Көкпаршы

1791

(Әңгіме)

Бір-біріне айтар сөзін айта алмай отырған екеу. Еңсегей бойлы, қыр мұрынды, кең иықты, жуан білекті, ширақ қимылды жігіт те, баппен сөйлеп, биязы күлетін, көз жанары қараған адамын қарып түсетін, шымырлығын нәзіктігі басып кететін қыз да үнсіз.

Қиялдары мына ғаламды қырық айналған. Екеуі де сиқырланып қалғандай. Дәл қазір сөйлесе, қозғалса бір нәрсе бүлдіріп алатындай. Қыз Сезім жүрегінің дүрс-дүрс соғып, кеудесінен шығып кетердей болғанын жасырып, ойын басқаға бұрып, гүлге ұқсайтын көбелектер туралы қиялдап кетті. Олар әу баста гүл болып жаратылып, бұталардан көбелек болып ұшып кеткен. Ана бір гүл әуеде қалықтап еді, жердегі бір гүлдің қызуы көтеріліп тыныс алуы жиілеп, қозғалақтап, сыбдырлап кетті.

— Сен осы қиялсың, — Нұр-жігіт қыз-Сезімге жалт қараған. Жігіт сөйлеген жоқ, қыздың ой-сезіміндегі дауыс осылай деген. Ішкі үндер бірден үйлесіп кетті.

— Неге олай ойлайсың?

— Себебі сен қазір ана бір қаздиып өсіп тұрған гүлді тәртіпті қатаң қадағалайтын үлкен әйелдерге ұқсатып отырсың.

— Жоқ, бұл жолы қателестің. Көкпардың төрешісіне ұқсатамын.

Екеуі де күліп жіберді.

Нұр-жігіт тізесін сипалап отыр. Өткен көкпарда қарсы келген ат кеудесімен соғып, аяғын қайырып, тізесі шығып кеткен. Содан ойнамалы болып, күн суытса осылай сүйегі сырқырап кетеді.

— Алда болатын көкпарға қатысасың ба? – қыз-Сезім Қарадаланың көкпар болады деген жерінің шөбі тай терісіндей тақырланып, күнгей беткей шаңытып, қорым тастардың көбейіп кеткенін көзімен шола отырып жігітке сұраулы жүзбен қарады.

— Менсіз өткен көкпардың қызығы жоқ қой, — Нұр-жігіт осы жерде айбарланып, кеудесін керіп, мақтанып жіберді.

— Өткен жолы бір жігіттің атының құйысқанын кесіп, өзін сабап, атынан аударып жібергенін көріп, шошынып келіп едің ғой, енді көрмегенім көкпар болсын деп, — қыз-Сезім Нұр-жігітке сынай қарады.

— Ол бір сәттік көңіл-күй ғой, шегірткеден қорқып егін екпесек намысымыз тапталмай ма?

— Өткен жолы бір таныс қыз «Сенің жігітің көк барис па?» деп сұрайды. Түсінбей «қай, Баристі айтып тұрсың?» — десем, «Барис емес, көкбарис» дейді. Көкпаршы дегенді бұрмалап алғаны ғой. Неге сұрадың десем, қазір көкбаристерге байлар ат дайындап беріп, олар сонымен шауып, байларға машина ұтып алып береді екен ғой дейді.

— Сандалмасын! Білмейтін ауылынан аулақ жүрсін, — Нұр-жігіт манадан бері балқып отырған ғажайып дүниенің есігін қатты екпінмен ашып жіберіп, орнынан қарғып тұрды.

Қыз-Сезім іштей жымиды. Бас салып, шапқылап ат құлағында ойнау мүмкін емес, оның жалын сипалап, құлағын қасып, сыбырлай сөйлеп, бой үйрету керек. Еті үйренген жүйрікті содан кейін ғана жалынан тартып, өз ырқыңа көндіру қиын емес. Сол мінез жылқымен егіз болып кеткен көкпаршы, шабандоз жігіттерде де болады. Мінездері қайсар, өткір, кей-кейде ұрыншақ, сөз тыңдамай кететін кездері де көп. Қыз-Сезімге жуас аттар ұнамайды. Мінезсіз жылқымен додаға түсіп абырой таппайтынын ат төңірегінде жүргендер біледі. Әкесі жылқышы, өзі де ат баптайтын қыз-Сезімге де тепсініп, ойнақтап, секіріп тұратын асау аттар ұнайтыны секілді, жігіттердің де айбындысы, бірсөзділерін жанына жақын тартып тұрады. Олардың ашуланып тұрғанда ауыздарынан абайсызда шығатын дөрекі сөздері де тым жаман мінездіге қоспайды. Әңгіме әдемі өрілді-ау деген кезде:

— Нұр, мен де көкпар тартқым келеді, — деді Сезім жүріп келе жатып еркелейтін құлындар секілді, кекілін сілкіп, еміреніп, үздігіп отырған жүрегіндегі от-жалынды дауыс ырғағына көшіріп.

