Қорық инспекторы: Қорғалжынның бренді – қоқиқаз

180

Биылғы коронавирус індетінің таралуы, елде төтенше жағдай жарияланып, карантин орнауы ішкі-сыртқы туризмнің жандануына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.

Осы орайда Қорғалжын табиғи қорығының жай-күйіне қатысты Қорғалжын табиғи қорығының мемлекеттік инпекторы, қорықты қорғау қызметкері Мәдина Қабыловамен әңгімелескен едік.

– Табиғи қорықтың қызметі үш түрге бөлінеді. Әуелгісі – ғылыми бағыты, одан кейін – экологиялық дамуы және соңғысы – қорық аумағын қорғау. Менің міндетім осы соңғы түрі, яғни қорық аумағын қорғау. Сондықтан, мен бұл өңірдің экологиялық дамуы жайлы да, ғылыми зерттелуі жайлы да ештеңе айта алмаймын, — деп бастады ол кісі әңгімесін.

Біз қорық инспекторының шартымен келістік. Олай болса, қорықты қорғау жұмыстары жайлы сөз ететін боламыз.

– Біздің жұмыс – гид-инспекторларымыз алып келген саяхатшыларды бақылау. Біріншіден – келген турист біздің жерге зиянын тигізбеуі керек. Экологиялық тазалығын сақтап, аң-құстарын үркітпеуі керек. Екіншіден – туристің өзі оқыс жағдайға тап болмауы керек, — дейді инспектор Мәдина Адайқызы.

Қорғалжынның атағын шығарып отырған – қоқиқазы (фламинго). Келетін туристің барлығы сол бір ерекше жаратылыс иесін тамашалауға құштар.

– Қоқиқаз – Қызыл кітапқа енген. Бізге қарай ат басын бұрған туристің барлығы дерлік сол құсты көруге асығады. Содан кейінгі ерекше құс – бірқазан (пеликан). Аққудың екі түрі мекен етеді. Бұлардан бөлек құстың 350-ге жуық түрі Қорғалжын көлдерін мекендейді. Ал аңдардың ішінде біздің өлкедегі ең әйгілісі – ақ бөкен. Біздің міндет осы аң-құстарды қорғау, — дейді Мәдина апайымыз.

Қорғалжын қорығындағы қору аумағы 543 171 га, қорғау аумағы 89360 га, жалпы көлемі 632531 га құрайды. Жер аумағы 258,9 мың га. Ал осы аумақта үлкенді-кішілі, ащылы-тұщылы 120-дан астам көл бар.

– Осы 120-дан астам көлде балықтың 14 түрі өмір сүреді. Бұл көлдерден жазда балық аулауға болмайды. Ал қыста мұз астына ауа бару үшін мемлекеттің рұқсатымен ғана көл бетін тесуге болады. Онда да балықты шамадан тыс аулауға болмайды. Белгілі мөлшерде ғана. Қорыққа келген туристер осы құстарды, аңдар мен балықты, көл табиғатын тамашалап қайтады, — дейді ол.

Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі – Қазақстандағы және барлық Азиядағы ұшып өтетін құстардың ең маңызды сулы-батпақты алқаптары. Берілген аумақтың биоалуан түрлілігі бірегей. Оның ішінде Қазақстанның ұсақ таушықтарының флорасының бірден төрт бөлігін құрайтын 60 тұқымдастан тұратын өсімдіктер флорасының 443 түрі және сулы, құрлықты жануарлардың 1400 түрі кездеседі. Қорықта құстың 347 түрі көрсетілген, оның ішінде ұя басатыны – 126. Қазақстанның Қызыл кітабына құстардың 41 түрі, ал Халықаралық Қызыл кітапқа 26 түрі енгізілген. Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінде сулы-батпақты кешенді құстардың 112 түрі кездеседі, ол барлық Қазақстанға танымал 130-дан 87% құрайды. Қорықта сүтқоректілердің 42 түрлі, 14 балық түрі тіркелген. Құрт-құмысқалар толығымен зерттелмеген, дегенмен 700 түрі анықталған, бірақ олардың түр тұқым әртүрлілігі 5000-ға жетуі мүмкін. Қорық аумағында Халықаралық табиғат қорғау одағы мен Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің 60-тан астам түрі бар. Ал осы тамаша табиғатты тамашалауға келетін туристер қорық аумағына бір күнге ғана кіре алады.

