Азамат пен қазанат

5142

Елбасы, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында ұлы дала сәйгүліктеріне айрықша тоқталып, ең алғаш жылқыны қолға үйреткен осынау Тұран ойпатындағы түркілер екенін тасқа жазғандай таңбалап берді. Рас, адамзат өркениетіне ауыздық, үзеңгі және жарғақ шалбарды енгізген сол ұлы түркілердің бір бұтағы – ұлы ҚАЗАҚТАР!

Жүйрік атта үш шошақ болады дейді. Бірінші – құйымшағы, екінші – кекілі, үшінші – шоқтығы. Бұл өзі өлең.

Жүйрік атта үш шошақ,
Кекіл, шоқтық, құйымшақ.

Кезінде үлкен кісілер «Шоқтығы биік жылқының алды күшті болады. Құйымшағы көтеріңкі болатын болса, оттығы үлкен» деп айтады екен.

Атбегі – дара тұлға. Атбегілік – ата-бабадан қалған мұра. Ат адамның қырсығын кеседі. Ат соншалықты жүйрік болса немесе көкпарға шапса, болмаса жорғасымен, жүрісімен, аяңымен адамның көңілін тапса, иесі мен ат екеуінің арасында қарым-қатынас орнап, екеуі бірін-бірі жақсы көреді. Атқа назар аударған адам да бойындағы жаман қылықтары мен ойларынан арылады. Адамның бар ықылас-пейлі сол атқа ауады. Сол аты арқылы топқа кіреді, адамдармен қарым-қатынас жасап, солардан тәлім алады. Содан кейін атбегі болып, халықтың адамына айналады.

Бапкер атты тәрбиелесе, ат та оны тәрбиелейді. Бір-біріне байланысты дүние бұл. Аттың бір кереметтігі – ол адамның жан жолдасына айналады. Иесі енді қалған ғұмырын сол жылқы малының бабын табуға арнайды. Сол ат жанына өзге адам келсе, құлағын жымқырып, мінез көрсетеді. Бұл оның өзінің қожайынына деген адалдығы деп түсіну қажет. Ат өзінің үйренген жолдасына бас иеді. Иесі оны суытады, жайылса да, дем алса да қасына барып, көңіл аударып тұрады.

Солардың бірі – Алматы облысы Жамбыл ауданында тұратын Орынтай Әмірғалиев. Ол шындықты жақсы көреді. Әділеттіліктің жағында жүреді. Әр нәрсенің артын болжап тұрады. Біреудің алдында мәймөңкелеуді білмейді.

Oryntai

Орынтай кәдімгі ата-бабамыздан қалған бидің жолын ұстанды. Сондықтан оны айналасы қадірлеп отыр. Егер ол бұра тартып, әлдекімдермен бәйге біткенше ауыз жаласып, арзан қылық танытса, оны кім қадірлер еді? Мынау лауазымды, билікте жүрген адамдармен болмаса ел ішінде беделі зор деп жүрген адамдардың қай-қайсысымен болса да тең дәрежеде сөйлесе алады. Бәрімен ортақ тіл табыса алады.

Орынтайдың тағы бір қыры бар. Оның досы көп, танысы көп, мақсаттас, армандас, мүдделес жігіттері баршылық. Ол Алтайдан Атырауға дейін, Арқадан Алматыға дейін Қазақстандағы барлық облыстардың ат спорты айналасында жүрген жігіттерімен тығыз қарым-қатынаста жүр. Ол ұлттық ат спортын ұзақ жылдар бойы тастамай, соған барлық өзінің дүние-мүлкін жұмсап, қатты кірісті. Барлық күш-жігерін осы салаға арнады.

Осылайша, Орынтай үлкен азамат болып қалыптасты. Республикалық ат спортына көп еңбек сіңірді. Осы саланың қалыптасуына, оның ережесін, жарғысын жасауға, жігіттердің басын қосып ұйымдастыруға белсене атсалысып, Алматы облысында қандай шара өтсе де дастарқанын жайып, ауылдың өнерпаздарын шақырып, көңілді отырғызып, сылап-сипап жіберетін. Бұл оның көрегендігі, азаматтығы, жолдас-жораға, қазаққа, өзінің ұлтына деген патриоттығы деп түсінемін.

