Мұғалжар жылқысын малданған кәсіпкер

2071

Президент пәрменінен кейін қазақы жылқыны асылдандыру жұмысы жүйеленгені белгілі.

Игілікті істі ерте бастаған шаруалар да бар. Соның бірі – Ұлықбай шаруа қожалығы. Иесі – ауыл шаруашылығы саласының үздігі, білікті маман Сапарғали Сәтбаев. Еліміздің батысынан Бақбақтыға Мұғалжар жылқысын әкеліп, асылтұқымды қылқұйрықтың санын көбейткен. Бүгінде мыңға жуық таза қанды Қамбар ата түлігі өрісте жүр. Ондаған адамды жұмыспен қамтып, бүтін бір облыстың абыройын асырып отыр.

Балқаш ауданына қарасты Бақбақты ауылы құмдауыт жер. Іргесінде Іле өзені ағып жатса да, жасыл желекке толы мекен деп айтуға келмейді. Табиғаты қыста суық, жазда аптап ыстық. Шіліңгір шілде келісімен маңайдағы шөп қурап кетеді. Дауыл тұрса малын жоғалтқанның қарасы көбейеді. Жергілікті жылқылар ықтасын жер іздеп, бір ауылдан екінші ауылға көшеді. Сондықтан төрт тұяқпен тынысы ашылған жұрттың сол табиғи талапқа сай мал баққаннан артық қуанышы жоқтай. Мұны ескерген Сапарғали Сәтбаев Ақтөбе облысындағы Мұғалжар жылқы шаруашылығы арнайы барып, жабағыларды сатып алады. Соның нәтижесінде бүгінде балқаштықтар таза қанды жылқы асырауға бейімделіп келеді.

Мемлекет басшысының жылқы шаруашылығы институтын құру туралы шешімі мен секілді азаматтарға үміт сыйлады. Қазақ даласында асылтұқымды жылқының үлесі бір пайыз ғана. 4 млн-нан астам жылқы бар десек, соның 40 мыңы ғана тегін сақтап қалған. Алайда бұл да нақты мәлімет емес. Мұғалжар жылқысын бірнеше жыл зерттедім. Біздің табиғатқа бейімділігін сараладық. Былтыр әріптестеріммен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумына барып, екі күн бойы Мұғалжар жылқысы туралы құнды мәліметтерге қанықтық. Бұрынғы Ембі, қазіргі Мұғалжар жылқы зауытымен келісімшарт жасалып, бірнеше жыл бұрын осы саланы қолға алған едім. Бүгінде сол жабағылар екі рет төлдеді. Жылқыларды Ақтөбеден Бақбақтыға жеткізу оңай шаруа емес. Оған арнайы үлкен көлік керек. Жабағылар жеткізу құнымен есептегенде 1 млн теңгеге барады, айғырлардың бағасы одан 4–5 есе қымбат, — дейді шаруа иесі.

Қазақ даласында жабының орны ерекше. Қандай да табиғатқа бейім, аса күтімді қажет етпейді. Түз тағысы секілді байтақ жерімізде емін-еркін кезгенді жақсы көреді. Тыстан келген ит-құсқа оңайлықпен алдырмайды. Әккі ұры-қарылар үйірден бөліп айдап кеткенімен, алысқа ұзай алмайды. Себебі жүрісі жайсыз, мекенін іздесе қысқа аяғымен қашып үлгермейді. Ең бастысы, ет пен сүт бағытында теңдессіз мал тұқымы саналады. Көп жылқыға тиетін ауру-сырқауға да төзімді. Мамандар селекциялық жұмысқа баса мән беріп отыр. Таза қанды бұзбау үшін айғырларды басқа шаруашылықтардан сатып алады. Жергілікті жылқының қаны араласып кетпесін деп шаруашылықтағы 500 жылқыны сатып жіберген.

