85 жылдық тарихы бар ипподром жабылуы мүмкін

5507

Босаған 42 гектар жерге оның қожайыны сауда орталығын салмақ екен. Бұған ипподром қызметкерлері үзілді-кесілді қарсы, өйткені кешен жабылса 40-қа жуық адам жұмыссыз қалмақшы. Сондықтан жұмысшылар 85 жылдық тарихы бар мекеменің қайта мемлекет қарамағына өтуін талап етуде.

Иелігінде аумақты жері бар ипподром – Алматыдағы байырғы кешендердің бірі, сонау 1930 жылдары салынған. Мұрағатқа жүгінсек, кезінде мұнда асыл тұқымды 2 мыңнан астам жылқы бапталып, талай сәйгүліктер топ жарған екен. 2011 жылы сол нысан жекенің қолына беріліп, енді тіптен жабылғалы жатыр.

Бұл 85 жылдық тарихы бар кешен. Алдағы 20 наурызда мерейтойы аталып өтуі тиіс еді. Оны жапқанша, неге сақтамаймыз. Мемлекет қайта қарауына алсын. Қазір заң орындарына шағымданып жатырмыз. Орнына түрлі сауда орталықтары салынады екен, – дейді «Алматы ипподромы» қозғалысының жетекшісі Әсел Досыбаева.

Несі бар, таңданатын түгі жоқ. Қаланың ортасындағы қымбат жер аса қажет боп қалған шығар немесе біреулердің жағдайы қиындап кеткен соң бизнес ашқысы келген болар? Қайдағы бір ипподром түгіл, бізде жүздеген зауыт-фабрикалар жебірлердің жұтқыншағынан өтіп кеткен. Жылқы емес, түйені де түгімен жұтқандарды қақалды деп естіген жоқпыз. Осы алған бағыттарыңыздан таймасаңыздар, қаланың ортасындағы қымбат жерді өздеріне алып, сіздерге алыс ауылдан орын тауып беруі мүмкін. Үндемесеңіздер оған да қол жеткізе алмай, далада қаласыздар. Алдымен бұзып, сосын халық есебінен жаңасын салу біз үшін жаңалық болып па? 85 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын, құрметті атбегілер! Қазақтың ежелгі салт-дәстүрі мен ат спорты өнерін сақтау жолындағы күрестеріңізде сіздерге бір Жаратқан иеміз жар болсын!

Зейнолла АБАЖАН «Қазақ үні»

3 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.