Манапхан БӘЖЕНЕЙҰЛЫ. Қытай рекордын жаңартқан Құла тұлпар

7772

Қытайда тұратын қандасымыз Манапхан Бәженейұлының «Қазақтың ат спорт ойындары және зерттеулер» атты Ахмет Байтұрсын әліпбиімен жазылған кітабы қолыма тиді. Қазақтың Алтай бетіндегі ат өнерін зерттеуші, өзі де осы ат спорты ойындарының тәрбиешісі, атбегі, бапкер ағамыздың бұл еңбегін алдағы уақытта да крил әліпбиіне түсіріп беріп отыратын боламыз. Ескерте кететін бір жәй, тілдік ерекшелікті сақтай отырып, әңгімені еш өзгеріссіз, қаз-қалпында беруді жөн көрдім. Әрі автордың келісімінсіз өзгертуге құқымыз да жоқ. Тек тақырыбына сәл өзгертулер еңгізілді. Оның өзі оқиғаның қай елде өтіп жатқандығын оқырман қауымға түсіндіру үшін жасалды. (Түпнұсқадағы тақырып «Мемлекеттік жарыста жаңа рекорд жаратқан Құла тұлпар»)
Кітапты крил әліпбиіне түсірген сайттың Бас редакторы Ержан Жаубай.

Argymaq.kz

Жылқы жанды, атқұмар, халқымыз «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» таңдап, мәпелеп баптап, салтанатты мерекелер мен мерейлі тойларда сәйгүліктерін сайлап, бәйгеге қосып, бәйгеден қара үзіп, қалың жұртын таңдай қақтырған тұлпарларын ән қылып айтып, дастан қылып жырлап, аңыз етіп айтып келеді.
Халқымызда «Жақсы ат – ер қанаты» дейтін аталы сөз бар. Сол сәйгүліктер қилы-қилы замандардан бері қазақ халқының жан серігі болып, үмітін ақтаған, сондай-ақ көкпар, қызқуар, аламан бәйге шабыстарында ер жігіттің де даңқын асырып келгендігі шындық. Әне, солардың бірі бүкіл мемлекеттің ат бәйге сайысында аға жүлдегер болып, жаңа рекордты жаратып, халқымызға атақ-абырой әперіп, елдің мақтанышы болған – Құла тұлпар.
Іле Қазақ автономиялы облысы, Текес ауданы, Шиліөзек ауылы, Суасу қыстағының малшысы Жаңабай Дәулетханұлы әкесінен жастай жетім қалып, анасының тәрбиесінде ержеткен. Ол бала кезінен атқұмар болып, бәйге десе делебесі қозып, «шіркін, менде де бәйге ат болса» деп армандайтын еді. Осылайша сәби кезінен аудан көлеміндегі бапкерлер мен сыншылардан жалықпай үйренеді. Үйрену барысында алған білімдерінен естелік қалдырып, үйренген білімдерін өзара салыстырып, қауызын тастап, дәнін алуға құлшынады. Әдеттегі уақытта болсын, бәйге сайыстарда болсын, үйренгенін іс жүзінен бірлестіруге мән беріп, түйгенін бапкерлер мен сыншыларға айтып, тәжірибе алмастырып, жетерсіз орындарын толықтап отырады. Осындай жалықпай ізденумен бірге көп есту, әмалияттың сынынан өткізу арқылы жүйрік жылқы жөніндегі ойы тереңдей түседі.
