Жүйрік аттың 68 белгісі

2885

(Жалғасы. Басы мына жерде)

Жүйрік аттың сынын жинақтап, қорытындылаған көрнекті сыншы Мінайхан Тотайұлы жүйрік аттағы барлығы 68 сынын бір-бірлеп атап өтті.

— Жүйрік аттың сынын тапқырлау менің төл еңбегім емес. Халықтың қазынасы. Бабаларымызға рахмет айтамын. Тек солардың айтып кеткен жүйрік аттағы белгі-сынын жинақтаушы ғанамын. Бүгінгі жастарымыз бен кейінгі ұрпақтың пайдалануы үшін кәдеге жараса болғаны.

Менің бұрынғылар айтып кеткен жүйрік аттың белгілерін жинақтаумен бірге, олар ашалап айтпаған сыртқы белгілері мен жүйрік аттың көмескі белгілерін түрге айырып, жүйрік аттың бар мүшесін боршалап көрсету жағында үлесім жоқ деп айта алмаймын.

Әуелі аттың бас сынынан бастайын.

Жүйрік аттың басы 5 түрлі болады. 1. Орақ бас. 2. Кез бас. 3. Киік бас немесе марал бас деп те айтылады. 4. Тәует бас. 5. Қу бас;

6. Кекілі майда, селдір, қысқа, жұмсақ; 7. Шоқпардай кекілді;

7. Құлағы қамыс құлақ – ұшы сәл ішіне бейім, жұқа болса, 9. Қияқ құлақ – үшкір құлақ, 10. Тас құлақ – түбі қатты, ұшы доғалдау, жұмыр болса; (жүйрік атта осындай үш түрлі құлақтың бірі сөзсіз болады).

11. Бота көз – шарасы үлкендеу, мөлтілдеп тұрады, 12. Шошқа көз – шарасы кішкене, көзінің жастығы болмайды;

13. Бөкен қабақ. 14. Бүркіт қабақ.

15. Орай – екі көздің арасында болса;

16. Маңдайы – кең, жазық болса. Кекілдің асты үшбұрыштанған ойықтау болса;

17. Теке мұрын. 18. Бөкен танау – кеңсірігінің үсті дөңес болса; 19. Мұрын тесігі жеті де бес тесік болса;

20. Азу тісі жуан болса, 21. Ақ тісті – тісі жарқыраған, әдетте аттың шеткі тістері ақ болады. 22. Ұзын тісті немесе құлантіс болса. Мұндай тістер жүйрік атта болады. (Әдетте ат пен айғырда 40 тіс, биеде 36 тіс болады). 23. Азусыз ат – бұл қубас ат пен елікбас атта болады. Мыңнан бір атта ғана кездеседі.

24. Салпы ерін – астынғы ерні салпиған, орақ бас, кез бас атта болады.

25. Төбе сүйегі шығыңқы – қубас ат пен кезбас атта болады. Мұндай аттың құлағы өте тік, әдемі көрінеді. Екі құлағының арасы жақын болады. 26. Тоқыр төбе ат – тәуетбас, елік бас атта кездеседі. Екі құлағының арасы кең, құлақ түбі бос болады.

Міне, кез келген жүйрік аттың басында осындай 26 түрлі белгі болады.

Жүйрік аттың мойны.

1(27). Қой мойын – көбінесе Алтайдың жергілікті жылқысынан көп кездеседі. 2(28). Құлжа мойын – Баркөл жылқысынан көп кездеседі. 3(29). Қаз мойын – асыл тұқымды жылқыдан – араб жылқысынан көп кездеседі.

4(30). Майда жал – жұмсақ, қойдың жүні сияқты жалы жұмсақ болса; 5(31). Жібек жал – сусылдақ, жылтылдақ, төгіліп тұрса; 6(32). Құлан жал – қысқарақ, майда болса;

7(33). Ауызомыртқасы шығыңқы.

Осылайша жалпы мойын бөлегінде 7 түрлі белгі болады.

Кеуде белгісі.

1(34). Құс кеуде – кеудесі қырлы, шығыңқы келеді, 2(35). Салқы төс – төс еті кең, екі бөлек болып білініп тұрады.

3(36). Қолтығының астында сұқ саусақ сиярдай тесігі (қуысы) болады. Бұл «тесік өкпе жүйрік» делінеді.

Алдынғы аяқтары.

1(37). Жауырыны жалпақ, етсіз болса; 2(38). Жалпақ, тесік (қуыс) жауырынды болса;

3(39). Кәрі жілігі ұзын, жуан болса;

4(40). Тоқбас жілігі қысқа болса;

5(41). Қол еті бөлек болып, білініп тұрса;

6(42). Ит жіліншік болса;

7(43). Алдынғы аяқ сіңірі жуан болса;

8(44). Бақайы – тақыр, жуан болса;

Тұяқ бітімі 4 түрлі болады.