– Қорыққа келушілерге көбінде «бір күндік» қана рұқсат беріледі. Бір күнге ғана келіп, аң-құс атпай, балық ауламай, сырттай тамашалап, суретке түсіріп кетеді. Туристердің келуі тікелей насихат жұмыстарына байланысты. Ал қорықтың насихат жұмыстары бір сәт те тоқтаған емес. Жыл сайын «Парктер маршы» өтеді. Қазақстандағы бүкіл табиғи қорықтар қатысады бұл шараға. Жылда кең көлемде, халықтың қатысуымен өтетін. Биыл мына әлемдік пандемияға байланысты онлайн түрде өткіздік. Бұл жұмыстарға көбінде эко-дамыту саласы жауап береді. «Парктер маршы» шарасы негізінен қорыққа туристерді көптеп тарту мақсатында жасалатындықтан, мектептермен, халық көп шоғырланған орындарда кездесулер өткізіп, өз қорығымызды насихаттау жұмыстары жүргізіледі, — дейді қорық қорғаушысы.

Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы 1968 жылы 16 сәуірде құрылған, аумағы бойынша Қазақстандағы ең ірі қорықтардың бірі. Бұл қорықты тамашалау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Әсіресе, қоқиқаздардың келетін уақытында бұл өңірге де туристер ағылады.

– Жылда солай болған. Биыл туристерді қойып, қарапайым адамдарға кіруге әзірге рұқсат берілген жоқ. Сондықтан биыл турист саны жылдағыдай көп болмайды деп болжап отырмыз. Өзіміздің туристердің өзін адам санын шектеу арқылы, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып қана кіргізетін боламыз. Қазіргі уақытта барлығы онлайн жұмыс істеп жатыр, — дейді қорықшы.

Қорықта сүтқоректі жануарлардың 41 түрі тіршілік етеді. Бұл Қазақстандағы барлық сүтқоректілер түрінің 26 пайызына тең. Халықаралық табиғат қорғау одағына кіретін сүтқоректілердің 8 түрі осы Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында мекен етеді. Олардың қатарында әйгілі ақбөкен мен байбақ суыры бар.

– Ал осы жануарларды рұқсатсыз атып, балығын рұқсатсыз аулағандарға қолданар жаза да ауыр. «Охотзоопроммен» бірлесіп, заң бойынша жазасын алады. Қарапайым айыппұл төлеуден бастап, өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза кесіледі. Ал қорықтағы қызметкерлердің қауіпсіздігі, олардың амандығы бірінші орында тұратыны белгілі. Бұл жағынан Үкімет, министрлік тарапынан барлық қолдау шаралары жасалған. Техникалық, құрал-жабдық бойынша да уақытында қамтамасыз етіп отырады. Біздің қорықтың аумағы аса кең болғандықтан бізге көбінде көлік қана қажет болады, — дейді қорықшы.

2012 жылы ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіруші кеңесі Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының алғашқы өтінішін ЮНЕСКО-ның биосфералық қорықтарының бүкіләлемдік желісіне қосты. Ал Қорғалжында жыл сайын «Қоқиқаздар фестивалі», «Қызғалдақ фестивалі» өтеді.

«Қызғалдақ фестивалі» көктемде өтеді. Қызыл кілем төсегендей құлпырған даланы көруге келетін туристеріміз де көп. Ал «Қоқиқаздар фестивалі» күзде – қыркүйек айының 27-28-і күндері өтеді. Қоқиқаздардың сүйікті асы – артемия салина деп аталатын құрт. Артемия құрты тұзды көлдерде болады. Ал Теңіз көлінің ащылығы әлемдік мұхиттардың тұздылығынан 5-6 есе артық. Алайда, соңғы жылдары су тасқындарының көбеюінен, көлге тұщы судың көп құйылуынан артемия құртының қоры азайып кетті.

