Төлеген Оқасов, құсбегі: Қазір нағыз қыран бүркіт қалмады

40

Төлеген Оқасов туралы айтылар аңызға бергісіз әңгімелер өте көп. Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты Қызыл тау өңірін мекен еткен дарқан мінез, текті қарияны сексенді алқымдаған ақсақал деп айта қою қиын.

Қызылшырайлы жүзі өң бермеген қария, сырты қандай келбетті болса, ішкі рухы да сондай мықты екенін танытады. Астанаға келген бір сапарында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен болатын. Тағдыр тауқыметін бір кісідей тартса да, мойымаған ақсақалдың өмірі бір романға азық болардай. Жастайынан ит жүгіртіп, құс салып, жүйрік жетелеген қарт бұл жолы бізге құсбегіліктің қыр-сыры жайлы айтып берді.

– Қазір бір қуанарлығы саятшылыққа қызығатын жастар көбейді. Дегенмен біз осы өнерді қалай бағалап жүрміз?

– Бүркітшілік дегеніміз көнеден келе жатқан ұлттық өнер ғой. Халқымыз оны «Құс патшасы» деп тегін атамаған. Ал сол «құс патшасын» қазақ халқы ғана өзіне бағындырып, өзіне қызмет еттірген. Бұл баяғы ата-бабаларымыздан, көнеден қалған мұра. Егер адам баласының ақылы бүркіттен аспаса, ол адамға көнбейді. Сондықтан да қазақта «ит иесі үшін, құс өзі үшін» деген сөз бар. Бұл жәй ғана айтыла салған сөз емес, бұл – ұзақ жылғы өмір тәжірибесінен сұрыпталып, ғылыми тұжырым ретінде бекітілген анықтама деп ұғу керек.

Біз сол бабадан қалған сабақты үзбей, жалғастырып келе жатқан ұрпақпыз. Дегенмен, біз сол дәуірлерге жалғасқан аманатты дұрыс сақтай алмай жүрміз. Бір кезде Қызыл империядан көрдік, ал мына Тәуелсіздік кезінде тыйым салып тастады. Саны азайып кеткен дейді. Әйтпесе қазақта құлшынып құсбегі болғысы келетін жігіт көп. Тіпті, қолына құс қондырғысы келетін қыздарымыз да көп. Соларға кедергілер де жоқ емес. Арамызға кіріп алған құсты, бабадан қалған мұраны саудаға салатын опасыздар бар. Соларға тыйым болмайынша, қазақтың құсбегілігі дамымайды. Менің ойым осы. Атадан қалған аманатқа қиянат жасауға болмайды. Оны бизнеске, оны саудаға айналдыруға болмайды. Қазір құсбегілікпен айналысып жүрген жастарға айтар өсиетім де осы: Ешқашан қолыңа ұстаған құсты, мейлі ол қандай болса да, сатпаңдар!

Баяғы заманда соғыс кезінде патшасы тұтқынға түсіп қалса, бүркітті айырбасқа беретін болған. Осыдан-ақ бабаларымыздың бүркітті қаншалықты қадірлейтінін көруге болады. «Құс патшасы» атанып, адам баласының патшасымен дәрежесі бірдей болған. Ал біздің атқамінерлер өз лауазымдарын пайдаланып, құстың не екенін білмейтін арабтарға сатып келеді. Бұған дейін бірнеше сұқбатымда айттым, елім деген, қазағым деген, ұлтқа, Қазақ еліне жанашыр болады-ау деген бірнеше азаматтың атын атып, осы мәселеге тыйым салу жағын қарастыруды өтіндім. Ел-жер біздікі болған соң, оның үстіндегі ұшқан құс, жүгірген аң да біздікі. Барлығының панасы да, иесі де бізбіз. Солай болса да, қазір қыран құс қалмады. Бір кезде сарша деп менсінбейтін құстарды, қазір тауық секілді қоқырайтып көтеріп шығатын болдық. Бұл күлетін жағдай емес, керісінше осынша құлдыратып алғанымыз үшін жылауымыз керек.

– Қолыңызда құс бар ма?

– Қоябергемін. 10 жыл болды қолыма құс қондырмағаныма. 1966 жылдан бері құсбегілікпен айналысып, бүркіт салған едім. Соңғы он жыл болды, құс ұстамаймын.