1(45). Желаяқ жүйрік – тұяғы қалың, табаны қуыс, тұяқ өкшесі биік болса;

2(46). Жезаяқ жүйрік – бұл жасамыс, кәртеңдеу биеден туған аттарда кездеседі. Тұяқ бітімі жұқалау, дөңгелек болып, көбінде бәйгеге тағалап қосады.

3(47). Ит табан жүйрік – мұндай аттың алдынғы тұяғы алдына қарай өсіп шыққан, сопақтау келеді де, ат сүріншектеу болады. Ит табан ат нақ ит жіліншіктің дәл өзі болады. (Кей жерлерде «қазтабан» деп те аталады – ред.)

4(48). Тас тұяқ ат – мұндай тұяқ көлемі үлкен, қалың, келсаптай болады. Қанша шапса да қызбайды. Күреңбай сыншының Ақан серінің Құлагерін: «Тұяғы тасындай шұбарала Көкшетаудың» дегені осындай тұяқты меңзеп айтқаны.

Шынтақ белгісі.

1(49). Қабырғасынан алыс, екі алдынғы аяқ ішіне бейім болғанда, шынтақ қабырғадан алыс болады.

2(50). Құс топшы – жаурын мен кәрі жіліктің қоспа басы алдына қарай шығыңқы бітсе;

3(51). Бауыры жазық – қабырға бауыры көтеріңкі болса;

4(52). Жаясы текше – етсіз, жұқа болса;

5(53). Екі артқы аяғы талтақ болса;

6(54). Бота тірсек – артқы аяғы мен төменгі бөлігі ішіне бейім, тірсегі сыртына бейім болса;

7(55). Аласа ұршық – бұл жүйрік аттағы ең негізгі сынның бірі. Аласа ұршық ат дегеніміз әскердің сары жүн қоңыр иттерінің (офчарка – ред.) артқы ұршығы бар ғой, дәл сол. Кетіп бара жатқанда маймаңдап басады. Сол иттерді көргенде өзің де «Па, шіркін!» дейсің.

Белдеме, қабырғадағы белгілер.

1(56). Белдеме қанаты ұзын, көтеріліп тұрса;

2(57). Құс қанат қабырғалы – бұл соңғы сүбе қабырғаның екі жағына жалғас бітетін ерекше бөлек қабырға. Кей жүйрік атта екі жағына бір-екеу болса, кей жүйрік аттың екі жағында екі-екіден төрт қабырға болады. Бұл – көмескі белгі. Ерекше жүйрік аттарда ғана болады.

3(58). Жылан қабырға – мұндай жүйрік ат бір ішекті, тұлғасы жіңішке, кежігір жүйрікте болады.

4(59). Түйе қабырға – мұзбел жүйрік пен үшқарауылы тең жүйріктен кездеседі. Қарынсау, қабырғасы көтеріңкі болып, артына қарай бейім болады.

Жүйрік аттың ішкі ағза, көмескі белгілері.

Мұнда мұрын ішіндегі тесіктері мен жауырын тесігі (қуысы) және құс қанат белгілерін жоғарыда айттық.

1(60). Өкпесі қойдың өкпесіндей кішкене болса;

2(61). Сиырдың көк бауыры тәріздес, сәл ұзыншақ, кішкене келеді, бүйрегі біреуі жоқ, сыңар болады. Қолтығының астында көмескі тесігі (қуысы) болады.

Құйрықтағы белгісі.

1(62). Түлкі құйрық – жүре жөнелгенде құйрығы көлбеп көрінсе;

2(63). Қыл құйрығының түбі жуан болса, түп құйрығының екі жағында қанжығасы болса;

3(64). Қылыш құйрық;

4(65). Сабау құйрығы ұзын – сабау құйрықты қайырып өлшегенде сербегіне жетуі шарт. Бұл да аз жүйрікте кездеседі.

5(66). Көтен аламайы кең – боқтығы терең, жұдырық сиятындай үңгір болса;

6(67). Серке сан – жұқа, жеңілтек сан.

7(68). Шоқпар сан – сан еті бөлек-бөлек дөңгеленіп тұрады.

Міне, бұл мен қортындылаған жүйрік аттың 68 түрлі сыны, бұның бәрі бір аттан табылмайды.

Жалғасы бар.

Бекзат Құрмашұлы,

mp.weixin.qq.com, (2022 жыл)

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Түпнұсқадағы тақырып: Сыншымыз бар, дүние таныған тұлпарымыз жоқ, бұл қандай жағдай?

Басты сурет: Жұмақын Қайранбаевтың картинасы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.