Нұрхан Ахметбеков. Жылқышы

3056

Түйе жисаң нардан жи –
Асу шөлде мұқалмас!
Жылқы жисаң бие жи –
Қар кеткенше су алмас!
Жақсы ат – жауға шапсаң қанатың.
Қашсаң аман қалатын,
Қусаң жетіп алатын! – дейді қазақ, ол жылқыны ыстық көреді, оның қасиетін басқа малдан артық бағалайды.Жылқы қысқа төзімді келеді, үстіне қара, астына төсек іздемейді. Ақпанның алақаншық боранында, қылшылдаған қызылында, қайнаған темірдей қарыған аяздарында, суырдың сары жонында тебінменен шығатынды. Қыраудан жабу жамылып, қардан төсек төсеніп, тайын табанымен тамақтандырып, құнанын құйрығымен ықтатып, жабағысын жалымен жауып асырайтын ана көсік биелер осы қазақта болатын.
Жылқының қымызы – құрт ауруға ем, көңілге көтеріңкі шаттық береді. Сары қымызды сапырып ішсең ауызыңнан дәмі кетпейді. Қазақ елі қымыздың Хиуаның сырасына, қырымның балына теңеп ішеді. Кеше Кенесары Есілден ауа көшкелі жатқанда хан қамығып, халық жабығып тұрғанда, ханның ақыны Досқожа:

Еті тәтті, сүті бал,
Исі жұпар аңқыған,
Сарыарқада жайылған,
Көк Есілден көшкен соң,
Жылқыға қоныс табылмас, — деп толғайды. Міне, қазақ халқы жылқыны осылай дәріптейді, жылқының қазаққа қадірі осындай.

