Біржан Ахмер. Абай Құнанбайұлының ер-тұрманы

5721

Абайдың «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» өлеңі – қазақ поэзиясының классикалық үлгісі екені даусыз. Шоқтығы биік туындының әр жолынан ақынның жылқы туралы танымының жоғары екенін анық аңғарамыз. Осылайша, ақын «кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы» тұлпардың сипаты мен қасиетін көз алдыңызға әкеліп, жылқының жанында тұрғандай әсер қалдырады. Тірі сөз бен ірі сөздің зергері тудырған өлеңді оқып, тамсанып, «беу» демесіңе шара жоқ.

Дала дәстүрі мен дала мәдениетінің сан қырлы сиқырын таныған сұңғыла ақынның атқұмарлығы жөнінде баласы Тұрағұл былай дейді:

«Әкем салт атқа мініп жүруге жалықпайтын. Атқа отырысы берік, жүріске мықты еді… Шаруа жағына көзін сирек салады. Күндіз-түні босатпайтын елдің жұмысынан қолы да тимейді. Шаруаның үш түрін ескеруші еді: жақсы қонысты таңдап қону, жақсы малшыны іздеп тауып, ақысын қымбатсынбай алу, жылқының аса ер етіп кеткені бар ма, соны ғана қараушы еді. Жақсы ат, айғыр сықылды жылқысы болмаса, жалпы жылқысын танымайды, қой мен түйені де сеніп салған қойшы, түйешісінен ғана сұрайды, әйтпесе өзі, мынау менің түйем, қойым деп бірін де танымайды. Бір ғадеті жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді… Бір жылы жайлауда біреудің бір қоңыр қасқа атын, 5 құлыңды биесін беріп алды да оған көңілі болмай, бауырға түскенде 5 түйесін беріп, Қуқұла деген Қаракесекте атағы шыққан атты алды. Сол секілді біреудің атына көңілі түсіп, бұлдап алады да, тез жеріп, бір болымсыз адамға бере салғыш еді.  Жасында атқа болдырмайтын жүргіш болыпты. Мен есімді білген кезде алысырақ жерге арба жегіп, 30-40 шақырымдық жерге салт атпен жүруші еді. Жасында жылқы бағып, отарға да шығыпты. Мен білгенде жалпы қазақтың байларынша ертелі-кешті малын аралап, жерін шалып, мал үшін атқа мінбеуші еді. Көбінесе үйде отырғандықтан ба, жазу жазғандықтан ба, иә жанын күтемін дегендіктен бе, ертерек кәрілік көктеді ме, әйтеуір жалпы халықтан көп ерте атқа мінуден қалды».

Міне, Абайдың осы мінез-машығынан оның жылқы жануарына етене жақын екенін аңғарамыз. Тұрағұлдың «Шаруа жағына көзін сирек салады» деген сөзі көңілге қонымды. Өйткені үнемі ой үстінде, тебіреністе жүрген ақын үйдің ұсақ-түйек шаруашылығына мән беруге құштар болмайтыны анық. Ал бабы келіскен Қуқұла ат үшін 5 құлынды бие мен 5 түйесін айырбастап алуы да ақынның арғымаққа деген зор ықыласын білдірсе керек.

Енді Абай шығармашылығындағы «ер» сөзіне келейік. Өткенге үңіліп, тереңнен пайымдасақ, алдыңғы қастарының формаларына қарай қазақтар пайдаланатын ерлер бірнеше түрге бөлінеді. Олар: көне қазақ ері, жаңа қазақ ері, қоқан ері («шошақбас»), бұқар ері («құранды ер»). Ердің жасалу үлгісіне қарай «арғын ері», «найман ері», «дулат ері» деп аталатын түрлері де бар. Қазақ ішінде кең тараған «қалмақы қасты ер», «қалмақша байлау», «қалмақ сиыры» т.б. атаулар XVIII ғасырдың екінші жартысынан қазақ-жоңғар соғысы аяқталғаннан кейін пайда болғаны туралы деректер бар. Қазақ-жоңғар соғысы жеңіспен аяқталғанда қалмақтардан көптеген олжа түскен. Солардың ішіндегі қалмақы ерлерге қарап қазақ ұсталары қалмақы биік қасты ерлер жасаған. Әсіресе, бұл Қазақстанның шығыс өңірінде жиі кездеседі. Абай қазақ ершілері жасайтын «қалмақы қасты» ер туралы «Ескілік киімі» өлеңінде:

«Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер,

Қанжығамда байлаулы жіптен шідер.

