Жапан Алимов: Бүкір – бап тілемес жүйрік еді

1159

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Дегерес ауылы желмен жарысқан жүйріктер мекені. Бұл өңірден Қазақстан ғана емес, КСРО көлемінде танылған талай дүлділ шықты. Соның бірі – Бүкір.

Тумысы бөлек, тұрпаты ерек тұлпардың тағдыры да қызық. Өзін-өзі жарататын, бапсыз бәйгіге түскен, өмірінде 28 рет бәйгіге қосылып, соның 24-де бас бәйгіні алған сәйгүлік жайлы жазушы Есболат Айдабосын «Бүкір» деп аталатын роман жазды. Ол шығарма биыл Mecenat.kz әдеби байқауының жеңімпазы болды. Автор жақында Бүкірдің иесі Жапан Әлімовпен жолығып, сұхбаттасып қайтқан еді. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

– Жапан аға, әңгімені Бүкір аттың шыққан тегінен бастайықшы. Мұның бойында қандай жылқылардың қаны бар.

– Біздің ауылда Шәкен Ұзақов деген атбегі қария болды. Сол кісінің Мишка қарагер деген жүйрік айғыры бар еді. Әкесі Пепель, шешесі Қостанай жылқы зауытынан келген бие. Сол Мишка қарагер Бүкірдің туған әкесі. Яғни әке жағынан Пепель мен Қостанайдың қаны бар. Ал шешесі Луговой жылқы зауытынан келген англо-текен қара бие. Яғни бұл Қазақстандағы ірі деген үш ат зауыты – Дегерес, Луговой, Қостанай жылқыларының селекциясынан шығып тұр. Ал қан жағынан ағылшын, қостанай мен ақалтекенің де қаны бар.

– Қостанай мен Пепельдің құлындарын көп көрдік қой. Біразына мініп бәйгіге де шаптық. Өткенде ғаламтордан олимпиада чемпионы болған ең алғашқы Пепельдің суретін көрдім. Біз жақтағы Пепельден аумайды ғой, неткен сүйегі асыл десеңізші. Арада неше қан алмасса да бітімін жоғалтпаған. Бүкірдің суретіне қарасам Пепельге келеді екен.

– Дегерестегі Пепельге немере ғой енді. Әкесі Пепельдің бел баласы.

– Бүкір туралы ел арасында аңызға бергісіз әңгімелер көп. Соның бірі оның бүкірлігіне байланысты айтылады. Біреулер туабітті бүкір десе, енді біреулер құлын күнінде мертіккен екен дейді. Осының қайсысы рас?

– Иә, ондай әңгімелер айтылды. «Түлкінің ініне үйелеп қалған екен» дегенді естідік талай. «Түлкінің інінен мен шығардым» деген кісілер де болды. Бәрі өзіміздің ауылдың адамдары ғой. Басында мен де иланып жүрдім. Бір күні Шәкен ақсақалдан осыны арнайы сұрадым. Ол кісі мұны құлын күнінен біледі. Өйткені соның үйірінен шықты ғой. «Оның бәрі бос сөз, бұл туабітті осылай» деді. «Мұны қазақ қақпан бел деп атайды. «Бүкір» деп бүгінгілер айтып жүр, ол дұрыс емес» деді.

– Бүкір деген атты кім қойды?

– Тимур деген жылқышы болған. Қатарлас, қалжыңымыз жарасқан азамат еді, марқұм. Жақсы жігіт болатын. Соның қойып жүргені ғой. «Бүкір ат», «Бүкір» деп. Ат түгілі, менің өзімді қалжыңдап «Бүкір» дейтін ол.

– Ал құлын күнінде бүкірлігіне байланысты жылқы зауытының басшылары «мүгедек» деп танып, асыл тұқымды жылқылар санатынан сызып тастағаны рас па?

– Ол да ел арасындағы жел сөздің бірі. Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастап айтайыншы: алтыға толар-толмас шағымда әкем дүние салды, небәрі 28 жасында қайтыс болып кетті. Үпір-шүпір алты бала қалдық. Үш ұл, үш қыз. Үйдің үлкені мен едім, кенжеміз әкем өлгенде іште қалған. Шешеміз жастай жесір қалды. Бала-шағаны жалғыз асырау қиын болған соң әкеміздің жылдығы өткен соң Мәулен деген шешен ұлтының азаматына тұрмысқа шықты. Біздің екінші әкеміз сол – Мәулен шал. Бәрімізге өз баласындай қарады, бекер обалы не?! Сол кісінің Дәуіт деген ағасы болды. Жылқы зауытында мал дәрігері болып істейтін. Бүкір сол кісінің жекеменшік биесінің құлыны. Жылқы зауытына еш қатысы жоқ.

– Әлгі сөз басында айтқан англо-текен тұқымдас қара бие Дәуіттің жекеменшік малы ма сонда?

