Жүйрік аттың үш түрі

3248

(Жалғасы. Басы мына жерде)

Қазақ сыншылары негізгі екі үлкен аламанда көзге түседі.

Халқымыз ежелден торқалы той мен топырақты өлімде ат шаптырып, бәйге жасайды.

Әуелі – қыз ұзатып, келін түсірген және баласын сүндеттеген торқалы тойында ат шаптырады. Енді бірі – топырақты өлімінің жылдығында екі рет ат шаптырады. Бірі – жер ошақ бәйге делініп, жер ошағын берген дайындық күні жақын аралықта шапса, екіншісі – той жылдығы берілген күні шаптырылған ат бәйгесі. Мұны «аламан бәйге» деп ұзаққа айдайды.

Жүйрік ат міне, осындай аламан бәйгеде озып, жалғыз қара келеді. Сыншы дәл осындай аламан бәйге боларда көзге көрінеді. Жиналған жүйрік аттарды бір-бірден көріп, көңілі толған жүйрік аттарға аялдап, кідіріп, атты айналып шығады да: «Бүгінгі менің жылқы көргенім шын болса, мына ат бәйгеден жалғыз қара болып алдымен келеді» — деп кесіп айтады. Неше жүз ат шапса да сол күні сыншының айтқан аты алдымен келеді.

Міне осындай жерде, көптің алдына шығып, «мына аттың басқа аттан бөлек бітімі мынау, сондықтан бабы да толық келген» деп айтқандарды сыншы дейміз. Атбегілердің, бапкерлердің бәрі сыншы бола бермейді, қайта сыншылардың ішінде бапкер болады.

Мінайхан әңгімесін одан әрі жалғастырды.

— Жүйрік аттың әдетте байлап қойғандағы белгі-сыны көбінесе екі түрлі болады. Байлаулы тұрғанда тыныш тұра алмайды. Елеңдеп, тың тыңдап тұрады. Екіншісі – байлаулы тұрғанда, киіз үйдің үстіне иегін салып немесе жанындағы атқа иегін артып, еркелеп тұрады.

Жүйрік аттың сыртқы тұлғасы:

Жүйріктің үш түрі болады. Біріншісі – мұзбел жүйрік. Екінші – ұшқарауылы тең жүйрік. Үшіншісі – бос бел кежігір жүйрік.

Мұзбел жүйрік. Бұл жүйріктің нақты белгісі мыналар: қақпанбел, кең жаялы, салқы төс, құлжа мойын, орақ бас, кең маңдай, томаға көз, қабырғалы, жазық бауыр, быртық бақай, тұралы, ой желке, омыртқалы, көтендігі шығыңқы, аламайлы, дөңгелек санды болады.

Үшқарауылы тең жүйрік. Мұның белгісі мынадай болады: киік бас, аяғы ұзын, сидам. Үшқарауылы – жаясы, шоқтығы және төбе сүйегі шығыңқырап келеді. Желкесі ойжелке болып тұрады. Жаялы, төбе жүні тазғырлау немесе кекілі тазғыр болып келеді. Жалпы жүн тұлғасы киік жүндес, сүйегі жұқа, желтабан, алдыңғы аяқ сіңірі жұмыр, қол-аяғы ұзын, талмаяқтау деп атаймыз. Бәйгеден келген соң, кейде бір-екі күн жатып қалады.

Бос бел кежігір жүйрік. Белгілері: Тәует бас, түлкі төс, ит жіліншік, түлкі бақай, мықыны ұзын, бауыры жазық, белі солқылдақтау, аяқ күші мығым болып, шабысқа талықпайтын, ұзаққа шабатын жүйрік. Ол жүгіргенде басы жерге еңкейіп, арты көтеріледі. Ит жүгірісті, ит жіліншік деген осыған қаратылып айтылған. Алдынғы аяқтарының сіңірі жалпақ әрі жұмсақ болып келеді.

Жүйрік аттың сыртқы тұлғасы осындай басты үш өлшемді негіз етеді. Бұдан тыс, тегіне қарайды. Бастысы жүйрік болады деген аттың енесін негіз етеді. Жүйрік, яғни жүйрік биеден сөзсіз жүйрік ат туады. Сыншылардың: «Аттың жатыны, яғни енесі жүйрік екен» дейтіні осыдан қалған. Бір жағы жақсы нәсілді айғырдан да жүйрік туады. Ондай айғыр некен-саяқ кездеседі. Бұрынғылардың: «Жүйріктен шабан, жақсыдан жаман туады» деген аталы сөзі де осыдан қалған. «Алып анадан, ат биеден туады» деген аталы сөз мәңгі жалғасып келеді.

Жалғасы бар.

Бекзат Құрмашұлы,

mp.weixin.qq.com, (2022 жыл)

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Түпнұсқадағы тақырып: Сыншымыз бар, дүние таныған тұлпарымыз жоқ, бұл қандай жағдай?

ФОТО: Мейрамбек Ташкен

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.