Алматы ипподромын боққа батырғандардың көздегені не?

1229

Жақында Қазақстан Жокей клубының басшысы Мақсат Ахаевпен сұқбаттасудың сәті түскен еді. Еліміздегі классикалық ат спортына жауапты маман бұл саланың артықшылығы мен кемшілігін, Алматы ипподромының адам аярлықтай жағдайын сөз етті.

– Жақында Қазақстандағы тұқым кітабы халықаралық сертификат алғаны туралы естідік.

– Иә, қазіргі Қазақстандағы тұқым кітабы халықаралық сертификат алды. Сонымен қатар Қазақстанда туған ағылшын тұқымды жылқы түгел есепке алынды. Енді ол әлемдік таза қынды жылқылар желісіне тікелей шыға алады. Бұл біздің төрт жыл атқарған табанды еңбегіміздің жемісі. Біз үшін үлкен жетістік десек болады.

Әрине, біздің жұмысымыз тікелей классикалық ат спортына қатысты болғандықтан, әңгімеміз де осы төңіректе болатыны анық қой.

– Мұндай талапқа сай қанша жылқы бар бізде?

– Қазіргі уақытта нақты құжат алып, Қазақстанда туған араб, ағылшын жылқысы деген статусқа сай мыңнан аса жылқы бар. Нақтырақ айтсам, 3000-нан асты. Бірақ бұл сан күн сайын өсіп келеді десем болады. Себебі халықтың қолындағы таза қанды ағылшын жылқыларын әкеліп, әлі де тіркеліп жатыр.

Қазір халық шетелден бәйге атын алып келіп, бәйгеге жарамсыз болып қалғаннан кейін, тастап кете салмайды. Барлығы тұқым кітабына тізімделіп, есепке қойып жатыр. Ол айғыр не бие деп бөлініп жатқан жоқ. Бұл баяғыдан солай болуы керек еді. Өйткені әлемдік тәртіп солай.

Ипподромдағы ұстаханалар

– Классикалық ат спорты қазақы бәйге мен көкпар секілді тегіс жер болса болды, шауып кете бермейді. Оның басты талабының өзі сол – оған міндетті түрде ипподром керек. Ал біздегі халықаралық стандартқа сай бірден-бір атшабарымыз – Алматы ипподромы. Басынан бұлт арылмаған атшабардың бүгінгі жайы жайлы айтып беріңізші деп сұрауға ұялып отырмын…

– Алматы ипподромының қандай екенін бірден айта аламын. «Эверест груп» және «Тенгри инвест» деген компаниялардың бірінің иелігіне өтіп кеткен. Яғни жекеменшіктің қолында. Ол адамдардың жылқы туралы мұрындарына иісі бармайды. Бар ойы ипподромды бұзып, орнына тұрғын үй салу. Қазіргі таңда бұл мәселеге Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды араласты. Ипподромның жағдайын өз көзімен көрді. Белшеден боққа батып жатқанын көрді әкім өз көзімен.

– Қазір ипподром жұмыс істеп тұр ма?

– Жоқ. Бәйге өтпейді, бәйге жолы быт-шыт. Ал бәйге өтпеген ипподромды қалай жұмыс істеп тұр деп айтасыз? Дәл қазіргі таңда Қытайға жіберілетін 180 жылқы сол ипподромда карантинде тұр. Соның кесірінен біздің атбегілер атшабардың маңайына жолай алмай жүр. Жарыс маусымы басталды, бірақ атбегілер ат баптауға мүмкіндік ала алмай отыр. Оның үстіне жаңағы карантинге қойған жылқының ішінде қандай ауруы бар мал тұрғынын білмейміз. Одан бөлек, ипподаром қараусыз қалған. Белуардан боққа батып жатыр. Ешкім тазаламайды. Ат жаратып, дайындық жасау үшін бәйге жолы дайын емес, ешкім оның құмын қопсытып, қоқысын теріп отырған жоқ. Сондықтан алматы ипподромының жағдайы өте жаман.

