Қалилулла Жазғыбеков, аңшы: Қазір тазыға қасқыр алдыру шоу болып кетті
Қазақтың жеті қазынасының бірі – құмай тазы. Бүгінде ит жүгіртіп, құс салу жайлы білетіндер саусақпен санарлық қана деуге болады. Белгілі аңшы, итбегі, құсбегі Жазғыбеков Қалилулла Серікбекұлымен атадан келе жатқан құнды дәстүріміз – тазы итті бағу, баптау, қасқырға салу жайында әңгімелескен едік.
Аңшы қазіргі кезде алғыр тазының азайып кеткенін, оны сұрыптап, бағым-күтімге алатын адамның жоқ екенін айтады.
– Жүйрік тазыны қалай тануға болады?
– «Ит көзі түтін танымас» дегендей, сыртынан қараған адамға бәрі ит немесе бәрі тазы болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, жүйрік тазының бір ерекшелігі – кеуделі келеді. Алдыңғы бақайлары, тұмсығы ұзын, құлағы салбыраңқы, құйрығы мен белі қысқа, бүкіштеу келеді.
– Созалаңдаған тұрқы ұзын тазыны да жүйрік деп жатады ғой…
– Мәселе тұрқының ұзын-қысқалығында емес, мәселе – кеудеде. Жүйрік тазының төс сүйегі кең, кеуделі болып, төсі төмен салыңқы келеді. Сондықтан олар жатқанда дұрыс жата алмайды. Балық кеуде болады да, төс сүйегі жер тіреп жатқызбайды. Бұл нені білдіреді? Бұл тазының жүрегі үлкен екенін көрсетеді. Жүрегі үлкен жануар ұшқыр болады. Кеудесіз тазылар қанша мықты болса да, жүйрік болмайды. Сонымен бірге, бақайлары да быртық емес, салалы болады. Быртық бақай жүйріктікке жатпайды.
– Нағыз тазыны дүрегейден қалай ажыратуға болады?
– Таза тазылар шашаққұлақ, балақ жүндері ұзын, жүріс-тұрысы ылдым-жылдым келеді. Ал дүрегей аты айтып тұрғандай, сырт пішіні қолабалау, тазыға сырты ұқсағанмен, іші дөкір, ызақорлау келеді.
– Тазының қанша түрі бар?
– Қасқыр алатын тазылардың өзі үш топқа бөлінеді. Бірінші топтағылар – қасқырды бірден жығып алатын күштілер. Сүйегі сом, тұмсықтары ұзын әрі жүйрік болады. Көзі қып-қызыл, нағыз қасқырға салатындар. Екінші топтағылар – аңдысып шабуылдайтындар. Үшінші топтағылар – қасқырды тірсектен не шаптан алып, айқасып немесе иесі келгенше ұстап тұратындар.
Қайыңқаптал деген түрі бар. Қасқыр алып жүрген алғыр тазыларды қайыңқаптал дейді. Мұның арғы түбі таза тазы мен бұрынғы қазақы маңтөбеттерден тарайды. Бала кезімізде – 1960 жылдары маңтөбеттер көп еді. Олар қораға түскен қасқырды әп-сәтте паршалап тастайтын. Оларға қазақы тазылар қыналап (шағылысып – ред.), содан тарады. Ал тазы мен маңтөбет қарыққан кезде жарғаққұлақ дүрегейлер тарайды. Бұлар сұмдық жүйрік болады.
– Шынымен қасқыр алатын тазылар бар ма?
– Қан ғой. Қан болмаса тайыншадай тазы болса да қасқырдың иісін сезген сәтте-ақ безіп кетеді. Кез келген иттің қасқырды барып таңынан бір тартуға дәті жетпейді. Мен даланың қасқырын айтып отырмын. Ал қазіргі тазыға қасқыр алдырып жүргендердің ісі шоу ғой. Көшеде ит таластырғанмен бірдей. Қолда үйреткен қасқырдың нағыз қасқыр исі жоғалып кетеді.
Шоуларда қасқыр алып жүрген тазыларды ертең даланың бөлтірігіне салсыншы, батпайды мүлде. Ал даланың қасқырына иттің иті ғана бара алады. Онда да қасқыр тартуға шамасы келетін қаны бар тазылар ғана шаба алады. Талай ит жүгірткен адамбыз ғой, басында керемет деп жүрген тазымыз қасқырдың қарасын көргенде зытып отыратын.