Ол осы ойдың жетегінде Мұңғылкүре ауданы мен Текес ауданының, бәйге жарыстары мен мал базарларына барып, келген жылқыларды көреді. Бірақ олоардың ешқайсысы сынына толмайды. Күндердің бірінде мал базардан қайтып келе жатқанда бір көшеде ұйғыр ақсақалдың бойы биік, әдемі құла атты арбаға жегіп келе жатқанын көреді. Ол арбаға жақындаған сайын жоғалтқан нәрсесін тауып алған адамша аттың сыны жөніндегі үйренгенін қайта-қайта ой елегінен өткізіп, арбадағы құла аттан көз алмай қарап қалады. Ұйғыр ақсақал:
— Ат жоғалтып, танып тұрсың ба? Жұмысың болмаса жолымнан қалтырма! – деп ренжиді. Ой-қиялы құла атта ғана қалған Жаңабай ойынан сергіп:
— Ақсақал, кешіріңіз, сізді күттіріп қойдым, мен ат сатып алайын деп аралап жүр едім. Арбадағы атыңызды көріп, сатсаңыз аламын ба деп тұрмын, — дегенде ақсақал:
— Атым жақсы ат, өзі жүйрік, егер аламын десең сатамын, бірақ бағасы жоғары болады, атты арбадан шығарып, мініп көр, кейін «әттеген-ай!» деп жүрме, жақсырақ сынап көр – дейді. Жаңабай атты мініп көргеннен кейін, сұрағанын беріп, сатып алады.
Құла атты қыстай бағып, көктем шығарда анасының орналастыруы бойынша ат бапкерлері мен сыншыларды ұсыныс етіп, сатып алған ат жөніндегі кеңестері мен ұсыныстарын, талаптары мен тәрбиелерін алуды мақсат етеді. Олар құла атты көргеннен кейін:
— Жаңабай, сен мал танитын болыпсың, атың бәйге ат екен, бәйге аттың белгілері толық бейнеленіпті. Құла ат орта, алыс аралықтағы бәйгеде келемін деп тұрған ат екен. Жетім бала, жесір әйелдің еңбектері жанып, маңдайына бітейін деп тұр екен. Құла ат елге атақ-абырой, сендерге даңқ әпереді. Біздің айтқандарымыздың дұрыс-бұрыстығын әмалиятта көрерміз, — дейді. Сонымен атты баулып-баптау жөнінде төмендегідей кеңестер береді:
1. Бәйге атты қалыпты етінен түсірмей, сондай-ақ семіртіп жібермей, жарыс алдында атты белгілі аралыққа жүргізіп, жаттықтыру керек. Алдымен бірқанша күн бәйге атты сар желіске салдырып желдіру, одан кейін бірте-бірте белгілі аралыққа еркін қоя беру, аралығы 5 км болса болады. Осылай жаттығу жүргізгенде аттың тыныс алуы жақсарып, бұлшық еттері мен сіңірлері шынығады. Атты күн аралатып жаттықтыру керек. Бәйге атынан тер алу да аттың жағдайына қарай лайықты болуы керек. Сенің атың нәсілді жылқы тұқымы екен. Терді өте көп алсаң атың әлсіреп кетеді. Бәйге атты жаттықтыру кезінде біртіндеп ілгерлеуге көңіл бөліп, жем-шөпті қалыпты беруге әдеттендіру тиіс. Жаттығуда қалыптан тыс зорлап, қамшыға сүйендірмеу керек. Қалыптан тыс зорлау бәйге атты керектен шығарады. Бәйге атқа мінетін шабандозды жақсы талдау тиіс. Шабандоз атқа еркін, орнықты отыратын, қағылез, сергек, жігерлі, қайратты болуы, атты басқаруға мықты болуы, өзі мінген аттың ерекшелігі мен даралық қасиетін толық игеруі тиіс. Қорқақ, алаңғасар, шалағай, орнықсыз шабандозды бәйге атына мінгізуге болмайды.
2. Биыл ауылдағы ат бәйге жарысына қатынассаң сен километр аралыққа ғана қатынас. Атың жаңадан жарысқа қатынасқалы отыр. Жаңа қатынасатын атты қатты қинамау керек. Сондай-ақ, жеке адамдар өткізген ат бәйгесіне қатынаспағаның жөн. Өйткені жеке адамдар бәйге өткізетін жарыс алаңдары ойлы-қырлы, жері тегіс емес, жарыс аралығы ұзақ болып, оны өздері белгілейді.
