Сәдібек Түгел: Қазақстанға ауыл реформасы керек

127

ҚР Президентінің былтырғы жылы кезектен тыс өткен сайлауының бір жылдығы қарсаңында сол дүбірлі додаға қатысқандардың бірі – танымал мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-журналист, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық халықтық қозғалысының лидері, Нұр-Сұлтан қалалық «Антикор» орталығы штабының басшысы Сәдібек Түгелмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

— Жауапкершілігіде, көтерер жүгі де ауыр саяси жарысқа түсу туралы тәуекелді шешімге қалай келдіңіз?

— Рас, бастапқыда шешім қабылдау оңай болған жоқ. Біздің тарапымыздан ұсыныс жасаған екі азамат ат-тондарын ала қашты. Олардың біріншісін түсінуге болады. Оған бизнесі кедергі болды. Екіншісін мүлдем түсінбедім. Себебі жәй күндері одан «батыр», одан «ұлтшыл» адам жоқ. Сөзбен бәрін жайпайды. Турасын айтқанда, ол үйде батыр, түзде қоянжүрек қорқақ болып шықты, орысшалағанда «кишкасы тонка» болды. Бұларды мен «бейшаралар» деймін. Қазір біздің қазақ қоғамының дамуына орасан зор кедергі келтіріп отырғандар осылар. Олар ас үйдегі дастарханның басында ауыздары көбікке толып күпіреді, жауапты шешім қабылдарда тайқып шыға келеді. Сонысымен қоймай, сайлауға қорықпай шыққан азаматты көре алмайды, оның сыртынан тас атады.

Менің шешіміме келсек, ол — сен айтып отырған «тәуекелден» бастау алды. Уақыт өте тығыз болатын.

Қазақтың сұлу суреткері Мағжан Жұмабаевтың:

«Мен жанбасам лапылдап,

Сен жанбасаң лапылдап,

Біз жанбасақ лапылдап,

Аспан қалай ашылмақ?!» — деген рухты өлеңінің айшықты жолдарындай, «Қазақстан Президентінің сайлауы» атты конституциялық заңға сәйкес Ұлы доданың ортасынан бір-ақ шықтық.

Заңда партиялар мен қатар республикалық қоғамдық бірлестіктер сайлауға қатысып, өз өкілдерін ұсынады делінген. «Ұлы Дала Қырандыры» халықтық қозғалысы сол мүмкіндікке орай, 2019 жылдың 17 сәуірі күнгі жиналысында менің кандидатурамды бірауыздан ҚР Президенттігіне кандидаттыққа ұсынды. Сіз дұрыс айтасыз, жауапкершілігі орасан зор, салмағы таудай батыл шешім қабылдауымның негізгі себебі — ұлтыма адал қызмет істеу, туған отанымыздың дұрыс дамуына үлесімді қосу, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан ұлттық мәселелерге Президент әкімшілігінің, Үкіметтің, мемлекеттік мекемелердің көңілін бөлу, қоғамның пікірін қалыптастыру болатын.

— Осы орайда, өзіңізді президенттікке үміткер ретінде ұсынған «Ұлы Дала Қырандары» халықтық қозғалысы туралы және оның мақсат-мүдделерімен бағдарламалары жайында тоқталсаңыз?

— «Ұлы Дала Қырандыры» халықтық қозғалысы 2011 жылдың 12 қазаны күні Астана қаласында құрылды. Алғашқы құрылтай-сьезіне республиканың барлық облыстарынан 205 делегат қатысты. Сьезд бірлестіктің стратегиясы мен тактикасын айқындады. Жаңа бағдарлама қабылдады. Екі тең төраға сайланды. Біреуі – мен, екіншісі – Марат Нәбиев. Қазір 14 облыста, 3 қалада филиалдары тұрақты жұмыс істеп тұр.

Қырандар қозғалысының негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарды ұлықтау, Ұлы Дала мәдениетін жаңғырту, халықты бірлікке және ынтымаққа шақыру, Ұлы даланың алтын қазығы, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қазынамыз, ұлттық дәстүріміз – ұлттық ат ойындарын, салт-дәстүрді дамыту, бірлестік ретінде еліміздің қоғамдық-саяси шараларына белсене қатысып, атсалысу.

«Ұлы Дала Қырандары» халықтық қозғалысының ұрандары мен ұстанымдары:

— «Қазақстан халқына адал қызмет істейміз!»

— «Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, Ұлы дала мәдениетін жаңғыртамыз!»

— «Ауыл — алтын бесігіміз!»

— «Жемқорлыққа тосқауыл қоямыз!»

— «Біз қырандармыз — біз біргеміз!»