– Енді ол заманда совхозда қызмет істегендер ебін тауып өкіметтің мал-мүлкін жекешендіріп алушы еді ғой. Жылқы зауытында жұмыс істеген соң жекешелендіріп алған шығар, ол жағын анық білмедім. Әйтеуір, сол кісінің ағылшын мен ақалтеке буданынан шыққан қара биесінен туған. Бізге тайдан құнан шығар кезде келді. Үйірден айғыр қуып жан таптырмаған соң біздің мініс аттарына әкеліп қосты. Ол кезде біз Аққайнар деген жерде мал бағып отырғанбыз. Аттардың ішінде жүретін. «Бүкір» деп ешбіріміз мінбейтінбіз. Бәріміз қашатынбыз. Дөненінде айғырлығы ұстап, бір байталға шауып ұмасы ісіп, қатты ауырды. Сол аурудан әрең дегенде жазып алдық та сол жылы піштіріп тастадық. Бестіге шыққан жылы бәйгіге қосылды.

– Жүйріктігін қалай таныдыңыздар?

– Бізде совхоздың біраз аты болды, өкіметтің аттарына таңба салушы еді ғой ол заманда. Құлақасқа болды 28 нөмірлі, 95 деген нөмірі бар англо-қостанай жылқысы болды. Бәрі қатар еді, бір жылғы төл. Барлығы 1981 жылғы құлындар. Қызғаныш болды ма, білмеймін, англо-қостанайды «Он бір жылға» деген жерде атып кетті. Орылған егіс алқабында жайылып жүрген жерінде атып тастапты. Көкпарға көбіне соны мінуші едік, ол өлген соң ауылда көкпар бола қоса осы Бүкірді де ұстап мінетін болдық. Жүйріктігін көкпарда байқадық. Бәйгіден келіп жүрген айтулы жүйріктерді аттатпай қуып жететін.

– Алғашқы бәйгі есіңізде ме? Нешінші келіп еді?

– Алғашқы бәйгісінен бастап бірінші келді ғой. Ол былай болды. Бұған дейін бәйгіге ат жаратып көрмегенмін. Бірақ көкпардан қалмаймын. Бүкірмен көкпарға барғанымда бәйгіден келіп жүрген аттарды қусам жетіп, қашсам құтылып жүрдім. Бәйгіге қосқым келеді, бірақ реті келмей жүрді. Ол кезде «Дегерес» совхозында ГАЗ-53 жүк көлігінің шопыры едім. Бір күні совхоз директоры Курандин шақыртыпты. Өзі атқұмар еді. Барсам, «Қаскелең жақтағы «1-май» атындағы колхозда бәйгі болады, соған бір атты апарып кел» дейді. Өзінің «Красавчик» деген дөнені бар еді, соны қоспақ екен. Басқа аттар теуіп жібереді деген сақтықпен жалғыз өзін бір көлікпен апармақ екен. Сосын мен жабыса кеттім, «қасына өзімнің атымды басайыншы» деп. «Қандай ат?» деді. «Горбатый» деп едім, «Ой, зачем ты его мучаешь» деді. «Сонда да бір бағын сынап көрейінші» деп қайтпай қойдым. «Теппей ме?» дейді, «теппейді» деймін. «Айғыр ма?», «жоқ, кесілген»… «Онда баса бер» деп қолын бір сілтеді. Содан екі атты тиеп жолға шықтық. Үлкен бір қарияның асы болған екен. Ол кезде ас секілді жиын-тойда бәйгі өткізуге рұқсат жоқ, тығылып шабатын. Үй иелері «біреулер сұрай қалса, өзімізше жәй сынақ жасап жатырмыз» деп айтасыңдар деп ескертті. «Шұбар аттың өрі» деген жерде бәйгі болды. Тік өр екен. Талай көліктің суы қызып, жолда қалды. Аттарды төмен қарай айдап кетті. Еңістен өрге жіберді. Сол бәйгіде бірінші келді, Курандиннің «Красавчигі» екінші болды. «84» деген бір ат бар еді, тағы бір көк ат болатын. Сол екеуі үш пен төртке ілінді. Біздің ауылдағы Шәкен шалдан кеткен қасқа ат бар еді түріктер алған. Сол жақта бәйгі бермей жүрген ол да. Сол қасқа бесінші болды. Бас бәйгіге өгіз тіккен екен, қайтарда екі атпен бірге өгізді тиеп қайттым ғой. Бүкірдің бірінші бәйгісі осы болды.

– Бұл бәйгіге сіз баптап апардыңыз ба?

– Жоқ, қайдағы бап?! Өрісте жүрген ғой. Алдында екі-үш рет көкпарға салғанмын, сонымен апара салғанбыз ғой. Сұмдық өршіл болатын. Өрге келгенде қатты кететін. Тартқанға бой бермей кететін.

– Онан кейін қалай болды?

– Сонан кейін кетті ғой. Бәйгіден бәйгі, жүлдеден жүлде… 1986 жылдың күзінен бастап қостық бәйгіге, содан 1992 жылға дейін шапты. Бес жылдай жүгірді. Сол бес жылда 24 рет бірінші келіпті. Бір рет екінші, бір рет төртінші болып қалды. Үңгіртастың астында Қарасайдың қарашаңырағына деп ас беріп, ат шапқан. Сол кезде төртінші болып қалды.

– Бәлкім сол екінші келген бәйгіде мен де болдым-ау. Дегересте өткен бір асқа әкеме ілесіп барғанбыз. Шамамен 1987-1988 жылдардың аралығы болу керек, 6-7 жастамын. Бәйгі аттарын ел алдынан өткізген кезде «Бүкір» деп таныстырды. Үлкен қарагер ат екен. Шабысын көре алмадым, ол кезде айналма шабыс емес, тікеге жіберген еді. Бәйгі төбеге тақаған кезде қиқулап, өре түрегелген жұрттың ішінен аттардың бірін көрсек, бірін көре алмадық. Бүкір екінші келді-ау деймін сол кезде. Біздің ауылдағы Бектембайдың қара аты үшінші болып, тана ұтып алған. Ол тананы әкем сатып алып, жигулидің жүк салғышына тиеп қайтқанбыз.

