Сайрамбайдың сансыз жылқысы

9597

Қаладан қырық қадам шықпай жатып, жылқылы ауылға тап болғаныңыз бар ма?! Ауыл деп айту артық шығар, дұрысы, шаруажай. Жәй емес, құйрық-жалы төгілген, есік пен төрдей мама биелері жусап, құлындары шұрқыраған, бүйірлері бұлтиған қозылары жамырап, арқар мүйізді семіз қошқарлары еріне күйіс қайырған берекелі жай. Ала таңнан тірлігі қызған, ырысы тасыған берекелі шаруашылық.

Осындай үлкен шаруа қожалығының жайын жасап жүргендердің бірі қора тазалап, бірі мал суарып, енді бірі жаңа ғана бауыздалған жылқының етін мүшелеп дегендей, өз істерімен әуре. Астананың іргесіндегі «Шәушен» шаруа қожалығының иесі Сайрамбай Дөненбаев бая­ғының байларындай, дауысын көтеріп, қарамағындағыларға жұмыстың жөнін айтып қояды. Бар дауысымен зіркілдеп тұрса да, артында зілі жоқ. Содан ба, Сәкеңнің сөзін елеп жатқандар да шамалы. Әркім өз шаруасымен айналысып жатыр.
Түскі сауынға жақындай бере қала жақтан жеңіл мәшинелер ағылып келе бастады. Қаз-қатар тізіліп тоқтаған көлікке қарап, қонақтар ма деп ойладық. Сұрастыра келгенде, олардың жаңа сауылған бие сүтін ішуге келгендерін білдік. Жұрттың жиналғанын күткендей, сауын мәшинесін ырғала көтеріп сауыншы келіншек қораға беттеді. Қас-қағым сәтте мама биелер сауылып бітіп, жып-жылы сүт ыдыстарға құйылып, жолаушылардың алды қасиетті сусынды сіміріп іше бастады. Бұлар – ауруға шипа, дертке дауа саумал ішу үшін арнайы келгендер екен.
Шаруаның жайын реттеп болып, суыт келген қонақтардың да бұйымтайын бітірген соң барып, Сәкеңмен сұхбаттасудың сәті зорға түсті.
«Малды жаңыңды жеп бағасың. Бес жасымда әкем отардағы қойды санап үйретті. Бірінші күні онға дейін санадым. Одан кейін тілім сынды ма, жүзге дейін жаңылмай санап үйрендім. Бір айдың ішінде бір-бірінен айнымайтын бір отар қойды жұптап санап, есебімнен жаңылмайтын болдым. Содан бері 45 жыл өтіпті. Кезінде мемлекеттің қойын бағып, жүз қойдан 150-ден қозы алып, алға шықтым. Уақыт өте келе өз шаруамды айналдырдым. Құдайға шүкір, қойдың саны 25 мыңға, жылқының басы екі жарым мыңға жетті. Негізгі шаруашылық Жамбыл облысында, он жылдың көлемі болды, осы жерде астаналықтарды жылқы өнімдерімен қамтамасыз етіп жатқан жайымыз бар» дейді Сайрамбай Әліқұлұлы.
Дөненбаевтар әулетінде атасынан қалған ер-тоқым сақтаулы тұр. Атасы жылқылы бай болған екен. Елді ашаршылық жайлаған кезде бар малын халыққа азық етіп, таратып беріпті. Ал астындағы жалғыз атын сойып берген соң өзі де дүниеден өткен екен. Әулетке қонған ырыс Дөненбайдың он үш баласынан аман қалған жалғыз тұяқ, «Шәушен» атанған Әліқұлға жетіпті. Әліқұлдан жеті бала тарап, олар ата-дәстүрін жалғастырып, бүгінде осыншама байлыққа кенеліпті. Ертегідей естілетін осы жайттың астарында ауыр еңбек, тынымсыз тірлік пен мал бағудың мехнаты жатыр. «Шәушен» деп аталатын Әліқұл ұлдарының жеке шаруашылығы аяғынан тік тұрып, артық өсім болғанда ең алдымен 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш ашады.
Исламда «мал-мүліктеріңді зекетпен қор­ғаңдар» дейді. Қырық үй тұрғызып жұмысшы­ларына берген, ауыл орталығынан балалар жатып оқитын интернат ашып, ағаш отырғызып, саябақ салдырған Сайрамбай екен. Мешіт салдырып, имамның жалақысын да айырып отыру зекет есебінен беріледі. Одан бөлек мұқтаж жандарға көрсеткен қыруар көмегін сөз етіп отырған жоқпыз.
Мал бағудың бейнетін бір адамдай білетін Сайрамбай Әліқұлұлы жылқыны асылдандыруды да жолға қойған. «Орлов» пен «Дон» жылқысын будандастырып, ет бағытындағы ыстық-суыққа төзімді, тез қоң байлайтын жылқы түлігін өсіріп шығарды. Қой малын асылдандыру жұмысы да жүргізілуде.
«Әрине, мемлекет тарапынан қолдау көр­сетіледі. Өткізілген еттің әр килограмына 100 теңге демеу қаржы (дотация) аламыз. Жылқы үйірлерін әлі де көбейтуге болар еді, бірақ дайын өнімді алып тұратын кепілді мүмкіндік қарастырылмаған. Өз өнімдерімізді өзіміз базарға апарып сатып жатқан жайымыз бар. Бұл да жақсы. Алайда, базардың нарқына, халықтың сұранысына қарап қана жоспарлай аламыз. Мал басын көбейтуге осы да кедергі келтіріп тұр. Тендерге қатысыңдар деп жатады, соған қолымыз бір жетпей қойды. Есігінің алдында «тышқақ лағы жоқ» адамдардың тендер ұтып алып, шаруасын «дөңгелетіп» жүргенін естіп, таң қаламын. Одан бөлек, көріп отырсыздар, шаруашылығымыз қаладан аса қашық болмаған соң, желі басынан жаңа сауылған биенің сүтін ішуге келушілер көп. Көзін тапқанға малдың берекесі жетіп артылады. Оның өнімдерін сататын осы жерден шағын дүкен ашайын десем, рұқсат қағаздарын алудың машақаты көп екен. Айта берсеңіз, мәселе жетеді» дейді Сайрамбай Дөненбаев.

«Астана ақшамы» газетінен

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.