Өзі бір алып тұлғалы, қайсар мінезді, салиқалы, салмақты, артық сөзі жоқ, қандай бір ойына келген сөзді тік басып айтатын, өте бір өжеттікпен, тазалықпен, ақылмен, парасатпен сөйлейтін азамат.

Орынтай «Рахат» жылқы заводын басқарып жүріп, республикада ат спортының дамуына көп еңбек сіңірді. Бұрындары, Орынтай­ жоқ жерде ауыл-ауылда жиі-жиі ­болып тұратын бәйгелерде тәртіп жоқ еді.

Тоқсаныншы жылдары Орынтай ағамыз ат бәйгесін заманауи жүйеге келтірейік деп, ортаға ұсыныс тастады. Осы талаптың ар жағында өзіндік себебі бар еді. Оның бала кезден атқұмарлығы, атқа қызығушылығы, қазір ортамызда жүрген Ғабит Құралбаевпен бірге ат дайындап, бәйгеге ат қосуы, себеп болды.

Орекең айтты: «Мына біздің бәйгеміз не болып кетті? Бір жерде бәйгені ала алмай қаласың, бір жерге барсаң, атты тыңнан қосады, бір жерге барсаң біреу төбеңе шығады. Сондай бір әділетсіздік жайлады. Тәртіп жоқ. Жұрт бет-бетімен кетті».

Содан барып Орынтай,­ Бақыт, Ертілеулер бірігіп, ұлттық ат спорты федерациясының негізін қалау жұмысына кірісіп кетті. Басында өзі болды. Көптеген қиын жолдардан өтті. Оңай болған жоқ. Біреу «жақсы» деді, біреу «жаман» деді.

Орынтай сияқты жылқыны түсінетін адам кемде-кем. Ол бәйге төңірегінде жүріп, басқа да сан салалы істермен айналысты. Ол осының бәрін тастап, тек қана атбегілікпен айналысып кетсе, ешкімге нан жоқ еді.

Алайда ол көп шараларды ұйымдастырып, әкімшілікпен, саяси маңызы бар істердің ­қа­сын­да жүрді. Әрине, мұның бәрі өз заманы­ның талабындағы тіршіліктер еді. Егер аламан бәйгіні ат спортында бетке ұстарымыз дейтін болсақ, осы бәйгенің қазіргі жағдайға жетуіне ол өлшеусіз еңбек сіңірген Орынтайдың арқасы дер едік.

Қазір бәйге ұйымдастыруда жұрт ережеге­ бағына бастады. Бәйге айналасына көзі ашық жігіттер жинала бастады. Ол өмір бойы ақиқаттың айналасында жүрді. Орынтай десе, оны атбегілердің ішінде бүкіл Қазақстан ­таниды. Атқа сезімі бар адамның барлығы оны біледі.

Жылқы жағдайы қазір Қазақстанда бар­лық өңірлерде басым дамып келе жатыр. Соның ішінде Шымкент пен Тараз көк­парға бейімделген. Тараздың бер жағынан Талдықорғанға дейін бәйгеге баса назар аударады. Кейінгі кездері көкпардан Елордада жақсы мектеп ашылды. Құрама командада орыстар да ойнап жатыр. Шығыс Қазақстан да көкпарға бейімделді. Батыста, Ақтөбеде мықты атбегілер бар. Қазір қазақтың беті өзінің атакәсібіне бұрылып келе жатыр.

Ат ұстауға жағдай керек. Көп адамдар ат ұстайын десе, жағдайы болмай жүр. Қызығушылық танытып жүрген жас балалар өте көп. Оларға қол үшін беріп жүрген Орынтай­ сияқты жігіттер аз. Оларға Орынтай ат беріп, ат баулытып, өзінің тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Ұлттық ат спортында ертең тоқтап қалады деген күдік, уайым жоқ. Бұл шаруа ел ішіндегі іскер жігіттердің арқасы. Бұл сала Үкімет көмектесіп, соның арқасында дамыды деген әңгіме жоқ. Халық өзі істеп ­жатыр. Оған мұрындық болып жүрген де Орынтай секілді жігіттер.