– Иә, сол өзіміздің Аққайнарда өткен бәйгі ғой. Ол кезде Бүкірді әлі сатып алмаған кезіміз, бірақ бәйгіге қосып жүрдік. Сол жолы да бас бәйгіні алар ма едік, шешендер килікпегенде… Нәжімеден деген шешеннің Сұлтан деген баласы болатын. Ат баптайтын. Сол Бүкірдің иесі Дәуітті азғырып, бәйгінің алдында шабандозды ауыстырды. Әбдіғұлдың Данияры деген бала шапқалы тұрған. Соны түсіріп тастап Сұлтанның інісін мінгізді. Біздің қарсылыққа қарамады. Айналма шабыс емес, тікелейге кеткен. Ештемені көре алмадық. Бірінші болып Сұлтанның өз аты келді, Бүкірді екінші келтірді. Бәйгіден соң қарасақ қамшымен екі бүйірден әбден сабап тастапты, домбығып ісіп кетіпті. Осыны әдейі ұйымдастырды ма деп те ойлаймын. Сол кезде қазақтың баласы шапқанда қалай болар еді, оның анығын білмейміз енді.

– Барлығы қанша шабандоз бәйгіге шапты?

– Алғашында Нәркен атаның немересі Айдос шапты. Олар қалаға көшіп кеткен соң Тарғаптағы жиенім шапты, Ертіс деген. Әкесі Ақтеректікі, Шүкен деген кісі.

– Бәйгіге ертоқыммен шапты ма?

– Иә! Үстіне иподромның спорттық ерін салдық. Екі жерден тартпа тартатынбыз. Әйтпесе жайдақтай міну мүмкін емес.

– 24 рет бірінші келді дедіңіз. Қандай жүлделер ұттыңыздар?

– Ол кезде көлік тігетін жарыс жоқ, қазіргідей көлік берсе 24 көлікті мініп байып кетер едім ғой. Ас бәйгілерде бірінші орынға түйе, жылқы тігетін. Ал өкіметтің бәйгілерінде ақша, кілем, теледидар секілді заттар беретін. Бір рет тіпті Наурыз тойында бірінші орынға тоқ шәугім берген.

– Бүкір өзі ұзаққа шабушы ма еді, әлде қысқаға ма? Өзіне қолайлы қашықтық қалай еді?

– Ұзаған сайын кете беретін. Ол кезде ең ұзақ бәйгі 12 шақырым еді ғой. Кейін 18 шақырым болды, онан кейін 25 шақырым шықты. Жалпы қашықтық таңдамайтын. Батаоқыр бәйгілерге де қостым. Ол жерде де бірінші келіп жүрді. Бір астың батаоқыры мен ұлы бәйгісін де қатар алып қайтқан кезіміз көп.

– «Сат» деп қолқа салғандар көп болған шығар.

– Болды ғой. Екінші бәйгіден кейін-ақ келді. Қордай ауданындағы Кенен Әзірбаев атындағы ауыл бұрын Киров совхозы болатын. Сол жерде бір бәйгі болды. Сол ауылда Жұмахан деген мықты жігіт бар еді, қазір де бар шығар. Қордай асуына барар жолда тұрған «Гүлдер» кафесі сонікі болатын. Сол Жұмахан біздің совхоздың директоры Курандинге келеді. «Осы бәйгіде менің атымнан ат қосып бер» деп. Курандин маған айтты: «өткендегі бүкіріңді алып бар» деп. Өзі бір құнанын берді. Содан бір ат, бір құнанды тиеп апардым. Аттан Бүкір бірінші келді, құнан бәйгіде Курандиннің құнаны келді. Бірақ екеуі де Жұмаханның атынан қосылды. Бәйгі біткен соң Жұмахан үйіне дастархан жайып, қонақ қылды. Сол жерде «сата қал» деп жабыспасы бар ма, «ел ертеңгі күні «өткенде бірінші келген атың қайда?» деп сұраса не деймін, атты тастап кет» дейді. «Үш мың сом берем» деді. Ол кезде үш мың сом үш құлынды биенің құны. Оған көнбеп едім, қошқар бағатын досы бар екен, соған алып барды. «Мына отардан 30 қошқар таңдап ал» деді. «Үйде үлкен кісілер бар, солармен ақылдасайын» деп әзер құтылдым. Үйге келіп шалға айтып едім, шал боқтады. «Мұның бір жүгіргені отыз қошқар, сатпайсың» деді. Ол кезде мұның қожайыны да емес едік, сата қоятындай. Шалдың ағасы Дәуіттің малы ғой, біз құры бәйгіге қосып жүргенбіз. Сонан кейін ғана үш мың сомға сатып алдық.

– Бәйгіден бәйгі алып жатқан атты бірден сата қоймаған шығар ол кісі де?

– Тоқсаныншы жылдары шешендер өз отанына жаппай көшті ғой, сол кезде олар да кетті атажұртына. Бүкірді 3000 сомға сатып алдық.

