«Қазақ» газеті – қазақ журналистикасына салынған жол

58

Бүгін, яғни 2 ақпан қазақ журналистикасының қара шаңырағындай болған «Қазақ» газетінің жарық көрген күні. Нақтырақ айтар болсақ, бүгін басылымның жарық көргеніне 105 жыл болды.

1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қаласынан оқырманға жол тартқан «Қазақ» газетінің алғашқы саны Ахмет Байтұрсынұлының «Газет — халықтың көзі, құлағы һəм тілі» деген қанатты сөзге айналған пікірімен басталған еді.

«Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды… Екінші газет – жұртқа қызмет ететін нəрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші. Төртінші газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады», — дейді Ахмет Байтұрсынұлы.

«Қазақ» газетінің сол кездегі міндетіне, қазақ журналистикасының қара шаңырағы болар ерекше жаңалығына бір ауыз сөзбен ғана баға берген депутат Сауытбек Әбдірахман аталған газетке қазақ журналистикасына жол салған басылым деген баға берді.

«Әрбір қазақ азаматы руханияттың маңында жүрмесе де, қанында қазақтық қасиет бар әр адам бұл газеттің орнын, салмағын, маңызын, ерекше жөнін, жосығын бағалайды, біледі, қадірлейді. Біздің журналистикамыздың бастауында тұрған, еліміздің ең қиын жылдарында жаңа журналистиканы бастап берген, елдіктің сөзін сөйлеген және кейінгі журналистикаға сол сара жолды салып берген осы «Қазақ» газеті», — дейді Сауытбек Әбдірахман.

Ал бар өмірін қазақ журналистикасының дамуына, зерттелуіне, қалыптасуына арнаған танымал ғалым Намазалы Омаш бұл газеттің қазақ қоғамындағы күні бүгін өзектілігін жоймаған мәселелерді көтергенін айтады.

«Қазақтың» алдында 1870 жылы «Түркістан уәлаяты» шықты, 1888 жылы «Дала уәлаяты» шықты. «Дала уәлаятына» биыл 130 жыл толады. Ал ғасырдан асқан «Қазақ» ол басылымдардан бөлек. Себебі бұл басылым ана екеуінен гөрі көбірек зерттелгенімен, мұнда көтерілген мәселенің көбін қазіргі көзі қарақты оқушылардың бәрі біледі деп есептемеймін. Өйткені, бір көздері өзіміз де біраз шолып қарағанбыз, зерттеу жұмыстарымызға байланысты. Сол кездерде әр қараған сайын, «Қазақ» газетінің қоғамдағы «күйіп тұрған» мәселелерді өте сауаттылықпен көтере білгеніне көз жеткіздім», — дейді ғалым.

Сонымен қатар, Намазалы Омаш «Қазақ» газетінің атауы өз уақытында өте сәтті қойылғанын айтты.

«Қазақ» — жалпы ұлттық газет. Мұндай атаудың өзі халықтың, ұлттың жүгін көтерер басылымға ғана беріледі. Аты өте дұрыс қойылған, өйткені ол кезде бүкіл ұлттың алдындағы мәселені көтеретін атау табудың өзі қиын еді. Сол дәуірдегі қазақ халқының, қазақ ұлтының басында қандай мәселе бар, соның барлығын көтере білген. Тіпті қазіргі көзқараспен қараған күннің өзінде, олардың мәселені көтеру шеберлігі, жалпы ұлтқа қаншалықты қажеттілігі барлығы өте сауатты, тек журналистік тұрғыдан ғана емес, журналистік зерттеу, әлеуметтік мәселелер, экономикалық мәселелер, шаруашылық мәселелер, ұлттың өзекті дүниелері, ұлттың тарихы мен тілі, діні барлығы да осында толық көтерілген», — дейді Намазалы Омаш.

