Есен Елеукен: Түркі тектестер «Жайдарман» ойыны қазақ тілін дамытуға әсер етсе дейміз

185

Биыл Астанада Түркі тектес халықтардың «Жайдарман» ойыны өтпекші. Осыған орай «Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ президенті, Республикалық «Жайдарман» әзілкештер мен тапқырлар сайысының жүргізушісі Есен Елеукенмен сұхбаттасқан едік.

— Алдағы жазда Түркі тектес халықтардың «Жайдарман» ойындарын өткізуді жоспарлап жатыр екенсіздер. Қанша топ қатысады?

— Әзірге 12 топ қатысады деп жоспарлап отырмыз. 10 топ өзге ұлттардан – құмық, қарашай, ноғай, балқар, татар, башқұрт, әзірбайжан, қарақалпақ, өзбек, қырғыз. Сондай-ақ Моңғолия мен Қытайда тұратын қандастарымыз екі топ жасақтамақ. Әзірге топтардың барлығы қатысамыз деп отыр. Барлық топпен келісімшарт жасастық. Бірнешеуіне өзіміз де барып, көмектесіп, осы жобаға дайындау үстіндеміз. Жақында ғана Моңғолияда іріктеу ойынын өткізіп келдік. Алдағы мамырда Қытайдағы топтар арасында іріктеу ойыны өтеді. Ол жақта «Жайдарман» ойындарының негізі бар. Себебі осыдан бір-екі жыл бұрын ғана өткізілген болатын.

— Қатысамын деген топтарға шектеу бар ма?

— Әзірге осы 12 топ дайын. Ал мүмкіндіктер болып жатса, 15 топқа дейін көбейтуге болады. Дегенмен осы 12 құрамадан артылмайтын шығар.

— Жаңа бір сөзіңізде Моңғолиядан қатысатын топты өзіңіз барып, іріктеп алғаныңызды айттыңыз. Басқаларын да солай өзіңіз сұрыптап аласыз ба?

— Бізге келіп ойнағысы келетіндердің көбісінің өзіндік қалыптасқан ойындары бар. Мысалы әзірбайжандар, өзбектер, қарақалпақтар, қырғыздар, башқұрттар мен татарлардың бұрыннан ойнап келе жатқан топтары бар. Сондықтан олар өзара сараптап, үздіктерін әкеледі деген ойдамыз. Сайыс болған соң, жеңімпаз болады, оларға да жүлде керек дегендей. Ал осы ойынға орай жаңадан топ құрып жатқан құрамалар да бар. Оларға Қазақстан КВН одағы атынан біз арнайы барып, наурыз-сәуір айларында көмектесіп, қалыптасып кетуіне жағдай жасайтын боламыз. Ноғайларға, қарашайлар мен балқарларға, Қытай мен Моңғолиядағы бауырларымызға көмек береміз.

— Жүлде демекші, жүлде қоры қандай болады?

— Шынымды айтсам, әзірге жүлде қоры қандай болатынын білмеймін. Қолдау білдіреміз деген адамдар жоқ емес. Бірақ, мәселе жүлде қорында тұрған жоқ қой, ең бастысы, басымызды біріктіріп, бір ортадан табылсақ, соның өзі үлкен жетістік, үлкен жүлде болайын деп тұр. Ал ойын кезіндегі барлық шығынды, келіп-кету, жатар орын, тамақ барлығын өз мойнымызға алып отырғандықтан, бұл үлкен жұмысты, біраз қаржыны қажет етеді. Сондықтан, біздің ең басты мақсатымыз — осы ойынды халыққа ұсыну. Ал жүлде ұсыну, орын беру мәселесі содан кейінгі жұмыстар.

— Бұл ойынның елімізде өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысы бар ма?

— Тікелей ЭКСПО-ға арналып отырған дүние емес. Бірақ елімізде өтіп жатқан ондай үлкен шараның аясында өтер болса, ЭКСПО көрмесінің бір жақсы жобасы болғаны артық етпес еді. Себебі барлығы да шет елдерден келетін командалар ғой.

— ЭКСПО басшылығына арнайы қолдау немесе демеушілік көрсету туралы ұсыныс жасаған жоқсыздар ма?

— Әзірге Халықаралық түркі академиясы ғана нақты қолдау көрсетуге ниет білдірді. Дархан Қыдырәлі басқарып отырған академия осы ойынға толықтай қолдау көрсетуге уәде берді. Ал ақпараттық тұрғыда қолдау көрсететін, әрине, «Қазақстан» Ұлттық арнасы. Телеарна басшылығына осы ұсыныспен барғанымызда, қуана қабылдады. Сондықтан да бұл ойын – «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен Халықаралық түркі академиясы ұйымының бірлескен жобасы болады.