Осы ипподромды ел болып, жұрт болып мемлекеттің қарамағына қайтаруымыз керек.

Ипподром ұстаханасы

– Неге осы жағдайға түсті? Жаман-жақсы болсын ғасырлық тарихы бар бірден бір ипподром ғой…

– Бұл жерде пайда әкеледі немесе шығыны көп деген мәселе жоқ. Ең әуелі екі миллион халқы бар қала үшін кемінде екі ипподаром керек. Қаланың ішінде. Дамыған елдерде кез келген қаладағы жағдай солай. Ал біздің елде барлығы керісінше. Жылқыны алғаш қолға үйреткен, әлемдегі көшпенділердің тікелей ұрпағымыз дейтін елде жібі түзу бір ипподром жоқ. Барын құртып, боққа батырып, жойып, жоғалтуға жұмыс істеп жатыр адамдар.

Менің қолымда тұрған дүние болса, барлығын бір-ақ күнде тәртіпке келтірер едім. Өзіне де, халыққа да пайда келтіретіндей, ешкімнен ақша сұрап, алақан жаймайтындай жағдайға әкелер едім. Оған біздің мүмкіндігіміз жетеді.

– Классикалық бәйге түрлері ипподромсыз өтпейді. Ол әлемге белгілі жағдай. Оны жаңа айттық. Ал классикалық ат бәйгесін өткізуге жарамды деген жалғыз атшабардың жағдайы мынау. Елдегі өзге ипподромдар туралы не айтасыз? Биыл классикалық ат бәйгеміз қайда өтеді?

Ипподром ішінде тазаланбай жатқан көң-қоқыр

– Иә, біз ипподромсыз адым жерге ат шаптыра алмаймыз. Дегенмен биылғы негізгі бәйгелердің көбін Астанада өткіземіз деген жоспарымыз бар. Ол бойынша елорда басшылығымен келістік. Қала әкімдігі рұқсат беріп отыр, оларына да рахмет! Сонымен бірге министр Ербол Мырзабосыновпен сөйлестік. Ол мәселені бірден түсінді. Жағдайдың қалай екенін ұқты. Ал біздің негізгі мақсатымыз, тек Алматы қаласындағы ипподромды ғана дамыту емес, бүкіл ел бойынша атшабарлардың дұрыс жұмыс істеп, халық талабына сай болуын қамтамасыз ету, сол бағытта дамыту. Оның сыртында, қазір елімізде классикалық бәйгемен айналысқысы келетін азаматтар саны артып келеді. Бұл – белгілі бір бағыты, алға қойған мақсаты, дамуға деген талпынысы бар спорт. Сонымен қатар, бұл өзі әлем айналысатын спорт. Өзінің халықаралық дәрежеде мойындалған ережесі бар. Әсіресе допинг бақылауы ерекше жолға қойылған спорт түрі деуге болады. Сол себепті де біздің қатарымыз күн санап көбейіп келеді. Бірақ бәріне ортақ бір мүдде – әділ бәйге болғанын қалайды. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Түркістан ипподромы жақында ашылды. Олар да бізде бәйге өткізіңіздер деп шақырып жатыр. Ол жақта да бәйге маусымы басталған соң бірнеше бәйге өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бірақ Түркістан, өзіңіз білесіз, ыстық. Дегенмен олар түнде бәйге өткізу үшін ипподромды жарықтандырған екен, бірақ оны әлі де жақсылап тексеруден, қадағалаудан, сынақтан өткізуіміз керек. Онсыз болмайды.

Ал бәйге маусымы аяқталған, күзгі уақытта «Атбегілер кубогы» өтеді, соны Түркістанда өткіземіз бе деген жоспарымыз бар. Түркістан, Шымкенттен бөлек, биыл Екібастұз ипподромы дайын тұр. Онда да бірнеше бәйге өткіземіз деген ойымыз бар. Жалпы атшабар еліміздің әрбір өңірінде болуы керек. Сонда ғана дамиды.

