Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Өлеңдер

11204

S6000689

ҚҰЛА АЙҒЫРДЫҢ ҮЙІРІ

(Шәріптің әңгімесі)

 

Дос-дұшпанды иісінен айырып,
Тік тұрады “алғы шепте” күн, ай, жыл…
Бір үйірді қабағымен қайырып,
Қос құлағын қайшылайды құла айғыр.

Қиқулаған иесі ме, ұры ма…
Қалт жібермей қадағалау міндеті.
Ұры-қары қарап алсын сұрына,
Құла айғырмен ойнамасын кім де кім…

Уай жануар, қақпан, құрық баспайды,
Арқырап бір, атты адамға шабады.
Дойырыңнан, сойылыңнан саспайды,
Тұяқты да, азуды да салады…

Ұлыққа да, ұрыға да жан керек,
Шыбын жанын олжалайды амалдап.
Құла айғырды күнә болар “мал” демек,
Тірлігі оның малға қалай саналмақ?!

Көкжалдарың күндік жерден безеді,
Құла айғырдың көрінгенде қылаңы.
Құлын тұр ғой, қыл бермесін сезеді,
Сосын басын өзге жаққа бұрады.

Ірілікті ұлылық деп сүйеді ел,
Күтеді оны көбіне-көп еркектен.
Құлын мүсін байталдар мен биелер,
Құла айғырға адалдыққа серт еткен…

Әттең дейсің!
Әттең, қазақ жұртының,
Тамырынан айырылғаны сор екен.
Өзге түгіл, тек бір ғана жылқының,
Ер жігітке үйретері көп екен…

Бір ауылды қабағымен қайырған,
Туған елін бермейтұғын дауылға.
Қара қылды қақ екіге айырған,
Құла айғырдай бір жігіт жоқ ауылда…

Деп күрсінді Шәріп жездем толғанып.
Ұшатұғын қыран құстай қомданып.
Сосын үнсіз Сүгірменен сырласты,
Домбырасын жаймен ғана қолға алып…

ҚАРА АЙҒЫР, АҚСАҚ ҚОЙ ЖӘНЕ АДАМ

азаргаЖайлауда.
Тауға бұлт ілінді де,
Жоқ болды шоқ боп тұрған күнің міне.
Қара аспан қара сел боп ақтарылды,
Әр жері от қамшымен тілінді де.

Сайлардан, жылғалардан топан ақты,
Тастарды тайқазандай қопара атты.
Малшылар қосын тастап, түгі қалмай,
Бетке алды жандалбаса жота жақты.

Ақырады топансу айдаһардай,
Атылады, шапшиды ай қабардай.
Дөңдерге, жоталарға шығып алды,
Малдың да бір тұяғы сайда қалмай.

Дегендей ала кетем жастығымды,
Құтырған селдің шеті қосқа ілінді.
Осы кезде қара айғыр бетте тұрған,
Қосқа қарап кісінеп, осқырынды.

Малдың да бірдеңені “білетінін”,
Айтқанда нану тұр ғой, күлетімін.
Осы үйдің бір ауыру, ақсақ қойы,
Үй маңында айналып жүре-тұғын.

Өріске қотанменен бара алмайтын,
Азығын үй маңынан амалдайтын.
Ақсақ қой үй паналап жүргенменен,
Ол өзі тірі мал боп саналмайтын.

Қара айғыр осы қойға алаң екен,
Жер тарпып кісінейді ала бөтен.
Сонда білдік, тасқынның бергі шеті,
Ақсақ қойды ағызып барады екен.

Екпіні қойсын ба оны лайдың зілді,
Қойшыға қарап едім, жай бір күлді…
Аққан қойға топтанған адамдардан –
Еш бір қайыр болмасын айғыр білді.