Сен де осы тәжірибе сабақты қабылдауың қажет. Егер дүниеге қызығып, жеке адамдар өткізетін бәйге жарыстарына парықсыз қатынассаң атың зорығып, керектен шығады. Енді әртүрлі дәрежелі өкімет, кәсіптік орындар өткізетін ат бәйге жарыстарына толық қатынассаң болады. Өйткені әр дәрежелі өкіметтер ұйымдастырған ат бәйге жарыстары жүйелі, ретті, өлшемді жүргізіледі. Бәйге алаңдары тегістеледі. Бәйге алаңы айналма форма болып, көрермендер көріп отырады. Өзің де көрермендер қатарында атыңның қарқынын көріп отырасың, бәйгелерді бес-алтыдан қоя беріп, соңында уақытқа қарап нәтижесін шығарады. Атың да қиналмайды, әрі дау-дамай болмайды. Сенің атың ауыл, аудан, аймақ, облыс, мемлекет жарыстарына қатынасып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп, өзіңе даңқ, халыққа атақ-абырой әперіп, қадірлі болсын.
Сонымен бірге, атың аудан көлеміндегі ат бәйгесінде бәйгеден келіп, көзге көрінсе, бұрын аттары бәйгеден келіп жүрген ішінара адамдардың көздері қызығады. Олар сенің атыңды бәйгеден келтірмеу үшін әрқандай істерді істеуі мүмкін. Сондықтан өзіңе мықты, қырағы бол, атыңды қорғауда ерекше сақ болуың керек» – деп ат бапкерлер мен сыншылар Жаңабайға ерекше кәңілмен, көптеген құнды пікір мен ақыл-кеңестерін береді. Жаңабай:
— Сіздер менің ұстазымсыздар, сіздердің берген тәрбиелеріңізде еш уақытта естен шығармаймын, сіздердің айтқандарыңыз бойынша істеймін, — деп әсерленгенінен көзіне жас алады.
Сонымен Жаңабай ауыл бойынша өткізілетін бәйгеге дайындалады. Ат бәйге жарысы белгіленген уақытта басталады. Ол атын 5 км-лік жарысқа тізімдетеді. 5 км-ге жарысатын аттар бәйге алаңын 3-рет айналғанда бес-алты ат бір топ болып ең алдына шығады. Құла аты осы алдыңғы топтың ішінде жүреді. Бәйге алаңын 4-рет айналғанда құла ат басқа аттарды арқан бойы артқа тастап, бәйгелер алаңды 5-рет айналғанда ат иелері руларын шақырып ұрандайды. Құла ат айғай шыққанда тіпті де делебесі қозып, басқа бәйгелерді 100 метрдей артқа тастап, шаңына ілестірмей көмбеге жетеді.
Құла ат сайыста ерекше көзге түскендіктен көрермен қауымның назарын айрықша аударады. Бұл кімнің аты? Қайдан шыққан? Тегі қай жердің жылқысы екен деп, ауылдастарының таңдайын қақтырады. Сонымен ел құлағы елу дегендей құла аттың даңқы аудан көлеміне тез тарап, бәйге құмарлар арт-артынан келіп, құла атты сатып алушылардың да арты үзілмейді. Құла аттың бағасы да өрлей береді.
Бірақ Жаңабай сарыла күткен арманына қол жеткізгендей болып шаттанады. Құла аттың бағасы қаншалықты өрлесе де қолынан шығармау бекіміне келеді. Жаңабайдың ардақты анасы мен құрметті ұстаздары, Жаңабайдың осы бекімін қолдап-қуаттайды.
Құла ат ауылдан, аудан бойынша өткізілетін бәйге жарысына қатынасуға талданады. Аудандарда өткізілген бәйге жарысының 10 км-лік аралықтағы жарысқа қатысады. Жарыс басталып, бәйге алаңын 3-рет айналғанда алдыңғы топтағы аудан көлемінде атағы шыққан бәйгелермен қатарласып, 6-7-рет айналғанда басқа аттарды 50 метрдей артқа тастайды. Бәйге алаңын 8-9-рет айналғанда 100 метрдей алдында болып, бәйге алаңын 10-рет айналғанда қарқынын тіпті де тездетіп, басқа бәйгелерден көмбеге 150 метрдей бұрын келіп, көрермен қауымды таңқалдырып, таңдай қақтырады. Қызу талқы Құла бәйгеге шоғырланады.