-«Әділдік. Теңдік. Еркіндік»

-«Жер — жанымыз, тіл — тұғырымыз!»

— «Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу»

-«Бірлігі мықты Ел озады»

-«Біз біргеміз — біз жеңеміз!»

— Нұр-Сұлтан қаласының «Антикор» орталығында штаб басқарасыз. Қазіргі қоғамдағы жемқорлық жайлы сізден асырып айтар ешкім жоқ шығар?..

— «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігі өзінің күнделікті жұмысында қазіргі таңдағы қасірет – жемқорлықпен күресті пәрменді жүргізіп келеді. Жемқорлық болғанда мемлекеттік қызметтегі басшылар құрамының ұрлығын, парақорлығын айтамыз. Жемқорлық қарапайым халықтың желкесіне мініп алып, екі өкпесін қысып, есінен тандырып барады. Менің ұсынысым: коррупциямен аяусыз күрес жүргізіп, «Жемқорлықты жою» атты бүкілқазақстандық қызу науқан өткізу керек. Бұл шараның мерзімі 5 жыл болуы қажет. Совет Одағы кезіндегі «Сауатсыздықты жою» науқаны 1919 -1939 жылдары аралығында 20 жыл бойы жүргізілді. Соның арқасында сауатсыздық жойылды. Осындай бүкілхалықтық акцияны ұйымдастыруымыз керек. Халықтың көзін ашып, оларды жемқорлықтан біржолата жиіркендіруіміз қажет.

— Ол үшін не істеу керек?

— Алдымен қарапайым халықты жемқорлармен және жемқорлықпен күрестің әдіс-тәсілдеріне үйрету, оқыту дұрыс болар еді. Мекемелерде, цехтарда, ұйымдарда, мектептерде, барлық жоғарғы оқу орындарында, кәсіпорындарда, КСК-ларда, үйлерде, бір сөзбен айтқанда бүкіл республикада «Жемқорлықты жою» мәселесін өткір көтеріп, қазіргі қоғамда орын алып отырған, жүгенсіз кеткен жемқорлыққа тосқауыл қоюымыз қажет. Тек осылай ғана коррупцияны ауыздықтықтай аламыз. Сосын бюджеттің ақшасын жегендерді, мемлекеттің қаржысын қымқырып, қарапайым халықтың несібесіне арам қолдарын салғандарды қатаң жазаға тартып, елдің алдында атып-асу, итжеккенге аудару керек. Бір сөзбен түйіндесем, жүгенсіз кеткендерді тәубелеріне келтіріп, аяқтарына тұсау салып, шідер тағу қажет. Жемқорлықтың аты – сатқындық.

Коррупциядан құтылмай – дұрыс, толыққанды ел, мемлекет бола алмаймыз. Бізді, қазақтарды ешқашан сырттан жау алмайды, алайын десе де күшпен ала алмайды. Оған тарих куә. Ал жемқорлықты кәсіп еткендердің қатарының көбейе түсуі, олардың тойымсыздығы, сатқындығы мемлекетімізге бірден-бір қауіп деп есептеймін. Менің ұстанымым: жемқорлыққа халық болып тосқауыл қоюмыз керек.

Осы жерде, ерекше айта кететінім, қоғамдық негізде жұмыс істейтін ҚР Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Нұр-Сұлтан қалалық «Антикор» орталығы жемқорлыққа қарсы пәрменді қызмет атқарып, халықпен және қоғаммен тығыз байланыс орнатып отыр.

— Өзіңіз де ауылда тұрасыз. Жалпы, «Ауыл – қаланың жүрегі» дегенді жиі айтамыз. Тіпті, «Ауыл – Ел бесігі» деген бағдарламаны қолға алғанымызға да біраз болды. Қазіргі ауыл тұрмысы жайлы не айтасыз?

— Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Бүгінгідей өркениетке біз ауыл арқылы қол жеткіздік десек артық айтқандық болмайды. Ауылда туып, ауылда өстік. Өйткені ауыл-ананың аялы алақанынан талай ұлы ғалымдар, ақындар мен жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, министрлер, әкімдер түлеп ұшты. Бір сөзбен айтқанда, ауыл – қазақтың жаны. Ауылға біз қарыздармыз.

Алайда, сол ауылдарымыз барған сайын тозып, жұмыссыздық, маскүнемдік, ұрлық белең алмауы үшін және ауылымызды түбегейлі түлету үшін жаңа құрылым құру қажет деп есептейміз. Оның аты – «ЖАҢА АУЫЛ ӨНДІРІСІ» болуы керек.

