Сүйектен кәдесый жасайтын шебер: Тарихи бедерлерді оюды жақсы көремін
Астананың 20 жылдығына орай Ұлттық музейде «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты өңірлер музейлерінің көрмесі басталды. Осы көрмеге Ақмола облысы, Шортанды ауылынан сүйектен кәдесый оятын шебер Бектас Кәрімұлы да келген екен. Ерекше өнер иесімен бір-екі ауыз тілдесудің сәті түскен еді.
– Сүйекпен жұмыс істеу қиын ба?
– Жеңіл емес қой. Бұны түрлі қалыпқа келтіріп, ойып, бедерлеп, кесу үшін жұсарту керек.
– Сүйекті қалай жұмсартасыз?
– Жұмсарту үшін тұзды суға көбірек қайнату керек. Сол кезде жұмсарады.
– Тұз қатайтып жібермей ме?
– Тұз ағарғанына жақсы сүйектің. Сірке суын (уксус) керектенемін. Уксус қосылған суға сүйекті 7-ден 10 күн бойы салып қоямын. Ол жібітеді. Әрине, резенке секілді былқылдап кетпесе де, белгілі мөлшерде жұмсайды.
– Қанша жылдан бері айналысып келесіз?
– Екі-үш жыл ғана болды.
– Қандай сүйектерді пайдаланасыз?
– Жауырын, жамбас, бас сүйектерді пайдаланамын. Негізінен жауырыннан жасаймын. Жауырынның бір ерекшелігі – тез жібиді және шығармашылық қиялыңды түрлендіруге жақсы.
– Бас сүйектен не жасайсыз?
– Жылқының бас сүйегін оюлап, өзін әшекейлеген едім.
– Қайдан үйрендіңіз?
– Өзім Моңғолиядан келгенмін. Сол жақта осындай сүйектен жасалған заттарды көрдім. Сосын бала кезімізде сүйектен бедер салған сандық, төсектерді көрдік қой, солар ойымда қалыпты. Моңғол халқы да қазақ секілді жылқы малын ерекше қадір тұтады ғой. Сондықтан олар көбінде жылқы бейнесін ояды.
– Ал өзіңіз қандай тақырыпта оясыз?
– Мен көбінде тарихи бедерлерді оюды жақсы көремін. Сақ дәуірінен бері келе жатқан тастағы бейнелер, ұлттық нақыштар мен қазақтың көне таңбаларын, көне өрнектерін оямын. Әр түрлі тақырыптарда жасалған бедерлер бар.
– Сатасыз ба?
– Сатылады. ЭКСПО-да біразын саттым. Сыртына кішігірім рамка жасап, кәдесый ретінде саттым.
– Бағасы қандай болады?
– 15 мың теңгеден жоғарыға бағаланады. Бұл жерде ұсақ малдың сосын ірі қара малдың сүйектері екі түрлі бағада болады.
– Жаңа Нью-Йорктағы көрмеге жіберілді деп естідік сіз жасаған бұйымдар?
– Иә, осыдан біраз бұрын осы Астанада халықаралық көрмеге қатыстым. Ол жерде Ресейден, Моңғолиядан және осы өзіміздің Қазақстаннан, Қытайдан да келіп қатысқан қолөнер шеберлері болды. Сол көрмеден жүлделі орынға іліндім де, Америкада өтетін әлемдік көрмеге жолдама алдым.
– Барып келдіңіз бе?
– Жоқ, өзім бара алмадым. Виза мәселесі шешілмей қалды. Сосын өзім бармасам да, жасаған картиналарым қойылды ол көрмеге.
– Сізден басқа сүйекпен кәдесый жасайтын шеберлер бар ма?
– Жасайтын жігіттер бар деп естідім. Бірақ кездескем жоқ. Ал әзірге Ақмола өңірінде мен ғана осымен айналысып жүрмін.
– Жаңа сөзіңізде айтып жатырсыз, сүйекпен сандық, кебеже, төсектерді безендіріп, оюлайды деп. Өзіңіз жасайсыз ба, тапсырыс беретіндер бар ма?
– Ондайға тапсырыс беретін адам жоқ. Бірақ мен сүйектен кәдесый жасаудан бөлек, картина сызамын. Соған тапсырыс беретін бірен-саран адамдар болып тұрады.
– Мамандығыңыз не?
– Театр сахна суретшісімін.
– Рахмет!
Бұл жолғы көрмеге Бектас Кәрімұлының «Астана», «Бәйтерек», «Қазақстан», «Тәуелсіздік» қатарлы патриоттық тақырыптағы көрмелері қойылған екен. Көрмені 10 маусымға дейін Ұлттық музейдің «Рухани жаңғыру» залынан тамашалауға болады.
Ержан Жаубай, 2018 жыл