***

Жылқы кеңесі, жер кеңесі болған жерде, алдымен, атақты Бейсен сөйлейді. Колхоз басқармасының үйінде отырғанда «жылқыдан Бейсекең келеді» десті біреулер. Сүйткенше болмай, арқырап кісінеген айғырдың дауысы шықты.
— Ох, мынау қысырақтың «Кертөбел» айғырының дауысы екен! Бейсекең күзге қарай күзем алғасын бесті айғырдан мінеді. Бізге күзетке құр құнан, дөненді мінгізеді, — деп Ерғазы аузын жимай-ақ Бейсен кіріп келді. Буырыл тартқан шоқша ғана сақалы бар, имек мұрын, кішіректеу, дөңгелектеу келген қаршығадай ғана қара торы кісі екен. Тіктеп қарағанда екі көзі ту сыртыңнан тесіп өткендей, уытты өткір кісі екен. Отырған көпшілікпен амандасып, отырғасын-ақ жұрт Бейсекеңді сөйлетуге оңтайланып, бірі іліп, бірі қағып:
— Бейсеке, мына 25 жылдық мерекеге не дайындығыңыз бар? Неше ат жараттыңыз? – дегенде:
— Ат жаратқаным жоқ. Менің атым жаратпай-ақ озады. Өзімде озамын, қайсың озып бәйгеге 5 жылқы алдың? – деп өзінің қосымша сыйлыққа алған бес жылқысын кесе тосып, әзілдеп жеңген кісідей қораздана түсіп:
— Балалар! – деді Бейсекең, — «Жері байдың елі бай» деген. Жарықтық Сарыторғайдың жеріне жете ме? Күзі – жаз, қысы – күз болып қоңыр бүркеуленеді де тұрады ғой. Қаңтар тумай қар түспейді, ақпан тумай мұзы қатпайды. Қарының қалыңдығы қарсақтың борбайынан аспайды. Алты ай мінген арықтарды қошқардың күйегінде қоссаң қар бекігенше қарыс май алады. Ебелегі мен ерегіне жіберген жылқы тұсаған аттай тұра қалады. Қопалының тас бетегесі мен тарлауынан қашқан қоян көрінбейді. Жабағының жалындай желкілдеген майқарасы мен бұйырғынын ақша қарда аяғыңа басуға аяйсың ғой. Жазғытұрым жабағысы айғырдай болатын Сарыторғайың осы емес пе! Өткен жылы Сарыторғай қыстаттым жылқыны. Түгін тартса майы шығып, жылқым семіз, есен шықты, бір бием іш тастамады. Алты ай жаз қойға мінген қойшы торыны жазғытұрым жүріп танымады. Ал енді, амандық болса сол жерге биыл тағы қыстағалы ірге теуіп, қорда жинап қоныстанып жатырмыз. Асыл тұқымды айғырға бір сарай, желіндейтін биеге бір сарай, барлық көп жылқыға орын, қыстық тамағын қамсыз еттік. Біздің жылқыға орын көп керек, неге десең қазірдің өзінде 18 айғырдың үйірі бар. Бір ғана «Дариялдың» үйірі құлын тай, құнан-құнажынымен жүзден асады, бір өзінен 41 бие келеден өтті. Алдағы, осы жаз 120-лап бие құлындайды деп тұрмыз. Оның сыртында 20 құнажын байтал, 40-тай байтал – бәрі 60 шамалы байталдан амандық болса алты қысырақ матаймыз ба деп отырмыз. Екі «Кертөбел», екі «Күреңтөбел», «Алақұс», «Кіші аққукөкті» сол қысыраққа айғыр қоямыз деп құлынынан жүген-құрық тигізбей өсіріп ерке-бұла қылып бағып жүрміз ғой. Келешектегі жүзбасы айғырларымыз осылар болады. «Дариял», «Зигзаг», «Сазан», «Майкүрең», «Ардакүрең» деген айғырлардың үстіне өмірінде жан шыққан жоқ қой. Бұлардың қабырғасының қоңы арылмастан келеді. Тек қана жазғытұры үйірге ақтай қатырып жаратып қосамыз. Әйтпесе азынай шауып аласұрып жүргенде қызылмай болады да, екіншіден тоқ болса келеге түсуіне қиын болады, — дейді.
— Ал енді, жылқының әңгімесіне кіргесін Бейсекең қызып кетеді, — деп Зәйке Шағырды түртіп қойды, оны Бейсен аңғарған да жоқ.
— Бізде байталдардың да ие қарақұйрығы бар, — дейді Бейсекең. – Анау «Көк қара», «Көк қаршыға», «Тұйғын қызыл», «Түрген шалбар» дейтіндер жылқының бір көркі ғой. «Қырғын көк», «Қызбурыл», «Қылтың торы» дегендермен түзге ұмтылсаң түлкіні жетіп барып соғып тастап, артына қарасаң шаба жөнелгенде лақтырып тастаған тымағың анадай жерде қарайып көрініп жатады ғой. Онсын бұл өңірге теңдік бермейтін жылқы «Алақұс» қой – деп Алақұсты мақтап ала жөнелгенде, Нағима отырып:
— Ата, осы жылқыларға неге осынша ат қоя бергенсіз, — дей беріп, үлкендердің ішінде ертерек сөйлеп қалғанынан ұялғандай болып, екі бетінің ұшы қып-қызыл боп, төмен қарап, жартылай тоқылған түбіт қолғабын шығыршығына күміс теңге өткізген білтегішімен сүп-сүйрік саусағын жылмаңдатып ілгіштей бастады. Бейсекең Нағиманың қылымси қойғанын ескерген де жоқ.
— Я, балам, — деді Бейсекең, — бір себепсіз ат қойыла ма? Әсіресе малға өзінің жақсы-жаман қылығына қарай ат қойылады ғой. Оны айтсаң бізде «Шайтанкөк», «Қос саба», «Албасты торы» дейтін де жылқының аттары бар. «Шайтанкөк» – қазір жіберсең кірпік қаққанша жоқ болады. Іздесең қайдағы талдың, қалың қамыстың арасында шайтанша шыпжыңдап, шыбындай жоғалады да жүреді ол. Ал «Қос саба» деген торы бие. Бас сауымында оның бір өзінен шүмекті ақ шелекпен бір шелек сүт шығады, оны сондықтан «Қос саба» деп қойды.
«Албасты торы» – қашағанды қуғанда қиядан жіберсең албастыдай бірақ басады, оның алдынан жылқы құтылмайды. «Дариял», «Сазан», «Зигзаг» дегендер іштен келген асыл тұқым, таза қанды айғырлар, олардың басқа жылқыдан бойы, күші, жүрісі, шабысы, семіздігі артық болған соң қойылған аттар ол. Анау «Ардакүрең» өмірі аяғына жіп, арқасына тоқым салынбай арда өскен мал, «Май күрең» де солай, бір майы бір майына қосылып, қомы құйыршығына түседі де жүреді. «Аққукөк» деуіміздің мәнісі бар: түбінде көк болатын жылқы – құлынында күрең, қара болып екі-ақ түсті болып туады, жылына бір түлеген сайын көкшіл тартып, қызылкөк, қаракөк болумен жүріп, 9-10 жастарға келгенде ақкөк, ақбоз болып шығады. Ал Аққукөктің бір өзгешелігі туғанна аппақ сүттей болып туды. Алыстан аппақ болып көрінгесін «Аққукөк» дейміз. Оның сұлулығын несін айтасың! Осы ақындар қыздарды қалай мақтайтын еді, дәл сондай-ақ бар.
Алақұсты манада бір айта беріп тастап кеттім. Бұл «Алақұс» десе алақұс. Ұшқан құс болмаса, жер бетінде жүгірген жанға жеткізбейді. Оны мынау Шағыр мырза «тойға жаратайық» деп тап-тап береді. Мен оған «жетіге келіп жер танымай жезаяқтарға қосып, жүрегіне дақ саласың» деп бермей жүрмін. Ал «Тұйғын қызыл» деген қызыл шағырдың түбінен тұра қашқан қоянға тазыдан бұрын жетіп қайырады, ол «Тұйғын қызыл» десе тұйғын қызыл. Онсын «Көкқара» дейтін 15 жасар бие ол өзінің әһіл-әулетімен осы күні 36 жылқы болып тұр. Соның бәрі бір өзінен өсті. Баяғыда әйелдер алты аршын ақтықтан биіктігі аршын жарым жаулық салынатын, қыздар сәукеле киетін кезде оны жұрт «қарқара» дейді екен. Наурызбай Алатаудағы қамалды бұзғанда Нысанбай:
Жау жоғары, біз төмен,
Жеткен екен қамалға,
Наурызбай атты сұр берен.
Қарқарадай астында,
Байұзақ берген көк дөнен, — деп аппақ болғасын қарқарадай деген. Бұл бие де сондай ақ. Желектей жалы иығын жауып, жібектей оралып өкшесіне түсіп тұрғасын «Аққарқара», «Көкқарқара» деп қойдым.
«Көкқаршығаның» сұлулығына ешбір жылқы пар келмейді. Қадаға байлай салсаң, тұғырға отырғызған қаршығадай қалшияды да тұрады. Құйрығын шаншып қашқан құлынды қуғанда «Көкқаршығаға» міне ұмтылсаң жалтарғанда жалынан, бұлтарғанда борбайынан ұстатады. «Түргеншалбар» – деген ала сан бие. Бұл да бір өскелең мал, шідерліктен жоғары шыққанда сандығы ақ, жамбастығы торы, бұл өзі ақ балтырын түрініп ақ сүйек алып қашқан балалардың саны сияқты.
Ал «Қырғынкөктің» несін айтасың! 600 шақырым Қостанайға алты күнде барып ораласың, мұның тепкісіне жылқы шақ келеме! «Қырғынкөк» демей не дейсің. Қарағым, Нағима, «Қызбурылды» мінген өзің ғой. Қаптай салған самсаған сары қолдан жалғыз шығады ғой ол. Өзің талай тойда доданы, тойтарқарды жан жеткізбей алып келдің ғой онымен. Оны мына жігіттер «Қызбурыл» депті, оған менде қосыла салдым. «Қылтың торы» – анау Ерғазы міне беретін қу торы ғой. Ол жердегі желбас жусаннан да үркеді. Етегіңді қымтандырмайды, қылт-сылт етеді де отырады. Ерғазыдан бөтен кісіні тастап кетеді.
Қызым, айта берсем жылқының әңгімесі таусылама, әншейін сен сұрағасын «Атам, баласының сұрағына жауап бермей кетті-ау» дер деп айтып отырмын. Мен жылқының әңгімесін айтсам жатып ішер жалқаулар мен жас өспірім балалар мені келемеждеп «Бейсекең ат пен тазының әңгімесін айтса тамақ ішпейді» дейді екен. Неге тамақ ішпейін? Адамның күші малменен. Малсыз сәнің болмайды. Аң ауласаң ол да қызық. Атың бәйгеден келіп тұрса ол да қызық. Мені көп сөйлете беріп қайтесіңдер. Манағы жылқының алдынан шығатын кезім болып қапты-ау, — деп қара ағашқа сапталған он екі таспа бұзау тіс дойыр қамшысын мен малақайын тізесіне қоса басып отырған Бейсекең қолына қабаттай ұстап, үйден шығып кетті.

