Argymaq.kz сайтының құрылғанына 10 жыл (ФОТО)
Еліміздегі жылқы саласына арналған бірден-бір сайттың құрылғанына биыл тура 10 жыл толды.
Он жылда салалық сайт ретінде біраз шаруа атқарылды. Негізгі контент – этнография мен ат спорты. Одан бөлек осы уақыт аралығында сайтта жарияланған 2000-ға жуық ақпараттың қатарында – жылқыға арналған өлеңдер, мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш, зерттеулер мен танымдық мәліметтер бар. Ал ат сынына, бапкерлікке, атбегілік өнерге қатысты деректер бір төбе. Сонымен қатар, ат міну мәдениетіне, жылқыға қатысты атаулар мен көркем әдебиет үлгілеріне мол орын берілген.
Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Ұлттық спорт қорының қолдауымен аталған сайттың он жылдығы шағын көлемде аталып өтті. Шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Республикалық Ұлттық және ат спорты орталығының басшысы Бақдәулет Сәбитов, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Бақытжан Тұрлыбеков, этнограф-жазушы Бекен Қайратұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы, саясаттанушы, Мұнармедиа агенттігінің басшысы Асылбек Баяжұма, академик Кәрімбек Құрманәлиев және басқа да жылқы жанашырлары, журналистер мен жылқышы, мал дәргерлері қатысты.
Сайттағы материалдардың этнографиялық салмағы жайлы сөйлеген Бекен Қайратұлы қазақ жылқысының ежелгі дәуірден бері үзілмей келе жатқан сабақтастығын, оның сайт бетінде жариялануын, талдап, талқылануын, зерттеліп зерделенуін тілге тиек етті.
Сайтта жарияланатын дүние де, ізденіп, зерттейтін дүние де өте көп. Сайт редакциясы бұл тұрғыда жүйелі жұмыс істеп келеді. 10 жыл деген аз уақыт емес. Әрі бір адамның осынша салмақты алып жүруі де оңайға соқпайды. Біз жылқы жайлы айтқанда, «қазақ пен жылқы егіз», «қазақ жылқы текті» дегеннен арыға бармаймыз. Ал Argymaq.kz сайты қазаққа жылқыны жаңа қырынан танытты десек артық айтқандығымыз емес – деді «Қазақтың атбегілік өнері» кітабының авторы.
10 жылда Argymaq.kz сайтының араласуымен, бастама көтеруімен жылқыға қатысты біраз мәселенің беті ашылды. Кеше ғана Президент қол қойған «мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері» жайлы Заңның қабылдануына да Argymaq.kz сайтының атқарған жұмысы аз емес. Дөңгелек үстел барысында сөз алған ҚР Парламенті сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қазақ жылқысына қазіргі кезде көрсетіліп жатқан қолдау шаралары туралы айтты.
Жақында ғана Мемлекет басшысы қазақтың асыл тұқымды жылқыларының тұқымын сақтау, дамыту, асылдандыруға қатысты заңға қол қойды. Оның оқылымында, талдауында болдық. Argymaq.kz сайты осы істе де алдыңғы қатардан көріне білді. Яғни, мемлекет мүдесіне, қазақ жылқысының дамуына айрықша үлес қосып отыр десек артық айтқанымыз емес. Алдағы жұмысына да табыс тілей отырып, жастарға, әсіресе балаларға арналған контентінің көп болуын, сол арқылы ұрпақты тәрбиелеуге қосар үлесі қомақты болуын тілейміз – деді Сенатор.
Сөз басында айтқанымыздай, Argymaq.kz сайтында жарияланатын контенттің дені – ұлттық спорт тақырыбына арналады. Жалпы халқымыздың ұлттық спорты мен ұлттық ойындарының 60-70 пайызы ат үстінде өтетіндіктен, осы жылдар ішінде Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған шараларға, спорттық ойындарға қолдау көрсетіп, насихаттауды сайт редакциясы тұрақты жүргізіп келеді. Жиында сөз алған Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Бақытжан Тұрлыбеков осы еңбегімізді ескерген Исламбек Салжановтың арнайы құттықтау хатын оқып берді. Қауымдастық президенті Argymaq.kz ұлттық танымдық сайтының ұжымына шығармашылық табыс тілеп, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істей беретінін жеткізген екен.
Өзім де біраз жыл ақпарат саласында жұмсыс істегендіктен, сайтты ұстап тұрудың қаншалықты қиын екенін жақсы білемін. Бірақ сол қиындыққа қарамай, контент жасап, табанды еңбек ету – құрметтеуге тұрарлық іс. Ұлттық спорт саласында сенімді наихатшы ретінде Argymaq.kz ұлттық танымдық сайтының орны бөлек. Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істейміз деген сенімдемін – деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Сонымен қатар ол Ұлттық спорт қауымдастығы атынан 10 жылдық мерейтоймен құттықтап, сайт жетекшісі әрі Бас редакторы Ержан Жаубайға кәдесый сыйлады.
Сайт жұмыс істеп келе жатқан 10 жылдың бедерінде жарияланған контенттерді құрастырып, бір арнаға тоғыстырып, сұрыптау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде бүгінде 12 томға жуық кітап құрастырылып, баспаға дайын тұр. Тек қаржы мәселесі – қолбайлау. Тіпті осы кітаптарды шығарып беремін деген жомарт жандар болса, келісе жұмыс істеуге дайынбыз. Сонымен, сайттағы контенттің тілі, сауаттылығы мен жинақтаудағы бірізділік мәселесіне үнемі қолұшын созып, ағалық ақыл-кеңесін айтып келе жатқан доктор, профессор Шерубай Құрманбайұлы жиын барысында қазақ тілінің сөздік қоры қаншалықты сол екенін, бірақ соның қолданыс аясы жыл өткен сайын тарылып бара жатқанын айтты. Мұндайда Argymaq.kz ұлттық танымдық сайтының осы олқылықтың орнын толтыру үшін жасап жатқан ісін жоғары бағалады.