— Түркі тектестер ойыны болғандықтан Қазақстан құрамасы да қатысатын шығар?

— Бұл фестивальге Қазақстаннан бір-екі құрама ғана қатысады. Бірақ, Қазақстаннан қанша құрама қатысса да, тек қана қонақ ретінде ойын көрсетеді. Себебі Жайдарман қазақ тілінде өтеді. Ал Қытай мен Моңғолиядан келетін екі құрамадан басқасы үшін әділетсіздік болып қалуы мүмкін. Әрине, тілдік тұрғыда.

— Ойын қазақ тілінде өтеді деп айтып отырсыз. Өзге ұлт құрамаларына қиын болмай ма?

— Ешқандай қиындық болмайды деп ойлаймын. Біз қырғыздарға, өзбектерге барып ойнап жүрміз. Ұзаса 3-4 сағат уақыт кетеді. Меңгеріп кетуге болады. Оның үстіне біз бұл ойынға түркі тектестер арасындағы қыпшаққа жақындарын шақырып отырмыз.

— Бір құрамада қанша ойыншы болады?

— Мүмкіндігіне қарай көреді. Негізі бес пен он адам аралығында болғаны жақсы. Себебі сахнада шуылдап жүрген көп адамның аса қажеттілігі жоқ деп ойлаймын.

— Осы жобаның кең ауқымда өтуі мүмкін бе? Халықаралық деңгейде, барлық түркі тектестерді қамтып дегендей?

— Бұл әзірге толық біріншілік бола қоймайды-ау. Қазіргі уақытта қызығушылық танытып, қатысуға белсеніп отырғандар бірнеше жылдан соң айнып қалуы мүмкін. Бірақ біз ниет білдіргендердің барлығын қатыстыруға тырысудамыз. Өзіміз де басқалардың шақыруына барып, солармен бірге болып, өз білгенімізді үйретуге, білмегенімізді үйренуге ұмтылып келеміз. Біздің ұсынысымызды Ресейдегі, Қытайдағы, Моңғолиядағы аз ұлттың өкілдері қуана қабылдауда. Себебі ондағы қандастарымыздың көбі ана тілдерінен ажырап барады. Бұл барлық елдердегі аз ұлттар арасында бар мәселе. Біз осы ойын арқылы сол тамыры тартылып бара жатқан қазақ тілінің қалпына келуіне септігімізді тигізгіміз келеді. Әрине, бір ойынмен-ақ барлығына қазақ тілін үйретіп жібереміз деуден аулақпыз, дегенмен, ана тіліміздің қолданыс аясының кеңеюіне, осы тілде сөйлеудің сәнге айналуына өз үлесімізді қосқымыз келеді.

— Жақында Моңғолиядағы «Жайдарман» ойыншыларының жай-күйін көзіңізбен көріп қайттыңыз. Қандай баға бердіңіз?

— Қазақстандық «Жайдарман» ойындарымен салыстыруға келмейді. Себебі ол жақта біздегідей екі айда бір өтіп отыратын тұрақты чемпионат жоқ. Тек Ұлан-батырда емес, Өлгейде мектепаралық ойындар өтіп тұрады екен. Ол жерде бұрын өтіп кеткен әзілдерді қайталау басым екен. Оны өздері де мойындап отыр. Шығармашылық жағынан қатты ізденіс көре алмадым. Соған қарамастан, балалардың осы ойынға деген қызығушылығы, осы ойынға деген басқаша көзқарастары маған қатты ұнады. Сонымен бірге өнерлі балалар көп екен. Әсіресе домбыра тарту, шешен сөйлеу, ақындыққа келгенде өте мықты. Әрине, ұяңдық басым. Осы жолғы іріктеу ойындарында бас жүлде алған топта мінез бар екен. Олардың бәрі де сол Баян-Өлгийден келген балалар. Топтың аты бұған дейін «Техас» деп аталған екен. Өлгийге Техастың еш қатысы жоқ, топтарының атауын «Бай-өлке бағландары» деп өзгерттік. Қазір бағлан, өскенде оғлан болсын деген ниетпен қойдым бұл атауды. Тағы бір байқағаным, Ұлан-батырдың өзінде дүниеге келген балалардың қазақы қалжыңға, қазақы әзілге деген көзқарасы, түсінігі әлсіздеу екен. Соған қарамастан жақсы ойын көрсетіп, жоғары нәтижеге жетуге деген талаптары мықты. Ал Бай-Өлкенің өзінен келген балалардың қазақы қалпын сақтап қалғандығын айтпаса да түсінікті.