Сөйтсек, тегі мықты болады екен ғой. Сосын жан-жақтан қасқыр алатын тазылардың тегін жинадық. Оларды селекциядан өткізіп, баулып, бақтық. Содан бастап кез келгені қасқыр алатын болды.
Осыдан-ақ қандай тазы болса да бәрі тектің мықтылығына байланысты екенін көруге болады. Жәй жүргенде жуас, бірақ қасқырды көргенде көздері қызарып кетеді.
Менің ата-тегімнен бүркітші, аңшы, атбегілік үзілмеген. Әкем де ата дәстүрден жаңылмай өтті. Сол кісілерден құстың тілін үйрендік. Ит жүгіртудің, тазы баптаудың қыр-сырын меңгердік. Әкемде 5-6 тазы болды. Ауылда оларға қарсы келер ит жоқ еді. Кез келгенін талап тастайтын. Бірақ далада күзгі бөлтірікке батпайды жаңағылар. Әкеме айтам, «Мыналарыңыз тазы емес қой, бесеуі жабылып бір қасқырдың таңынан тарта алмайды» деп. Қибат атты туысқан ағамыздың «Ақбілек» деген қасқырды жекпе-жек алатын тазысы бар еді. Бойы тұрған адамның кіндігінен келеді, көсіле шапқанда екі метрге дейін ұзарады. Сол тазымен қарықтырып, күшік алдық. Соның тұқымы бүгінге дейін жалғасып келеді.
– Қандай атақты тазыларды білесіз?
– Негізі тазылардың көп шоғырланған жері – Қарағанды облысы. Шет ауданы, Өспен, Ақадыр жағында алғыр тазылар көп. Өспенде «Ноянның Қырыпсалы» деген тазы болды. Аты Қырыпсал ғой, иесінің есімі Ноян. Қасқыр алатын, нағыз алғыр тазы еді. Одан кейін Балғабас деген тазы болды Ноянда. Ол да басы балғаның басы секілді, ұзын, қасқырды жекпе-жек алатын ит еді. Тағы сол Қарағанды өңірінде Бәденнің Ақбүркіті деген тазы болды.
1979-80 жылдары Бәден деген кісіге бардым. Ол кезде қартайып қалған, қой бағатын. Барсам, үйінің маңы толған ақ тазы. Бірақ Ақбүркіті көрінбейді. «Ақсақал, сіздің Ақбүркіт деген тазыңыз бар деп естіген едім, сол бар ма?» деп сұрадым. «Бар ғой, құлыным, мынаның бәрі соның ұрпағы» деді жаңағы үй маңындағы қалың ақты көрсетіп. «Өзі қайда?» дедім мен де болмай. «Ой, оған біреу ине жұтқызған ба, өлейін деп жатыр». Әлден соң қария «Ақбүркіт! Ақбүркіт!» деп айғайлап еді… Ойпырмай, қарағанның арасынан қу сүйегі ғана қалған ақ тазы шықты. Ондай тазыны мен өмірімде әлі жолықтырған жоқпын. Басы найзадай, кеудесі түйенің кеудесі секілді, көз қып-қызыл. Өзі қыр-қыр етіп өлейін деп жүр. Тізген сүйек болып қалған.
Солардың ұрпағын алып, қарықтырып, жетілтіп, қасқыр алатын тазыларды дайындадық қой. Олардың кез келгені қасқырға түсе береді. Ит бір тартқаннан кейін болды, қасқыр қаша алмайды. Екі жағына кезек жалтақтап, шыр-көбелек айналып тұрып қалады.
– Сол тазылардың тұқымын сақтап, асылдандырып, тазы өсірумен айналысып жүрген адам бар ма?
– Бар, бірақ көп емес. Өткенде өзің сұхбаттасқан Әділ Маясаров бар, Қарағанды облысының Шет ауданында, Айғыржалда, Ақадырда Бауыржан деген жігіт бар. Осы Бауыржан көп еңбек сіңірді. Ол біздің бұрынғы қасқыр алып жүрген тазыларымыздың тұқымын сақтап қалды. Қазақ энциклопедиясына кірген әйгілі Тұйғын деген тазының, сол Айғыржалдағы Әміржан мен Қайыржанның қасқыр алатын тазыларының тұқымдарын осы Бауыржан сақтады. Бауыржан өзі ит жүгіртпейді, бірақ итті тани біледі. Тұйғын деген тазы жекпе-жекте бір өзі 12 қасқыр алған. Қасқыр алатын тазы көп тумайды.