– Неге?

– Он жылдың алдында жаламен тұңғыш ұлым сотталып, абақтыға қамады. Өзім де ол жақта болған адаммын. Содан ой келді, «мен де бүркітті қамауда ұстап отырмын, бұл да менің қолымда балам секілді тұтқын болып отыр екен ғой» деп. Содан бастап қоябердім. 2008 жылдан бері қолыма құс қондырғам жоқ. Кейде қояберген бүркітім қораға келеді. Ондайда тығылып, көзіне көрінбей қаламын. Балалыр шығып үркітіп жібереді. Мені көрсе кетпей қояды.

Айдалада кетіп бара жатсаң танып қояды. Астымдағы атымды, тіпті айғайлаған дауысымды да танып қояды. Ұябасар еді. Олар жаратылысынан алғыр болады. Биыл соның бір балапанын алып, қайтадан қолға қондырсам ба деп отырмын.

– Бізде құсбегілерге жағдай жасалған ба?

– Нақты бірдеңе деу қиын. Бұрын зез келген қазақ саятшы еді. Қазір де аз емес. Біз осы өнерді дамыта берсек, бұл жақсы, ұлтымыздың мақтанышы. Бүркітшіге жағдай жасалған ба деп отырсың ғой, мен бір ғана жайды айтайын.

Бөгенбай батырдың 300 жылдығында бір жапон журналисімен жолығып қалдым.

Асқа бата жасап, 4-5 тоқтымды алып бардым. Киізүйлерін тігіп қойыпты жағалата. «Құлагер» деген бәйге атым бар еді, соны жетелей барғам. Әлгі атымды бәйгеге қосайын десем, аттарды тіркеп тұрған Виноградов деген бір орыс атыма ветеринарлық анықтама сұрайды. Мен, «қазақ бәйгеге ат қосу үшін ешкімнен анықтама алмайды. Осыдан 10 күн бұрын ғана Торыайғырдың асына шапқан» деп жөнімді айтып жатырмын. Ананың көнетін түрі жоқ «ендеше атыңды қоспайсың» дейді. Намысым келді. «1000 шақырым жерден келіп тұрмын. Атымнан ұят, Камаздан түсіріп, қайта артып алып кетем бе?» – деймін, болмайды. Содан ашуланып, «Мына атығай дегенің ел емес екен, Құлагерлерін қойып, өздерін балталаса да обал жоқ екен ғой» деп сыбап келемін. Әрбір киізүйге бір барамын, сырты қазақтыкі, іші толған казактар. Қазақтарға айтамын, «осылай да, осылай, бәйгеге ат қосайын деген едім, қостырмай жатыр» десем, бәрі де Виноградовтан аса алмайтынын, сол жауапты екенін айтады.

Амалым таусылып, киізүйлердің арасында сыбап келе жатыр едім, бір жігіт қарсы жолықты. Талдықорғанның жігіті екен, «кімді боқтап келесіз?» деді. Жөнімді айттым. Содан не керек, алып келген малымызды сойып, ата дәстүрден аттамай, ырымын жасайық деп қой соятын болдық. Құран бағыштауды да білмеймін ол кезде. Әйтеуір, әйтіп-бүйтіп жүріп әлгі қойды асқа бағыштап сойдық. Сүйтіп жатқан кезде қасымызға бір арық қазақ жігіті келіп қарап тұр екен. Содан төрге шақырдым. «Құдайы қонақ шығарсың, төрге шық» деп. Сөйтсем әлгі жігіт жапон азаматы екен. Мәскеуде оқиды екен, асқа бір қазақ жігітпен еріп келіпті. Тамақ ішіп отырмыз. Киіз үйдің босағасында бүркітім мен тазым жатқан. Бәрін асқа ала келген едім. Соларға қарап отырып, әлгі жігіт менен «сіздің елде құсбегілікке ақша төлей ме?» деп сұрайды. Мен оған бұл біздің ұлттық өнеріміз екенін, оған ешкім ақша сұрап, ақы алмайтынын, осының келешек ұрпаққа жетуі үшін істейтінімізді айтып жатырмын. Ол айтады, «Біздің елде екі-ақ құсбегі бар. Олар басқа жаққа командировкаға кетсе немесе саятшылыққа шықса, мемлекет олардың отбасыларына, бала-шағасына барлық жағдайды жасайды. Құсбегілер келген соң оларға ақша төлейді. Сіздерде де солай ма?» дейді. Бізде ондай жоқ екенін айттым.

