«Найман» жылқысын патенттеуді қолға алған азамат
Мәулетқазы Садықұлы Құлжатаев 1948 жылы 15 қыркүйекте Шағантоғай деген жерде туған. Қаскелеңде орта мектепті бітірген. Әскер қатарында жүріп, арнайы оқып кіші лейтенант атанған. Әскери қызметкер болған. Ауылшаруашылық институтының инженер-механика факультетінің түлегі. Оған қоса спорт-туризм академиясын бітірді. Ұлттық ойындар кафедрасының «Ұлттық ойындар маманы, ұстаз және тренер» білім саласы бойынша екі мамандықта білім алған. 1995 жылы 49 жасында майор шенімен зейнетке шыққан. Ат спортының бәйге тобының тренері болып жұмыс істеген. Халықаралық жоғары санаттағы төреші. «Арғымақтар» деген еңбек жазған. 1 ұл, 1 қызы бар. Ұлы да әке жолын қуған подполковник. Қызы – дәрігер. 7 немере-жиені бар.
Мәулетқазы қартайса да тұғырдан таймаған, қайраты қайтпаған екі қолтығына елу келілік қаптарды қыстырып жүре беретін, жылдам, әбжіл іс-қимылдың адамы. Ендігі мақсаты – қазақ жылқысын түгендеу. Бұл істің қыры мен сырын толық меңгеріп, бай тәжрибе жинақтаған. Адай жылқысының асыл тұқымды екенін дәлелдеуге бастан-аяқ қатысты.
«Ұлттық құндылықтарды сақтау және дәріптеу барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Адай жылқысы деген асыл тұқымды малды жаңадан сұрыптап шығарыңдар деген жоқ, ол тек бар тұқымды ресми тіркеңдер»-деген болатын. Осыған байланысты біз атқаратын жұмыс көп және келер ұрпаққа ата-баба аманатын табыстау бүгінгі толқынның асыл парызы. Осы ретте «Найман» жылқысына байланысты мәселе туындайды. Өйткені қаржылай қолдау қажет. «Адай» жылқысына патент алар кезде Президент Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаевқа тапсырма берген. Тапсырма орындалды. Енді «Найман» жылқысына патент алу жағдайы қалай болмақ?».
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мәулетқазы Садықұлына «Адай жылқысын ұлттық бренд ретінде танытуда қосқан ғылыми – тәжрибелік кеңестеріңіз үшін және азаматтық белсенділігіңіз үшін» – деп алғыс хат тапсырған. Өйткені Маңғыстау жерінде Мәулетқазының атбегілік, ат танығыштық, сыншылық қабілеттері жарқырап көрінді. Бәйгеден келетін аттарды да алдын ала нұсқап, көрсетіп, айтып отырған.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай «Рулық жылқыларды бұрынғы ата-бабаларымыздың атымен, салт-дәстүрімен қайта қалыпқа келтіріп атасақ», деп ұсыныс білдірген екен. 1929 жылы жылқы санағында 4 миллион 125 мың жылқы болғандығын, 1939 жылы жасырын санақта сол жылқыдан 300 мың жылқы қалған деген дерек келтірді. Сол кезде ру атымен аталған жылқылар мен жылқы генефонды жойылып кеткен.
Қазақы «Найман» жылқысы жөнінде Шығыс Қазақстан облысының «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қоры осы өңірдегі бастамашы топ ретінде ғалымдардың басын біріктіруде өзіндік орны бар. Себебі бұл өңірде аталмыш мәселеге орай жиі ғылыми басқосулар өтіп келеді. Сонда Айбек Каримов, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының академигі Тулеухан Садықұлов, Қонаев Университетінің профессоры Өмірбек Жалаири тамыры үзіліп бара жатқан осы саланы жаңғырту, зерттеу, асыл тұқым құндылығын арттыруды қолға алу керектігіне баса назар аударады.
