Ержан Жаубай, 2018 жыл