Ол ең алдымен тәуекелшіл адам. Қайсар­лығы, батырлығы өте зор. Кейде біреулердің бетіне айтып тастап, артынан жүрегі ауырып жүреді. «Ренжітіп алдым-ау» деп қиналады. Бұл бір керемет үлгі тұтарлық қасиет еді. Орынтай­ қазақ даласының болашақ ­50-жылына бағдар жасап, ойлап, кесіп-пішіп жүрген адам. Өйткені оның тәртесі қысқа емес, ол алысқа қарайтын, биіктен бағдарлайтын қыран бүркіт сияқты. Бұл кісі өте табанды адам. Мәселен, басталған іс 80 пайыз орындалмастай көрініп тұрғанда, Орынтайдың табандылығының арқасында, Алланың қалауымен сол мәселе шешімін тауып жатады.

Орекең өзінің қайтпас қайсар мінезімен кедергілерді жеңе отырып, Есенқұл айтпақшы, бұл кісіге біреулер өкпелі болды, біреулер ынтызар болды. Тірі Орекеңді бір көрсек деп армандаған кісілер де болды. Қысқасы, Орынтай – қазақ елінде ұлттық ат спортының заманауи негізін қалаушылардың бірі.

Орекең Есенқұл ағамен бірге жүріп, қоян-қолтық араласты. Бұл кісінің тағы бір қыры – спортты өте жақсы көреді. Өзі де жас кезінде спортпен айналысқан. Спорттың айналасында жүрген інілерін алысқа жібермей, көмектесіп, сүйрелеп, жанына жақын ұстап жүреді. Қазақстанның сегіз дүркін чемпионы Берік Деңелбаевты, Мадияр Құрамысовты жанына тартты. Яғни спортта көзге түскен жігіттерге болысты. Әнші, сазгерлерге де демеуші ­болып жүр. Қолы ашық. «Кімде-кім шынайы ықыласпен Алланың ризашылығы үшін беретін болса, оған Алла еселеп қайтарады» деген сөз хадисте де бар.

Бұл кісінің ұйымдастырушылық қабі­леті өте зор. Оның тағы бір қыры – батыл­дығы. Жалтақтық деген жоқ. Мақсатына жетпей қоймайды. Сонау тоқсаныншы жылдары «не істейміз, не қыла­мыз» деп жүрген ұлттық ат спорттың даңқы қазір әлемге жайылды.

Республикада құрылған 7-8 федерация ұлттық қауымдастыққа айналды. Қазір әлем чемпионаты, Азия чемпионаты өтіп жатыр. Республикада алғаш рет Қазақстан чемпионаты өткізілді. Құдай қаласа, Азия чемпионаты мен әлем чемпионатын да жоспарға қойып отырған жағдай бар. Сонымен қатар Ресей, Англия, Франция секілді елдермен қарым-қатынас мәселесін жолға қойды. Іргедегі қырғыз халқының азаматтарымен етене жақын араласты. Қырғыздар «Орынтай байке» деп, жандары қалмайды. Кейін ойлап қарасақ, біздің ұлттық спортқа өте жақын, салты мен дәстүрі аралас бірден-бір ел – қырғыз халқы екен. Біз ұлттық спортты қырғыз халқымен бірге дамытуымыз керек. Спорт бәсеке болған жерде дамиды. Қазір Өзбекстандағы аттың айналасындағы мықты-мықты азаматтармен аралас-құралас басталды.

Енді әлемдік жылқы мәселесіне назар аударып көрелік. Араб жылқысы – көне жылқы. Ағылшын жылқысының түбі – араб жылқысы. Ағылшын жылқысы жасанды, селекция арқылы сұрыпталған. Арабта, Еуропада 1-2 жасқа келген кезде аттарды сынақтан өткізеді. Бұлар шабыс кезінде қандай жылдамдық таныта алады деген сияқты. Аталық жүйе мен аналық жүйені шабыс арқылы анықтап, селекциялық жұмыстарды жалғастырып, жылқылардың құнын, болмысын анықтайды.

Кезінде осыларға қарап жүріп, Орынтай мен Ерлан Атамқұлов екеуі «Рахат» жылқы заводын ашты. Заводта 10 жылдан аса жұмыс істеді. Президент кубогы өткізіліп тұрды. Елбасының жүлдесі өткізілгеніне 21 жыл болды. Бұған қаражатты әкімшілік шешті. Бастапқыда «Рахат» компаниясы демеушілік жасаған ипподром жарысы өткізілді. Ипподром ұстауды біздің жағдайда мемлекет қамқорлыққа алса болар еді.