Аудан Құла бәйгені алтын медаль және мол сыйлық беріп марапаттайды. Осы кезең бәйге аяқталысымен атқұмар қалталылар Құла бәйгені сатып алу үшін бағасын бірінен бірі жоғарлатып, құла аттың бағасы бұрын-соңды естіп көрмеген шыңға шығады. Осындай жағдайда Жаңабай құла аттың бағасы соншалықты өрлесе де алғашқы бекімін өзгертпейтіндігін қайталайды. Жаңабайдың осындай ұстанымына риза болған ұстаздары, беделді ақсақалдар оның атақ-абыройға, ақша мен дүниеге қызықпайтын кісілік қасиетіне риза болып қолдап-қуаттайды.
1990 жылы маусымда Іле аймағы 8 аудан, бір қала бойынша өткізген «Іле тұлпар мерекесіндегі» ат бәйгесінде, 5 км, 10 км бәйгеде аға жүлдегер болып, алтын медаль алып, мол заттық сыйлықпен сыйланады.
1991 жылы маусымда Іле Қазақ автономиялы облысы бойынша мемлекеттік 4-кезекті аз ұлттар дәстүрлі спорт жиынының ат бәйге жарысына Шиңжиаң Ұйғыр автономиялы (ШҰАР) районы атынан қатынасуға бәйге ат талдау қимылы Тоғызтарау ауданында өткізіледі. Жарыстың 5, 10 км бәйге жарысында Құла бәйге аға жүлдегер болып, мемлекеттік ат бәйге жарысына қатынасуға талданады.
Мемлекеттің 4-кезекті аз ұлттар дәстүрлі спорт жиналысының ат бәйге жарысы Ішкі моңғұл автономиялы районы Көкхот қаласында өткізілетін болды. Бұл сайысқа Ішкі моңғұл автономиялы районы ат бәйге командасы уәкілдер үйірмесі, Шизаң Заңзу автономиялы районы ат бәйге командасы уәкілдер үйірмесі, Финхай Хуйзу автономиялы районы ат бәйге командасы уәкілдер үйірмесі, Гансу өлкесі ат бәйге командасы уәкілдер үйірмесі, ШҰАР ат бәйге командасы уәкілдер үйірмесі қатынасты.
Жарыс түрі: 1000 м, 3 км, 5 км, 10 км, жарыс 1991 жылы тамыздың 2, 3, 4 күндері өткізу белгіленеді.
ШҰАР атынан қатынасатын ат бәйге командамыз, шілденің басында жарыс орыны Көкхот қаласына барып, жаттығуды жалғастырған еді. 2-тамыз күні түстен бұрын 1000 метрлік жарыс басталып, жарыстың аға жүлдегерін Ішкі моңғұл ат бәйге командасы алды. Түстен кейін 2 км бәйге жарысында аға жүлдегерлікті және де Ішкі моңғұл ат бәйге командасы алды.
Тамыздың 3-күні түстен бұрын 5 км бәйге сайысында аға жүлдегерлікті жалғасты Ішкі моңғұл ат бәйге командасы жеңіп алды.
Біздің бапкерлер жоғарыдағы үш түрдегі бәйге жарысында екінші, үшінші болды. Жарыс барысында бәйгелеріміздің дене қуатының өте әлсіреп кеткендігі байқалды. Біздің бәйге командамыз Ішкі моңғұл Көкхот қаласына бір ай бұрын барған болса да ол жердің жем-шөбіне үйренбегендіктен ол жердің шөбін жуып беруге тура келді. Аттарымыз жарыс басталғаннан кейін бәйге алаңын бірер айналғанша алдында жүріп, кейін бірте-бірте шегінгендігі өте айқын көрінді.
