Садық палуан туралы тарихи дерек

570

Сыр бойында бағаналы найман, Ақтаз елінде Садық Қаңлыбаев деген ерекше ірі денелі, қызба, көкпар десе ішкен асын жерге қоятын палуан болған екен.

Көкпарға қатысса найманның намысын қолдан бермейді екен. Небір қырғын, аламан асыр көкпарларда салым салып жүрген. «Көкпарға қатысса, өзі атынан көкпар берсе, қатыны ұл туады» деген қазақтың ырымы бар ғой. Садықтың бір ұлы болмапты. Елден жеткен аңыз бойынша қатыны 11 қыз бала туған екен балуанның!

Ағасы Бектас Қаңлыбаев сөз ұстаған би болған кісі. Қатал, сұсты кісі болған екен. Ашуланса қаһарланып, түтігіп кетеді екен. Жас балалар жылап қоймай қойса, «Әне Бектас атаң келе жатыр!» — деп қорқытады екен. Балалар қорыққанынан жылағаны сап тияды екен.

Найман елін осы Бектас би билеген. Қаңлыбайдың түбегі деген бір түбек бар Сыр бойында. Сол түбекке мал иіреді екен. Бөтен мал кіріп кетсе қайтпайды екен. «Бектастың кәрінен, Қаңлыбайдың түбегінен сақта!» — деген сөз қалған екен ел аузында.

Бұл Бектас би қоңыраттар, наймандар, қыпшақтар арасында Шиелі арыққа таласқан дау болған кезде сол дауды шешуге қатысқан, Жалпақтал құрылтайы деген құжатта аты аталады.

Сол Бектастың бір інісі Садықтың көкпарға қатты құмарлығын білетін ағайындары қолдағы ең жақсы, жарамды атын көкпарға дайындап жаратып береді екен. Біздің елдің намысын көтеріп жүрген жігіт қой — деп найман елі одан ештеңесін аямаса керек-ті. Сол Садық палуан туралы архивте мынадай бір дерек кездесті.

1909 жылы 15 маусымда Садық палуан көкпарға барыпты, Түркістан уезінде Хантағы болысында Теке деген жерге. Сол жерде мыңдаған атты қатысқан аламан-асыр көкпар болыпты. Көкпар кімнің асы құрметіне берілгені есте жоқ. Тарихи деректерде де жазбапты. Бірақ әйтеуір жүдә сұмдық көкпар болған сықылды. Сол көкпарда Садық палуанның денесіне қамшы тиіп кетсе керек, ол осыған шыдамай қызды-қыздымен төбелес бастап жібереді. Көкпарды тақымына қысып алып, алдынан келгенін де, артынан келгенін де қамшымен сабап жолатпайды. Жақындап кеткеннің бетінен қып-қызыл қан шығарады. Қаңлы Әбдырахман Төребаев жақындап келіп көкпарды тартып алуға тырысқаны сол еді, Садық оны да аямай қамшымен бастан салып, салып жіберді. Әбдірахмен басын қан жуып аттан бір-ақ аунап түсті. Жігіттер аттан түсіп, қарайлап еді, ес-түссіз жатыр екен. Көкпар бітті бірақ Әбдірахман әлі есін жинамады. Есін жинамаған соң сол Хантағы еліндегі №6 ауылдағы ақсақал Ыбырайым Әшімбаевтың үйіне алып келді. Екі күн өтті. Әбдірахман әлі есін жия алмай жатқан соң үй егесі Ыбырайым қатты састы. Болысқа – Нармұхаметовке барып еді:

— Приставтың атына арыз жазып баяндауың керек. Егер сол күйі есін жия алмай өліп кетсе, көкпарды ұйымдастырған біз кінәлі боламыз — деді.

Содан 17 маусым 1909 жылы арыз хат жазып Түркістан шаһарында отырған приставқа әкеліп тапсырды. Қолын қойған Хантағы елінен старшина Ыбырайым Әшімбаев. Бұл арызды Түркістан приставы қарап:

— Егер басқа біреу емес, Төребаевтың өзі келіп, мені ұрып кетті деп арыз жазса ғана біз бұл істі қараймыз — деп жауап берген екен.

Ары қарай не болды десеңіз елдің айтуына қарағанда көкпаршы есін жинаған соң Садық палуан ат шапан айыбын төлеп беріпті. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» — деп қаңлылар да жігіттік, мәрттік қылып, Садық палуанды кешірген екен. Бұл мақалада айтылған ауызша деректерді бізге жеткізген мәлімет беруші Төребек Қадырбекұлы Бектасов, Бектас бидің бәйбішесінен өрбіген тікелей ұрпағы, қазір Алматыда тұрады.

Дереккөзі: Алматы қаласы Орталық Мемлекеттік Архив 145 қор, 771 іс, 114 бет.

Нұржан Сәдірбекұлы, тарихшы-генеалог

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.