Дәурен ҚУАТ. Қасқа айғыр қайтып соғар ма?

7664

Көбесін көк тікендей буған кісенді қарш шайнап үзіп тастап көсілген қасқа айғыр қара жердің жонын қасып келеді. Бауырын арбақ тіс соқа тілгілеген дала да рахаттанып жосыла берген. Жайылып жатқан жазық пен тәкәппар паң таулардың көз алдында нұр жарық дүниені құйрығына орап ап, ата жұртына азынай тартқан қасқа айғыр қанжыға тұсқа қайырылып бір, қамшылар жағына екі қарады. Ұмасына орай тиген қамшы жүзі улы еді. Ұмытқан жоқ. Оң қапталдан доғалана түскен жылан шылбыр кеңсірігін ысып, орып жібере жаздады. Жазымнан Құдай сақтаған соң көк перісін жалына қондырған көк тұяқ түннің шабын кездіктей тіліп келе жатқан беті осы.

***

Сүйекке сіңген қасиетті қайың аршығандай қылған саясат па әлде тасбақа түстес Уазик мініп жүретін Беделтұт па еді?.. Бүгін міне соны ойлаймын.
Әлдеқашанның қойнына сіңген уақыт емес — біздің балалығымыздың төбесі иек астында қылтияды. Жадымызда бәрі сайрап тұр. Сол бір жылдары ауылымызда жылқы көрсе жынын көргендей құтырынып соғатын шолақ белсенділік үстемдік құрып алған. Сабы тұқыл, қазан-ошақтың маңында тоқалдықта жүретін қара пышақ жағы түкті хайуанның алқымында ойнады, тұлпар шығар талабы тайынан танылған түлек қойшының тақымында изеңдеумен тозды.
Ауыл үйдің айналасы тұнған егін еді. Жұрт жылқысын тұсап, арқандап ұстайтын. Төңірек түгелімен темір-терсекке толды. Ал Қамбар ата тұяғы машинаға тиеліп етке айдалып бара жататын.
Со заманда жылқының жанарына үңілсе, қазақ өзін көрер-ді. Басы сопайып, көзі алайған қазақтың келбетін жылқы туысқандай дәл танытатын біреу бар ма? Кісісіне кезіксе, кіндігін тартып кісінеп жіберетін күліктей сезімталды кім біледі? Қазақ білетін. Білген. Қәзір тапырақтап шапқанның бәрі атбегі атаныпты.

***

Құлағының түбін қасып тұрып қасқа айғырдың жасына «шомылатынмын». Жануарды арбаға жегуші едік. Соған ішқұса бола ма, қайран қасқа маған іштей егілгендей, еңкілдеп жылағандай мұң шағатын. Қарашығына қарасам, қара аспан төңкеріліп жердің беті жыбырлап, кілкіп сала береді. Қараң қалған дүниені, сонан соң білігінің майы таусылаған ырдуан арбаны тас-талқан етіп тастай қашпаққа қасекең талай мәрте ұмтылды. Мен оны біліп жүрдім. Бір күні ана жаққа аттанудың кезегі біздің мұңдастың да басына келіп жетіпті. Бауырынан бұзау өтсе де мыңқ етпейтін қасқа батыр сөйтіп жүк мәшинесінің қорабына тиеліп кете барды.

***

Дала қазақ пен жылқыны қатар туған. Бірінің тұяғы сетінесе, бірінің тегі сұйылады. Түптің түбінде екеуі де анасына боздап қайтары анық. Анасы — боз даласы. Қасқа айғырдың сол сапардан соқтыртып оралуы соның мысалы. Мысал көп қой. Көп мысалдың бірі еді ол, көне мысалдың жаңғырығы еді ол. Жершілдік. Қасқа айғыр тым жершіл боп шықты. Баяғыдаа, — үлкендер жағы сыбырлап қана айтатын, — Шұбар құсап айдауға кеткен көк пері қайырылып бір соқты-ау…

***

Ертесіне қарасақ, қасқа айғыр мамаағашқа маңдайын сүйеп екі бүйірін соғып солықтап тұр екен.
— Шалып жіберу керек! — Ту сыртымнан біреу шаңқ ете қалды. — Жамандатқыр кәрі неме қашып келіпті. Жігіттерді жина. Буып берсін аяғын. Алқымынан орып-ақ жіберейін.
Қасқа айғыр құлағын тігіп, құйрығын көтерді. Жанары шоқтай жайнайды.
— Жынданған ба немене? Ұста қаумалап, ұстаңдар, қане!
Қасқаның қаны басына шапса керек. Дөй далаға құйын-перен ұра кеп жөнелді. Соңынан тасбақа түстес Уазик түсті. Екеуі де алыстап барады, егесіп барады.
Қасқа айғыр, қырға шығып көз салдым, сағымға сіңіп жоғалған сияқты көрінді.
Қасқа айғырдың бұлай шығындап шабатынын бұрын-соңды ешкім білген емес.
Жер жыртып жүрген тракторлар тоқтап қалды. Тракторшылар мына кереметтен құр қалуды өздеріне күнә санаса керек. Сол күні кеште қасқа айғырдың ерлігін дүрілдетіп отырып әй бір «жуды» ғой.
Келесі күні басы ауырып әншейіндегі озат Асанбай жұмысқа шықпай жатып алды. Іздеп барған бригадирді үйінен боқтап қуып шығыпты деп, өсекке кенезесі әбден кепкен ағайын тағы бір дүрлікті.
Бұның бәрі әншейінгі әңгіме. Бірақ «айдың күннің аманында» қасқа айғыр салған бүлік қаршадай бала біздердің жүрегімізді бүлкілдетіп… бүлкілдетіп кеткені рас. Кейін түйдім:
Есі ауған Ел ерлікті танымайды екен, бағасына жетпейді екен. Қасқа айғырдың жалына жармасып сол күні ауылға кәрі аруақ келген еді ғой.
…десем бұл қазақ күледі-ау,әлі.

DaurenДәурен Қуат. «Жас Алаш», 14 наурыз, 1998 жыл.
Abai.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.