Жабы – қазақы жылқының сұлтаны. Бүгінде Қостанай, Көшім, Адай жылқыларына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп отыр. Оларға субсидия беру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Шаруаға тиімдісі осылар. Сүт пен ет бағытында бәсекеге қабілетті. Біз картотекалық жұмыс жөнінде Мұғалжар тұқымы авторының бірі Набидолла Кикебаевпен кеңестік. Асылтұқымды жылқының міндетті түрде құжаты болуы шарт. Мәселен, ағылшындардың таза қанды жылқыларының арғы тегі ғасырға созылады. Бізде үш айғырдың тегі сақталған. Оларға нақты ғылыми талдау жасалып, Мұғалжар жылқысы екені анықталған. Ақтөбедегі жылқы зауыты байталдарды сатқан жоқ, айғырларды 6-7 млн-ға алдық. Екі биені қосуға ғана рұқсат етті. Осы салаға ден қойғаннан кейін бүгінде сондағы зауыттармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Шалғай жер, 3 мың шақырымға жуық жолды жүріп өту қиын. Көп қаражат кетеді. Кейде зауыт басшылығымен қаржыны бөліп төлеуге уағдаласамыз, — дейді С.Сәтбаев.

Жылқыларды жақын маңайдағы шаруалар сатып алып жатыр. Жабылардың құны 800 мыңнан 1 млн-ға дейін барады. Ірі қожалықтар 3-4 бастан алады. Облыс көлемінде Ұлықбай шаруа қожалығы ғана Мұғалжар жылқысын баптап отыр. Басқа шаруаларға Ақтөбеден «арбалағанша», жақыннан сатып алғаны тиімді. Оның үстіне кәсіп иесі 3 айғырдан тұқым алып, бір-біріне араластырмай, тегін сақтап отыр. Қан араласып кетсе, жаңа туған құлын әлсіз болады. Онда малға тән дерті де ұлғаяды. Сондықтан үнемі селекция жүргізіледі. Мәселен, бір айғырдан тараған байталдарды іріктеп, басқа үйірдің айғырын бөліп алып, бір қораға қамайды. Бір-біріне бауыр басқанша, әбден үйретіп, жеке үйір қалыптастырады. Мұғалжар-Бақанас жылқы зауытының меңгерушісі Қонақбай Жұмабековтің айтуынша, бұл жылқылар жылдың төрт мезгілінде де жалын күдірейтіп жүреді.

Бұрын да жылқы бағып жүрміз ғой, бірақ шыбын-шіркейді, шілденің ми қайнатар ыстығын бұйым көрмейтін мұндай жылқыларға қайран қалмасқа болмас. Басқа жылқылардай көлеңке қуаламайды, үйездеп тұра береді. 10 биеден 8-9 құлын алуға болады, іш тастамайды. Терісі өте қалың, пышақ оңайлықпен кеспейді. Етті көп береді, еттілігі 65-70 пайызға дейін барады. Жайылып жүрген жерінен ұстап әкеліп, соя берсеңіз болады. Бордақылап әуре болмайсыз. Әр тұқымның өз ерекшелігі бар. Мәселен, жергілікті жылқылардан 4 есе көп сүт береді. Әр сауғанда 2 литр шығады. Сүті майлы, құлынының көп ұзамай-ақ жоны астаудай болады. Негізі, тазақанды биелер сүтті болмайды, бірақ бұл жабылардың тұрқы бөлек. Жер талғамайды, бірден жерсінеді, — дейді Қ.Жұмабеков.

Мұғалжар жылқысы Бақбақтының климатына өте қолайлы. Артық шығынды қажет етпейді. Қыста тонналап жем-шөп сатып алмайсыз, жайылым жер болса, жетіп жатыр. Жергілікті жылқылар көктемде бұратылып қалса, бұлар қоңын толтырып жүреді. Шаруаға ең қолайлысы сол. Өкінішке қарай, мініске жарамайды, үстіне мінген адам аунап түсуі мүмкін. Қанша жерден жуас келсе де, тек ет пен сүт алу мақсатында пайдаланған абзал. Бойы орта, тапал келеді, дегенмен башқұр, қалмақ жылқыларына қарағанда әлдеқайда биік. Тіпті сахалар арнайы ұшақ жалдап, біздің айғырларды сатып алып жатыр екен. Якутияның аязына терісі қалың Мұғалжар жылқылары қыңқ етпейді.

Бұл жылқылар көп жортып жүре бермейді. Боран соқса бірден тоқтап қалады, ықтасын жер іздеп кетпейді. Күздің суығында қатты қуып айдауға болмайды, жүні толық матаспағандықтан суық өтуі мүмкін. Суық өткен жағдайда қыста азып кетеді. Сондықтан баппен, жайып жүріп айдаған жөн.

