Қалиолла АХМЕТЖАНОВ. Қанатты тұлпарлар

17182

Мал бағып, жылқы өсірген, өмірінің көп уақыты ат үстінде өтетін көшпелі халықтардың мәдениетінде жылқы малының алатын орны айырықша. Бұрынғы кездерде көшпелі халықтар адамның бұл дүниедегі жан серігі болған аттары оған о дүниеде де қызмет етеді деп сеніп, оларды иесімен бірге жерлейтін болған. Археологиялық қазбаларда табылған осындай ат қаңқалары мен мұзды тоңда тұтастай сақталған денелері өте ертеден көшпелі халықтарда мініс пен сойысқа арналған табындық қарапайым жылқы тұқымдарымен бірге, жүйріктігімен ерекшеленген асыл тұқымды сәйгүліктерді де өсіргенін куәләйді. Бұл сәйгүліктерді әрине әулетті адамдар, ру басылар, батырлар ұстады. Олардың ер тұрмандары сәнді жасалып, түрлі символдық бейнелермен әсемделді. Көшпелі халықтар түрлі мифологиялық бейне символдармен аттардың ер-тұрмандарын әшекейлеп қана қоймай, құстай ұшқыр сәйгүліктердің суреттерін де қасиетті бейне ретінде өздері тұтынған басқа заттарға да салды. Көшпелілердің өнер ескерткіштерінде жиі кездесетін осындай жылқы бейнелерінің ішінде «қанатты аттар» суреттерін ерекше атау керек.

Байырғы көшпелі халықтардың өнер ескерткіштеріндегі мифтік қанатты ат бейнелері

qanatty-tuldarlar-1Қазақтардың ата тегі болып саналатын, үйсін, ғұн, сақ-скиф тайпаларының бейнелеу өнерінде осындай аттар бейнесі кездесіп отырады. Мысалы, Қарғалыда табылған, көне үйсін заманына жататын (б.з. дейінгі II-I ғасырлар) алтын диадемада осындай қанатты екі аттың бейнесі бар (1-сурет, 1, 2). Олар диадеманың жоғарғы бөлігінің оң және сол жағында, басқа бейнелерден биіктеу, жоғары орналастырылған. Олардың денесінің алдыңғы жағында құстардікіндей қос қанаттары бар (1-сурет, 3, 4). Сібірде дәл осындай алтыннан жасалған, уақыты жағынан VI ғасырға жататын, қанатты екі аттың жеке бейнелері де табылды (2-сурет, 1, 2). Бұл екі аттың бейнелерінің бірдей болып жасалуы, позаларының, қимылдарының ұқсастығы, бір-бірін симметриялы түрде қайталауы, олардың бір шебердің қолынан шыққанын, бұл бейнелер де Қарғалы диадемасындағы қанатты аттар сияқты, бір заттың екі жағында орналасқан бөліктер екенін дәлелдейді. Басқа көркемдік стильде орындалғанмен аттардың қанаттарының бейнеленуі, бұл қанаттардың аттың денесінде орналасу орыны бірдей. Қанаттар аттың кеудесіне жақын, иық тұсында, алдыңғы аяғының қолтығының астына кіре орналасқан, кеудеден артқа қарай көлбеу бағытталып, қанаттың ұштары алға қарай сәл дөңгелене қайырылған.
Көне ғұндардың өнер туындылары саналатын, Ордоста табылған қола заттардың ішіндегі төртбұрышты белдік қапсырмасында (I-II ғасырлар), көне көшпелілердің «хайуанаттар стиліндегі» өнеріне тән әдіспен бұралтып салынған, симметриялы орналасқан, екі жатқан қанатты аттар суреттері бейнеленген. Олардың да алдыңғы аяғының тұсында, ұшы алға қарай дөңгелене қайырылған қанаттары бар (2-сурет, 3).
qanatty-tuldarlar-2Мұнда да бір заттың бетінде аттардың симметриялы түрде бейнеленуі, олардың қанаттарының формасы, оның аттың денесінде орналасуы жоғарыда айтылған өнер ескерткіштеріндегі аттардың бейнесімен бірдей. Бұл үшін қапсырмадағы аттардың түрегеп тұрған бейнесін көз алдымызға келтірсек, ол ұқсастықты анық байқауға болады. Бірінде тұрған күйінде, бірінде жатқан күйінде болып, әртүрлі көркемдік әдіспен, түрліше бейнеленгенмен аттардың сыртқы пішіндері бір-бірін тура қайталайды.
Қола қапсырмадағы аттардай бұратылып салынған, солай жатқан қанатты ат бейнесі сақтардың өнерінде де бар. Тувадағы сақ заманына жататын (б.з. дейінгі V-IV ғғ.) Сағлы-бажи обасынан табылған мүйіз тақташада ойылып салынған, жатқан екі қанатты аттың бейнелері дәл осындай, тек олар екі жаққа емес, бір жаққа қаратылып салынған (2-сурет, 4).
Ұлы даланың батысын мекен еткен, сақтармен туыстас, мәдениеті ортақ скифтердің өнерінде де қанатты аттар бейнелері кездеседі.
Мифтік қанатты аттың бейнесін Уляб хуторының маңындағы скифтер обасынан табылған алтын ритонның (мүйіз формалы ыдыстың) ұшында (б.з. дейінгі V-III ғғ.) (3-сурет, 1), Күл-обада табылған төрт бұрышты алтын әшекейде (б.з. дейінгі IV ғ.) (3-сурет, 3), Чертомлыктағы обада табылған күміс құмырада (б.з. дейінгі IV ғ.) көреміз (3-сурет, 2). Бұл аттардың бейнелері де сақ-үйсін-ғұндардың өнеріндегі қанатты аттардың бейнесімен бірдей, тек сол кездегі грек өнерінің ықпалы көп болған скиф өнерінде аттардың қанаттарының ұштары артқа қарай тікбұрыштана қайырылған. Бірақ аттың дене бітіміне қарасақ, үлкен басы, қысқа жуан мойыны, қысқа аяқтары, қысқа да тығыз жалы, жуан тұяқтары олардың көшпелілерге тән далалық жылқы тұқымы екенін көрсетеді. Суреттердегі шарттылық пен суретшінің жеке шеберлігіндегі айырмашылық болмаса, көркемдік бейне ретінде бәрі де бір-біріне өте ұқсас. Аттардың қанаттарына ұшқырлығымен ерекшеленетін сұңқар тектес қыран құстардың (сұңқар, лашын т.б.) сүйір қанаттары алынған.
qanatty-tuldarlar-3Көріп отырмыз, шығыстан батысқа дейін созылған Кең Даланы мекендеген байырғы көшпелі халықтардың көне өнеріндегі қанатты аттың бейнесінің біркелкілігі, оның ертеде қалыптасқан, бұл халықтардың бәріне ортақ, олардың өз ортасында пайда болған тұрақты мифтік бейне екенін дәлелдейді. Байырғы көшпелілердің бейнелеу өнерінде мифтік қанатты аттарды бейнелеуде ортақ бір бейнелік канон (тұрақты үлгі) қалыптасқанын да көреміз. Әрине, жылқы өсіріп мал баққан көшпелі халықтардың мифологиясында жылқының мифтік бейнеге айналмауы мүмкін емес еді. Көшпелілердің қанатты аттар бейнесі – олардың өздері өсіріп, ұстанған жылқы, құстардың бейнесінің негізінде жасалған синтетикалық күрделі мифтік бейнелер. Көшпелі халықтардың көне мифологиясына қатысты нақтылы деректер сақталмағандықтан, бұл мифтік бейненің ішкі мағынасын түсініп білу үшін біздер көне мифтік-поэтикалық көптеген түсініктер сақталған қазақтың ауыз әдебиетіндегі қанатты тұлпарлардың мифтік бейнесінің мазмұнына көңіл аударуымыз қажет.