«Ұлы Дала Қырандары» қозғалысы «Жаңа ауыл өндірісі» бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі мақсаттарын ұсынды. Олар: ауылды сақтап қалу; ауылдағы жұмыссыздықты болдырмау, ауыл өркениетін қалыптастыру; ауылда жастарды тұрақтандыру. Ол үшін — ауыл шаруашылығына пайызсыз несие беру және жер ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді!

— Ауылдағы жұмыссыздық жайлы айтып қалдыңыз, осыны тарқата кетсеңіз.

— Бұл да біздің «Ұлы дала қырандарының» көптен бері айналысып келе жатқан өзекті мәселелерінің бірі. Бұл проблема елді алаңдатып отыр. Жұмыссыздық, соның ішінде жастар жұмыссыздығы қай елдің болмасын өзекті, шешімін табуды қажет ететін мәселесі. Біздің елдің де басты мәселесі.

Қазақстандағы жастар арасындағы жұмыссыздық елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі бойынша жоғары көрсеткіште болып отыр. Экономикалық өсім құлдырағанда, жастар дағдарыстың әсерін алғашқылардың бірі болып сезеді. Сонымен бірге, экономикалық қиын кезеңдерде жалпы жұртшылыққа қарағанда әсіресе жастардың жұмысқа орналасуы оңайға соқпайды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жалпы жұмыссыздық деңгейінің жартысына жуығын құрап отырғандығы жанға батады.

— Жақында ғана Қазақстан халқы 19 млн болды деген қауесет тарап барып басылды. Ал мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көмек беріле бастады. Бұл тұрғыда не айтасыз?

— Біз сапалы әрі көп болуымыз керек. Сонда ғана мына ұланғайыр жерді уысымызда ұстап тұра аламыз. Ол үшін табиғи өсімге назар аударып, мемлекеттік қолдау көрсету керек. Мысалы, үшінші бала туғанда көмек ретінде бюджеттен 1 миллион теңге, әрі қарай әрбір туылған балаға үстінен 1 миллионнан қосылып төленуі қажет деп есептейміз. Сонда сөз жоқ, халқымыздың табиғи өсімі жылдам өсетіні анық.

Сонымен қатар, шет елдерде тұратын қандастарымыздың атамекен елдеріне емін-еркін келулеріне даңғыл жол ашуымыз керек. Оларға бар жағдайды жасауымыз қажет.

— Соңғы кезде ұлттық құндылықтарымызға ойына келгенін жасап, кешірім сұрап қана құтылып кететіндердің қарасы көбейіп барады. Бұған не дейсіз?

— Турасын айтайық, ұлтымыздың менталитетіне, болмысына, салт-дәстүріне, діліне, дініне өте жат тұрпайы арсыздықтар үлкен шаһарларымызға баса көктеп кіріп, жастарымызды, қазақстанның болашағы – балаларымызды ар жолынан тайдыру үстінде. Ұлт үшін нағыз трагедия осы.

Біздің ата-бабаларымыздың: “Малсыз болсаң да арсыз болма», «Әрлі болғанша – арлы бол», «Арыңды жеме, барыңды же», «Ар жазасы бар жазадан ауыр», «Ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы” деген өсиетін неге біз орындамай, аяқсыз қалдырып келеміз? Жоғарыда атап кеткенімдей, кейінгі жылдарда адамның жанын түршіктіретін, қанын қайнаттыратын сорақылықтар, жастардың азғындықтары барған сайын белең алып барады. Осы азғындықты тоқтатпасақ, күлкімізді тыйя алмай қаламыз. Болашақ ұрпақтарымыздың, немере, шөберелеріміздің жағдайын ойласақ, осындай намысқа кір келтіретін, ұлттың арына дақ түсіретін сорақылықтарды болдырмайық, күресейік, алдын алайық дер едім.

Мына мәселеге мен ерекше көңіл аудармақпын. Бірінші болып дабыл қағып тұрмын. Қазір біз Қазақстанды туризм еліне айналдырамыз деп жүрміз ғой. Ол қандай туризм? Біздің ата-баба салтымызды құрметтейтін, ұрпақ тәрбиесіне зиян тигізбейтін болса, әңгіме басқаша. Ал жоғарыда айтқанымдай, біздің қасиетті жерімізге, елімізге гейлер, лесбиянкалар, жезөкшелік сияқты азғындық лас дүниелерді әкелетін болса, оған біз төзбеуіміз керек, алдын ала тосқауыл қоюымыз керек. Сақ болайық, ағайын!