Нұр орнынан тұрып, қайта отырды. Санасына қат-қабат келген ой иірімдерінің қайсысын ұстарын білмей дағдарғаны қарақошқылданып кеткен жүзінен байқалып тұр. Қыз баланың көкпаршы болғанын жеті атасынан бері көрген жоқ, естімепті де.

— Көкпардың қандай ойын екенін білесің бе? — тамағы құрғап, даусы тарғылданып шықты.

— Білемін

— Білсең, үстіңнен 20-30 ат секіріп өтіп, тұяқтардың астында тапталып жатқың келе ме?

— Мені неге тапталады деп ойлайсың?

— Жалпы қыздар мықты деген сайын бас сұқпайтын жерге бас сұғып, араласпайтын жерге араласатын болдыңдар. Аяғы неге апарып соғарын бір Алла білер. Менің білерім – табиғатта ешқашан қайшылық болмайды, болдырам деп дүниені қиындатасыңдар. «Қыз бала жүйрікке мінсе бағы байланады» — дегенді де қазақ айтқан, — Нұр ашуын тежеп, өзін сабырға шақыра сөйлегенімен, бұрқ-сарқ мінезі даусынан анық аңғарылып тұрды.

— «Қыз бала жүйрікке мінбейді» дегенді қашан айтты? «Қыз қууда» қазақтың мен деген жігіттері шаң қауып қалған жоқ па?

Нұр үнсіз отырып қалды.

— Нұр, тыңдашы. Ағам мен жеңгемнің сәби күткендеріне талай жыл болды. Емші, дәрігердің алдын адақтап шықты. Ұрпақ сүйгісі келген әйелге көкпар етін жегізеді екен ғой. Ағам мен жеңгемнің есігінің алдына көкпар әкеліп тастағым келеді, — Сезімнің жанары боталап кетті.

Нұр бүрісіп отырған Сезімді аяп кетті. Күлкілі шығатын бәрнәрсе айтқысы келді.

— Онда мен былай істейін. Бір қазан желім ерітейін, одан атқа тоқымды желімдейін, тоқымға ерді желімдейін, одан сені ерге желімдейін, арқанмен омырауыңнан шандып байлап, Қырғызсайдың тауынан өзенге құлайтын тарау-тарау жолдармен Қарадаланың бұрын аэропорт болған даласында өтіп жатқан додаға қосып жіберейін. Сен шауып келе жатырсың дейік, алдыңнан сүмбілдей боп өскен қарағай жолығады. Астыңдағы адуын арғымақ аттың екпінімен жолдағы қарағайды құшақтай алғаныңда ол түп-тамырымен қопарылып, алдыңа көлденеңінен өңгеріле қалады. Бір таудың қарағайын өңгеріп келе жатқан көкпаршыны көргенде жігіттер серкені тастай салып, алды-артына қарамай қашатын шығар, — деп еді, әзілі түсініксіздеу болып, Сезім селт етпеді. Салқын ғана қоштасты.

***

Қарадалаға xалық көп жиналыпты. Бәрі де көкпар десе ішкен асын жерге қоятындар. Қазақтар: «атқа мінсе шаршап, жаяу жүрсе демалатын, атқа мінсе қопаңдап, ерге дұрыс отыра алмайды» деп күлетін ұйғыр жігіттері де ойнақтаған аттарының ауыздығын шайнатып, жарысқа, шабысқа қызына кіріскелі тұр. Олар көкпар атын Тәшкеннен әкеліп жүр. Көкпарға жақсы ат қосу – мақтаныш. Иесі мақтаншақтың аты да мақтаншақ. Ақылды ат солай икемделген. Айналасына маңғаздана қарап, ойқастап өтіп, арқырап кісінеп қояды.