Жылқы терминологиясы – халқымыздың сөздік қорының айрықша бір бөлігі. Бұны түгендеу, энциклофедиялық стандартпен жүйелеу, баспаға дайындау – үлкен еңбек. «Қазақтың жылқыға қатысты мақал-мәтелдері» атты еңбек мемлекеттік тапсырыспен шығайын деп тұрған жерден төрт рет қайтарылды. Сонда да өткен жылы шықты. Бұл біздің елдің жылқы саласына, танымдық әдебиетке қаншалықты көңіл бөлетінін көрсетеді. Бүгінгі шараны да Ұлттық спорт қоры демеушілікпен өткізіп жатыр екен. Рахмет! Алдағы уақытта да елге керек, осы Argymaq.kz ұлттық танымдық сайты секілді дүниелерге көптеп қолдау білдірсе деген тілегіміз бар – деді Шерубай Құрманбайұлы.
Сайтта бір ғана адам жұмыс істейді. Яғни, журналисте, Бас редактор да, шығарушы редактор да Ержан Жаубайдың өзі. Салалық сайт болғандықтан, өзге контенттік бәсекелестік болмағандықтан, бір адамның жұмыс істеуіне аса ауарлық жоқ. Сонымен қатар, сайт ешқандай жерден қаржыландырмайтындығы да контент сапасына, шынайылығы мен өміршеңдігіне үлкен мүмкіндік беріп отыр. Алайда, сапаның мұнанда жақсы, контент көлемінің мұнанда молыға түсуі үшін осы салаға қатысы бар министрліктер, ұйымдар арнайы қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді, дейді Мұнармедиа агенттігінің басшысы Асылбек Баяжұма.
Қазір елімізде ақпараттық сайт көп. Оны мемлекеттен қаржыландырып отырғанымыз да жасырын емес. Ал олар әнші-бишінің, инстасығандардың әңгімесінен ары аса алмай отыр. Ал шын руханиятқа, шын халыққа керек дүние үшін тер төгіп келе жатқан сайттарды қолдауға келгенде көзжұмбайлыққа салынамыз. Әйтпесе 10 жыл орнықты жұмыс істеп келе жатқан сайтқа министрлік тарапынан бір мойын бұратын уақыт болды деп ойлаймын – деді Асылбек Баяжұма.
Сайтта жарияланған ақпараттың бір парасы – жылқытануға қатысты зерттеу еңбектер. Тарихиы бар, заманауиы бар, түрлі тақырыптағы зерттеу еңбектері тұрақты жарияланып келеді. Арнайы «Жылқы таным» айдары осы зерттеулерді шоғырландырған. Академик Кәрімбек Құрманәлиев жиын барысында еліміздің әдебиет институттарында жылқы тақырыбында, жылқыға арналған әдеби туындыларды талдау, зерделеу тақырыптарында жазылған дисертациялардың көп екенін, алдағы уақытта соларды да сайт контенті ретінде пайдалануға болатынын атап өтті.
Жиын соңында Республикалық Ұлттық және ат спорты орталығының басшысы Бақдәулет Сәбитов сөйлеп, келген қонақтарға алғыс айтты. Ол дөңгелек үстел басында сөйлеген азаматтардың ұсыныс, пікір, тілектерін жазып алғанын, алдағы уақытта сол мәселелер бойынша жұмыс істейтіндерін жеткізді.
Барлығыңыздың айтқан ой-пікірлеріңіз орынды. Бұл Argymaq.kz ұлттық танымдық сайтының ұжымына қаратыла айтылса да, ұлттық спорт саласынан алыс емес. Сайт ұжымын қаржыландырып, жылқытануға, ұлттық руханиятқа жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап беріңдер деген тілектеріңіз орынды. Біз бұл ұсынысты ескереміз. Себебі осы саланың басы-қасында жүргендіктен, өзімізше сараптап, саралай жүреміз. Сонда байқағанымыз Argymaq.kz сайты ұлттық спортты насихаттауды тұрақты әрі жүйелі жүргізіп келе жатқанын атап өткім келеді. Сондықтан, Ержан Жаубай басқарып отырған сайтпен алдағы уақытта да тығыз жұмыс істей беретінімізге сенімдіміз – деді Бақдәулет Маратұлы.
Жиын соңында Бақдәулет Сәбитов сайт басшысының жұмысынан табыс тілеп, Ұлттық спорт қоры атынан және «Alageum Electric» компаниясы атынан арнайы сый-сияпат ретінде 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Argymaq.kz ұлттық танымдық сайтының бас редакторы келген қонақтарға алғыс айтып, жылы ілебіздері үшін ризашылығын білдірді. Шара соңы Ержан Жаубайдың әр жылдары түсірген жылқы тақырыбындағы сурет көрмесіне жалғасты.
Осы орайда Ұлттық академиялық кітапқанада сурет көрмесі осы сенбіге дейін жалғасатынын айта кеткіміз келеді.
Argymaq.kz
Фото: Марат Амиров