Тізе берсек ұлтымыздың ұлылығына, еліміздің елдігіне, халқымыздың тазалығына кір келтіретін, абыройын төгетін, намысын таптайтын зұлым әрекеттер барған сайын көбейіп барады. Төзіп отыра беруге болмайды. Ұрпақ кешірмейді, ата-баба рухы кешірмейді.

— Бұның бәрін орындау үшін бізге қандай да бір өзгеріс немесе заңдық талаптар керек шығар?

— Өте дұрыс айтасың, біздің қоғамға оңды өзгерістер мен жаңа серпілістер қажет. Бірінші кезекте — Ата заңымызды (Конституцияны) қайта қарап, ондағы баптарды ең алдымен барлық салаларда әділдік орнатуға, демократиялық құндылықтарды одан әрі дамытуға, туған Отанымыздың одан әрі өсіп-өркендеуіне, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінің жақсарып, бақытты өмір сүруіне бағыттап, лайықтауымыз қажет.

Мысалы, мемлекеттік тілдің мәртебесін өз деңгейіне жеткізіп, толық қолданысқа енгізу. Мемлекеттік тілді білмейтіндер, мемлекеттік қызметке алынбайтындай талаптар қойылуы маңызды деп ойлаймын.

Жеріміздің асты мен үстінен түскен барлық қазба байлықтар халқымыздың төл меншігі болып саналады. Сондықтан да шет ел асып кеткен қаржылар мен активтер отанымызға қайтарылуы керек. Табиғи қазба байлықтардан түскен пайда әрбір азаматқа тиесілі болуы керек.

Қоғамда ана мен баланың мәртебесін биіктетіп, көпбалалы аналарға жәрдемақыны екі есе ұлғайтып, отбасылық зорлық-зомбылықтарды болдырмаудың амалдарын жасау керек. Жұмыс істейтін әйелдерге қолайлы жағдай жасап, демография мәселесіне зор көңіл бөлуді қолға алса деймін.

Азаматтық қоғам орнату арқылы халық билігін қалыптастыру. Еліміздегі сайлау заңнамалары мен тетіктеріне түбегейлі өзгеріс енгізу қажет. Биліктің барлық деңгейлерінде әділ, әрі еркін сайлау өткізу. Ауыл, аудан, облыс әкімдерін және соттарды халық сайлауы керек. Осы секілді қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелерді рет-ретімен шешуді қолға алар болсақ, біз аспайтын асу жоқ. Біздің «Ұлы дала қырандары» қозғалысының жарғысында бұл мәселелерден басқа да көптеген өзекті жайттар қарастырылған.

Күш бірлікте. Біздің халықтық қозғалыстың басты ұраны — «Бірлігі мықты ел озады». «Біз біргеміз, біз жеңеміз!»

— Ауылда тұрғаныңызға көп болды ма?

— Биыл сегіз жыл болды. Ауыл өмірі ұнайды. Өйткені ауыл – қазақтың жаны! Ауыл – қазақтың берекесі! Ауыл – қасиетті де киелі қазақтың жерінің қорғаушысы, сақтаушысы, қорғаны!

Біріншіден, Қазақстан өркениетті, қуатты мемлекет боламын десе, ауылға деген көзқарасты 180 градусқа ауыстырғаны дұрыс болады. Неге дейсіз ғой, біз осы күнге дейін ауылға ет, сүт, май, қаймақ, ірімшік, қазы-қарта, жеміс-жидек шығаратын орын ретінде, қарын позициясынан қараймыз. Ол дұрыс емес. Жоғарыда айтқанымыздай ауыл – қазақтың жерінің қорғаушысы, сақтаушысы әрі қорғаны!

1984 жылы бізде 12 714 ауыл болды. Қазір оптимизациядан кейін қалғаны — 6612 ғана. Екі есеге кеміп отыр. Бұл дегеніңіз — жерді жалаңаштау. Ал атам қазақ айтады: «Жалаңаш жер жау шақырады».

Сондықтан, айтарым, ауылды қайтадан қалпына келтіріп, жандандырып, түбегейлі көтеру керек. Ауыл реформасын жүргізу қажет! Жабылып қалған, колхоз, совхоздарды қайта құру керек. Жаңа ауыл өндірісін құру арқылы, жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылда жұмыссыздықты жою керек. Сонда жастар қаладан ауылға қайта оралады. Ауылға жан бітеді. Мектептер, медпунктер, кітапханалар, клубтар, дүкендер мен басқа да инфрақұрылымдар ашылады. Жол салынып, автобустар қатынайтын болады.

Барлық шекаралық аймақтардағы аудандар мен ауылдарды қайта ашу керек. Бұл заман талабы. Қуанса ауыл – қуанамыз бәріміз!

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай, 2020 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.