Жәди Шәкенұлы. Малғабыл және оның қара қасқа аты

5899

Қарақасқа ат жайлы айтпас бұрын, оның иесіне қатысты шамалы тарихи шегініс жасап алсақ.

Есіркеп Төлекеұлы (шамамен 1715-1790 жж) жоңғар шапқыншыларына қарсы күрес кезінде өмір сүрген адам. Оның балалық шағы Жоңғарлардың қазақ жеріне басып кірген қандыбалақ жылдарымен тұспа-тұс келеді. Жасынан әкесінің айтқан ертегілерін құлағына құйып өскен Есіркеп, есейе келе Ер Жәнібек бастаған қазақ сарбаздарының сабына қосылып, ұрыстың алдыңғы шебіне аттанады. Жауға қарсы тұруда ерекше ерліктер көрсетіп, қосынның жүздігін басқарады.

Есіркептің ұрыстағы ерлігі мен жекпе-жектегі жетістігі оның абыройын асқақтатып, атын ұранға айналдырады да өзінен кейінгі жас буын жауға шапқанда «Есіркеп, Есіркеп!» деп атойлайтын болған. Сөйтіп, есімі бір рудың атына, әрі ұранына айналады.

Есіркептен – Киікбай, Үмбет, Мәмбет, Шүйінші, Бәйтемір, Сәтемір, Берікбол деген ұлдар туады.

Осының ішінде Сүйінші Есіркепұлынан – Қожағұл, Малғабыл, Есқұл, Жанғабыл, Жұрын деген ұлдар тарайды.

Бірде «Марғабылдың қара қасқа аты», енді бірде «Маңғабылдың қара қасқа аты» делініп жаңсақ аталып жүрген әйгілі жүйріктің шын иесі –Малғабыл Сүйіншіұлы. Яғни, ол «Малғабылдың қара қасқа аты».

Малғабыл – Керей төресі Көгедайұлы Ажымен тұстас жасаған адам. «Есіркеп шежіресінде»: «Малғабыл шолақ айғыр үйір жылқысы, көже қатықтық сиыр-қойы бар, еңбекшіл, ат құмар, сыншы адам болған… Малғабыл шаңырағын Тарбағатайдағы есіркептер қара шаңырақ, үлкен үй деп құрмет тұтады» дейді.

Малғабыл Сүйіншіұлынан – Түпшінбай, Ноғайбай, Қияқбай, Құрманбай, Кепешбай туады. Олардың ұрпақтары Қытайдың Тарбағатайының Толы ауданында, Алтайдың Шіркши ауылында тұрады. Бір бөлімі Қазақстанның Алматы, Семей, Астана өңірлеріне көшіп келген.

Қара қасқа ат қазіргі Зайсан ауданында өмір сүрген, Шығыс Қазақстан жерінде және қазіргі қытай аумағына қарасты Сауыр, Қаба өңірінде талай ас, тойда бас бәйгені алған. Өз заманында оның алдына ат түсіп көрген жоқ деседі. Көне көздердің айтуынша Айдаболдың, Жабағы төре Әбілпейізұлының, Тікеннің (тасбике), есіркеп Ожаубай Қуанышұлының астарында шапқаны жайында аңыз бар.

Қара қасқа атқа салған ер қазір ҚХР Толы ауданы Долаты ауылындағы Малғабылдың қара шаңырағы Қабден (шын аты Әбілқайыр) Нұрғалиұлының үйінде әлі күнге дейін сақтаулы. Қабденнен – Меллат, Серікбол, Саяхат, Мұрал деген ұлдар бар.

Есіркеп Төлекеұлының немересі бай әрі би Өтеудің заманында (1850 жылдардың алды-артында) Есіркеп елінен шыққан әйгілі қара қасқа жүйріктің даңқы жер жарады. Ат иесі Малғабыл Сүйіншіұлы болғанымен ел иесі Өтеу болғандықтан биліктің көбі соның алдына келеді. Осы атқа көзі түскен Ажы төре енді бірде Өтеудің үйіне арнайы келіп, жүйрікті сұрайды.

Сонда Өтеу:

– Қара қасқа ат қалса жәнтекейдікі дегенмен, асса керейдікі. Менен сұрама, керейден сұра! – деп қайтарады. Өзі керейдің төресі болғандықтан өз сұрағына өзі жауап беретін емес, Ажының аузы буылады.

