Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ: Қарын тойса, қарта боқ сасиды

10138

Жаны жаннатта болғай атамыз: «Қарын тойса, қарта боқ сасиды» деген мәтелді жиі айтушы еді. Бала кезімізде оның мағынасына түсіне қоймадық. Кейін де онша мән бермедік. Себебі, жылқының қартасында жағымсыз иіс болады деп ойламаппыз. Егер мына бір оқиға болмағанда, осы мәтел мәніне әлі де ой жүгіртпесіміз анық еді.

Алтайдың арғы жағынан келген бауырымыз Астанада шаңырақ көтеріп, тойдың қамымен қарбаласып жүрген кез болатын. Той өтетін мейрамханаға күн бұрын керек-жабдықты апарып тастап, ең соңғы күні жылқының етін жеткізгенбіз. Қабылдап алушы жігіт: «Мына етті, қазы мен шұжықты өзіміз асамыз, ал, ана қарын-қартаны өздеріңіз пісіріп әкеліңіздер» деп тұр. Ау, бұл қалай, бауырым? «Қазір барлық мейрамханалар сөйтеді ғой. Біздің бастықтың тапсырмасы сол. Жылқының қарын-қартасын мұнда пісірмеңдер, мейрамханаға боқтың иісі сіңіп кетеді дейді». Осы жауапты естігенде санамда атам айта беретін баяғы: «Қарын тойса, қарта боқ сасиды» деген мәтел жарқ ете қалды. «Е, қарта боқ сасиды дегеннің мәні осы екен ғой». Біз әбден тойыныппыз. Жұрттың қарны шектен асып тойған. Ішіп-жем көл-көсір. Сондықтан жылқының қартасы мейрамханада пісірілмейді. Себебі, «сасық иіс» шығады. Дана қазақ қалай дәл тауып айтқан. Тек Алла тағаладан осы тоқшылығымыздың ұзақ болуын тілейміз.
Мәтелге байланысты сөзді осы тұстан түйіндесек те болар еді. Бірақ, қартаға қатысты болған соң мына жайтты да айтып өтелік.
Содан әлгі қарта-қарынды кештетіп үйге апарып, бәйбішеміз түн ортасы ауғанша бабымен пісірді. Таңертең ертелетіп мейрамханаға жеткізіп тастадық. Сол кезде кәрілік меңдеген әкеміз үйде, анам болса қыдырыстап бауырымның отауына кеткен-ді. Мейрамханадағылар жағымсыз иісінен қашқан қарта шіркіннің әкейдің тәбетін сұмдық ашатынын мүлде ескермеппіз. Екі-үш күннен соң басымыз қосыла қалған кешкі ас үстінде әкей анама қарап: «Сен жоқта мына екеуі түнделетіп бір қазан қарын-қартаны пісіріп еді. Өздері жеп алды ма, содан ауыз тимей қалдық қой» деп дау айтып отыр. «Осы рас па?» дегендей анам аң-таң. Мән-жайды анықтаған соң: «Күлсең кәріге күл» дегендей, әкейдің сол «өкпесін» көпке дейін еске алып, күліп жүрдік.

Tolegen ZhakitaiТөлеген Жәкітайұлы
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!