Жылқы түлігін асылдандыруда мемлекеттің көмегі аса қажет. Мен осы жолдарды жазып отырғанда тағы бір сүйінішті хабар келді. Ел Президенті Қ.Тоқаев «Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің І форумында» жылқы малының тұқымын асылдандыру жөнінде баса айтты. Бір қуанарлығы Қазақ жылқысының тұқымын сақтап, көбейту маңызды мәселе екенін ел Президенті тап басып атап көрсетті: «Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын»-деді. Бұл ауыл шаруашылығының маңызды саласы жылқы шаруашылығын еселеп дамытатын қадам болды. Оған маман кадрлар, ғалым-зоотехниктер қажет. Мұның өзі, ауыл шаруашылығының тұтас бір саласын ғылыми негізде жүргізуге мүмкіндік беретіні анық. Зейнеткер болсам да мал маманы болғандықтан аса қанағаттанғандық сезіммен қабылдадым. Іске сәттілік тілейік. Осыған орай жалпы қазақтың асыл тұқымды жылқысына назар аударып, олардан асыл тұқымды өрбітетін кешенді бағдарлама қабылданса деген үміт бар. Бұл тұқымдар, біздің ұлттық брендіміз болар еді. Тұқымы мүлде азайған қаз мойынды «Қостанай» жылқысын көбейту, құр көбейтіп қоймай, ұлттық спортқа пайдалану оң нәтиже берері сөзсіз. Міне осы арада «ертеден шапса, кешке озған» «Адай» жылқысының патент алуы ұлттық ат спортын дамытуға үлкен құлшыныс болмақ. Осы жолмен «Найман» жылқысына патент алу жұмыстары қоғамдық негізде жүргізілуде. Бұлар бірін-бірі толықтырып келе жатқан асыл тұқымдар. Біздің шығыс өңірінде бәйге өткізу арқылы іріктеу жолға қойылған. Өкінішке орай бұл жылқылар «мясной», яғни етті бағытта деп жазылып жүр. Мәулетқазы Садықұлы мұның ғасырлар бойы қалыптасқан асыл тұқым екенін ойлап жүрген адам. Мезгілі жетті. «Адай» тұқымы дәлелденді. Қасқая шабатын эпостық жырлардағы арғымақтар Қобыландының «Тайбурылы», Алпамыстың «Байшұбары», бертінгі Ақан серінің «Құлагері», Қабанбай батырдың «Қубасы», «Елік жирен», «Ерке жирендер» ешқашан «мясной» бағыт емес еді. Кейінгі «Қыз жирендер» де солай. Олар ел ішінде «Мініс аттар»,-деп аталады. Осы тектілікті ғылым арқылы мойындап және мойындатып ары қарай арнайы жылқы зауыттарын құру арқылы дамыту керек. Ғалымдар! Ендігі сөз сіздерде. Тек сәттілік тілеймін.
Қазақы жылқының тұқымын қалыптастыру ғасырлар бойы жүргізіліп келеді. Оған ұлттық ойындар көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу, қыз қуу, бәйге түрлерін өткізетініміз куә.