Өтеу Мәмбетұлы турашыл, қарақылды қақ жарып билік айтатын әділ адам болған екен. Сондықтан да осы өңірде өткен керей-найманның келелі бас қосуларына түгел қатысып отырыпты. Әрі дастарқаны жиылмайтын кең пейілді, жоқ-жітікке қарайласқыш болыпты. Малғабылдың ағасы Қожағұл Өтеуге көмекші би болып, ел басқаруға араласқан.

Қара қасқа ат хақында «Мұра» және «Алтай аясы» журналдарында, «Есіркеп-Жарылқап» шежіресі кітаптарында деректер жариялаған фолклорист, Өтеудің шөпшегі Бидахмет Мұқайұлы былай дейді:

«Қара қасқа ат Малғабылдың қара қасқа биесінен туған төл тумасы. Малғабылдың ағасы Есқұлдың баласы Терлікбай атбегі болып, қара қасқа атты бәйгеге қосқан осы Терлікбай болыпты. Қара қасқа ат тай күнінде арық қара қатпа болып, жылқыдан бөлек барып жеке жусайтын немесе биік төбеге шығып қарауылдап тұратындықтан «қара қасқа құлан» деп аталыпты.

Қазақта «Құланның жайылуы бір, жусауы бөлек» дейтін тәмсіл бар.

Бір жылы күзде қара қасқа аттың бесті (бес жасар) күнінде Малғабыл «Осыны елдің бәрі тәуір ат болады» дейді. «Аң қуып көрейін» деп аңға шықса, иен далада біреу тұмағын бұлғап, айғайлап жаяу жүгіреді. Бұрылып барса бір жас жігіт екен. Ол «Өгізге екі қап астық артып едім. Тең арқаным аударылып үзіліп қалды. Жалғыз арта алмадым, соған көмектесіп жіберіңіз» дейді. Өгізі мен астығы бір белдің астында қалған екен. Жігітті мінгестіріп келсе, өгізін екі қасқыр жарып жеп жатыр екен. Малғабыл қара қасқа атпен тұра қуып, қасқырдың екеуін де соғып, терісін өгіздің иесіне беріпті. Осыдан бастап Малғабыл қара қасқа аттың шабысты екенін байқап, ауыл арасындағы бәйгелерге қосып жүріпті. Қосқан сайын алдымен келеді екен.

Енді бір аңызда күзде әбден жарап, қайыру бермей қашқан текені басып озғанын да айтады.

«Бөртенің қара суы» деген жерде Сәменбеттің кіші әйелі Тасбикеден туған алты ұлының бірі Бөртенің беделді адамы Тікеннің асын беретін болып, асқа алты арыстың ат жетер жерін түгел шақырып, үлкен бәйге береді.

Қара қасқа ат алдымен келіп, бас бәйгеге тігілген 9 тайлақты алады. Бұрын Малғабылда түйе жоқ екен. Басқа түліктерден шамалы ғана бар екен. Есігінің адына 9 түйе келіп байланғанда: «енді өгізге жүк артпайтын болдым» деп жүгінің астындағы ыңыршақтарды суырып алып далаға лақтырыпты деседі.

Қара қасқа ат үзбей шауып тұрған кезде найманның атақты байы Айдаболға ас берілетін болып, бір жыл бұрын сауын айтылады. Керейдің атқа мінерлерін бастап Түкібай руынан шыққан Шылғаубай би бәйгеге қосуға Малғабылдың қара қасқа атын, балуанға Самырат руынан шыққан Бұланбай балуанды апарады.

Бұл бәйгеге 300-дің үстінде ат қосылып, ат айдағаннан кейін балуан басталады. Осы жолы Бұланбай «Құла қасқа» деген балуанды жығып, құндыз ішік, қоңыраулы түйе бас бәйгесін алады. Ол кезде сән-салтанат бойынша, балуанға тіккен түйеге қоңырау тағып, құндыз ішік жауып, күрес майданында ұстап тұрып, кім жықса соған береді екен.