Жарғақ жастық көпшігім жезді пыстан

Бір келісті сайманым топқа мінер», – десе, «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» өлеңінде ердің ыңғайлы һәм жайлы болуын жырға қосып:

«Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,

Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.

Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,

Көтендігі сығыңқы, аламайлы», – дейді.

Хош, ақын қаламынан туған классикалық өлеңдер мұнымен толастап қоймайды. Біз келтірген деректерден де әлдеқайда шебер әрі толымды шығармалар жетерлік. Дегенмен, бізге қатыстысы осы «ер» тақырыбы болғандықтан, бұдан әрі Абай ерінің тарихына аз-кем тоқталайық.

Абай 1883 жылы Семейде ашылған өлкетану музейін ұйымдастыру ісіне белсене араласады. 1885 жылы ақын ауылына емделуге келген Н.Долгополов арқылы өлкетану музейіне көшпелі қазақтың тұрмысын, мәдениетін танытатын 50-ден астам затты тегін, сый ретінде тапсырады. Аса бағалы, әрі ғылыми құңдылығы жоғары жәдігерлердің бірқатары экспозицияда қойылған. Абайдың музейге тапсырған заттары: ұлттық музыка аспаптары, ыдыс-аяқ, қару-жарақ, киіз үй жиһаздары, ер, тоғызқұмалақ, ұста саймандары, асатаяқ, сыбызғы сынды құнды жәдігерлер. Жәдігерлердің сан алуандығы Абайдың қазақ халқының этнографиясын жан-жақты танытуға ғылыми тұрғыдан қарап, заттарды жүйелі түрде жинақтағанын көрсетеді. Аса бағалы, әрі ғылыми құңдылығы жоғары жәдігерлердің бірқатары Абай музейінің экспозициясынан орын алған. Соның ішінде айрықша назар аударар жәдігер – Абайдың ері.

Абай Құнанбайұлының ері

Абай Құнанбайұлының ері

Ердің алдыңғы қасы әшекейленген, тоқымсыз, таралғысы қайыстан жасалған, ердің қасындағы қаптаманың күміс күптемесі түсіп қалған, қанжығалықтың айналасындағы темір қаптамасында бір заманда күміс болғаны байқалады. Сүйегі сәл ескіргені болмаса, жақсы сақталған. Қасында қос үзеңгісі бар. «Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер» деп Абайдың өзі жырлағандай бұл ерді – жоғарыда сөз еткен қалмақ еріне жатқызуға болатын секілді. Ал Әйгерімнің ері ақын ерінен қарағанда әлдеқайда әспетті әрі тоқымымен бірге толық сақталған.

Абайдың жары Әйгерімнің қолданған ер-тұрманы

Абайдың жары Әйгерімнің қолданған ер-тұрманы

Бұл ер-тоқым 1928 жылы Тұрағұлдың мүлкін конфискелеу кезінде тәркіленген. Әйгерім ертоқымының үзеңгі, тартпасы, таралғысы, өмілдірік, құйысқаны түгелдей күмістеліп, қазақи ою-өрнекпен әшекейлене безендірілген. Күміс ердің тартпасын тартпаға өткізетін етіп, бөлек былғарыға әшекейлейді. Тоқымын былғарымен қаптап, тебінгінің ұшына екі қатардан ақ түсті металдан түрлі қазақи өрнектермен безендірілген. Төменгі жағының екі қатардағысын жалпылай санағанда 18 үшбұрышты, 13 гүлді және 4 жағынан бұрыштай жапсырылған өрнекті көреміз. Бұл күміс ердің алдыңғы және артқы қастары түгелдей күміспен жабылып, өрнек, мық шегелермен және үш түрлі бағалы тастармен әшекейленген.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жөнінде айтылады.

Онда: «Ат үстінде жүрген көшпенділер та­қы­мына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мі­ніп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзең­гіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт ат­ты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мы­ғым отыруына, сонымен бірге шауып ба­ра жатып, қолындағы қаруын еш қиын­дықсыз және неғұрлым тиімді қол­дануына мүмкіндік берді», —делінген.

Қорытындылай келе, аңшылық пен саятшылыққа жасынан әуес болған Абайдың осы машығын жан-жақты қарастырып, ақын шығармашылығын зерделеп, әлі де тереңірек зерттеген жөн. Шырайлы Шыңғыстау бөктері – Абай ізімен көркем, Абай ізімен қасиетті. Сол секілді аталған қос ердің де құндылығы жоғары.

A.BirzhanБіржан Ахмер, adebiportal.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!