Техника мінген жылқышы көбейді

4570

Бәлкім, біз қателесіп те отырмыз. Бұны оқып бастаған адам «пәлі, жылқы мінбей не көрініпті, біздің елде мұндайлар баршылық» деп қарсыласуы да бек мүмкін. Оған қарсы жауап та айтпаймыз. Бірақ, бұл мақаланы жазбас бұрын бұрынғы мен бүгінгіні салыстырып алдық.

Иә, салыстырдық. Ат үстінде өмір сүрген ата-баба салты белгілі. Оны қозғамаймыз. Әрі кетсек, 20-30 жыл төңірегіндегі уақытты қаузап көрсек. Бір буын алмасар мұндай кезеңді ширек ғасыр деуші еді. Сол ширек ғасырда атқа мінген ағалар азайып, бала біткен оны сирек көретін болған.

Малды машинамен бағамыз

Мақала осы жайлы болатын. Атқа міну дәстүрінен алшақ кеткен біздің халықтың бұған сылтауы не? Жылқы жоқ емес қой. Саралап көрелік.

Атакәсіптен ажырамаған бұрынғылардың ізін қуған қазіргі буын, шүкір, мал басын көбейтуге құштар. Бірақ, кейбір оқығандардың пікірінше, қазіргі қазақтың мал бағудан қыры кеткен. Мал бақпақ түгілі, атқа мінетін қазақты да сирек көресіз. Осылай дейді. Кей-кей жерін мойындағанмен, төрт түлікті көбейтіп, ата дәстүрден қол үзбеуге тырысып баққандар бар.

Бір көрген жайт. Осыдан көп жыл бұрын ауылдағы қазақтың үйінде бір-бір жылқы тұратын. Байлауда тұрған бұны мініс ат дейтінбіз. Осымен сыртта жайылатын малын қарайтын. Түгелдейтін, қажетін ауылға айдап әкеліп, сойысқа жарататын.

Қазір мүлде басқа. Атқа мініп, мал қайыру тұрмақ, қой кезектің өзін көлікпен бағатындар бар. Жылқыны қарауға да машина не мотоцикл жақсы болып тұр. Жеңілі осы дейді малшы қауымның өзі де. Айылын тартып, атқа мінгеннен, әп-сәтте «желдіртіп» өте шығар техниканы тәуір көреді ғой. Бұл да дұрыс шығар.

Атқа мінудің пайдасын бұрынғылар әбден білген бе?! Қарлы боранда адасып, ат үстінде қалған адамның тоңбау сыры жайлы оқығаным бар. Өйткені, жылқының қалыпты температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары болатынға ұқсайды. Иә, жылқының сыртқы температурасы адамның суыққа ұрынбауына кепіл.

Ал енді терлегендегі иісі мен ер-тоқымының өзіне улы жылан мен жәндіктің жоламайтынын көзі қарақты оқырман білер. Одан бөлек, жылқы сүтінде ағзаға керек дәрумен көп. Әрі олар өте күшті. Өкпе ауруын жазатын қымыздың асқазан-ішек жолдары, бауыр мен өт қызметіне пайдасы орасан. Тері аурулары мен жүйке жүйесін тыныштандыратын қасиеті бар. Ол жайлы келесі тақырыпқа үңіліп көріңіз.

Жылқы мінген аурудан жығылмайды

Ветеринария ғылымдарының кандидаты, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының облыстық филиал меңгерушісі Дәулет Ибрагимовпен пікірлескенімде мынадай дерек айтқан.

Пандемия басталып, ауру қозып, барлығы саумал іздеп кетті. Дәрі ретінде іздеді бұны. Кез келген адам ауырғанда иммунитет қоры түгесіледі. Негізі бұл саумал дегеніміз бірден аурумен күреспейді. Тек біздің иммундық қорымызды көбейтеді. Дұрыс түсіндірдім бе, егер сіз ауырған жағдайда саумал не қымыз ішкен кезде сіздегі жетіспеуші витаминді толықтырады. Сол кезде сіздің ағзаңыз еш дәрі-дәрмектің көмегінсіз, ұдайы аурумен өзі күресе береді. Жылқы сүтінің бойында 28 түрлі дәрумен бар екен. Саумал мен қымыздың, шұбат, жалпы, ағарғанның құдіреттілігі осында, – деп ақтарылған ғылым кандидаты.

