Димаштың қызығын неге қытайлар көруі керек?
Он күннен бері миллиардтар елін қазақтың қаршадай ұлы дүрілдетіп тұр. Қытай тыңдармандарын мойындатқан Димаш жайлы Лара Фабиан, Витас қатарлы ресейлік өнер жұлдыздарының пікір білдіріп, сөз етуі Димаштың Қытайдағы ғана емес, Ресейдегі танымалдылығын да арттыра түсті.Осыдан барып, оны қазақ үшін әлемге ашылған терезе десе де болады. Біреулер бұл сөзден де астар іздеуі мүмкін. Бірақ, әйгілі Джеки Чанның өзі Димашты іздеп келіп, қазақтың жас өнерпазына құрмет көрсетуі бұл сөзімді шегелей түседі.
Қазақтың жас жұлдызы жарқ ете қалып еді, қайран қазағым-ай, мақтан тұтып, қуанышына ортақтасудың орнына, «тырнақ астынан кір іздеп», қытайдың сұм саясатын «сезіп қалдық». Соншалықты сезімтал болсақ, неге Димаштың атағының астарынан мол қаржылай табысты сезбейміз? Қытай десек, құтымыз қашып, қазақ десек, өзімізге тиеді. Өз ұлымызды өзіміз сөгіп, қуанғандарды «қуырып» жатқанда, қытайлар Димаш сахнадан түсіп үлгермей, оның киген күртесін, киім-кешек үлгісін сәнге айналдырып, оның суреттері бейнеленген бұйымдарды әп-сәтте базарға шығарды. Осылайша, нарық сұранысын дөп басты. Қазір Қытай қалың ақшаның астында қалмаса да, экономикасына қан жүгіргені анық.
Витастың промоутерлері де қолынан қандай қаржы кетіп бара жатқанын сезіп, қаршадай ұлға қарсы шыққанда, қорғаудың орнына, «Опера 2» әнін шынымен кім мықты орындайды деп дауысқа салумен болдық. Бұл кезде де Димаштың даусының құдіретіне күмәнмен қарап, бір қазақтың шын танылғанын мойындағымыз келмеді. Өз туындысын қорғамақ болған Витасты да жерден алып, жерге салдық. Неге? Қайта қазақ баласының атағын пайдаланып, табысқа кенеліп жатқан қытайлардан неге үйренбейміз? Неге Димаштың суреті бар жастық жасау қытайдың астарлы саясатын сезіп қойған «сезімтал» қазақтардың ойына келмейді? Қазақ баласының авторлық құқығының тапталып жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Димаштың суретімен тауар өндіріп жатқан заңды-заңсыз компаниялардың сапалық сертификатын тексерген кім бар?
Міне, осылай қазақтың қаршадай ұлының арқасында қаптаған қытай қып-қызыл ақша жасап отыр. Ал сол Димаштың дауысын сынап, жеңісінен, жетістігінен саяси астар іздеп, шамасы келсе, тырнақ астынан тинамдай кір табуға тырысқан қазақстандықтар не бітірді? Түк те! Расымен түк те бітірген жоқ. Әйтпесе, сол Димашпен келісімшартқа отырып, бірлесіп жұмыс істеп, оның атағын Қазақстанның беделі үшін, еліміздің жетістігі үшін пайдаланған бір компания, бір ұйым, бір мекеме естісек, құлағымыз керең болсын!
Биыл елімізде үлкен шара өтейін деп жатыр – ЕХРО. Димаштың миллиондық көрермені бар сахнаға шығып, ел таныған атағын осы ЭКСПО басшылығы да пайдаланып, сол арқылы өзінің жарнамасын жасауына болар еді. Әйтпесе, Димаш Құдайбергенді жеңісімен құттықтап, тым болмаса рухани демеу берген ресми өкілдерді көрген жоқпыз. Отандық эстрада майталмандары неге үнсіз? Өкінішті!
Бір кезде сымбатымен әлем жұртшылығын сүйсінткен қарапайым қазақ қызы – Сабина Алтынбековаға да ешкім көңіл аудармай, қапы қалдық. Дөйдаладағы бір жекеменшік компания қармағына түсіріп, табысын еселеп отыр. «Ауылдағының аузы сасық» деп, «қолда бар алтынның қадіріне жете алмай», өзі келген ырысты басқа тепкеннен басқа қазақтың бітірері болмағаны ма?!
Иә, енді қазақстандықтардың Димаштан үйренетінін айтайын. Әрине, оның дауысына, оның музыкалық, әншілік өнеріне еліктеп, соны үйренемін деушілер өзі біледі ғой. Менің айтпағым, Димаштың қазақы болмысы жайлы. Көптің көңілін табамыз деп, қазақ тіліне көлеңке түсіріп жүрген еліктегіш ел ағалары да осыдан сабақ алса игі. Димаштың талантына сүйсінген қытайлық фанаттары қазір оның әр қадамын аңдып, іс-әрекетін үлгі тұтуда. Тіпті, Димаштың инста-парақшасына салған Абайдың өлеңін әп-сәтте қытай тіліне аударып, қазақтың ұлы ақынын танып жатыр. Ол аздай, сүйікті әншісін түсіну үшін қазақ тілін үйренуге көшкен. Қытайланып кетеміз деп қорқып жүргенде, қазақтың жалғыз баласы қытайларды «қазақшалап» жатыр. Күні кеше Джеки Чанға қазақтың шапанын жауып, қолына ұлттық аспабымыз – домбыраны ұстатты. Нұрғисаның «Әлқиссасын» тартып берді. Енді қытайлар Нұрғисаның кім екенін зерттеп жатса, таңғалмаңыздар!
Қорыта айтқанда, негізгі айтпақ ойым, Димаштан бренд жасау керек! Қазақтың брендін! Қазақ көп емес, бір-бірімізді көре алмай жатқанда, маңдайымызға біткен бағымызды ұшырып алмайық.
Ержан Жаубай, 2017 жыл