Нұр айналасын бір шолып, Сезімді іздеп еді, көзіне түспеді. Оның келіп жан-тәнімен қолдап тұрғанын сезіну рухын асқақтататын еді. Өкпесі жазылмаған-ау шамасы деп ойлап үлгергенінше, дүрмекке қосылуға елеңдеп тұрған Қанжирен додаға қарай құстай ұшты. Тартыс буы жігіттерді де, аттарды да желіктіріп, аспан асты дүрлігіп кетті. Шақыр-шұқыр, үйме-жүйме тартыстан, жер тілгілеген тұяқтардың дүбірінен көтерілген шаң күннің көзін жауып қалды. Өкпесі сенектей, танауы шелектей болған аттардың додаға бірі кіріп, бірі шықты. Бір-бірінің өңменінен түйіп жіберіп, кеудесімен қағып, айылын аңдаусызда келіп қиып жіберіп, аунап түскен жігіттерге ерттеулі аттарын мінгізіп, тоқымы тарамыс жігіттердің атына айқай қосқан жұрттың шуынан шошыған құстар басқа жер іздеп алысқа ұшты.

Иін тірескен аттарды бұзып-жарып Бозшұбар сәйгүлік жұлдыздай ағып келіп, ортадағы серкеге қол созды. Денесі шағындау көкпаршының терісі темірдей серкені сондай бір ептілікпен білектері балғадай, бұқа мойын, шойындай палуандардан жұлқа тартып, тақымына жеңіл қыса салғаны сұрапыл көкпаршылардың намысын ойнатып, қанын қайнатты. Қиқулап, арқырап, аруақ шақырып лап қойды. Нұрдың Қанжирені де, өзі де еліріп алған. Көз көрер жердегі Бозшұбармен құйрық тістесіп келеді. Ат пен шабандоздың үндесіп шабуы, бет-аузын тұмшалаған көкпаршының ептілікпен айласын асырып, жеке дара суырылып келіп, серкені жеңіл тақымына қысуы Нұрдың намысын өртеп барады. Қаршығадай болып, ер үстінде нық отырған шабандозға жетсе, маңдайынан салып жіберіп, қанын ағызғысы келіп, ызаланып, зәрленіп келеді. Бозшұбардың жанына жетіп, ер үстінде нық отырған шабандоздың тақымындағы серкеге қол жеткізіп, ырғап-ырғап жұлқылай тартып қалғанында, мықты тақымнан оңай сырғып кеткендей болды. Асықпай алдына өңгеріп, одан кейін тақымына қысты. Енді серке өзінікі. Мынаны атынан аударып кетсем ба екен деген шайтан ой сап ете түскенде көздері түйісті. Тұмшаланған беттен жанары шарадай жанып тұр. Бозшұбар иесінің осы сәттегі әлсіздігін түсінбегендей, арқырап жіберді.

— Сезім бұл сенсің бе? – дегенше, артқы топтағы аттар ағыны сең суындай боп басып өте шықты.

Нұрдың артына қарауға мұршасы келмеді. Салымдағы сыйлық та маңызды болмай қалды. Мәреге аз қалған жердегі қырғын додадан жұлдыздай ағып шығып, Қырғызсайдағы Сезімнің аға-жеңгесінің үйіне тартты.

— Таста, көкпарды таста! – деген сөздерді естімеді.

Ережені ескермегені үшін артынан жеткен жігіттердің атының жүгенін сыпырып, өзін сабап, аударып кететінін де білді.Біле тұра құйындатты.

Атынан құлап, үстінен сатырлаған тұяқтар секіріп өтіп жатқанда, «Нұр айтқандай жұлмаланған көкпардай болып мыжылып өлетін болдым ғой» деген Сезім орнынан тұрғанда, денесіне бірде-бір аттың тұяғы тимегенін байқады. Бетіндегі пердесін шешіп, басын шарт буған орамалын алды. Екі бұрымы төгіліп беліне түсті. Көкпаршыларды қызықтауға жиналған жұрт аспаннан пері түскендей таңырқады.

Кешкісін Сезімнің қызуы көтеріліп «Нұр, жеңге, көкпардың қуырдағы» деп сандырақтап жатып, көз жұмды. Сүйегіне түскендер арқасы тілдей болып көгеріп қалыпты десті.

Гүлдер көбелекке айналмады, жапырақтағы тамшылар мөлт-мөлт етіп үнсіз жылады.

Бір жылдан кейін аға-жеңгесі кішкентайлы болып, бөпелерінің атын Нұрсезім қойды.

Ділдәр Мамырбаева,

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.