Сол журналист жігіт біздің құбылаға қаратып мал бауыздайтынымызды, асқа бата қайыратынымызды өзіне жазып алып, «Мен Жапонияда жүргенде қазақтар туралы оқыған едім. Бірақ мынадай дәстүрлеріңіз барын білмейді екем. Біздің дәстүрлермен ұқсас екен» – деді. Сол жолы ол осы туралы жазатынын айтқан еді. Жазған, жазбағанын білмеймін.

Осыдан-ақ, біздің әрбір ырым-тыйымымызды, әрбір тал шөп, әр қиыршық құмымызды аман-сау сақтап, келешек ұрпаққа аманаттауымыз керек қой.

Ал біздің елде қандай жағдай екенін өзің жақсы білесің, сараптап аларсың.

– «Алтайдың ақиғы», «Қобданың қоңыры» т.б. деп айтатын әйгілі алғыр қырандар бар ма осы күні?

– Олар сол жерінде ғана бар болуы мүмкін. Бірақ біздің жерге, біздің тауларға мекендемейді. Осыдан 30 жылдың алдында тау аралап, аң аулап келе жатсам, өзіміз «Жүзбай тауы» деп атайтын таудың бөктерінде бір кісі отыр. Маңайында көлік ештеме жоқ. «Бұл неғып отырған адам?» деп бұрылып келсем, жаңағы өзің сұрап отырған Алтайдың ақиығы екі жасар құлжаны алып, кеудесін тесіп, жылы-жұмсағын жеп, тояттап отыр екен. Сонда көрдім Алтайдың ақиығын. Сарыарқаның бүркіттері қоян, түлкі, қарсақтық қана шамасы бар, шағын құстар ғой. Қасқыр алмайды. Ал ана алып бүркіттер біздің жерді жерсінбейді.

– Сол алып бүркіттерді кезінде қазақтар қолға ұстады ғой…

– Иә, біздің аталарымыз пысық жігіттерді қаңтар-ақпанда жіберіп, Алтайдың ақиығын, Оралдың мұзбалағын алдырады екен. Бір балапан әкеп берген жігітке қысырақтың үйірін береді. Тіпті, қалыңсыз қыз беретін кездер де болыпты. Мысалы Шәйман деген бүркітші болған. Соның «Сарышолақ», «Қарашегір» деген Алтайдан алдырған екі бүркіті бар еді. Ол кезде бүкіл Сарыарқа ит жүгіртіп, құс салады, бәрі құсбегі болды ғой. Олардың бір ерекшелігі қай аңға қай кезде шығу керегін, қай құсты қай кезде ұшыру керегін, бір сөзбен айтқанда аңшылық, саятшылық мәдениетін сақтаған. Қазіргідей көктемде шығып киікті қырып тастау немесе ақпанда қасқырды аулау деген болмаған. Браконерлік деген атымен жоқ еді ол кезде. Сонда жаңағы Шәйман бір бүркітін құндақтап, қанжығасына байлап алады екен. Екіншісін аспанға ұшырып жібереді. Ол аспанда Шәйманның маңында ұшып жүреді екен. Басқа бүркітшілер де аңға шыққанда, анадайдан көрінген түлкіге томаға тартып, құстарын ұшырса, аспандағы Шәйманның бүркітін көрген өзге бүркіттер жалп етіп жерге отыра қалатын болған. Сонда өзге бүркітшілер жақын маңда Шәйманның да аңда жүргенін, Сарышолақ пен Қарашегірдің аспанда екенін бірден біледі. Тіпті қолда отырған бүркіт көз алдында қашып бара жатқан түлкіге ұмтылмайды. Аспанда ұшып жүрген қос бүркітті қанатының суылынан біледі екен сонда.

