Көкпардан Әлем чемпионаты енді екі жыл сайын өтеді

Киелі Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде көкпардан əлем чемпионаты өз мәресіне жетті.
Финалда Қазақстан және Өзбекстан командалары кездесті. Тартысты ойын 9:2 есебімен аяқталып, Қазақстан командасы көкпардан әлем чемпионы атанды. Ресей Федерациясынан келген көкпаршыларды 6:0 есебімен жеңген Ауғанстан командасы әлем біріншілігінің қола жүлдесіне ие болды.
Тоғыз жылдық үзілістен кейін қайта жалауын желбіреткен дүбірлі додаға Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тəжікстан, Өзбекстан, Түркия жəне Қазақстаннан 100-ге жуық спортшы келді. Жарысты Бүкілəлемдік Көкпар қауымдастығы, ҚР Көкпар федерациясы, Ұлттық жəне ат спорты орталығы мен Түркістан облысының əкімдігі ұйымдастырды.
Əлем чемпионатына қауымдастыққа мүше 12 елдің құрамасы шақырылып, оның тоғызы қатысты. Биыл Ауғанстан командасы да келіп, қауымдастыққа мүше болуға өтінім берді. Біз шетелдік көкпаршылардың деңгейі жыл санап өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Ойынның əділ өтуі үшін əр елден төрешілер тартылды. Біздің басты мақсатымыз – көкпардың географиясын кеңейтіп, оны барынша қауіпсіз, халықаралық деңгейдегі спорт түріне айналдыру, – деді Бүкілəлемдік Көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин.
Қазақстанда 34 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан TIKA (Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі) ұйымы көкпардан әлем чемпионатын өткізуге қолдау көрсетті.
Қазақстанда әлеуметтік, мәдени, ауыл шаруашылығы секілді әртүрлі салада жобаларды жүзеге асырамыз. Көкпар – түркі әлемінің мұрасы, ортақ құндылығы. Осындай айтулы жарыстың өтуіне үлес қосу біз үшін үлкен мәртебе. Негізгі мақсатымыздың бірі – көкпар секілді ата-бабамыздан қалған мирасты қайта жаңғырту, түркі әлеміне дәріптеу. Алдағы уақытта да түркі елдерінің басын қосатын дүбірлі додаларды қолдай береміз, – деді Қазақстандағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің өкілі Фуат Эрдогмуш.
ҚР Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров Көкпардың деңгейін көтеру үшін ең алдымен ережені бекіттік дейді.
Көкпаршыларымыздың деңгейін көтеру мақсатында ел ішінде өтетін жарыстар санын көбейттік. Енді Әлем чемпионатын екі жылда бір рет өткізуді, халықаралық жарыстардың санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Жарыстар неғұрлым көп болса, сапа да артады, көкпар да дами түседі. Чемпионатта ұлттық құрама сапына үздік көкпаршылар іріктеліп алынды. Жас спортшыларға да өзін көрсетуге мүмкіндік бердік. Үмітті ақтап, бүгін әлем чемпионы атанды, – деді ол.
Әлем чемпионатында Қазақстан тарапы барлық командаға ат дайындап берді. Тек Өзбекстан командасы ғана өз аттарын алып келді. Жарыс бойы тартысты ойын көрсетіп, финалда Қазақстан құрамасына есе жіберді.
Әлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырған ҚР Көкпар федерациясына және Бүкіләлемдік Көкпар қауымдастығына өз ризашылығымызды білдіреміз. Қазақстанға жыл сайын бірнеше жарысқа келіп тұрамыз. Бізді жақсы қарсы алатын Қазақстан халқына ризамыз. Көкпаршыларымыз финалға шығып, тартысты өнер көрсетті. Өзбек халқын күміс жүлдемен құттықтаймын, – деді Өзбекстан командасының бас бапкері Абдубанно Рахмонов.
Дүбірлі доданың жалпы жүлде қоры 30 000 000 теңге болды. Әлем чемпионы атанған Қазақстан командасына – 15 миллион теңге, күміс жүлдегер Өзбекстан командасына – 7,5 миллион теңге, қола жүлдегер Ауғанстан командасына – 4,5 миллион теңге және төртінші орынға ие болған Ресей Федерациясы командасын 3 миллион теңге ақшалай жүлде табыс етілді.
2017 жылы Астанада өткен І Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан ұтылған Қырғыз командасы биыл чемпионатқа келмеді. Айыр қалпақты ағайындардың бұл әрекетін қалай түсінерімізді білмедік. Әлемдік көкпар додасында иық тірестіріп, үзеңгі түйістіріп қатар шабар қос команданың бірі қатыспауы – әсіресе қырғыз бауырларымыздың намысына сын болғанын несіне жасырамыз.
Argymaq.kz