Ат айдаудың алдында Бұтабай болыс өзінің атақты ат сыншысы Майылтай дегенді Керейдің жүйіріктерін, әсіресе, қара қасқа атты сынауға жібереді. Сыншы басқа аттардың бәрін көре келе, қара қасқа атқа келгенде недәуір аялдап: «Мына аттың жүйіріктігі алдыңғы жіліншігі мен артық шідерлігінде екен. Өйткені алдыңғы жіліншік сүйегінен бауыр сіңірі үлкен екен және құлын күнінде алғаш оттыққанда перінің басқан жерінің шөбін жеген, мынау қара қасқа ат қандай бәйге болса да алына жылқы түсірмейді», – депті. Бұтабай болыс осы асқа Балагер, Салагер деген екі атақты жүйірік атын қосып әрі «Қара қасқа ат алдымен келе жатса үш жерден тосқауыл қойып қастық істеңдер» деп жасырын тапсырады. Бәйге аттарын күнбе-күн шаппай түнемеге бір күн бұрын айдатып, ертеңіне таңертең қайтарады.

Бірінші тосқауыл қара қасқа аттың алдымен келе жатқанын көріп, баланы алдап шақырып алып, бір ауылдың қасындағы ат ағашқа мықтап байлап тастайды. Атқа шапқан бала «Жәнібек, Жәнібек!» деп ұран салып жылап тұрғанын осы ауылға ұзатылып келген Керейдің қызы, жас келіншек ат Керейдікі екенін, қастықпен байланғанын біліп, шылбырын қиып, босатып қоя береді.

Қара қасқа ат босанғаннан кейін және шауып алдына шыққанда екінші тосқауыл жолдан бұрып, қамалап құй-батпаққа түсіріп жібереді. Батпақтан қара қасқа ат күшпен шығып, шауып аттардың және алдына шығады. Үшінші тосқауыл қара құлын жарғақ киген қара сұр атты адам бір кілтең жерден тосып, аңдып тұрып шоқпармен ұрыпты. Ат бір сүрініп жығылып, қайта тұрып шауып, алдынан ұстауға «Даяшы» жеткенде де, бұрынғы қастықтардан әбден запы болып, даяшыға қарамастан топқа барып бір-ақ кіреді. Ас тарқар кезде күн бұлттап, қара қасқа атқа қастық істеген қара құлын жарғақ киген адамға жәй түсіп өледі. Астың бас бәйгесі: жылқыдан үш қысырақ, түйеден бір тоғыз, ақ бас құндыз, ақ жамбы екен».

Бидахмет қарт әңгімесін осылай аяқтады.

Қара қасқа аттың өлімі туралы да бірнеше аңыз бар. Бірінде қартайып өлді десе, енді бірінде қасқыр жеп өлді дейді. Қара қасқа аттың өлімінен кейін Малғабыл және оның ұрпақтары Алтай-Сауырды асып, Майлы-Жайырға қоныс аударған екен.

Бидахмет ақсақал әңгімелегендей ел ішіне тараған әңгіме өте көп. Мен өзім де Райымжан Шоратайұлы, Кәкім Ахмәдиұлы, Бақытхан Тағайұлы сынды қарттардың талай хикаясына қаныққанмын. Малғабылдың тікелей ұрпақтарымен де сан кеңес құрғанмын. «Қара қасқа атқа мініп шапқан баланың бірі Әпселең Ноғайбайұлы болса, енді бірі Мәнжібай Дәулетұлы еді» дейтін қарттар.

Мәнжібай – Шынжаңдағы белгілі ғалым, ағартушы Қабимолла Мәнжібаевтың атасы, қажы болған кісі. Ақыт Үлімжіұлының «Қажыбаян» дастанында айтылатын Мәнжібай қажы осы адам. Қабимолла ағаны да көзіміз көрді, әңгімесін тыңдадық. Мәнжібай шөбересі 84 жастағы Қами Қаппасұлы ақсақал қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

Атқа мініп шапқан балалар Жәнтекей-Керей ұранын көтерер үлкен астарда «Жәнібек, Жәнібек!» деп ұрандаса, әдеттегі ас-тойларда өз атасының атын атап «Есіркеп, Есіркеп!» деп ұрандап шабатын болған.

Аңыз бен ақиқат арасында өз заманының дүлділі болған Қара қасқа ат жайында сегіз бөлімді әйгілі «Қара қасқа ат күйі» шыққан.

Осы жолдардың авторы – мен (Жәди Шәкенұлы) 1993 жылы күйді орындаушы, Алтайдың Бурылтоғайында тұратын қарт күйші Шаймұрат Оспанғалиұлын арнайы іздеп барап, күй тарихы хақында сұхбат алып едім. Сұхбат сол кезде Шынжаң халық радио станциясында берілген.