– Қастандық жасағандар болмады ма?

– Ондай болған жоқ. Бірақ жақтырмайтындар көп еді. «Мынау тағы келді ме?» деп тыржиып жүргендерді талай көрдік. Бірақ «менің атымнан бәйгіге қосайықшы» деп басқа аудандардан қолқа салып келетіндер көп болатын. Шелек жақтағы Сөгетінің жазығында бас жүлдеге урал мотоциклін тіккен бір бәйгіге апарғанбыз. Бірінші келді. Содан ауылға жеткен соң «ақыры еш жерде бәйгі жоқ қой» деп өріске жібере салғанбыз. Аттармен бірге көкте жүрген. Бір апта өтпей ауылдағы кассир жігіт келіп тұр. Шелек жаққа күйеу екен. Қайынатасы қойшы көрінеді. Малшылар слеті өтетін болыпты, «соған атамның атынан Бүкірді қосайықшы» дейді. Содан не керек аттарды таудан қуып түсіп, түнгі сағат үште Бүкірді тиеп алып қайта Шелекке тарттық. «Таусүгір» деген ауылға бардық. Барсақ Алматы колхозына қарасты жылқы зауытының директоры Володка Фамених деген де сонда жүр. Ол да әлгі ауылдың директорының атынан ат қосатын көрінеді. Біз қойшының атынын қосқалы тұрмыз, ол директордың атынан… Оның аты ерекше бапта тұрған сәйгүлік, біздікі көкке шығып кеткен, суытылған да жоқ. Қойшы әйтеуір, аттар алты айналымға жіберілді. Әуелгі үш айналымды Фаменихтің аты бермеді, алдында отырды. Ол кезде қазіргідей рация деген жоқ. Қамшыны сермеп, ымдап қана белгі береміз. «Үшінші айналымнан кейін алдыға жылжи бер» деп балаға белгі бердім, төртінші айналымда басып оздық қой, сонан жеткізбей бірінші келді. «Директордан атым мен атағымды қоса оздырдыңдар» деп қойшы атамыз мәз болды.

– Байқап отырсам сіз бастапқы бәйгілерге еш дайындықсыз апарған екенсіз. Онан кейінгі бәйгілерде солай кетті ме, әлде қайттіңіз?

– Шынымды айтсам ертең бәйгі деген түнде берер тамағын да білмейтінмін. Әркімнен бір сұраймын. Біреу олай дейді, біреу былай дейді. Кейбіреулер әдейілеп керісінше айтады екен. Біреулер жарты түк шөп бер дейді, енді бірі бір түк шөптің төрттен бірін салып қой деді. Тоқ қылып та, аш қылып та көрдік. Аш боп қалса ертең ерте шылбырын шайнап тұратын. Содан Ерубаев Кеңес деген жылқышы жігіт бар еді. Әйелі Бекболат деген рудан, біздің шешемізге сіңлі боп келеді. Сол жақындығымды пайдаланып Кеңесті оңаша шығарып алып, сұрадым. «Ертең бәйгі болатын түнде жем берсең бер, бермесең оны көрерсің. Бірақ бір түк шөпті сал да қарап отыр» деді. «Бір сағат он минут, бір сағат он бес минутта ат тояды. Тойған кезде шөптің бетінен суырып жеп, жерге түскенін иіскелеп белгі береді, сол кезде көтеріп байлай сал» деді. «Ал ертең ерте бәйгі түскі бірде шаба ма, он бірде шаба ма, соған қарай бір суғарып, шөп шалдырасың. Негізі ат дайын болса су ішпейді, аузын бірер шайқап қояды, со кезде бірер қарпытып шөп шайнат та байлап таста» деді. Сол бойынша жасадым. Бүкір бір сағат он минутта шөптен шығып кететін. Көтеріп байлап қоямыз. Кейін үйреніп алған соң қарауды да қойдық. Шөпке жібере саламыз, өзі жегенінше жейді, ертең ерте шықсаң бұрышта теріс қарап, өзін өзі қаңтарып тұратын.

– Өзін-өзі жарататын деген сөз рас болып тұр ғой.

– Иә, ақырда шөбі тұрады. Бірақ жемейтін. Керегін ғана жейді.

– Қандай жем-шөп бердіңіз?

– Бұл ретте Шәкен атаның ақылын тыңдадым. Ол кісі: «бәйгі атына жоңыршқа берсең атыңнан көбік кетпейді. Суытқан сайын көбік шыға береді. Көбікті кетіремін деп атты болтыртасың. Сен, житнякпен бапта» деді. Сонан кейін жемді қанша беріп жүргенімді сұрады. Мен айттым: «жоңышқамен суытқанда бес қос уыстан бөктірілген бидай берем. Ертең ерте және кешке… Житнякпен сәл аздау, үш қос уыстан берем» дедім. Ол кісі «дұрыс» деді. «Житнякпен суытқанда бес қос уыстан берсең атыңның аяғына жем түсірер едің. Житняк жоңышқадан күшті» деді.

– Ал ет қатыру, тер алу деген тәсілдерді қалай қолдандыңыз?