Тумысынан тынымсыз, әр шаруаны тыңғылықты атқаратын Мәулетқазы замандасым Алматыда бір конференцияға қатысқалы жүргенін айтып хабарласты. Ендігі мақсаты «Найман» жылқысының да осындай мәртебеге ие болуы. Ол үшін үш облыста зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Оған қаржылық қолдау қажет. Мәулетқазы Садықұлы өз сөзінде:
Алты алаштың береке-бірлігі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Түгендегеніміз Ата қазақтың жоғы. Ежелден «түбіміз түрік, түлігіміз жылқы, керегеміз ағаш, ұранымыз алаш» Әуел баста «Найман» жылқысы – деп бастаған едім. «Адай» жылқысының тегін анықтату үшін жарнама бергіздік. Ойлағанымызға міндетті түрде шетел ғалымдары арқылы ғана қол жеткіземіз. Сонда ғана мойындалады. Осы орайда адайлықтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмылды. «Найман» жылқысын қорғау асоциациясы құрылған. «Найман» жылқысының бір бөлігі Қытай Халық Республикасында екен, оған барып қайту керек. Ондағы Іле, Тарбағатай, Алтай өңіріндегі Шынжан округіндегі жалпы жылқы санының 55 пайызы «Найман» жылқысы екен. Ресейде 25 пайыз, Қырғызстанда 30 пайыз бар. Атақты Өзбектің қарабайыр жылқысының негізгі тегі «Найман» жылқысы. Оны дәлелдеген академик Набиолла Кикибаев Қостанай жылқы заводының директоры болған, зейнеткер, «Мұғалжар» жылқысының тұқымын бекіткен еңбектің авторы. Бұл сараптамалардан өтіп, анықталып бекітілген. Таулы Алтай «Қосағаш» жылқыларының дені «Найман» жылқысы. Атақты «Найман торыны» айтсақ та болады. Ресейдің, Арабтың ғылыми орталарымен келісіп те қойдық. Оларға келіп қайтқаны үшін жолақысын төлеу керек болады. Лабораториялық тексеру жұмыстарын 50-60 пайыз жеңілдікпен жасап береміз деп сендіріп отыр. Бізде екі үлкен лабаратория бар. Біреуі – Алматыда, екіншісі – Батыс Қазақстанда. Бұлар да қатар тексереді. Бәрін сәйкестендіріп, содан кейін патент аламыз. Бұл әлем деңгейінде патент алу. «Найман» жылқысы туралы деректер 1790 жылдан бастап 2007 жылдар аралығында ғылыми зерттелген, фактілер тауып отырмын. Ғасырлар бойы табиғи іріктеліп, сұрыптаудан шыққан жағдайлар, міністік жорық жылқысы екені ескерілмейді. Ұлы даланы қаншама қару-жарақпен жасанған батырды көтеріп жүру үшін де жылқы ішінде далалық іріктеу-сұрыптау жүргені анық. Сонда да бұлардың барлығы «аборигендік» жылқылар деп аталады. Ең қауіпті жағы Ресейдің жылқы зерттеу институтына Қытай Халық Республикасы Іле, Тарбағатай, Алтай өңіріндегі жылқылар үшін миллиондаған қаржы аударғаны анықталып отыр. «Найман» жылқысын өздерінің төл жылқысы етіп бекітіп алу үшін, жұмыс жасап жатыр. Александр Михайлович Зайцев деген профессор жылқы зерттеу институтының профессоры, Адай жылқысы тұқымын анықтау кезінде бірге істедік. Одан кейін екі рет кезіктік. Сонда маған: «Маулетказы Садыкович торопитесь пожалуйста, потому что мы долго тянуть не можем. КНР колоссольную сумму перевели. Если надо еще переведут»,-деп еді. Сондықтан біз тез арада «Найман» жылқысының тегін анықтатып бекітіп алмасақ болмайды. Ғылыми дерек бойынша әлемдегі жылқылар ішінде «Адай», «Найман», «Башқұрт» жылқысының қаны 90 пайыз бір екен. Таяу арада қорғап шыға алмасақ Қабанбай батыр мінген «Қубас» аттың өзі қытай жылқысы болып шыға келмек. Осы құндылығымыздан айрылып қалмайық, ағайын. 