Шаймұрат «Қара қасқа ат» күйін өз әкесі Оспанғали, атасы Әтжан Айтақұлы тартқанын айтады.

Әкемнің айтуынша ол күйді 40 жылдай тартыпты. Сол тұста өмір сүрген Кертайдың Қалиы деген кісі де бұл күйді орындайды екен. Меніңде күйді тартқаныма 40 жыл болды. Сахнада тұғыш рет – 1979 жылы Қанастағы ақындар айтысында орындаған едім. 1980 жылы әйгілі жазушы Күнгей Мұқажанұлы мен шерткен «Қара қасқа аттың шабысы» күйіне арнап «Күй дастаны» деген әдеби мақала жазды. Шынжаң халық радио станциясы мен шерткен «Қара қасқа аттың шабысы» күйі мен Күнгей ағаның мақаласын радиода бүкіл жұртқа жария етті.

Шаймұрат Оспанғалиұлының айтуынша күйдің сегіз бөлімі төмендегідей және ол өзі осы бөлімдерді жеке-жеке тартады:

  1. Алғашқы шабысы (Ат қайтты).
  2. Бірінші тосқауылдағы (тобылғыға байланғандағы) арпалыс. (Бұл бөлімді ендігі бір орындаушылар «Шідерде» деп береді)
  3. Бірінші тосқауылдан кейінгі шабысы.
  4. Екінші тосқауылды бұзып абайлап шабуы. (Екінші тосқауылды «Тобылғыға байланғанда» деп орындаушылар да бар)
  5. Құмды ағынға түсіру.
  6. Құмды ағыннан шыққаннан кейінгі арпалыс.
  7. Құстай ұшып көмбеге жетуі.
  8. Бәйгеден келгеннен кейінгі алшаңдай басуы.

Күйдің 8 бөлімі де Шынжаң халық радиосы қазақ бөлімінің қорында сақтаулы.

«Күйдің авторы кім?» деген сауалға Шаймұрат аға: «Әркім өзіне телігісі келеді, шын мәнінде халық күйі деу керек» деген еді.

Қазақ халқы жүйрік атты, қыран бүркітті, құмай тазыны ерекше қастерлеген халық. Әсіресе ердің қанаты да, санаты да болған дүлдүл атты әулиедей әспеттейді.

Қара қасқа ат та өз дәуірінің әйгілі жүйріктерінің бірі болып, оның артында «Малғабылдың қара қасқа аты» сынды әйгілі күй қалды. Күй аңызы мен нотасы 1994 жылы «Есіркеп-Жарылқап шежіресінде», 2012 жылы «Есіркеп шежіресінде» берілген. Әрі Шынжаң халық радиосында да бірнеше мәрте таратылған. «Малғабылдың қара қасқа аты» тақырыбында Батырхан Құсбегин, Сейтқан Қалиұлы, т.б. ақын-жазушылар дастандар жазды. Күнгей Мұқажанұлы, Болтай Бидахметұлы, Әлихан Асылханұлы, т.б. журналист-жазушылар таныстыру мақалаларын жариялады. Кенжехан Кәрменұлы, Қанат Ережепұлы осы тарихи оқиға негізінде «Қара қасқа ат» киносын жасап, таратты.

Қара қасқа ат хақында ауыздан-ауызға тараған аңыз-әңгіменің бұдан басқа түрлері болуы да мүмкін. Алайда, біздің баяндағанымыз аңыз емес, шынайы өмірде болған Малғабыл мен оның қара қасқа атының қысқаша тарихы. Ат Малғабылдікі болғанмен, аңыз халықтікі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ж.Шәкенұлы «Ақылнама» – әулеттік баян, «Өрнек» баспасы, Астана-2014 ж.
  2. Б.Мұқайұлы, Б.Иманғалиұлы құрастрыған «Есіркеп-Жарылқап шежіресі», Шынжаң фолклоршылар қоғамы, Үрімжі, 1994 жыл.
  3. Б.Мұқайұлының ауызша әңгімелері мен жазбалары.
  4. Шаймұрат Оспанғалиұлының деректері.
  5. «Есіркеп шежіресі» кітабы. ҚХР ШҰАР, Үрімжі, 2012 жыл.

Жәди Шәкенұлы
жазушы, академик.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.