Ғалымның айтуына қарағанда «Қазақ» газеті жайлы айтқанда, газеттің дүниеге келуіне айрықша еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынұлының есімін ұмытуға болмайды.

«Қазаққа» айрықша еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынұлы. Біз сол бір Байтұрсынұлының өзінің қырларын толық ашып, зерттей алған жоқпыз. Ал мұнда Байтұрсынұлының сіңірген еңбегі ерекше. Қазақтың табиғатын да, тарихын да, сол кездегі мәселелерін де, жай-күйін де одан терең білген адам жоқ. Сондықтан «Қазақты» айтқан кезде Ахмет Байтұрсынұлынан айналып өте алмаймыз», — дейді журналист.

Ол «Қазақ» газеті әлі де толық зерттеліп біткен жоқ деген пікірде.

«Ал «Қазақты» зерттеуде біздің алаштанушылар, Байтұрсынұлын зерттегендер, мен секілді қазақ журналистикасын зерттегендер арнайы тоқталғанымен, мен бұл газет туралы жан-жақты қамтылып, айтылып шықты деп есептемеймін. Әрине, Үшкөлтай Субханбердинаның, Қайрат Сақтың т.б. азаматтардың бұл басылым туралы зерттеулерін, жазғандарын жоққа шығармаймын. Бұл газет туралы ең алғаш сол Үшкөлтай апамыздың айтуымен, жазуымен білдік. Бірақ кейінгі кезде әркім өзінің тақырыбына байланысты ғана қолына түскен «Қазақтың» тігінділерін қарап айтып жүр. Ол тігінділердің өзі түгел емес. «Қазаққа» қатысты мен білетін әңгіменің негізгілері осындай. Ал менің білмейтінімнің өзі өте көп. Шын мәнісінде сол кезде «Қазақ» қазаққа қатысты мәселенің барлығын көтерген»

Əлихан Бөкейхан қолдап, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы жауапты редакторлары болған басылымның 1918 жылға дейін 265 нөмірі жарық көрді.

Басылымды тұрақты түрде ұстап, уақтылы жариялап тұру үшін газет жарыққа шыққан жылы Алаш зиялылары «Азамат» серіктігін құрды.

Газет жарыққа шыққан бес жылды — Алаш зиялыларының бес жыл бойғы рухани майдандағы күресі жылдары десе де болады. Қазаққа ең маңызды деген жер, тіл, білім, дін, теңдік «Қазақ» газетінің ең басты тақырыптары болды. Әлихантанушы, алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлұлының келтірген дерегіне сүйенсек, «Қазақ» газетінің кейбір сандары бір жылда 8 мың тиражға дейін жеткен.

Қазан төңкерісінен кейін «Жауың кім? Жауың — большевик» (1918 жылдың басы, «Аттан Алаш азаматы!» атты мақала) деп жазған «Қазақ» газеті большевиктерге қарсы ымырасыз күрес жүргізді. Басылым большевиктердің залым әрекетін әшкереледі. Кеңес үкіметі де қарап қалған жоқ. Ақыры, 1918 жылдың басында Орынборда кеңес өкіметі орнап, «Қазақ» 1918 жылдың 17 қаңтарындағы 260 нөмірінен кейін ұзақ уақытқа тоқтап қалды. Алайда Орынбор 1918 жылдың 20 маусымында большевиктерден азат етілгеннен кейін ғана шілденің 23 мен 30-да «Қазақ» газетінің №261 мен №262 нөмірі, қыркүйектің 5-і және 16-да №263 пен №265-нөмірлері жарыққа шықты. «Қазақ» өз жұмысына қайта кіріскенімен арада көп өтпей, большевиктердің өктемдігімен басылым біржола жабылды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дәурен Абаевтың биылғы дәстүрлі «Үркер» журналистер байқауында «Қазақ» газетінің 105 жылдығына орай арнайы сыйлық тағайындалатынын айтқан болатын.

Ержан Жаубай, 2018 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.