Білді де айғыр дереу селге барды,
Үйірі шұрқырасып дөңде қалды.
Ақсақ қойды желкеден тістеді де,
Тік көтеріп сорлыны жерден алды…

Қойды әкеліп тастады жағалауға,
Мән бермеді назарға оған ауған.
Тек биелер кісінеп, шұрқырасты,
Мүмкін олар біздерді табалауда…

Ақсақ қойың тірі екен.
Маңырады…
Есеңгіреп қалған-ау, (аңырады…)
Бұл кезде жауын тоқтап, күн де ашылды,
Адамдар үйлеріне жамырады…

P.S.
Осы жайды есіме жиі аламын,
Сан мың ойдың таппаймын тиянағын.
Бүгінде қой немесе жылқы көрсем –
«Адаммын» деп қараудан ұяламын…

АЛКҮРЕҢ АРМАН

Тұлпарым – қасиетім, арыс әнім,
Сен болсаң ауыл болар ғарыш әлі.
Ақтарсам өткен күннің парақтарын.
Өзіңмен жеңіс сайын табысамын.

Тағдырлық жекпе-жекте сан сынасқан,
Ерлікті бағалайды халқым асқан.
Намысты қорғау үшін қайран ерлер,
Өзіңе сенімменен қамшы басқан.

Көздерің алау атып, мөлдіреген,
Ақылың, естігенің… – ол бір өлең,
Арыстар Абылайлап аттандаса,
Ту болып жібек жалың желбіреген.

Батырлар «шүу» дегенде тізгін қағып,
Қамалдың қандайында бұздың барып,
«Арғымақ – ер қанаты»,- деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан біздің халық!

Еш малға, мен жылқыны теңгермеймін,
(Ат аманда, әрине мен де өлмеймін).
Ер дегенің баһадүр, бірақ та мен –
Қубас* атты батырдан кем көрмеймін.

Атымен көрінеді ер айбатты
Тұлпарды батыр мінді, егей бақты!
Иесін ұран етіп алғаныңмен,
Ұмытуға бола ма Көкойнақты*

Жылқы үстінде қазекең – талғар бейне,
(Тұлпарсыз ән бар дей ме, сән бар дей ме?!)
Қазақтың қормалы боп елестейді,
Жылқы атасы жарықтық Қамбар кейде…

Ауылына қазақтың бара қалып,
Ат туралы аңыз ұқ (қалап алып).
Атпен бірге мақтаныш, қасіреті –
Менің елім осындай дара халық.

Атқа мініп, бел буса шарта бекем,
Қазекеңнен алыс жүр қалқа-көкем.
Кей мінезі қазақтың жылқы текті,
(Баққан малға адам да тартады екен!)

«Ат» десем шабыт қайда барады алып,
(«Ақбақай», «Құланкермен» шабам анық).
Қасиетін Қамбардың ерте білген,
Қара жаяу қалмағай дана халық.

Дана халық қалса егер қара жаяу,
Тауың жүдеу тартады, дала қаяу…
Әйелдердің көзінің жасы кеппей,
Бесігіңде жатады балаң ояу!
Қара халық қалмағай қара жаяу!

671a1578923cb6eea4085e52dbd9b9c1Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ
Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Суреттер ғаламтордан алынды

2 comments

  1. Нәби 27 Маусым, 2014 at 08:48 Ответить

    Жылқы жайлы қазақ айтпай кім айтар, Қасиеті, қанында бар жануар! Мінсең көлік, ішсең қымыз жесең ет, Жылқы жайлы бөлек мүлде ұғымдар!
    Түсінетін, бірін-бірі кісінеп, Тек терісі, сыртқы пішін түсі көп. Адамдардай ұғысатын сөз берсе, Мүмкін айтар , бәр адам ісі деп…
    Үйірі мен көру ғажап жылқыны, Кәртаң бие, басқасы бар құлыны, Текті айғыр жал құйрықты байқалар, Қаталдықтан қайраттанған ұсқыны!
    Қанында бар жақсы көру жылқыны, Байлық санап, үйір- ұйір бақты оны! Ең алғашқы жүйрікпенен табысқан,Тек қазақ деп елестетем аттыны! (Нәби)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.