– Жаңа әңгіме басында еліміздегі таза қанды жылқы әлемдік реестрге тіркелгенін айттыңыз. Бірақ біздің елден кешегі Кабирхан секілді халықаралық бәйгелерге қосылатын жүйріктер аз. Бірен-саран өз күшімен барып қатысып жүргендер болмаса, Қазақстаннан әлемдік бәйгеге қосылған ат жоқтың қасы. Бұған не себеп? Ат жарамай ма, атбегі дұрыс жарата алмай ма әлде жаңағы біздің елде туған араб пен ағылшын тумалары шетелде бәйгеге қосуға келмей ме?

– Оның себебі өте көп. Мысалы 2025 жылдың мықты аттарының көбі аяқтан қалды. Оған себеп, жаңағы Алматы ипподромының талаптарға сай болмауы. Небір дәмелі деген, халықаралық деңгейге шыға алады деген аттардың көбі жарақат алып қалды. Әрине, барып, жақсы нәтиже көрсеткендері де бар. Мысалы «Арлан» жақсы көрсеткіш көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, барлығы атшабарға байланысты. Ат жақсы бәйге жолында жақсы шауып, жақсы нәтиже көрсетіп, өз деңгейіне сай секунд, минуттар көрсетсе, біз оны шетелге жібереміз. Оған ешқандай шектеу жоқ.

Осы орайда тағы бір басты мәселені айта кетуіміз керек. Ол – біз Халықаралық бәйге ұйымдары федерациясына (IFHA) мүше болмайынша, біздің жокейлеріміздің Алматының ескі ипподромында боқ тасығаны – боқ тасыған. Ал атбегі-тренерлеріміз сол боқ тасыған жокейлерге көмекшіліктен ары аспайды. Сондықтан біз IFHA-ға мүше болуымыз керек. Сонда ғана өзіміздің бапкерлер, өзіміздің аттарды баптап, өзіміздің жокей-шабандоздар өзіміздің аттарға шаба алады.

– Ақыры әңгіме жокейлер туралы болып қалды ғой. Бізде Бауыржан Мырзабаевтан басқа халықаралық деңгейге шыға алатын шабандоз бар ма? Қазақстанда жокейлер мектебі қашан қалыптасады? Ат құлағында ойнаған халықпыз деп мақтанамыз ғой…

– Біздің елде Бауыржаннан да мықты шабандоздар бар. Кейбірі тіл білмейді, көбінде лицензия жоқ. Шетелде бәйгеге шабатын арнайы аттестациядан өтіп, лицензия алуы керек. Ондай жоқ. Тіл білуі өз алдына, атқа шабу, жокей болу ережелерінің барлығынан арнайы тест тапсырып, лицензия алу керек. Дегенмен мұның барлығы тағы да айналып келіп, ипподромға тіреле береді.

Мысалы өткен жылы біз Алматы ипподромының жанынан жокейлер мектебін аштық. Жокейлерді ағылшынша оқыттық. Бауыржанның өзі келіп сабақ берді. Ал қазір Алматы ипподромының өзінің жағдайы анадай болып жатқанда, біз жокейлерді қайда оқытамыз? Әзірге Астанаға келіп, осында бір класс ашып қоямыз деп отырмыз. Бірақ, тағы қайталап айтайын, егер ипподромың болмаса, әлемде нөмір бірінші жокей оқытып шығарсаң да, одан түкте пайда жоқ.

Ипподром аумағына заңсыз салынған құрылыс

– Алматы ипподромына қайта оралайықшы. Атшабардың қазіргі қожайындары не дейді? Мынаны алып, орнына жаңа ипподром салып береміз дей ме, әлде бер де бер деп отыр ма?