2024 жылдың ақпан айынан бері осы істің соңында келемін, жол шығындары өз қаржыммен, «Найман» жылқысы асоциациясы есеп-шотына, әлі көк тиын қаржы түскен жоқ. Өз ағайыным найман жұрты әлі сол селт етпеген қалпы. Жүз жылқысы бардан бастап түгел есігін қағып шықтым. «Жоқ» демейді, бірақ «жасап көрсетіңіздер»-дейді. «Адай» жылқысы анықталды одан ары қандай көрнекілік, қандай «жасап көрсету» керек. «Найман» жылқысына байланысты үш семинар жиын өткіздік, біреуі үлкен республикалық көлемдегі, оған Ғани Шаймарданов, Сабыр Қадырұлы бауырларым көмектесті. Семинар қаламсабына дейін, дастарқаны, өткізетін жер бәрін алып берді. Мақаншы ауданына жаңадан келген жас әкім Дәурен деген азаматтың ұйымдастыруымен «Найман» жылқысының тарихы қазіргі жағдайы туралы ауыл әкімдерін мал дәрігерлерін, жылқысы бар азаматтарды жинап үлкен жиын өткізді. Меморандум жасалды. Осы мекеме Ресей институтымен келісім шартқа отырды. Мен бұлармен келісім шартқа отырдым. Шымкенттік Абдулла Әділбеков бауырым ең алғашқы 500 мыңды салды. Бірталай жұмыс бастап жібердік. «Адай» жігіттері Раббым Борашев, Шеркеш Құлбеков, Орынбасар, Сейтжандар барып қайтқан жол шығынымды көтерді. Қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр. «Адай» жылқысын бәрі білді. «Найман» жылқысы да сондай деңгейде. Соны шығаруға қаржылай ат салысу қажет – дейді жылқы жанашыры.
Ол үшін төменде қазақы «Найман жылқысы» қорының шотын ұсынып отырмыз. Қордың президенті М.С.Кульджатаев. Қолдау көрсетемін деушілер болса көрсетілген нөмірге жолдаса болады. Каспий голд +77085683039 «Мәулетказы К»-деп шығады.
2024 жылдың 9 қарашасында «Алматы облысындағы «Қобыланды» жылқы зауытының аумағында «FEI» 100 шақырым қашықтыққа ат жарысы бойынша халықаралық турнир өтті. Турнирге Қазақстан және БАӘ спортшылары келді. Еліміздің әр өңірінен 16 жылқы келді және ішінде «Қостанай» және «Адай» тұқымдары болды. Спортшылар мен олардың жылқылары бір күнде 100 шақырым қашықтықты жүріп өтіп, төзімділікті, шеберлікті және ақыл-ой күшін көрсетті. Сонда халықаралық ат спорты федерациясы жылқының төзімділігі жөніндегі техникалық комитетінің басшысы Мұхамед Әли Амер Омар әл-Хадрами:
Жарыстың бұл түрі қазақтың дәстүрлі жарысына өте ұқсас. Қазақ жылқыларының дайындығы өте жақсы және мұнда ғасырлар бойы жылқы шаруашылығы дамығанын көруге болады. Қазақстан ат спорты үшін даму орталығына айналуы мүмкін, — деген еді.
Өзіме, жокейге, ат дайындаған тренерге паспорттар дайындалды. «Найман жылқысы», (Найманская порода)-деп жазылды. Халықаралық осы Кубокте атқа шабатын кісі ауырып қалды. Салмағы 68 келі, ертоқыммен бірге өлшенеді. Сөйтіп жаңа жокейге қосымша ақша төледік. 12 нөмерлі шабуға келіскен жокейіміз 104 келі болып кетті. Бас төреші Мұхамет. Арабтарға да айтып, кем емес артық салмақ қой, әрине атқа ауыр, басқа лаж жоқ. Үшінші атпен сонда да таласып 100 шақырымнан 4-ші болып келді.
Біз әлемге «Адай» және «Қостанай» жылқы тұқымын танытқымыз келеді, осы жылқы тұқымдары үшін олардың әлемдік турнирлерге қатысуына мүмкіндік жасауға тиіспіз. Біз 2025 жылы да Қазақстанда жарыстың осы түрін өткізуді жоспарлап отырмыз – дейді жарысты ұйымдастырушы Шыңғыс Досмұхамбетов.
