«Саумал» ма, «бие сүті» ме?

(Даулы болып жүрген атау-ұғымдар жөніндегі пайымдама)
«Саумал» – бие сүтінің жаңа сауған кезінен ашығанға, яғни нағыз «қымыз» болғанға дейінгі аралықтағы дәстүрлі атауы. «Бие сүті» дегеннің синонимі. Рас, сәл-пәл айырмасы бар: «бие сүті» – кеңірек мағынадағы жалпылама атау.
Ал, түптеп келгенде, саумал да, тіпті қымыз да – бие сүті ғой. Бірақ, әрине, қымыз – саумалдан әлдеқайда кейінгі өнім. Айырмасы – «малдың саумал (сауылған) сүтінің» кейінгі «айраннан» айырмасы тәрізді делік, мысалы. Басқаша айтсақ, «қымыз» болып ашуы үшін алдымен саумал сүттің болуы, яғни бие сүтінің желіннен сауып алынуы, «саумал» ретінде бар болуы керек қой?!
Біреулер айтып жүргендей, «Саумал – сүт те емес, қымыз да емес» деу – қисынсыздық. Жалпақ тілмен айтқанда, бие сүті – екеуінің де шикізаты ғой, сонда олар қалай «мүлде сүт емес» болады? «Аши бастаған, ашыған сүт» десе, бір сәрі.
Жалпы, «Халық айтса – қалт айтпайды». Халықтың әрбір сөзі – өзіндік бір код. Яғни, әр сөз өз-өзін түсіндіріп, түбірі арқылы мағынасын көрсетіп тұрады. Ендеше «саумал» дегенді түсіну-түсіндіру үшін түбіріне қарайық: түбірі «сауу» немесе «саумалау» деген сөзден шыққаны көрініп тұр. Бұл жерде «саумал» сөзін құрамында қыпшақ тобындағы көшпелі түркі халықтарына тән, етістіктен есім сөз тудыратын -мал/-мал(ы) жұрнағы бар, келе-келе субстантивтенген (заттанған), кейде сын есімге айналып кететін (мысалы: көшпелі, айнымалы, танымал-танымалы, т.б. деген сияқты), ал арғы төркіні етістіктен туындаған сөз деп батыл байлам жасауға болады.
Тілі-түсінігі орысша адамға оның этимологиясын (түп-төркін мағынасын) қазақ тіліндегі «сау» («дои»), «сауу» («доить»), немесе «желінді саумалау» («сцеживание (сдаивание) вымени», «надаивать») дегендегі «саумалау» етістігінен шыққан деп те оңай түсіндіре аламыз (Тіліміздегі «арқанды саумалай тартты», «сақалын саумалады» деген тіркестер – сондай қимыл етістігі тұлғасындағы сөзбен түбірлес-төркіндес сөзсаптам).
…Тарихта кей сөзді жұрт келе-келе тар шеңберге салып, қате демесек те, өзгеріске түскен басқаша мағынада қолданып кетеді. Ұдайы жаугершілікті, көшпелі тұрмысты бастан өткерген қазақ, қазақ қана емес-ау, жалпы көшпелі түркі жұрты төрт түлік ішінен жылқыны айрықша жақсы көріп, жиірек ауызға алатын болғандықтан, «саумал» жылқыға қатысты көбірек қолданылып, тек бие сүтіне тиесілі сияқты болып кеткен деп ойлаймын…
Ал әдетте сөздің өзі, оның түбірі алдамайды. «Саумал» – «сауған, сауылған (сүт)» дегенге меңзеп тұрғаны анық. Сондықтан ол сөзді түпкі мағынасынан, шығу төркінінен көпе-көрнеу алшақтатып, көпті жаңылтпаған жөн (Осы орайда орысша «свежее молоко» дегенді «жаңа сауылған сүт» деп шұбалаңқы аудармай, ықшам баламасы ретінде «саумал сүт» деуге әбден болар еді деп санаймын өз басым).
Бұл ретте «Саумал мен бие сүті – мүлде бөлек нәрселер» деп, жоқ жерден дау туғызып жүргендердікі – әнтектеу пікір, меніңше. «Саумал» мен «бие сүтін» мағыналас сөздер деуге болады.
Тоқетерін айтқанда, «саумал» – жаңа сауылғанынан әбден бабына келе ашыған қымызға айналғанға дейінгі «бие сүті» деген сөз. Екі сөз – әрдайым тұп-тура эквивалент болмағанымен, бәрібір синоним сөздер. Контекске қарай кейде бірінің орнына бірінің қолданыла береді. Ол дұрыс та.
Сондай-ақ заттанған (субстантивтенген) «саумал» сөзі кейде сын есім мағынасындағы омоним ретінде («қандай?») «жаңа сауылған» деген мағынаны да білдіретінін ескеру керек.
Осы ретте аталған сөз-ұғымдарға қатысты ел арасында даулы, екідай пікірлер айтылып жүргендіктен, менің мынадай ұсынысым бар:
– биенің жаңа сауылып, желі-биебау басында ішілетін, яғни шамамен 2-3 сағаттай уақыт өткенге дейінгі сүтін – «саумал (сүт)»;
– біраз уақыт өтіп, құрамы өз-өзінен немесе қор (ашытқы) қосылғаннан өзгерген, ашуға, яғни қымыз болуға бет алған, шала, тұщырақ қымыз түрін – «саумал қымыз», жасанды түрін – «ұнтақ саумал (қымыз)»;
– ашуы жетіп, бабына келген түрін «қымыз» деп, ара-жігін аша бөлек-бөлек атап, қалыптастырып, кәсіптік сөз, термин, заңнама деңгейінде орнықтырған дұрыс болар, бәлкім (Ал «түнемел қымыз», «тай қымыз», «дөнен қымыз», «бесті қымыз», т.с.с. қымыз түрінің атаулары – басқа әңгіме).
Қалай ойлайсыздар?
Батырболат Айтболатұлы, тілтанушы-әдебиетші, филология ғылымының кандидаты
Argymaq.kz