– Күніге бір мінілетін. Жиенім бар еді мектепте оқитын, сол сабақтан кейін келеді де мінеді. Мен жүк көлігін айдап күні бойы совхоздың шаруасында жүремін. Қағазға жазып кетем, бүгін мына жерге дейін барып кел деп, сол бойынша жүргізіп, қанын таратып, етін қатырып алатынбыз. Ал тер алғанда кейде өзім шығамын. Алғашқы терді бақайына түсіріп бір-ақ аламыз ғой. Ащы тер кеткен соң тұнық тер шығады. Тер тазарады. Тер алған соң аттың жай-күйін бақылау керек. Тердің тартылуына қарау керек, аттың жамбасындағы жаңбырлығы мен бауыр тері кеппей қойса аттың шамадан тыс әлсіреп қалғаны. Ондай кезде атты тынықтыру керек. Оны да маған Кеңес айтты. Онан кейін бір бәйгіден кейін екінші бәйгіге қатты сутытудың керегі жоқ екен. Бұрын жексенбі бәйгіден келген соң екі-үш күн демалған соң екі-үш тер алатынбыз, сөйтіп әлсіретіп алады екенбіз. Кеңес айтқан соң оны доғардым. Мысалы осы жексенбі бір бәйгіге қатысып келді ме, келер жексенбі тағы бәйгі бар делік. Осы екі аралықта қалың жабулап алып, құры міну ғана керек. Бір сағат, екі сағат, үш сағат… Бусандырып әкеп байлап отыр. Жұма күні бір желе-шоқырақтап терлетсең болды.

– Сонда сіз, әркімнен бір сұрап, ат баптаудың қыр-сырын үйренген екенсіз ғой.

– Дегерес ауылы асыл тұқымды жылқы совхозы болған соң атбегілер көп болды ғой. Бірақ басым бөлігі атбегілік құпиясын айтпайтын. Маған ақылын айтып, жөн сілтеген әлгінде айтқан Ерубаев Кеңес пен Тимур болды. Сосын Шәкен ақсақал. Бірақ бір аттың бабы бір атқа көп келе бермейді. Бәйгі алдында бір сағат шөп жегізсең кей аттар тоқ болып қалады. Оны тоқжарау дейді. Жоңышқамен ұстасаң атта құмалақ болмайды, жапалап тышады. Ал житняк жеген жылқы құмалақтайды. Бәйгіге житняк дұрыс екен. Таза бидай мен житнякпен ұстадық. Сұлы деген болмады бізде.

– Дегересте атбегілік мектеп қалыптасқан. Басқа бапкерлер қалай дайындаушы еді? Нәркен, Оңласын қариялардан тәлім алдыңыз ба?

– Сырттай үйрендік енді олардан да. Оңласын аға негізінен жүріске көп мән беретін. Бәйгі аттарын қыстай тауға мініп шығатын. Жамантының іші, Дегерес сайына түсіп алып жылқысын түгендейді де жүреді. Жалпы ат суытқанда далақтап шаба берген де дұрыс емес. Біздің ауылда Тойбай деген қария болды, сол кісі үнемі қоқаңдап желіп отыратын. Сөйтсек бәйгі атына шабыстан бөлек желістің де пайдасы көп екен. Аттың сіңірін қатайтатын көрінеді. Көп желу керек екен. Оңласын осы тәсілді мықты ұстанды. Біз де көп міндік. Қыста біз жақта қар қалың түседі, кейде күртікке малтығып көлік атаулы тоқтайтын. Сол кезде Ермек деген құрдасым екеуміз екі атпен Беріктас, Бесмойнақ, Үңгіртас, Тарғап секілді ауылдарды аралап жүретінбіз.

– Бүкірдің болмыс-бітімі, мінезі қалай еді?

– Былай қарасаң ұсқынсыздау ат еді. Басы сопақтау келген, кіші де емес, үлкен де емес. Алдынан арты биік болатын.
Мінезі жуас еді. Бес жасар балам мініп алатын, қазіргі бәйгі аттарына ондай баланы мінгізіп көрші, ала кеп қашсын. Өзі ақылды болатын, адам секілді құдды. Есік алдындағы арықтан біз мінсек қарғып өтеді, ал балам мінгенде секірмей ақырын өтетін. Бір күні көлеңкеде байлаулы тұрған. 1988 жылы туған балам екі жаста еді, бір қарасам Бүкірдің артқы жағына отырып алып, аяғына алюминий сым темірді шандып байлап отыр. Жүрегім зырқ ете қалды, теуіп жібере ме деп. Екі жастағы баланың басына ат тұяғы тисе бітті ғой, бірақ жануар былқ етпейді ғой, тып-тыныш тұр. Бала екенін біліп тұр ғой.

– Бәйгі алдындағы көңіл-күйі қалай болушы еді?

– Бәйгіге дайын болған кезде құйрығын сүздірмей қоятын, тыпыршып. Құйрық-жалы сұйық болатын. Аяғын көтереді, бірақ теппейді, шиыршық атып кетеді. Дүбірді сезеді-ау! Шабыс кезінде ала кеп қашу, бұра тарту деген болмайтын. Тізгін тартсаң іркіліп, тебінсең оза беретін. Алдыңғы топтан қалмай шабушы еді. Соңғы айналымда ғана алға шыға бастайтын. Өр болса тіпті жаны кіретін. Сұмдық өршіл еді, өрге келгенде кез-келген атты аттатпай жететін.