«Адай» жылқысының генетикалық тегі анықталғаны туралы жаздық. Енді «Найман» жылқысының тегін анықтайтын жұмыстар жүргізілмек. Ұмыт қалған мамандық иесі зоотехник ретінде айтарым, Қазақ жылқыларының генетикалық тегін анықтайтын кезең туды. Оған барлық жағдай бар. Негізгі тұқымдық дәлел ретінде Ақсуаттық сәйгүліктерді алған жөн. Жылқы малының білгірі жерлесіміз, профессор Қайрат Жәлелұлы бәрін жақсы біледі. Бұл мәселе Қордайда өткен конференцияда баса айтылып көрсетілген. Ақсуаттың қазанаттары алды Гиннестің рекордтар кітабына еніп, арты аңызға айналғалы қашан. Әулие Ырғызбай атында 140 шақырымдық бәйге қазақ жылқыларының мүмкіндігі мол екенін дәлелдейтін бірден бір көрсеткіш. Бұл бізде базалық негіз бар деген сөз.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу унмверситеті «Ветеринария және зооинженерия» факультеті академик Н.О.Базанова атындағы «Жануарлар биологиясы» кафедрасының профессоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, жылқы шаруашылығын зерттеуші ғалым Қайрат Жәлелұлы Исханның жазуынша:
«Жылқы сегіз қырлы, бір сырлы жануар! Ол – көлік, ол – ет, ол – шипалы сусын, ол – елтірі, ол – туризм. Аталған жайттарды тек маман ғана іске асыруға мүмкіндігі зор. Жылқы селекциялаудың негізгі генетикалық белгісі – фенотип пен генотип.» Міне сондықтан да жылқыны ғылыми негізде іріктеу сұрыптау, селекциялық жұмыстарын жүргізетін бірден бір маман ол ғалым зоотехник болу керек. Қазірден бастап жоғарғы оқу орындарында осы мамандықтан кадрлар даярлауды қолға алу қажет. Тоқсаныншы жылдың соңына қарай қазақ еліне көптеп шет елден таза қанды жылқылар ағылып келе бастады. Олар қазақтың ұлттық ат спортына ықпал етті. Біртіндеп жергілікті қазақ жылқысы «аламан», «құнан» және «тай» бәйгелерден ығысып шығып қалды. Бүгінгі таңда ұлттық ат спортының бәйгелеріне тек таза қанды немесе будан жылқылар қатысып жатқандығы мәлім. Сондықтан отандық төл жылқыларымызды қорғап, қолдау заман талабы болып тұр» — деді ол.
Қайрат Жәлелұлының жылқы саласын дамыту туралы өз ойлары мен пайымдары бар.
«Отандық селекцияны дамыту және жылқы тұқымдарын асылдандыруды түбегейлі шешіп, тектік қор қалыптастыру үшін мемлекеттік асыл тұқымды «Өнімді және спорт» бағытындағы жылқы зауытын құру керек» – деп есептейді. Оған қоса «жылқы саласын зерттеуші тай төбеліндей ғалымдарды бір жерге шоғырландыру, мақсатты түрде жылқы шаруашылығына байланысты ғылыми жұмыстарды бір орталықтан іске асыру қажеттігіне» назар аударады. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі үш жыл сайын жариялайтын ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға (ПЦФ) арналған конкурстың жеңімпазы болуға шақырады.
Мәулетқазы Садықұлы: «Бұл күні жолдамын. Семей қаласына барып, Шәкәрім университеті басшыларымен келісімшартқа отырып «Найман жылқысын» бірге зерттейтін болып келістік. Мәслихат төрағасы Қуаныш мырзаның қабылдауында болдым. Абай облысы әкімінің ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары Мұсабаев Әділбек Нажмадинұлына жолықтық».
Жамбыл Жұманбаев,
зейнеткер, ғалым-зоотехник