– Осы жерде әңгімеңізді бөліп, бір құс жайлы сұрайыншы. Бидайық деген құс болады дейді. Өте алғыр, өте қыран құс екен. Осы жайлы естуіңіз бар ма?

– Иә, ол құс ілуде біреудің көзіне түседі. Мысалы бидайық аспанда ұшып жүргенде, қолда, томағада отырған бүркіт ат бауырына құлап түседі. Қандай қыран бүркіттің өзі бидайықтың қанатының суылынан қорқады екен. Иесі кейде бүркітім ауырып қалды ма деп қалады.

Бидайық негізі құспен қоректенеді. Сондықтан да құспен келеді, құспен кетеді. Бидайықты қолына түсірген құсбегінің жолы болды дей беріңіз. Оның алмайтын аңы жоқ.

Кішкентай ғана лашын тектес көк құс. Өзім де бір рет көрдім. 1980 жылы аң аулап жүріп ұясының үстінен түстім. Өгіз шағала секілді бір құс ұя басып жатыр екен. «Мына жаман шағала ұясын жерге салушы еді, жартасқа қалай ұя салды екен» деп таяй бергенім сол еді, лып етіп ұша жөнелді. Кірпік қаққанша зу етіп өте шықты. Қанатының суылының өзі дүр еткен ғана дыбыс шығарды. Ұяда екі балапан жатыр екен. Алуға көзім қимады, тым жас. Одан кейін көрген жоқпын.

– Қазтуған жыраудың «Бидайықтың көл шайқаған жалғызы» дейтін сөзі бар. Соған қарағанда ол көлде жүзетін құс емес пе?

– Жоқ. Қазтуған бабамыз өте дұрыс айтқан. Жаңа мен айттым ғой, бидайық құспен келіп, құспен кететін аушы құс деп. Көлдегі бүкіл құсқа түсетін алғыр, қырандығын айтып отыр Қазтуған жырау. Біз құс патшасы атап отырған бүркіттің өзі одан қорыққанынан ат бауырына тығылып жүрсе, оның өзге құсқа дес бермесі анық қой. Бейнелеп айтқанда қанатының суылымен «көлдегі құсты шайқайтыны» анық.

– Бүркіт жайлы әңгімеге қайта оралсақ. Қазіргі бүркітшілерге не айтасыз?

– Қазір құсбегілікке бет бұрған жастар көп. Бұл қуантарлық жағдай. Десе де, құсты тани білу керек. Құсты баптай білу керек. Құсқа пайда көзі емес, ұлттық дәстүр, бабадан қалған аманат деп қарауы керек. Ермек ретінде емес, ғылым ретінде, қазақы болмыс тұрығысынан қараса деймін.

– Өзіңіз қанша жасыңызан бастап бүркіт ұстадыңыз?

– Он сегіз жасымнан бүркіт ұстадым. Жаңағы айтқан қояберген бүркітім үшінші бүркіт еді.

– Бір адам бір бүркітті қанша жыл ұстайды? Бүркіттің жасы туралы айтыңызшы?

– Жалпы бабы келіп, зар күйіне жеткенде бүркіттің алмайтын аңы жоқ. Тіпті аю мен арыстанға да түседі. Бір ерекшелігі бүркіт өз ажалынан өлмейді. Қартайғанда жартасқа соғылып, құзға құлап өлетіндері бір бөлек, ал қолда өскен бүркіттің көбі кездейсоқ ажал құшады. Мысалы, қолбала құс үнемі тұғырда отырып, топшы бұлшыны жетілмесе немесе үнемі қоян, қарсаққа түсетін құс бірден түлкіге тап болғанда жалт беремін деп түрлі жарақат алады. Кейде жерге соғылып, кейде бұтақ секілді бірдеңеге қадалып қалатын кездері болады. Кейде тіпті кәнігі бүркіттің өзін түлкі құйрығымен алдап, жартасқа соғып кетеді. Ал әдістеп алған, кәнігі бүркіттер аңға тік түспейді, сипап өтіп, өзінің қауіпсіздігін де ойлайды. Жартастағы түлкіні бір іліп, төменге құлатып алып, содан кейін қайта түседі.