– Ең бір қиын бәйгі қайсы болды?

– Қырғыздың Марадоннасымен жарысқан кезде шығар. Қырғыздың «Красный речка» жылқы зауытынан шыққан ат екен. Марадонна десе Марадонна, кеудесі алақаптай дәу кері ат екен. Екі жыл Қордай қазақтарына бәйгі бермей қойыпты. Биболсын, Кәпен деген күнгейлік жігіттер бар еді, бәйгілерде көріп, сыйласып тұратынбыз. Бір күні сол екеуі келіпті. «Осылай да осылай, Марадонна деген шықты, екі жыл болды бәйгі бермей жүр. Бәлен күні Қаракемерде Әзірет деген жігіт әкесіне ас береді, 13 шақырымдық өрге айдайды, соған Марадонна тағы келеді екен. Бір озса Бүкір озар, соны бір баспасаңдар елдің алдында әбден ұятты болдық» дейді. «Енді уәде бере алмаймын. Қосайық, бұйырса алармыз, бұйырмаса көрерміз» деп шығарып салдық. Содан межелі күні Күнгейге тарттық. Тимурда бір Пепелдің баласы болды, бір жамбасы сынған. Соны күйеу баласына берген, оны да тиеп алдық. Содан қойшы әйтеуір, бәйгі басталды. Өр десе өр екен, аттарды айдап кетті төмен қарай, біз тау басында қалдық. Қырғыздар камаздың кабинасының үстіне көрпесін төсеп қойып жатыр шалқадан. Аттарды күтіп… Күбір-күбір әңгіме… Екі көзіміз етекте. Тау етегіне таман бір мая шөп бар екен, соған келген кезде қалың шаңнан екі ат бөлініп шықты. Қайсы озып келе жатқанын байқамайсың, қатар келеді. Бүкір мен Марадонна екенін жазбай таныдым. Екеуі бір-бірін жібермеді. Сөреден қатар өтті, Бүкірдің тұмсығы ғана кішкене озып келді. Бір қарыстай ғана. Сонымен айқай-шу… Бүкіл қазақ «Бүкір келді» дейді, қырғыздар «Марадонна» дейді. Жанжал соңы төбелеске ұласатын түрі бар. Әрі-беріден соң еліріп алған адамның ішінде атыма жете алмай қалдым. Содан болмаған соң екі атты қайта жарыстырамыз деп шештік. Бағанағы етектегі маяның қасынан жібереміз деп келістік. Отар бекетінде тұратын Жақсыбай деген жігіт бар еді, сол қалпағына су құйып әкеліп Бүкірге жұтқызды. Су ішкен соң бұл ойнақтап, қолды-аяққа тұрмай кетті. Марадоннаны жетектеп шығарып еді, теңселіп әрең шықты. Солығы әлі басылмапты. Сонымен қырғыздар екі атқа қарады да, «болды, бәйгіні алдыңдар» деді. Ризашылықпен тарқасты екі жақ. Бірақ сол бәйгіні кейіннен әркім әр саққа жүгіртіп айтып жүрді. Қараулық қылыпты, өйтіпті-бүйтіпті деп. Анық-қанығы солай болған.

– Өзімізде қандай аттармен қатар шапты? Басты бәсекелес кім болды сіздерге?

– Сұлтанда Орлик деген «Восход» жылқы зауытынан келген ат болды, Қаракәстекте Болыс деген жігітте бір көк ат болды, Тимурдың 84 деген күрең аты болды. Бәкір ағада бір көк ат болды. Біздің ауылда сондай аттар болды.

– Соңғы шабысы есіңізде ме?

– Әрине есімде. Аяқтан қалған бәйгісі ғой. Алматыда көліктің шешімін бас жүлдеге тіккен бәйгі болды. Москвичты сатып алуға рұқсат беретін бір жапырақ қағаз әншейін. Ол кезде көлік алу үшін алдымен көлік алуға рұқсат керек кез келген адамға. Ол кім көрінгенге берілмейді. Сол бір жапырақ шешім үшін ат жарыстырып, бәйгі өткізетін болды. Содан ауданнан тапсырма түседі, ат қосыңдар деген. Совхозда оған апара қоятын аттың ыңғайы жоқ, директор Жеңіс деген кісі ақыры бізге келді. Бүкір дайын емес еді ол кезде, семіз, бармақ қазы бар бойында. Жалпы жылқы малы жасы ұлғайған сайын майын ішке жияды, жасырақ кезде, бес-алты жаста сырты тырсылдап тұрғанмен қазысы жұқа болады. Дұрыстап баптасаң оншақты күнде оқтаудай қылып жаратуға болады. Ал ішке жиналған қазыны шығару оңай емес. Соны сылтауратып шығарып салдым. Қосқым келмеді. Олар әке-шешемді айналдырды. Олар келіп дігірледі. «Қыстай соғымша байладың, енді неге қоспайсың» деп. Ертеңіне директор кабинетіне шақырды. Жағдайды түсіндірсем де көнбеді. «Ой, сендер жылқы-түйе тіккен ауыл арасының бәйгісіне ғана қосасыңдар, мықты жүйріктер қатысатын ірі бәйгілерге аттарың жарамай ма сонда?» деп қыжыртты. «Аға, маған атақтан бұрын ат керек, Бүкір қыстай қорада жемде тұрды. Іркілдеген семіз» десем де болмады. Ол кезде совхозда шопырмын, директор дегендердің айтқаны заң. Көнбей кету, сөзіне құлақ аспай кету дегенді кешірмесі анық. Содан қызметіме бір кесірі тие ме деп, әрі бір шауып шығар азар болса деп амалсыз иліктім. Бір-екі суыта салып апардық. Сол бәйгіде аяғын ұрды ғой, төртінші кетіп бара жатыр еді, жиырма бірдеңесінші орынға бір-ақ түсті. Тура сіңірін шауып алған екен. Осыны ойласам әлі күнге өзегім өртенеді.

