«Ева. Батыр қыз» фильмі жеңімпаз атанды

2626

Белгияның астанасы Брюссель қаласында дәстүрге айналған Brussels Capital Film Festival кино-конкурсында «Ева. Батыр қыз» фильмі жеңімпаз атанды.

«Ева. Батыр қыз» деректі драмасы – Темірбек Аманжолдың алғашқы режиссерлік қадамы.

Темірбектің өзі де тұлпармен туризмді насихаттап, атқа міну мәдениетін зерттеп жүр.

Еваның хикаясы – салт-дәстүр, жігер мен құрбандық шиеленіскен әлемге жетелейтін шытырман саяхат. Осындай қым-қуыт әлемде нәзік жан ағысқа қарсы жүзіп, махаббат пен жалынның алмайтын қамалы жоғын айшықтайды, — дейді ол.

Темірбек Аманжол бұл фильм арқылы не айтқысы келгенін былайша түсіндіреді.

12 жылдан бері жылқы жануарын фильмдерге түсіріп, атқа міну мәдениетін, неономадизмді зерттеп жүрмін. «Ева. Батыр қыз» фильмінде қазақылықтың формуласын паш еткім келеді. Елі бөтен, діні бөтен басқа жұрттың баласы неліктен осы ойынға құмар болып, бар өмірін сарп етуге серт берді? Көкпар мен Қамбар ата жануары несімен тартымды? Бұл фильмді осы сұраққа жауап іздейтін зерттеу десеңіз де болады, — дейді Темірбек Аманжол.

Фильмнің подюсері Думан Қожахмет. Деректі фильмді «Black & White Production» компаниясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен 2022 жылы түсірген.

Фильм көрерменді эмоциялық саяхатқа үйіріп әкетіп, кейіпкер жолында кездескен қиындықтарды, оның сәйгүлікке деген махаббатын қызықты мысалдармен баяндай жөнеледі.

Ата-анам көкпарға қатысуға ты­йым салған. Бірақ бір жерде көкпар болып жатыр десе, дегбірім қашып, делебем қозып, үйден қашып кететін­мін. Көкпарға алғаш рет 15 жасымда қатыстым. Шақырусыз барған едім. Өзім де таңғалдым. Атта отырып, ерлердің көкпарда жан алып, жан бер­генін көрдім. Оларға қосыла кетіп, сер­кені жұлып алыппын. Ерлер мені қуа жөнелді, бірақ ұстатпай кеттім. Қазір жұрттың көкпарға қызығуы арт­қанын көріп жүрмін. Маған ұлдар да, қыздар да хат жазып, көкпар тартуды үйретші деп өтініп жатады, — дейді Ева Жигалина.

Фильм подюсері Думан Қожахметтің сөзіне қарағанда биыл «Ева. Батыр қыз» фильмі бірнеше конкурсқа жіберілген.

Жаздың ортасынан бастап бірнеше конкурсқа жібердік. Солардың жауаптары енді келіп жатыр. Алғашқысы осы – Brussels Capital Film Festival конкурсы. Біздің туынды қысқа метражды деректі фильмдер арасында жүлделі болды. Бұдан бөлек Оңтүстік Кореяда бір фестивальде финалдамыз. Сонымен қатар Америкада Lane Doc Fest фестиваліне жолдаған болатынбыз. Онда да іріктеу турынан өтті деген хабар алып отырмыз – дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда фестивальдердің қазылар алқасы «Ева. Батыр қыз» фильміне жоғары баға беріп отыр.

Десе де әлемдік кино-индустриясының қаншалықты дамып кеткенін жақсы білеміз. Бәсекелестік жоғары, бірде өтеміз, бірде өтпейміз дегендей. Бір сөзбен айтқанда бұл фильм өзінің фестивальдік жолын енді ғана бастап жатыр. Демек Еваның жұлдызды сәті алда деген үмітіміз бар – дейді Думан Қожахмет.

Естеріңізге сала кетейік, Ева Жигалина жайлы алғашқы болып Argymaq.kz сайты жазған болатын.

«Ева. Батыр қыз» деректі фильмі туралы толығырақ ақпаратты мына жерден алуға болады.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.