– Ипподромның қазіргі қожайындары белгілі адамдар. Солай бола тұра, ипподромның сынғанын, қирағанын қалап отырған адамдар. Бір қызығы, қазіргі қожайындары атшабардың қирап, құрып, жоғалғанын қанша қаласа да, ипподром сонша тырмысып, қирамай, бүлінбей, ғасырдан астам жасап келеді. Иесі қанша қиратқысы келсе де, қирамай тұр. Осы дүниенің мемлекетке өтуіне, халық игілігіне жұмыс істеуіне журналистер, қарапайым азаматтар, ел болып атсалыспасаңыздар, біздің – азғана атбегінің қолынан ештеңе келмей отыр. 100 жылдық жәдігердің көз алдымызда жойылып кетуіне жол бермейік?! Бұдан айырылып қалсақ, «қазақ пен жылқы егіз», «қазақ жылқы жанды» деген сөздерді айтпай-ақ қояйық онда.

Себебі осы ипподромның қирап, жойылып, жоғалуын тілеп отырған адамдардың өзі қазақ. Бірақ жылқы, ұлттық құндылық, рухани жәдігер деген дүниелер санасына кірмейтін, ақшадан басқа ойлары жоқ адамдар болып отыр.

Өздеріңіз білесіздер, Шымкенттегі ипподромды алып, орнына қала шетінен жаңадан атшабар салынды. Бізге ондай да ұсыныс айтылып отырған жоқ. Егер қала ішінен жаңа ипподром салып береміз десе, бәлкім біз ойланар ма едік. Анау Памфилов ауданы жаққа ипподром деп айтуға аузың бармайтын бір макет апарып қойды. Бірақ оның өзі көзалдау, бар ма бар деген жауап үшін ғана істеп отыр.

– Бұл мәселе, яғни Алматыдағы ипподром мәселесі Президентке, Үкіметке жетті ме?

– Өткен жылы Мемлекет басшысы елімізде Жылқы шаруашылығы институтын құру туралы тапсырма берді. Сол тапсырма негізінде Ақтөбеде институт құру жұмыстары жүріп жатыр. Ал тікелей бізге қатысты, яғни классикалық бәйге – оның тәжірибе жасап, жарыс өткізетін инфраструктурасы болмаса, құны да болмайтыны айдан анық қой. Құны көк тиын. Сондықтан қай жерде болмасын ең алдымен оның инфраструктурасын салу керек. Ал мұндай жағдайда жоғарғы жақтан бір ауыз қолдауға зәру болып отырғанымызды несін жасырайын. Президент «Алматы ипподромын мемлекет қарауына алыңдар» деп тапсырма беру керек деп ойлаймын. Содан кейін екі жылдан соң өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Астанада емес, Алматыда өткізсін. Сол мақсатта Алматы ипподромын толық жөндеуден өткізіп жіберуге болады. Осы орайда, біздің шенеуніктерге Мемлекет басшысының бір тапсырмасы керек болып тұрған секілді.

Ел үшін, халық үшін бір жақсы дүние жасағың келеді. Бірақ бар өмірің ұлт, ел, жер, руханият, ұлттық құндылық деген ойлар басына кіріп шықпайтын, өз пайдасынан ары аса алмайтын қайдағы біреулермен тартысумен өтіп кетеді. Жасыратыны жоқ, қазір ел мүддесі, халық пайдасы үшін жұмыс істеп жүрген адамдар азайып кетті. Барлығы бас пайдасы үшін жүр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай,

Argymaq.kz

error: Сайттан материал көшіруге болмайды. Сайтта жарияланған барлық ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде авторлық және жанама құқық туралы заңдармен қорғауға алынған.
casibom girişelektronik sigarajojobet girişjojobet girişjojobetjojobetjojobet girişjojobet girişJojobetbycasinobullbahisjojobetMarsbahisdeneme bonusuholiganbetbetkomcasibom girişdeneme bonusu veren sitelerRadissonbetbycasinotambet girişbetkomHoliganbetMadridbetjojobet girişjojobetjojobetjojobetjojobet girişjojobet girişjojobetjojobetsetrabet girişholiganbet girişholiganbet girişjojobetjojobetjojobet girişjojobet girişbetkomcasibom