— Қандай тақырыптардағы әзілдер көбірек айтылады екен?

— Жаңа жоғарыда айтқанымдай, ол жерде көбі бұрын болып кеткен әзілдерді айтады екен. Мен өз тарапымнан, бұл мәселеге ескерту жасадым. Ал ойын барысында ең көп болған әзіл жол мәселесі бойынша болды. Жол жоқ, далалық жолдармен, селкілдеп барып, селкілдеп қайтатын туралы әзілдері «хит» болды. «Бүркітші қыз» — Айшолпан туралы әзіл де көп кездесті, радио туралы «Тоғыздың хабары» деген әзілдері де көп айтылатын әзілдердің бірі болды. Ал тіл туралы, қандастарымыздың Қазақстанға алғаш келген кездеріндегі мәселелері де айтылмай қалған жоқ.

Жалпы Моңғолия сапары өзіме ұнады. Күтіп алуы, шығарып салуы, халықтың қабылдауы, барлығы да керемет болды. Ойын барысында халық соңына дейін ешқайсысы да кетпей тамашалады. Ұйымдастыруы да жоғары деңгейде болды. Жүлдегерлердің барлығына медаль берді, қаржылай сыйлықтары да бар екен. Осы сапар барысында «Жайдарман» ойындары бойынша бірқатар мәселелер де айтылды. Алдағы уақытта Ұлан-батыр қаласында тек қана арнайы жобалар өтеді. Ал Өлгейде мектепаралық біріншіліктерді ұйымдастыратын болып келістік. Сол бойынша алдағы жазда Өлгейге шақырды, Алла бұйырса барып қайтуға тырысамын. Жалпы ойын мен ойлағаннан да жоғары деңгейде өтті.

— Енді Қазақстандағы «Жайдарман» ойындарының жай-күйіне тоқтала кетсеңіз. Жалпы осы ойындарға сын айтушылар көбейіп кетті ғой?

— «Жайдарман» — ең әуелі әлеуметтік жоба. Ол ешқандай комерциялық жоба емес. Оның әлеуметтік екені сол, оған алты жастағы балада, алпыстағы қартқа дейін қатыса алатындығы. Бұл сондай алаң. Әркім өз мүмкіндігінше, өз қарым-қабілетінің жеткенінше әзіл-қалжыңын көрсете алады.

Әрине, сын болуы заңды. Осыдан он-он бес жылдың алдындағы ойындармен салыстырсаң, арасы жер мен көктей. Барынша жұмыс істеп жатырмыз. Бізге сыннан көрі, ақыл-кеңес көбірек керек. Бұл қаржылық бағытқа құрылған, осы арқылы ойыншылар нанын тауып отырған, театр секілді, арнайы қызмет түрі болатын болса, онда қатты сынауға болады. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой, біртіндеп жақсарып келеміз. Дегенмен, мұнда келген ойыншыларға қаншама айтып, шамамыз келгенше түзеп жібердік дегенмен, өз ортасына барған соң баяғы қалпына қайта түсіп кетеді. Және бұл жағдайға ойыншылар ғана, болмаса ортасы кінәлі деуге де болмас. Себебі, қоғам олардан талап ете алмайды.

Кейде «саяси қалжың айтады» деп ренжиді. Жасы 20-дан енді ғана асқан балалардан қандай саяси әзіл күтуге болады. Мысалы олар кейде пойыз туралы ғана әзіл айтады, себебі ұшақта ұшып көрмеген. Пәтер туралы әзіл айта алуы мүмкін, бірақ қонақ үй туралы, виллалар туралы айта алмайды. Себебі көргені пәтер ғана. Олардың қай деңгейде жүргендігін сонымен ғана бағалауға болатын шығар. Сонымен қатар, әзілдің арзандауына, болмаса басқа бағыт алуына тағы бір ықпал ететін дүние, ол құндылықтардың өзгеруі. Астанада мықты әзілдерімен, ұтқыр ойларымен танылып жүрген топтарды аймақтарға апарсаңыз, олардың әзілін қабылдамайды. Керісінше өздерінің аймақтық диалектісімен, жергілікті жаргондарымен әзілдейтін командалары ұтқыр болып көрінеді. Сонымен-ақ «Жайдарманның» қай өңірде қандай деңгейде екенін бағамдауға болады.

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!