– Егер көл суы ащылап, тартыла бастаса, қайта көбеюі мүмкін. Жылда мамыр айында осында келіп балапандайтын қоқиқаздар салқын түсе жылы жаққа кетеді. Біз білетін қоқиқаздар өте сақ келеді. Қасына бармақ түгілі маңына жақындау мүмкін емес. Қорғалжын қорығының беткеұстар мақтанышы болғандықтан, барлық келуші жақын баруға тырысады. Әлемде 8 құсжолы бар, яғни қоныс аударатын құстардың 8 түрлі бағыты бар. Соның үшеуі осы қорықтағы Теңіз көлін басып өтеді. Жерорта теңізі арқылы ұшатын жол шығыс-батыс Африка және Орта Азияда Үндістан, Пәкістан, Иран арқылы өтеді, — дейді инспектор Мәдина Қабылова.

Қорықта 70-тен астам қызметкер бар. Әркімнің өзіне бөлініп берілген міндеті де айқын. Күнделікті көлдердің суын өлшеп, жел бағытын, ауа райын болжап, табиғи құбылыстарға назар аударады.

– Қорықшылардың жағдайы бойынша бізде мәселе жоқ. Заң бойынша барлық мәселе шешімін тапқан. Әлеуметтік төлемдер, баспана, жүріп-тұру қатарлы тұрмыстық жағдайлары реттелген. Қорықта жұмыс істейтін қызметкерлердің барлығы өз үйлерінде тұрады. Қорықтан 45 шақырым жердегі Қорғалжын ауданының орталығында тіршілік етеді. Әркім өзінің күнделікті тіршілігін кешіп жатыр. Қорықта ауысыммен жұмыс істейміз. Бір апта осында болсақ, бір апта үйде боламыз дегендей, — дейді ол.

Қорықта негізінен гүлді өсімдіктер көбірек өседі. Ағаш жоқ десе де болады. Бұл жерде 443 түрлі өсімдік бар. Бұталардың 12 түрі өседі. Андыз-андыз қараған мен тобылғыны кездестіруге болады. Қорғалжын қорығында сирек кездесетін өсімдіктердің 45 түрі қорғалған. Олардың арасында Қазақстанның Қызыл кітабына енген екі түрлі қызғалдақ бар.

– Жалпы Қорғалжын өсімдіктерінің ішінде көш бастап тұрған осы екі қызғалдақты айтуға болады. Әсіресе, Шренк қызғалдағы біздің өңірдің брендтерінің бірі деуге болады. Одан басқа да еліміздің Қызыл кітабына енген өсімдіктердің 60-тан астам сирек түрі бар, — дейді қорықшы апайымыз.

1968 жылы Теңіз және Қорғалжынның өзге де көлдерін қамтыған «Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» құрылды. 1975 жылға дейін көл жағалауларындағы қамыс зауыты, темір жол жұмыскерлерін жабдықтау қызметі, Целиноград балық зауытының кәсіпорны, Қаражар ауылы мен «Абай» совхозының Нефтеразведка, Алқым, Абылай бөлімшелерінен мыңға жуық адам қорық аумағынан тыс жерге көшіріледі. Қорықшылар тағайындалып, жануарлар дүниесі қорғауға алынды. Қазіргі күні қорық аумағына кіру ақылы.

– Оның өзі екі түрлі. Қыста келетіндер үшін қорық аумағына кіру – 2000 теңге, ал жазда келетіндер үшін – 200 теңге көлемінде. Жазда келетіндер «бір күндік» рұқсатпен ғана келеді. Бір күнге ғана келіп, қорық аумағын тамашалап, суретке түсіп қайтады. Ал қысқы уақытта келетіндерге балық аулауға рұқсат берілген, әрине, шекті мөлшерде ғана, — дейді инспектор.

Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығындағы әр көлдің өз тарихы бар. Бір қарасаңыз жан баласы аяқ баспас қу медиен дала секілді көрінгенімен мұнда да қайнаған тірлік, қарбалас өмір бар. Мұнда сүтқоректілердің 41 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 6 түрі, қосмекенділердің 2 түрі өмір сүреді.

– Суыр, борсық, қабан, түлкі, т.б. секілді жабайы аңдар көп қой. Мына жерге көп адам келе бермейді, содан болар, осы маңдағы аңдар адамнан онша қорықпайтын кездері болады. Әсіресе, түлкілер адамнан жасқанбайды. Әрине, түлкінің құтыру ауруы болатынын білеміз, біз де оларды маңымызға тым жақындата бермейміз. Құстар да кейде адамдарды қызықтағысы келетін кездері болады. Жақын ұшып, тіпті қасына таяғанша ұшып кетпей, таңырқай қарап отыратын кездері болады, — дейді Мәдина Адайқызы.

Қорғалжынның бренді – қоқиқаз. Қоқиқаздар Қазақстан бойынша тек Теңіз көлінде ғана ұя салып, жұмыртқа басады. Түсі қызғылт, қанатты қоқиқаздар топталып аспанға көтерілген кезде бүкіл көл айдыны қызыл алау өрттей лаулап, ерекше шұғылаға бөленеді. Сондықтан оны кейде “Қызылқанат” деп те атайды. 1960 жылдары қорықтағы қоқиқаздың саны 45-60 мыңдай болса, 2000 жылдары 10-15 мыңдай ғана қалған.

– Қорыққа келушілер, жоғарыда айтқанымдай, қоқиқаздардың келіп, қайтатын уақытында тамашалауға тырысады. Сосын ерте көктемде, қызғалдақтар гүл ашқан уақытта келушілер саны артады. Ақбөкендерді көруге келетіндер саны да көп. Бірақ, киік бір орнында тұрмайды ғой, қазір мұнда, қазір анда. Сондықтан да оларды көру қиын. Қоқиқаздар да өте сақ. Оларға да жақын бара алмайды. Дегенмен киіктерден қарағанда бір орнында көбірек отырады. Киіктерді көретін арнайы жерлер – ақбөкендер жайылатын белгілі алқаптар мен белгілі уақыт болады. Мысалы таң енді атып келе жатқан кезде киікті тамашалаған керемет. Бұл бойынша біздің гид-инспекторларымыздың арнайы бағдарлары бар, — дейді қорықшы.

2012 жылы ақпан айында «Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи мұра тізіміне биосфералық резерват ретінде тіркелді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар Қорғалжын қорығына алғаш директоры болған ғалым-орнитолог А. Клепиков. Оны сол кезде сонау Мәскеуден алғызған екен. Одан кейінгі жылдары П. Ефремов, В. Сохранский, А. Күдебаев, В. Сивухин, Ж. Сарқытбаев, Б. Закиров, С.Сүлейменов, М. Айтжанов секілді адамдар жетекшілік еткен.

– Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына әлемнің түкпір-түкпірінен орнитологтар жиі келіп тұрады. Одан бөлек қорықтың бірлесе жұмыс істейтін Жоғарғы оқу орындары бар. Олар бізге өз студенттерін жіберіп, іс-тәжірибеден өткізеді. Ботаниктер, биологтар келеді. Негізінен еліміздің барлық өңірінен келіп тәжірибеден өтетін студенттер көп. 25-30 адамнан кезек-кезек келіп, шатырда жатып, зерттеулер жасап қайтады. Олар осында келіп, құстарды бақылайды, суретке түсіріп, өз бағыттары бойынша жұмыс істейді. Мысалы, ғылыми бағыт бойынша құстардың келіп-кету, ұшып-қонуы бойынша ауа райын болжауға болады. Мезгілдердің, әсіресе, жаз бен қыстың болжамын жасауға болады. Бұл енді менің құзырымдағы мәселе емес, ғылым бөлімінің жұмысы, сондықтан бұл туралы сізге толық айтып бере алмаймын, — деді инспектор.

Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы аумағында әйгілі үлкен, кіші Теңіз көлдері, Керей, Қыпшақ қатарлы ащы көлдер бар. Ал Қорғалжын, Есей, Сұлтанкелді, Қоқай, Асау балық, Жаманкөл, Жабай, Табанқазы, үлкен, кіші Қаракөл, Манат, Суберген, Тоқтамыс, Базар, Сары және Қызыл көлдерінің суы тұщы. Бұл көлдерді атақты Нұра, Құланөтпес, Көң, Жаман көң, Жақсы көң өзендері суға толтырып отырады. Оның ішінде, әсіресе, Теңіз көлінің гидрологиялық режимін сақтайды.

– Қорғалжын аумағында жеке туризммен айналысатын ешкім жоқ. Оған рұқсат та берілмейді. Біз мемлекеттік табиғи қорықпыз, ал туризм ұлттық парктерге ғана берілген. Бізде экологиялық даму бағыты негізге алынған. Туристердің көбейгені бізге жақсы. Мына әлемді алаңдатқан індет келмей тұрып бізде де жақсы жобалар жасау туралы ұсыныстар, бағдарламалар жасалған еді. Біздің қорыққа қызығатын шетелдіктер көп. Әсіресе, орнитологтар көп келетін. Себебі өзге өңірлерде болжана бермейтін құсқа қатысты дүниелер бізде анық білінеді. Келген туристердің көбі «сіздерде іздегеніңнің бәрі бар» дегенді жиі айтады. Өкініштісі, бізде туризм саласы жақсы дамымаған, — дейді Мәдина Қабылова.

Қорғалжын қорығындағы 120-дан астам көлдің әрқайсысының өз атауы бар. Және сол атауларға қатысты әрқайсысының өзіндік тарихы бар.

– Мен үшін тарихы ең қызықтысы – Асау балық көлі. Өзім барып көрген жоқпын, естуім бойынша, балығы өте үлкен болады екен. Сонымен бірге балығы өте «асау» деп естимін. Сол балығының асаулығына бола, көлдің атауы «Асау балық» деп аталған екен. Асау балықтан кейінгі көлдің аты – Қақай, одан кейін – Сұлтан келді, одан кейін – Есей көлі. Сұлтан келді көлінің атауы да қызықты тарихқа толы. Қазақтың соңғы ханы саналатын Кенесары хан бір жиынға бара жатқанда осы көлдің жағасына ат шалдырып, саятшылық құрған екен. Сол кезде Кене хан көлдегі құсты ұшырмас үшін шатырын көл жағасынан алысқа тіктіріпті дейді. Өзі құс аулау үшін осы көлге арнайы келіпті. Содан бастап бұл көлдің аты «Сұлтан келді» атанған деседі, — дейді қорықшы.

Қорғалжын қорығындағы ерекше орындардың бірі Сұлтан келді көлінің жағасындағы Қонаев саяжайы.

– Кеңес үкіметі ыдырай бастаған тұста бұл демалыс орнын түгел тонап кеткен. Бір кезде Қонаев өз қолымен салдырған саяжай. Бірақ бірнеше жылдың ішінде тоз-тозы шыққан. Тіпті, мал қорға айналды десек те болады. 1997 жылы қайта қолға алынып, толық жөндеуден өтті. Қонаевтың қолтаңбасы қалып, бірінші хатшының демалыс орнына айналған әйгілі саяжай еді бұл. Өзім 1998 жылы осы қорыққа жұмысқа келдім, сол кезде жаңадан жөндеуден өткен екен, — дейді қорық инспекторы Мәдина Адайқызы.

Ержан Жаубай, 2020 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.