Ат әбзелі: жүгеннің шығу тарихы

3360

Екі тізгін жоқ болса,
Ат басын адам бұра алмас.
Екі тартпа жоқ болса,
Ат үстінде тұра алмас.
Екі үзеңгі жоқ болса,
Атқа адам міне алмас.
(Халық жыры)

Ұлттық кодымызға, генетикалық жадымызға қатысты қордалы қордың қайдан бастау алатынын дәйек-дерекпен тұжырымдайтын уақыт келген сияқты.Ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің тыныс-тіршілігі, өмір салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бүкіл мәдениеті ерте заманан бастап жылқы түлігімен тығыз байланысып жатты.

Жылқы туралы археологиялық, этнографиялық материалдар, көне жазбалар, аңыз әңгімелер, батырлар жыры, архив және ауызша деректер жан-жақты кешенді еңбектер көптеп жазылған. Бірақ қазақ көшпелі өмірден алыстағалы бері мал шаруашылығына, қарапайым ат-әбзелдеріне қатысты көптеген дүниесінен айырылды деуге болады. Соны түгендеп, қайта қалпына келтіріп, оны қолданысқа енгізе алмасақ та, ұрпақ жадында сақтау бізге міндет. Ал бұл тұрғыда, ат басына кигізетін жүгеннің орыны ерекше.

Көшпелілердің, соның ішінде қазақтардың төрт түлік малдың ішінде жылқыны қолға үйретуі тарихи археологиялық қазба жұмыстарында табылған жәдігерлерден көруге болады. Ботай қоныс-мекенінде 1980-2010 жылдары жүргізілген Солтүстік Қазақстан және Көкшетау археологиялық экспедицияларының ғылыми зертеулері, сондай-ақ бірқатар елдің ғалымдарының ізденістері жалпы Еуразия құрлығы мен Қазақстаның ежелгі тарихында бірталай ғылыми жаңалықтар ашуға мүмкіндік берді. Жылқы жер бетінде тұңғыш рет б.з.д. IV мыңжылдықта Солтүстік және Орталық Қазақстан даласында қолға үйретілді.

Тұңғыш рет жылқыны қолға үйретудің құрал-саймандық дәлелдемелері пайда болды. Бұны ботайлық остеологиялық материалдарды талдау барысында ағылшындық және американдық зертеушілер жүзеге асырды.

Ботай қоныс-мекенінде аттардың сүйектері өте көп табылған (99%). Сүйек бұйымдардың арасында тұсаудың ілгегі және сулықтар бар. Екі бұйымға ұқсас заттар қола, темір дәуірлерінің, орта ғасырлық, сондай-ақ этнографиялық материалдардың арасында көптеп кездеседі.

Ат жүгенінің элементеріне ұқсас этнографиялық заттар. Ботай қоныс-мекені.

Жылқы сүйегінің қалдықтары барлық қоныс пен қола дәуірінің, ерте темір дәуірі мен ортағасырылық бүкіл қорымнан табылған. Қазақ даласында жүргізілген археологиялық қазба барысында қола дәуірінің жерлеу орнында жылқының сүйектен жасалған ауыздықтарының табылуы осы аймақтардағы тұрғындардың жылқыны қолға үйретіп мінгендігінен хабар береді.

Сүйектен жасалған сулық. Қарағанды облысы, Кент қонысы.

Б.з.д. II мыңжылдықта Қазақстан даласында сүйектен және мүйізден жасалған сулықтар пайда бола бастайды. Металл ауыздықтардың болмауы, олардың қайыстан немесе ширатылған сіңірден жасалған болуы мүмкін деген болжам жасауға мүмкіндік береді.

Алтынқазған кешені. №158 қоршаудан табылған ат жүгені.

Қазақ даласы өңірлеріндегі мініс атының әбзелдеріндегі үлкен өзгерістер пазырық кезеңінен (б.з.д. VI-III ғғ.) басталған. Осы кезеңде жүген жиындықтары күнделікті қолданылатын және салтанатты сәттерде пайдаланылатын болып екіге бөлінеді.

Таутеке мүйізді қанатты аттардың мүсіндері. Есік обасы, Жетісу. К.А. Ақышевтің қазбасы.

Жылқылардың бастарында таутекеннің немесе бұғының мүйізі бекітілген, қиял-ғажайып аңның немесе құстың бейнесі түрінде жасалған бет перделер бар.

Пазырық кезеңіне жататын Берел обаларынан сексеннен астам жылқы малының сүйектері табылды.

Патшамен бірге қойылған 13 жирен айғыр. З.Самашев. Қайта жаңғыртпа. Берел обалары. №11 оба.

Берел №11-ші обада қима-тағанның солтүстік қабырғасы сыртында 13 жирен айғыр арнаулы қойылған да, олардың әбзелдермен әшекейленген денелері бірненше қабат қайыңтозбен жабылған. Осы темір дәуіріннен бастап Еуразия даласында, көшпелі тайпалар тұрмысының барлық саласын қамтыған үлкен өзгерістер болды.

Ат-әбзелдері соның ішінде жүген – Қазақстанның ежелгі тарихындағы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, ерте орта ғасырлардағы Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан, одан кейінгі Алтын Орда және Ақ Орда тарихымен тікелей байланысты. Қазақ хандығының құрылуынан бастап бүгінгі күнге дейін тарихи сабақтастық, жалғастық, үндестік атадан балаға мұра болып келеді.

Қазіргі кезде ат-әбзелдерінің түрлері мен құрлымына көп өзгерістер кірген. Этнограф-жазушы Бекен Қайратұлы өз еңбегінде: жүген – атты иесі ырқына бағындыруға көмек көрсететін әбзел. Жүген аттың басына ауырлық келтіретіндей болмауы керек. Жүгенді жеңіл иленген қайыстан жасайды. Кейбір жүгендерді күмістеу үшін қайыстың сыртынан жеңіл былғары қаптайды да оған құйма күмістер орнатады. Жалпы жүгеннің құрлымы: желкелік, кекілдік, қасқалық, сағалдырық, сулық, ауыздық, тізгін, шылбыр, шаужай, жақтау, кеңсіріктен тұрады. Сонымен қатар күміс жүген, өрме жүген, шашақты жүген, қасқа жүген, үкілі жүген, түймелі жүген сияқты тағы басқа түрлері бар – деп көрсетеді.

Ат әбзелі — жүген алғаш жылқы малын қолға үйретуден бастап өте күрделі кезеңдерден өтті. Ертедегі жүгендер сүйек сулықтармен жасалса, кейін қола, темірден жасала бастаған. Әр кезеңде өзіндік ерекше өрнектермен безендіріліп, күміс, алтынмен жалатылған жүгендер болды. Қазіргі уақытада жүген қандай материалдан жасалсада, әр-түрлі нақышта безендірілседе сол бұрынғы жылқы малын ырыққа бағындыруға көмектесетін әбзел болып қала бермек. Негізгі мақаладағы ой ол алғаш аты тізгіндеген қазақ халқы екеніне назар аудару болды.

Қуанған Төлеубай
ҚР Ұлттық музейінің қызметкері
Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.