Сәттібай ЖҮНІСОВ. Арабы көк

7997

Пырақ

Балғын шағын шығарар жадынан кім,
Жеткіншек кез, аса шат-шадыманмын.
Малдың басы кер бие құлын салып,
Құрсағынан құт түсті жануардың.

Жап-жарық боп, сол төлдің төңірегі,
Баурап ала жөнелген еді мені.
Жал-құйрығы күмістен, түктері алтын
Секілденіп ерекше көрінеді.

Маңдайында төбелі жарқыраған,
Маңғаз біткен ұнайтын қалпы маған.
Үйсін жақтан әкелген Қасым көкем,
Әкесі де текті еді арқыраған.

Сағат санап, жоқ әлде күн санап па?
Шыға келді есейіп бір заматта.
Міне осылай қос қанат біткен еді,
Жігіт боп келе жатқан бір қазаққа.

Қарт атама жырлаймын қылықтарын,
Су ішкенін, шекер жеп құныққанын.
Кеңк-кеңк күліп жарықтық отыратын,
Қос құлынның есітіп қызықтарын.

Екеуара ұғысып үнсіз ғана,
Күй кешеміз бір бөлек, тілсіз, дара.
Жаратқанның ғажайып туындысы –
Мінсіз құлын, жанында мұңсыз бала.

Жымиысым жиылмай езудегі,
Қарайтынмын қиялға көзіндегі.
Енесін емеді ғой демесеңіз,
Тұлпар сынды ұстайтын өзін тегі.

Қош, құлыным жетілді жабағы боп,
Байыз таппай кеудемде бала жүрек.
Жарысқанның жүзіне қар боратып,
Бабам тартқан жебедей ағады кеп.

Ағады кеп, жүгірсе безеді кеп,
Өзін дүлдүл екенін сезеді бек.
Әттең, бір күн дүние ойран болды
Тағдыр деген төренің кезегі кеп.

Қас-қағымда қанатым қайырылып,
Көңілімнің күні өшіп, айы бұғып.
Бір аяусыз айуанның кесірінен
Жан досымнан қалдым мен айырылып.

Жасаған-ау, не деген қорлық еді?
«Сиыр сүзіп, жабағың өлді»,- деді.
«Аға» деймін әкемді, аға-ау, неге?
Ұшырмай ма пырағым енді мені?

Тұман басқан буалдыр бар алапты,
Көз алдымда бейкүнә бала жатты.
Өзегімде алапат өрт өріліп,
Төңкеріліп дүние бара жатты.

Арманымыз көп еді алып небір,
Оқыс мінез осылай танытты өмір.
Асқақтығын, тәкаппар сұлулығын
Көре алмады-ау, көріксіз мәліккегір.

Арабыкөк

Кәкімбек аға, Сізге мен,
Алғысымды айтам от кеуде.
Көңілге медеу іздеп ем
Үмітім мерт боп кеткенде.

Аңсары атқа құлаған
Күреңбайдікі-ау сендік мұң.
Құласын қимай жылаған,
Ақанның күйін енді ұқтым.

Айтқанда сауын тойға бұл,
Сан түрлі жарыс бар деген.
Тоқ бәйге болмай ойдағы,
Алысты дөнен кермемен.

Тұлпарға қарап ширықтым,
Сол күні неткен сергек ең.
Бағасын білер жүйріктің,
Шамасын байқап көрмек ем.

Іздесең тегі боз шөлде,
Тұрған соң қосқам дес бермей.
Қаны ыстықтығын сезсем де,
Намысшылдығын ескермей.

Жұлдыздай ақты жонменен,
Қызу қан теуіп жүректі.
Дүбірлі дуға шөлдеген
Жұртымның жанын түлетті.

Алдына түскен аттарды,
Қорлық деп білді-ау кербезім.
Намысқа шапқан шақтарды,
Отырмын ойлап енді өзім.

Жарықтық, жылқы, жануар-ай!
Арқалап арын жүгірді.
Тұлпардың асыл арманы-ай!
Бірінші өтіп жығылды.

Қазағым сәби көңілді,
Қазасына аттың жасыдық.
Айналып жүрсін көгімді,
Ақбоз аттарға қосылып.

Өмірдің қилы сан қыры
Мәре мен сөре арасы.
Жігіт пен күлік тағдыры
Не деген ұқсас қарашы…

Сәттібай ЖүнісовСәттібай Жүнісов

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!