***

Бұл кәдімгі Чкалов атындағы колхоздың атақты жылқышысы, 80 биеден 80 құлын аман алып, 8 жылдай тағалы тайын шығын қылмай, семіз, аман-есен баққаны үшін қосымша сыйлық ақыға 5 тайшығар жылқы, 5 центнер бидай алған Бейсен Тауықбасұлы еді. Оның көмекшісі Ыбыраев Ерғазы. Бұл да жалғыз құлын шетінетпей, туған құлындардың бәрін аман өсірген, алдынан жылқы шығын болып көрмеген кәнігі жылқышы.
Жаздай жылқысын Сарыторғайдың мөлдір суына қандыра, шүйгін шөбіне емін-еркін жайып семірткен даңқты жылқышылар қысты да сайланып қарсы алуда. Олар малдың азығын мал қораларының жанына түгел тасып, жылқышылардың үйлерін жөндеп, отынмен қамтамасыз етіп, ақпанның аязын, қаңтардың қатты борандарын күтініп қарсы алуға әзір.
Бейсенбаев Ильяс басқарған жылқы фермасы ғана емес, бүкіл Чкалов атындағы колхоз (председателі Медебаев Шағыр) мал өсірудің мемлекеттік жоспарын, мемлекетке астық, жүн, май, қаражат, шикізаттар тапсыру жөніндегі міндеттемелерін асыра орындап, Ұлы Октябрь Социалистік Революциясының 28 жылдығына, республиканың 25 жылдық мүшеліне ұлы табыстармен келіп отыр.

Нұрхан Ахметбеков

«Большевиктік жол» газеті, №209 (2535). 07.11.1945 жыл.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!