Сондықтан бүркіттің қанша жасауы өзіне байланысты. Және сенің оны жаттықтыруыңа байланысты. Ол да қазіргі спортшылар секілді, баптап, қауіптен сақтандырып, мәпелеп отырсаң ұзақ жасайды. Сондықтан құсты қолға алған соң көбірек аңға салып, саятшылық жасай беру керек. Сол кезде ол дағдыланып, машықтана бастайды. Тәжірибе жинақтайды.

Ал бүркіттің жасына келер болсақ, әр түрлі болжам бар. Ғылым өз дәлелін айтады, дегенмен бір бүркітті 35-40 жыл түлеткен адамдарды естіп, көріп өстік. Бірақ бүркіт қарттықтан өлмейді. Себебі батыр құс қой, түрлі жағдайда жоғарыда айтқанымдай, кездейсоқ ажалдан өледі.

– Мысалы бүркіт жасына байланысты, үрпек, тастүлек, қана, ана, т.б. деп бөліп жатады ғой?

– Осы жерде біздің бабаларымыздың ақылдылығына тағы да көзің жете түседі. Мысалы, ақүрпек, көксауыт, тастүлек үшеуі бір-ақ жыл – балапан жасы. Ал екі жасқа шыққанда «қана» дейді. Кәдімгі «қанау, еңбегін қанау» дегенді негізге алған. Үшінші «жана» дейді, «жану, жаны, шынықтыр» деген сөздердің негізінде. Бұл жаста бүркітті шынықтыра түсу керек. Төрт жастағы бүркітті «ана» дейді. Ұябасар. Төрт түлектен кейін бабаларымыз құсты қояберетін болған. Себебі оның да ұрпақ таратуы керек қой.

Қазір керісінше балапанды бір бөлек, тастүлекті бір бөлек жас ретінде санап жүр. Бұл қате ұғым.

– Әңгімені құстың бабына қарай ойыстырсақ. Айныған құсты қалай түзеуге болады?

– Құстың бабы келсе неден болсын айнымайды. Беті қайтпайды. Ал егер құсың айныды ма, демек ол қорқақ, жүрексіз құс деген сөз. Қазақ соны жақсы байқаған. Бірақ құсым қорқып тұр деп кім айтады, сондықтан «құсым айнып тұр, айнып кетті» дейді. Мысалы, түлкі керіп тұра қалғанда, кейбір мықты деген бүркіттің өзі айнып шығады.

– Керу деген не?

– Түлкі екі алдыңғы аяғын тік көтеріп, екі артқы аяғымен тұра қалып айбар береді. Соны керу деп атайды. Ал тікесінен тік тұрған түлкіге бүркіт шүйілмейді.

Шүйілу деген бүркіттің түлкіге түсуге ыңғайланып, аспаннан төмен қарай суылдай ұшқан сәті. Бүркіт жәй қалықтап ұшқанда сағатына 30-40 шақырым жылдамдықпен ұшуы мүмкін. Ал шүйілген сәтте жылдамдығы 200 шақырымға дейін жетеді. Осы екпінмен келіп қасқыр, түлкінің белінен соғып, беломыртқасын үзіп жіберетін тегеурінді құстар болады. Егер осынша жылдамдықпен келіп, көздеген аңына дұрыс түсе алмаса бүркіттің өзі жазым болады.

– Бүркітті балапанынан алған жақсы ма, әлде түз құсынан ұстаған дұрыс па?

– Балапанынан алған көрбалапан болып, қолбала ретінде үйреткенге жақсы. Бірақ оның бір қауіптілігі әбден үйренісіп алған соң адамның өзіне де түсуі мүмкін. Ересек адамға болмаса да, бала-шағаға түсу қаупі бар. Ал түз құсы дейді, сарбалапаннан өтіп, тастүлекке жеткен кезде түрлі әдіспен ұстап, қолға үйретіп алса, ол өте алғыр болады.

Бүркіт жыртқыш құс. Оны қолға үйреткен де қазақ, оны аңға салған да қазақ, оның қыр-сырын меңгерген де қазақ. Бұл – мәртебе! Біз осы мәртебеге лайық болсақ, кейінгі ұрпағымызға осы бекзат өнерді жеткізе білсек, кешегі бабалар аманатын орындаған боламыз.

– Әңгімеңізге рахемт!

Ержан Жаубай, 2018 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.