Бүгінде фермада 7 адам қызмет етеді. Олардың айлық жалақысы 200 мың теңге. Жыл соңында 1,5-2 млн көлемінде сыйақы беріледі. Әрқайсысының құмды жолға арналған квадроциклдері, мотоциклдері бар. Кешке дейін үйірдің сонында жүрмейді, алыстан бақылап отырады. Малды ауыл Бақбақтыдан 20-30 шақырым жерде ғана болғандықтан, кезектесіп отбасына барып тұрады. Интернет желісі, су, газ, тамақпен толықтай қамтамасыз етілген. Барлығы дерлік жергілікті жердің азаматтары. Қазір олар 40-тан астам үйірді қадағалап отыр.

Әр үйірде 20-30 бие бар. Қос-қосқа бөлінген, әр қоста өз бақташысы бар. Құланбасыға, Іле өзенінің бойына, Бозбиікке жаямыз. Әрқайсысының суаты бөлек. Қора толықтай заман талабына сай. Жазда мал көлеңкелеп тұратын үлкен шатырлы қора салынған. Кешке қораға қамамаймыз, үйірлерді дүрбімен шолып, санақ жүргіземіз. Аса ауыр жұмыс жоқ. Айлығымызды уақытында береді. Сырқаттанып қалсақ, емделуге де көмектеседі. Үйірді бөлгенде тай-жабағыларға ғана жем-шөп береміз. Көбіне үйірде жүре береді. Осы күзде 20 бас келді, бәрі бірден жайылып кетті. Жершіл емес, бір-біріне бауыр басып кетеді. Ең қызығы, айғырлар үйірден өзінен тараған құлынды бөліп тастамайды, қанша жүрсе де жүре береді, — дейді бақташы Талғат Бозымбаев.

Балқаш ауданы 70 пайыз шөлді болғандықтан, мал, егін шаруашылығына көп шығын кетеді. Сондықтан осындай шыдамды жабылар қажет. Мұндағы мың бас жылқы үйір-үйірге бөлінгенімен, бірге жүреді. Жай жылқылар секілді бөлініп кетпейді. Бақташылар үнемі тұз жалатып тұрады. Ақсақ-тоқсақтарды қораға әкеліп, апталап емдейді. Емдеп біткен соң, қайта үйірге қосады. Жақында шаруа иелері 20 млн теңгеге 7 жасқа шыққан ірі айғыр сатып алған. Ондағы мақсат – селекциялық жұмыстарды тағы да жүйелеу. Кейбір айғырлардың үйірдегі биелерге толық күші жетпейді. Сол себепті сырттан мықты айғырларды сатып алады.

Айғырларды ақпаннан бастап бордақыға кіргізе бастаймыз. Наурыздың 25-інде үйірге саламыз. Әбден қуатты болып түскені абзал. Сонда құлыны мықты болады. Келесі жылы сол айғырлар дұрыс құлын түсірмесе, басқа айғырлармен алмастырамыз. Былтыр 300 жабы саттық. Жергілікті азаматтарға жеңілдікпен береміз. Қазір ауылдағы жігіттер осы шаруаға ден қойып жатыр. Шығыны көп емес, еті мол, сүті майлы, мұндай мал таптыра бермейді. Көбі жабы мен құланның буданы дейді, аяғына қарасаңыз зебраның жолағы секілді жолақтар бар. Сондықтан болар, еркін жүргенді жақсы көреді, — дейді Қ.Жұмабеков.

Алдағы уақытта шаруашылық жылқы санын көбейтуді ойлап отыр. Сүт өнімдерін шығару да жоспарда бар. Сапарғали Сәтбаев облыста осындай үлкен шаруаларды көбеюту мақсатында тиімділігін түсіндіріп, пайдасын да айтып жүр. Жарты ғасырға жуық ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған ардагердің еңбегі көл-көсір. Осы игілікті істің басында да өзі тұр. Ең алғаш, 1994 жылы облыс көлемінде шаруашылық ашқан азаматтардың бірі. 1979 жылы қазақ даласына дегерес қойын әкелген маман. Нағыз еңбек адамы. Одан бөлек атбегілік қасиеті де бар, бүгінде жүйріктері бәйгенің алдынан көрініп жүр.

Былтыр өткен көшпелілер ойынында қырғыз тұлпарын артта қалдырып, топтың басынан кө­рінген «Айқабақ» атты жүйріктің иесі, осы – Сапарғали Сәтбаев. Бүгінде ауылдағы жігіттерге ақыл-кеңесін айтып, бәйгеге дайындап жүр.

Мұхтар Күмісбек,

«Егемен Қазақстан»

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.