– Өзіңіз де тазы ұстайтын шығарсыз?
– Иә. Менде Сұркиік деп атаған екі тазым болды. Үлкені сары шолақ ит еді, оның баласының баласын да Сұркиік деп атадым. Бұрын ертегіден оқығанда иттің сырттаны болады дегенге онша сенбейтін едік. Үлкен Сұркиікті көргенде мен осы сөзге сендім. Сол Сұркиіктің жотасында жалы бар еді. Қасқырдың жалы үш буын болып келеді. Дәл сол секілді Сұркиіктің жота жалының буыны да үшеу еді. Басы ұзын, нағыз қасқыраяқ тазы болатын. Күшігінен асырап, үйіне жеткен (иттің жыныстық жетілу уақыты – ред.) кезде сілеусінмен ауызданды. Одан кейін қасқырға салдым. Содан бастап ол қасқырды кәдімгі түлкі секілді ала беретін болды. Қара жерден қасқырдың ізін алатын ит болды. Біз барғанша қасқырды шалажансар тастап қойып күтіп отырады. Кейде таба алмай қалсақ, бір-екі әуп етіп үріп дыбыс береді.
Оның бір ерекшелігі, қандай мықты қасқырды ойнап жүріп алатыны еді. Қасқырды бір жұлқып өтіп, алдына тұра қалады да, онымен ойнап, билеп тұратын. Қасқырды осылай алдап тұратын. Қасқыр артық қимыл жасаса болды, сарт етіп, ала кететін де, сол бойы тұрғызбай басатын.
Бұл әрекеті оған алғаш бау ашқанда – сілеусінді алған сәтінен бастап пайда болды. Арбасып тұрғанда сілеусін алдыңғы аяғымен тарпып тырнайды ғой, содан қорғану үшін екі жаққа кезек секірген еді. Содан бастап ол осы әдісті қасқырға да қолданатын болды.
Енді Сұркиіктің неге сырттан болатынына тоқталайын. Жылқы бағамыз ол кезде. Екі кезек. Қасқыр көп. Біздің кезек келгенде мен қасымнан Сұркиікті тастамаймын. Түнде өзіміз жылқы күзетіне кеткенде итті қосқа байлап кетемін. Себебі, жалғыз тазым, табаны тиіп қалуы мүмкін ғой (табаны тию – арнайы жаратпаған тазының табаны түнгі суық қарға домбығып кетуі мүмкін – ред.). Қостан оншақты шақырымға дейін алыстап, Ор таудың сілемдерінде түнгі тебінде жүреміз. Сонда қоста жатып үріген Сұркиіктің дауысы бүкіл тауды жаңғыртып тұратын. Түнгі тебіннен келгеннен кейін тазыны босатып жіберемін. Қостың айналасында жүреді. Тура сағат 11-де қостан 4-5 жүз метр жердегі төбенің басына шығып алып, 15-20 минут үріп қайтады. Біз кезекте болғанда жылқыға бір қасқыр жоламайды. Қалай кезек ауысып, мен итті үйге алып кетем, солай жылқыға маза бермейді қасқырлар. Басшылар екінші ауысымдағы жылқышыларға айғайлайды, «Сендер мал бақпайсыңдар!» деп. Жылқышылар да безілдейді «Оларда Сұркиік бар ғой» деп. Басшылар қайдан білсін, Сұркиік дегеннің не екенін. Міне, мен жаңағы тазының нағыз сырттан екенін сонда білдім. Ал сырттан жүрген жерде қасқыр жүрмейді. Оны үнінен таниды.
Қазір қолымда екінші Сұркиік пен Тұйғыннан қалған сары тазым бар. Бұл тұқымды да сақтап қалған жаңағы жоғарыда айтқан Бауыржан деген жігіт.
– Тазының бабы қиын бола ма? Қалай баптайды?
– Тазы да бүркіт секілді, жаздай жатады. Сол кезде ол денесіне май жинайды. Әсіресе, тазы майын табанына көбірек жинайды. Сондықтан семіз тазыны күнде екі-үш шақырым аяңдатып жүргізіп келеді. Көп жүгіртпейді, аңға қоспайды. Осы әдіспен біраз еті жеңілдегеннен кейін қоясын құстырады.