– Онан кейін бәйгіге қосылмады ма?

Бүкір мен ат иесі Жапан Алимовтың үлкен ұлы Жасұлан. (Дегерес-1993 жыл )

– Содан бір жылдан кейін бе екен, Кенен ауылында өткен бір бәйгіге қосып көрдім. Болмады, аяғы кемдік қылады екен. Сонан қайтіп бәйгіде шапқан жоқ. Мынау сол аяқтан қалған кезде түскен сурет, шамамен 13-14 жасындағы суреті.

– Бұл ат сізге бақ боп қонды ғой, соның сыры неде деп ойлайсыз?

– Атбегілік өнер біздің аталарымыздан дарыған екен. Атамыз сұңғыла ат сыншысы болған екен. Тарғапта Тілеміс деген кісінің торы аты болған. Мәскеуде өткен бейгіде бірінші келген. Сол кісіге колхоздың жылқысынан торы атты біздің атамыз таңдап берген екен. Атамның жас кезінде қос жүйрігі болған екен. Екеуі бәйгіден қатар келеді екен. Оның әңгімесін әжем ертегіше айтып отыратын. Атам жігіт шағында жүйрік шұбар аты болыпты. Соны бәйгіге қосып жүреді. Күндердің күні үйленеді. Қайынжұрты Қоғамшыл жақ екен, бір күні жас жұбайлар қайынжұртына қонаққа барады. Сол сапарында атам қайынатасының жылқысынан бір тарлан атты көріп қалады. Арада жыл аунамай әйелін төркіндетіп жібереді. «Қалауың не?» десе «тарлан ат деп айтасың» деп құлағына құйып жібереді. Әжеміз тапсырманы тастай қылып орындайды. Қызының көңілін қимай-қимай, күйеу баланың сұңғылалығына таңғалып атасы атты береді. Сол тарлан мен шұбар ат екеуін бірге баптайды. Біреуіне менің әкем шабады екен, екіншісіне немере ағасы шақан. Сонда көк шұбар ат бірінші, тарлан екінші келеді екен немесе екеуі қатар келеді. Қызыл өкімет орнап, кәнпеске басталғанда атам біреуін мініп, екіншісін жетегіне алып жоқ боп кетеді. Екі ай дегенде келеді, белбеуі толған ақша дейді. Сатып келген. «Мына жерде аттың мінер жағы мен қамшылар жағын білмейтін надандарға қор болғанша аттың қадірін білетін адамның тақымында өтсін. Мына ноқайлардың қос тұлпарға мініп, көз алдымда көлбеңдеп жүргенін көтере алмаспын» дейді екен. Бірақ кімге сатқанын айтпай кетіпті. Бәлкім осы атамның өнері бізге жұққан болар. Бала күнде ауылдағы асау үйреткіштің бірі болдық. Бәйгіге шауып, шабандоз атандық. Өскенде құдай Бүкірдей жүйрікті бұйыртты. Ол менің, мен оның бағын аштым ғой деп ойлаймын.

– Бүкір қанша жасады өзі? Неден өлді?

– Тоқсаныншы жылдардың қиын кезі еді ғой. Көршілес Күрті ауданына қарасты Топар ауылында бес қап ұнға бір сиырдан айырбастап жатыр дегенді естідім. Комбайн айдаймын, үйде бидай көп, содан Шиеннің диірменіне бір телешкі бидай апарып тастадым. Сондағы ойым ұн қып тартып, Топарға барып сиырға айырбастау. Барсам диірмен бос емес екен. Диірменші кісі құда боп келуші еді, «тастап кет тартып қоям» деді. Тастап кеттім, содан қол тимей кетті баруға. Сөйтсем сол екі аралықта жаңбыр жауған, ана бидайым су болған, өніп, көктеп кетіпті. Қайтадан үйге әкелдім. Қарайып кеткендерін үй маңындағы қоқыс тастайын өзекке төге салғанмын. Бүкір қасында бір байтал бар, екеуі есік алдында жайылып жүретін. Сөйтсем соны барып жеп қойыпты. Содан уланып өлді ғой. Осы жерде сойып көрші қолаңға таратып жібердік. Басын ғана кесіп алдым. 15 жасқа келген кезі. Басы мұндаға дейін үйдің шатырында ілініп тұрды.

– Өлген кезде қандай күйде болдыңыз?

– Үш күн төсек тартып жатып қалдым. Әлжан деген кісі бар еді. «Әй, өлсе мал өлді, әкең қазір өлгендей не болды саған? Мал түгіл адам да уақыты келгенде өледі» деп қатты-қатты айтқан соң барып басымды көтердім. Біразға дейін ұмыта алмай жүрдім. Біреулер Бүкір туралы әңгіме айтса әлі күнге көзіме жас келеді.