Ағылшындар «Ат – мемлекеттің айнасы» деп айтады. Ең мықты аттар ағылшындар мен американдықтардан келеді. Осы салада мамандар даярланып жатыр. Орынтайдың қолдауымен Америкада, Францияда, Чехияда білім алып, жұмыс істеп жүрген жастар бар. Олар Еділ Құсайынов, Сырым…

Ағылшын мемлекеті – қазіргі таза қанды жылқылардың, бүкіл әлем мойындаған жылқылардың Отаны. Дүниежүзіндегі барлық таза қанды жылқылар осы жерден шығады. Ағылшын халқының жерінде қыс болмайды, ауа райы салқын. Атлант теңізінен жылы ауа ағысы келіп тұрады. Англияда әрбір екінші адам жылқы шаруашылығымен айналысады. Англияда ат зауыттары өте көп. Жапондардың да аттары Англиядан шыққан. Бірақ Жапондардың климаты ат өсіруге қолайсыз болған соң, олар аттарын Англия­да бағады. Қазақстанға Франциядан да жылқы әкелді. Осылайша, ағылшынның да арабтың да жылқылары будандастырылып, ұлттық спорт түрін дамытуға, яғни бәйгеге дайындауға арнайы жұмыс жүргізілді. Орынтай­ Әмірғалиевтың Ресейден әкелген Алматы деген тұлпары 2010 жылы Президенттің кубогын ұтып алды. Сол жылы Түркістанның 1500 жылдығын, Қ.Аманжолов атамыздың бәйгесін ұтты. Алматы ұзын саны 12 жүлде алды.

1998 жылы Кавказдан жылқы әкелді. Бұл істің де басы-қасында Орынтай жүрді.

2004 жылы Мәскеуде ТМД халықтарының қатысуымен «Ресей президентінің жүлдесі» халықаралық (ұшқыр) классикалық ат ­жарысына Франциядан алып келген Грантлет сәйгүлігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан қосып, екінші жүлделі орынды иеленді.

«Рахат» асыл тұқымды жылқы зауытына директор болып жүргенде Ресей, Англия, Франциядан сәйгүліктер әкеліп, оны қазақы тәсілде баптап, үлкен ат жарыстарына қосып, толағай жетістіктерге қол жеткізді. Мамандарды шетелге тәжірибе алмасуға жіберді. Еділ Құсайынов Чехияда, Нұрлан Тынышпаев Францияда тәжірибе жинақтады. Қазіргі таңда Еділ Құсайынов классикалық ат жарысының шабандозы, әлемдік чемпионаттардың жеңімпазы. Нұрлан Тынышпаев Америкада тұрады.

Айторы, Айтұмар, Бойтұмар, Роза, Жұлдыз­торы, Нардена, Алматы, Эльпасса, Пагром, Анис, Велта, Атос, Барс сынды таза қанды сәйгүліктері – көптеген чемпио­наттардың, ұлы аламандардың, халықаралық бәйгелердің жеңімпаздары.

2011 жылдан көкпардан «Үш қоңыр» ­командасын құрды. Команда 6-7 жыл республика бойынша алдыңғы үштіктен көрініп жүріп, ақыры жастар арасында Қазақстан чемпионы атанды.

Алматы облысында атбегілікпен айналысып жүрген небір жігіттер бар. Бірақ аттың айналасында адами фактор бар екендігін естен шығармаған жөн. Мал адамға бітеді. Жігіттер, қанша тұлпар болса да ат жігіттің жетегінде жүру керек. Аттың соңынан кетпеу керек. Аттың құйрығында кеткен жігіт – ол малдың артынан кеткен жігіт. Жылқының соңынан кеткен адамның мінезінде малдық психология болады. Бұл жағдай мәдениетіңді төмендетеді. Елдіктен, көпшіл дүниеден, мәдениеттен адамды ажыратады да, соншалықты бір тұңғиық, мәңгүрттік, малсақтық мінезге апарып тірейді.

Қазақта ата-бабамыздан қалған бұқаралық спорт – ат спорты. Кезінде көшпенділер ашамайдағы баладан ақ сақалды қарияға дейін атқа мінді. Яғни бүкіл ұлт спортшы болды десек болады. Келер ұрпақты жаман әдеттен арылтатын, бұқаралық спортқа баулитын да осы ат спорты дер едім.

Nurlan A.Нұрлан ӘБДІБЕК

«Ана тілі» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!