Бастаубайдың Сары аты

7322

Атты қанатына балаған қазақта не бір дүлдүлдер болған. Солардың бірі менің туған жерімде, Байғара елінде атағы шар тарапқа жайылған атақты Бастаубайдың Сары аты туралы мына бір шағын дүниені назарларыңызға ұсынайын

Байғара еліндегі (Алтайдың Буыршын ауданын мекендейтін Керейдің Жәдік атасынан тарайтын ру) ең атағы шыққан жүйрік ат — Бастаубайдың сары аты. Алтай көлеміндегі үлкен той, көлемді астарға апарып қосқанда Биқажының (шын аты Өміртай би) Сары аты деп таныстырылатындықтан ол Биқажының Сары аты деп аталған.
Сары ат кесек денелі жылқы емес. Бас-аяғы бірдей шаршы ат болған. Оған мініп шапқан балаға тізесінен келетін екі қабат сәлдебоздан жасалған байпақ кигізіледі екен. Өйткені сары атқа қамшы ұрмайды. Шауып келе жатып, құйрығын бір бұлғап алып, өзін-өзі осып-осып жіберуге дағдыланыпты. Атқа шабатын бала қамшыға байлаған шытымен көзін ғана сүртіп отырады.
Сары ат бесті шыққанда-ақ тұңғыш рет Түрікпеннің (адам аты) асына қосылып, екінші болып келіпті. Осыдан кейін Сауырда Әлен уаңның тойында Шабырбайдың бурыл атымен таласып келіп, Дамолла деген адам екі атты қайқаңға қоя беріңдер деп қайта жібергенде Сары ат озыпты. Сонда Дамолла: Шабырбайдың бағы жанып тұрушы еді, Биқажының бұл жолы салауаты жеңіп кеткенін байқаған шығарсыңдар, — депті.
Бірде Қобық жеріндегі мұңғол уаңы келін түсіру тойын жасап, Байғарадан Қанжыға топ бастап, бәйгеге Сары ат ішінде он неше жүйрік қосыпты. Сонда Сары атқа Қопа балуанның 8 жастағы Шаймарданы мініп барыпты. (Қопа менің ұлы атам, Шаймардан атам).
Мұңғол уаңының Көксетер деген алдына жылқы салмаған жүйрігі болып, жалпы бәйгеге екі жүзге жуық ат шауыпты. Алтай, Сауыр, Боғдадан келген өрен жүйріктердің басы қосылып, «қай елдің, қай жердің аты келеді» деп гулесіпті жұрт. Сонымен ат күншілік жерге айдалып, жүйріктер қайтып жол ортаға келгенде Сары ат Көксетерді қуып жетеді. Екеуі қатар шауып, қашан көмбеге жеткенше жұбын жазып, бір-бірінен озбапты. Бірақ, алдыңғы екі аттың бас бәйгесіне талас болғанда мұңғол уаңы:
— Шыдасаңдар екі атты қайта айдаңдар, бірақ мынадай шартым бар, егер қайсы ат озса да екі аттың бәйгесін алудан тыс, артында келген екінші атты да алады, өйтпегенде Көксетерге біріншілікті беріңдер, — дейді шорт кетіп.
Қанжыға бастаған тойға барушылар басында «Сары аттан айырылып қалсақ ұятқа қалармыз, екінші аттың бәйгесін алып-ақ қайтамыз ба?» деп қобалжыпты. Бірақ Шаймарданнан Сары аттың Көксетерді қуып жеткендігін ұққан соң «тәуекелге бел байлайық, Биқажының Сары атын сайысқа салар бәсекеде Байғара баласы қорықты дегізбейік, атаның аруағы қолдасын» деп Сары атты Көксетермен бірге қайта айдатыпты.
Қайта айдалған екі атқа екі жақтан оннан адам шығарып, жол бойына қарауыл қойыпты. Жол ортаға жетпей Сары ат озып, жүрйік көмбеге жақындағанда мұңғол уаңы аттанып жүріп кетіпті.
Байғара азаматтары екі аттың бәйгесін бірдей алып, үйірлі жылқы айдап Көксетерді Сары атпен бірге жетекке алғанда, тойға келген мұңғол-қазақ түгел Көксетердің кеткеніне қамығып қала береді.
Алайда Қанжыға қасындағыларға:
— Бізге осы атақ-абырой да жетер, «Биқажы елінің азаматтарының көзі не деген тар, бәйгесін алды да зытып берді» демесін, тура уаңның ордасына тартыңдар, естеріңде болсын, Сары ат пен Көксетерді оңаша байлап күзетте ұстаңдар, — дейді.
Бақтары жанып, аттары бәйгеден келген Керей баласы мұңғол уаңының төрінде иықтарын көтеріп, бір мәртебе жоғарылап қалғандай бейне көрсетеді. Уаң далаға шығып, екі жүйріктің оңаша байланып, күзетте тұрғанын көріп, күдері үзіле үйге кіреді. Қанжыға:
— Келгенде Биқажының өзіңізге сәлемін жеткізіп, сәлемдемесін берген едік, енді қайтарда «қош» айтып аттануды жөн көрдік. Айбаты асқан балуанның, шаң қаппаған жүйріктің бәйгесінен, оғы жерге түспеген мергеннің, тілеп түскен қыранның алғанынан жанындағы жолдасқа, қимас дос-жаранға үлес беріп жатушы еді. Біз мына Керей елі кең қолтық келеміз. Биқажының Сары аты үш бәйге алды, соның бірі – Көксетер. Бұл жүйріктің де алдына салғаны осы Сары ат қана шығар, сауға жолымен Көксетерді босағаңызға байладым, — депті.
Айтарын айтып алса да, дегенінен қайта алмай отырған уаң:
— Биқажы сен секілді азаматымен марқаяды, алып кетсең саған ауыр еді, беріп кеткенің маған ауыр тиеді, — деп, байғара азаматтарын қонақ қылып күтіп, тәңертең аттанарда уаң өзі ғана мінетін қоңыр жорға атын Қанжығаға жетектетіп қайтарыпты.

893910_113953665463305_1024584157_o«Байғара шежіресінен» дайындаған
Мұрат Алмасбекұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.