Қазақ ауыз әдебиетіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі

Қанатты аттар бейнесі – қазақтың ауыз әдебиетінде де жиі кездесетін мифтік бейне. Осындай ұшатын аттар, қанатты тұлпарлар қазақ ертегілерінде (мысалы, «Кер құла атты Кендебай», «Делдаш батыр», «Абдырахман патша» және т.б. ертегілерде) айтылады. Қазақтың эпостық қаһармандарының да тұлпарлары осындай қанатты аттар.
Қамбар айтты тұлпарға,
— Қанатты туған пырағым,
Аға-інім сен едің,
Тар жерде жолдас шырағым.
«Қамбар батыр». [7, 422 б].
Қазақтардың ескі нанымы бойынша мұндай тұлпарлардың қолтығының астында көзге көрінбейтін қанаты болады-мыс. Сондықтан қазақтар тұлпар құлын туарда оның қолтығындағы нәзік қанаты сөгіліп, жыртылып кетеді деп, құлынды енесінің ішін жарып алу керек деп санаған. Қазақтың эпостық жырларында, батырлық ертегілерінде болашақ тұлпардың осылай туатыны айтылады. Кейін қанаты қатайып, бабына келген тұлпар биік аспанға ұшатын, құстан жүйрік, ұшқыр болып шығады. Мысалы, «Қобыланды батыр» эпосында қанатты тұлпар Тайбурылды осылайша енесінің ішін жарып алады.
Қазақ халқының эпос, ертегілерінде қанатты аттардың сыртқы пішінінің суреттелуін сақ-скиф өнеріндегі қанатты аттардың сырт пішінімен салыстырсақ тікелей ұқсастықты көруге болады. Олардың да қанаттары да кеудеге жақын, аттың алдыңғы аяғының қолтығында орналасады.
Аршын басты Бурылдың,
Қабырғада қанаты.
«Қобланды батыр». [1, 52 б.].
Айналайын Шұбар ат,
Қолтығыңда бар қос қанат.
«Алпамыс батыр». [1. 192 б.].

Qaliolla-akhmetzhanҚалиолла Ахметжанов
Түгел.кз

Басты суретті түсірген Асылбек Әбдінәби, «Балқарағай» демалыс орны

1 comment

  1. Қанат Төребаев 14 Қыркүйек, 2014 at 01:15 Ответить

    АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ ӨЗДЕР!Н!Ң ЖАҢА ТУҒАН БАЛАЛАРЫНА ,ӨЗДЕР! ҮШ!Н ҚАСИЕТТ!,КИЕЛ! САНАЛАТЫН ЖЫЛҚЫҒА,АТТАРҒА БАЛАП ,ЕС!МДЕР БЕРГЕН. СОЛ СЕБЕПТ! ,; *АТЫҢ К!М?*- ДЕП ӘЛ! КҮНГЕ ДЕЙ!Н СҰРАҚ ҚОЯМЫЗ!МЫСАЛЫ,:МЕН!Ң ЕС!М!МД! АЛАЙЫҚ. *ҚАНАТ*- БҰЛ, МЕН!Ң ОЙЫМША , ОСЫ МАҚАЛАДА БАЯНДАЛҒАН *ҚАНАТТЫ АТТАРҒА* Т!КЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ СИЯҚТЫ! ТЫМ ЕРТЕРЕКТЕ * ҚАНАТТЫАТ*-ДЕП ҚОЙЫЛҒАН ЕС!М(АТ) УАҚЫТ ЕЛЕГ!НЕН ӨТ!П, *ҚАНАТ*қа АЙНАЛҒАН СИЯҚТЫ!

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.