– Өкініш бар ма?

– Қоспайтын бәйгіге қосып аяқтан қалдырдым. Бірінші өкініш сол. Екіншісі құлын қалмады. Дөнен кезінде кестіріп жібергенімізге қатты өкінемін. Әйтпегенде тұқымдары бүгінгі бәйгілерде шауып жүрер ме еді?! Қарындасының баласы әйгілі Қаратөбел де күнгейге кетіп қалды.

– Қай Қаратөбел? Телетотализатор «Тайбуырыл» бәйгісінде бірінші келген Қаратөбел ме?

– Дәл өзі. Сол мына Бүкірдің қарындасынан туған. Құлын кезінде шешесімен бірге Қордайға сатылып кетті. Біздің ауылдан барлығы жеті жылқы сатылған сол жолы. Соның ішінде кетті. Қаратөбелдің шешесі Бүкірдің қарындасы болып келетін қара бие болса, әкесі Гудок деген қарагер айғыр еді. Мен «Тайбурыл» өткен кезде ипподромға барып, Қаратөбелдің шабысын көрдім. Аяқ алысы тура Бүкір секілді екен. Артқы екі аяқты сыртқа қарай лақтырады да отырады. Екі артқы аяқ алдыңғы аяқтың сыртына түседі. Бүктеліп қалатын еді, жануар. Қаратөбел де сондай екен.

– Талисман да осы Дегерестен шықты емес пе?

– Тайбуырылда шапқан Талисманның баласы ғой, ол құнанында сатылып кеткен. Ата Талисманның өзі құнанында Бішкекте өткен дистанциялық бәйгіде әлемдік рекорд жасаған саңлақ еді. Ол кезде қазіргідей жылқы таситын «коневозка» жоқ, «скотовоз» деген болушы еді ғой, соған тиеп апарған екен. Қайтып келе жатқанда едені тесіліп, артқы бір аяғын тығып алады. Бұлар көрмеген, ауылға келгенше аяғының дал-дұлын шығарыпты. Содан біраз уақыт лазаретте тұрды. Кәрім, Дәуіт деген кісілер совхозда мал дәрігері еді, солар емдеп жазды. Бірақ артқы аяқтағы ісік кетпей, жуан болып қалды. Содан мұны жекешенің сиырын бағатын Қырықтан деген кісіге мініске берді. Көшеде жүретін, арқасының бәрі жауыр, жал-құйрығына шоңайна тікен жабысып. Оның бағын Нұрмағамбет деген жас жігіт ашты, институт бітіріп жұмысқа келген кезде мініске беріпті. Бір-екі жыл сол мінді. Жарасын жазып, жылтыратып мініп жүрді. Құрөзекте қарауыл болып отыратын Дәулет шал немересіне сүндет той жасаған кезде Нұрмағамбет Талисманды апарып қосты. Бәйгіден келіп жүрген аттарға жеткізбей жеке келді, жануар. Үш аяғымен шауып келді. Бүкір ол кезде құнан еді. Бәйгіге қосылған жоқ. Сонан бастап Талисманға совхоз басшылары қайта көз сала бастады, Тимурдың үйірінен элиталық биелерді топтап, Талисманды соған қосты. Біраз құлын түсті. Бірақ жасы да келіп қалған еді, екі-үш жылдан соң совхоз басшылары «қартайды» деп көзін құртпақ болады. Кәрі жылқылармен бірге ет комбинатына жөнелтіпті. Оны Тимур марқұм көріп қалып, орнына бір көк байталды салып жібереді де, Талисманды жолдан түсіріп алып қалады. Сөйтіп жекеше малы ретінде ұстап, өзінің үйіріне қайта жібереді. Қордайға кеткен Талисман сол кезде туған құлын. Тимурдың жиені Алмас дегеннің биесінің құлыны. Оны кезінде мен де сатып алмақшы болғам. Бүкірдің аяқтан қалған кезі ғой, «Талисманның баласы сатылады» дегенді естіп Тимурға бардым. Басында «үш мың доллар» деді. Соңыра «ақша да, мал да керек емес, маған көліктің шешімін тауып бер де, ала бер» деді. Оны қайдан табасың, әрі іздеп-бері іздеп таба алмадық. Сол жылы жайлауда сатылып кетті. Күнгейдегі Тұрсынбек деген жігіт алған. Жақсы жүгіртті ғой, соңғы рет Сыпатай батырға берілген аста бәйгі алды.

– Бүкірден бастап, Қаратөбел, Талисманға дейінгі біраз тұлпарды еске алдық. Әңгімеңізге рахмет!

«Бүкір» романын мына жерден оқуға болады

Есболат Айдабосын, жазушы
Argymaq.kz

error: Сайттан материал көшіруге болмайды. Сайтта жарияланған барлық ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде авторлық және жанама құқық туралы заңдармен қорғауға алынған.
holiganbetjojobetgrandpashabetcasibomcasibomcasibomcasibomjojobetholiganbetholiganbetmarsbahismarsbahisPusulabetjojobetescort damesjojobetjojobet girişhuhubetMarsbahis GirişsekabetjojobetCasibomcasibom girişbetgarantijojobetjojobetjojobet girişsekabetmarsbahismarsbahis girişjojobet girişjojobet giriş