– Ол қалай?
– Қоя құстырудың бір түрі – сақал жұтқызу. Адамның сақалы өте қатты, асыл болады. Соны қырып, майға араластырып, тазыға жұтқызады. Немесе жылқының ту құйрығын ұсақтап, соны майға орап жұтқызасың. Болмаса тотияйынды нанға орап жегізесің. Сол кезде ит құсады. Тотияйынды көп берсең, ит өліп қалады, сондықтан оған абай болу керек.
Қоя деген – жаздай жеген тамақтың қалдығы, жүн-жұрқа. Ол жүгірген кезде иттің алқымына тығылып, тынысын тарылтып жібереді.
Кейде қоя жеңді білектей болады. Сол түскен соң иттің тынысы ашылады. Одан кейін жай ғана ертіп жүріп, аяғын тұзды суға сала береді. Сол арқылы тұяқ пен майтабанды қатырады. Табаны әбден мүйізге айналған иттің табаны тимейді. Табаны қатты-ау деген кезде қоянға қосып, бір жүгіртіп алады.
– Бабына келгенін қалай біледі?
– Алғашқы сүргінде жаздай жүгірмеген тазы қандай аңды да ала алмайды. Екінші-үшінші жүгіргенде бабы келген тазы ала беруі керек. Бұл нағыз бабы келген тазы. Осыдан-ақ тазының бабына келген, келмегенін білуге болады.
– Ал тазының күйі тайып кететін кезі бола ма?
– Болады. Ондайда тазы әлсірей бастайды. Әсіресе, жақсы бапталмаған тазынің күйі тез таяды. Күйі тайғанның бір белгісі – тазы аңға жете алмай қалады. Ал жақсы бапталған тазы күйін бермейді. Күйі тайған, жоны қашқан тазылар аңға жетсе де, ұстап тұра алмай, айырылып қалады. Тазының арланы жонды болуы керек, керісінше қаншық тазы семіз болмағаны жақсы. Қаншық тазылар сорпажарлап (бір кесе сорпа ішіп алып – ред.) жүгіре береді. Арланнан жон тайса, күші кетеді.
– Бір тазы талмай қанша уақытқа дейін жүгіре алады?
– Дәл тазыны жүгіртіп, оның қанша уақыт талмай жүгіре алатынын зерттеп көрген жоқпыз. Бірақ, бір күн бойы тоқтамай қасқыр қуғанда, аттан қалмай жүгіріп отыратын тазылар болды. Жаңа жоғарыда айтқан Тұйғын, Сұркиіктер сондай тазылар еді. Аттың ізінен қалмай жүгіреді күні бойы.
– Мысалы, күн бойы қасқыр қуып келіп, кешке бір ауылға қондыңыздар. Таңертең қуғынды қайта жалғастыру керек. Түнде тазыға не бересіздер?
– Ондайда тазыны жылы жерге жатқызу керек. Жақсы тамақ беру керек. Нан араласқан сорпа берген дұрыс. Ет беруге болмайды. Ең бастысы, бойын жылы ұстау керек. Суықта қалып, дұрыс тамақтанбаған тазы ертеңінде жүгіре алмай қалады. Сондықтан аңшы өзінен бұрын тазысын ойлауы керек.
Күні бойы қуғын көріп, тер қатып келген қасқыр ертеңінде ұзап қаша алмайды. Жылы жерде дұрыс тамақ жеген тазы ондай қасқырды аттатпай басады.
– Бала кезімнен ит жүгіртіп, құс салып, жүйрік баптап келемін дейсіз ғой. Тазыны көптеп ұстаған дұрыс па, бір тазы ғана ұстаған жөн бе?
– Осы жасыма дейін талай тазы ұстадым. Бірақ көбін жалғыз жүгірттім. Біреу болса да бірегей болғанын қаладым. Әрине, ұяласымен ұстаған жақсы. Бірақ, екі тазы біріне бірі сеніп алғаннан кейін «Көп суыр ін қазбайды, ін қазса дұрыс қазбайды» дегендей, аңға жүгірмей қоятын кездері болады. Немесе бірі жоғалып, не ауырып-сырқап қалса, екіншісі аңға батпай қояды. Ал күшігінен баулыған жалғыз тазы өзіне ғана сенеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ержан Жаубай, 2018 жыл