Құла ат 5 км бәйге сайысында бәйге алаңын 3 айналғанға дейін бәйге аттардың алдында жүріп, 4-айналымнан бастап қарқыны баяулап, ақырында қатардан шығып қалды.
Осындай жағдайда ШҰАР-лық уәкілдер үйірмесінің бастығы, Шиңжиаң әскери районының орынбасар саяси комиссары Сауданов қатарлы басшылар жиын ашып: «Үш алтын медальді Ішкі моңғұл ат бәйге командасы жеңіп алды, ертең түстен кейінгі алтын медальді алу ең маңызды. Егер ат бәйге командамыз алтын медаль ала алмаса, Шиңжиаңдағы әр ұлт халқына қандай жауап береміз? Бұл мәселеде барлығымыздың жақсы ойлануымызға, терең толғануымызға тура келеді. Сондықтан енді қалған бір күнді мықты ұстап, аттарға қажетті заттық нәрселерді барынша толықтап, баптап-баулуды күшейтіп, барлығымыз осы бір күнде жапалы күрес жасап, мекенімізге қуанышты мереймен оралатын болайық» — деп нұсқау берді.
Осы орналастыруға сай, біз құла атты 3-тамыз күні түстен бұрыннан бастап, он неше шақырым шалғайдағы орманның ішіне апарып, сол жерде жайылтып, жемінің түрін, сапасын жақсартып, атқа қарауға бірнеше адам орналастырдық.
Тамыздың 4-күні түстен кейін 10 км ең соңғы шешуші жарыс басталатындығы жарияланды. Жарысқа қатынасатын аттар топтарға бөлінді. Біздің Құла атымыз бірінші топқа бөлініпті. Бәйге алаңына кірген Құла атымыз сыртқы бейнесі жақсарып, жүндері жылтырап сергіп қалғандай көрінді. Бар үмітіміз осы Құла бәйгеде ғана қалған еді. Біз алдыңғы екі күндік бәйге жарыста алтын медаль ала алмай ұялсақ және бір жақтан бәйге алаңындағы он неше мың көрерменнің айғайы біздің басымызды көтертпей қойған еді. Содықтан Құла бәйгеміз жарысқа түсер алдында, үйірмедегі жолдастарды бәйге алаңына дейін айналдыра орналастырдық. Егер Құла бәйгемізге қуат беріп, бәйгеден келетін болса, біз де елге кеткен есемізді қайтармақшымыз.
Төрешілер бірінші топ жарысының басталғанын хабарлады. Жүрегіміз дүпілдеп, абыржып тұрмыз. Төрешілер белгісі берілісімен тұлпарлар оқтай атылды. Қиян-кескі сайыс басталды. Бәйге алаңын 2-рет айналғанда Құла бәйгеміз Ішкі моңғұлдың екі атақты бәйгесімен бәйгелердің ең алдында бір біріне жол бермей қатарласып отырды. Бәйге алаңын 3-4-рет айналғанда Құла бәйгеміздің қарқыны үдей түсіп, Ішкі моңғұлдың екі атақты бәйгесінен қамшы салым алдыға шықты. 5-рет айналғанда қарқыны тіпті де тездеп, арқан бойы алдыға шығап, арт жақтағы аттарды қуып жетті.
Бәйге алаңын 6-рет айналғанда, артта қалған Фиңхай ат бәйге командасының жалын күзеген Құлагер бәйгесімен бір-біріне жол бермей 600 метр аралыққа дейін қатарласып барып, біздің Құла бәйгеміз ақыры Фиңхай ат бәйге командасының Құлагерін артқа тастап, озып шықты.
Бәйге алаңын 8-рет айналғанда Құла бәйгеміз басқа аттарды 150 метрдей артқа тастап, тіпті де тың тебін көрсетті. Осы орайда бәйге алаңындағы үйірмедегі жолдастар айғайға басты. Айғай шыққанан кейін Құла бәйгеміз 10-рет бәйге алаңын айналғанда басқа аттарды шаңына ілестірмей, басқа бәйгелерден 200 метрдей бұрын көмбеге жетті.
Шиңжиаңнан барған жолдастар ерекше әсерленіп, шаттанғаннан бірін-бірі құшақтап, жылап, ұрандасып кетті. Ұзаққа дейін қуаныштарын баса алмай мәре-сәре болды.
Сонымен Құла бәйгеміз мемлекеттік ат бәйге жарысында ерекше тың тебін көрсетіп, аға жүлдегер болып, алтын медаль алды. Ең үлкен атақ-абырой мемлекеттің жарыс мекемесі «Құла бәйге 10 км жарыста мемлекеттің бұрынғы рекордын жаңалады» деп жариялады.
Құла бәйгеміз мемлекеттің ат бәйге жарысының 10 км рекордын жаңалаған «Құла тұлпар» болып танылды. Районда осы хабарды жариялағанда бәсеңдеп қалған қуаныш мерейлері қайта көтерілді. Шиңжиаңнан барған жолдастар шаттанып, айғай-шуға басқанда Ішкі моңғұл көрермендерінің дымы ішіне түсіп, жым-жырт күйде тарай бастады.
Құла тұлпардың 10 км бәйгедегі жаңалаған рекорды – 13 мин. 34 секунд, 84 такт (мысқал) еді. Құла тұлпарды мемлекеттің әрқайсы орындарынан келген тілшілер бір сағаттай суретке түсіріп, Құла тұлпарды баптау-баулу жөніндегі тәжірибелерді ұғысты. Қолға келтірген нәтижемізге риза болған үйірме бастығы Сауданов қатарлы басшылар үйірме мүшелеріне:
«Сіздер Шиңжиаңдағы әр ұлт халқына атақ-абырой әпердіңіздер, Құла тұлпарымыз ең маңызды екі алтын медаль алғанмен тең болды. Сондай-ақ, мемлекеттің ат бәйге тарихында маңызды орын алды», — деді тебіреніп.
Бұл табыстан хабар тапқан ШҰАР-дағы партия комитеті мен халық үкіметі біздің қолға келген жеңістерімізге ерекше риза болып, уәкілдер үйірмемізге құттықтау телеграммасын жіберіп, барлық уәкілдер үйірмесіндегі жолдастардан хал сұрады. Уәкілдер үйірмесі Үрімжі қаласына қайта оралғанда үйірмені аса салтанатты мереймен қарсы алды. Райондық халық үкіметі аса дабыралы жиын ашып, осы кезекті мемлекеттік бәйге жарысында қомақты нәтижеге қол жеткізген спортшылар мен тәрбиешілерге мол сыйлық беріп марапаттады.
Уәкілдер үйірмесіндегі бәйге командаларымыз облысқа қайта оралғанда Іле Қазақ автономиялы облысының бірінші кезекті аз ұлттар дәстүрлі спорт жиналысы салтанатпен ашылды. Құла тұлпар осы кезекті спорт жиынының ат бәйге жарысының 10 км, 20 км сайысына қатынасып, екі алтын медальға қол жеткізіп, бір түйе, бір ат сыйлық алып марапатталды.
Құла тұлпар мемлекеттің ат бәйге жарысының алтын медалін алумен бірге 10 км-лік мемлекеттік рекордты жаңартты. Сондай-ақ, Іле Қазақ автономиялы облысының ат бәйге жарыстарында да қос-қостан алтын медаль алып, Шиңжиаңдағы, облысымыздағы әр ұлт халқына атақ-абырой әперді. Ол спорт тарихында өшпестей еңбек сіңірді. Құла тұлпарды бағып-қағып, баптап-баулыған, тәрбиелеген еселі еңбек көрсеткен даңққа бөлеген Жаңабай Дәулетханұлының да атақ-абыройы мен мерейі өсіп, аман-есен қоржындары толып, ауылына оралғанда ауылдастары да қуана қарсы алып, той жасап думандатып жатты…

Manapkhan B.Манапхан Бәженейұлының «Қазақтың ат спорт ойындары және зерттеулер» кітабынан. (Сурет ғаламтордан алынды)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.