Осы Дәулет аға – қаланың қақ ортасында бие ұстап, саумал мен қымызды қатар ішіп отырған қазақ. Әңгіме әрі қарай жалғасқан. Жылқы жайын бір адамдай білетін кейіпкеріміз «әр қазақ атқа мініп жүрсе» деп те армандайды.

Үйдегі биелерден бөлек, сыртта бәйге аттарым да бар. Сенсең, бәйге кезінде соған мінгізетін бала таппаймыз. Атқа мініп дағдыланбаған. Баланы не деп кінәлаймыз, үлкендеріміздің өзі атқа мінуден қалған. Темір көлік көбейгелі жылқы жануары шеттеп қала берді ғой. Жоқ емес, біздің облыста да оны көбейтіп отырған жігіттер жетерлік. Бірақ, мініске пайдаланбаймыз. Ұдайы далада. Бірен-саран көкпар мен бәйгені әуес қылғандар болмаса, мал шаруашылығымен айналысатынның біразы малын машина не мотоциклмен қарайды. Солай. Көлікпен түгелдеп, сай мен жыраның арасын сүзіп жүргені. Заманға бейімделу шығар, бірақ, атқа мінген әр қазақта рух пайда болады. Екіншіден, ат үстінде барлық дене мүшең қозғалып, қан айналым жақсарады. Денсаулыққа деген пайдасын мінгенде байқайсың, – дейді Дәулет Ибрагимов.

Ғылым кандидатының айтуынша, атқа міну – кәдімгі массаж. Қан айналымы жақсарып, жүрек ауруларына жол бермейді. Тұз жиналмайды, өйткені ат үстінде адам түрлі тербелісте, барлық буын қозғалыста болары анық. Ғылымда жылқымен емдейтін тәсіл бар. Иппотерапия деп аталады. Жұлынға зақым келіп, бастан жарақат алғандар, мінез-құлық өзгерісіне ұшырағандарға керек ем-дом. Дұрысы, жүйке ауруларын қалыпқа келтіруде жылқының жөні бөлек. Әсіресе, туабітті тірек қозғалысы қиындық тудырған кішкентайларды ат үстінде емдеу жақсы нәтиже беріп жүргенге ұқсайды. Бабалардың ат үстінде шымыр болатынын ежелден болжап кеткенін осыдан-ақ біле беріңіз.

Простатит, геморрой сияқты аурумен бұрынғылар ауырды ма? Жоқ. Өйткені, ат үстінде желіс не шабыс тақымға ұдайы массаж жасайды. Меніңше, балаларды виртуалды әлемнен, мына ұялы телефондағы ойындардан алшақтатуды өзіміз бастауымыз керек. Атқа мініп, үлгі көрсетсек, балаң да соның айналасында болары анық. Жер-жерде атқа мінгізетін орындар, шағын ипподромдар болса ғой. Өзі қазақ болса, ол адам атқа қызықпай тұрмас. Онсыз да түрлі ойын-сауық орталықтарына баласын сүйреп жүргендер көп қой. Атқа мінуге неге апармасқа?! – дейді Дәулет аға.

 Жылқыны жеу үшін ғана…

Осы тақырыппен кей-кейде елдегі ағалармен де тілдесіп қаламыз. Бәрі де «атқа мінудің» артықшылығын жыр етеді.

Бұл жөнінде менің ауылға өкпем бар, – дейді ауылдас ағам Жантөре Әбдірейімов. – Сен айтқандай, жылқысы барлар қазір атқа мінбейді. Сиыры бар сиыр саумайды. Мысалы, ауылдағы танысымның алты бұзауы енесін еміп жүр. Әйелі түске дейін ұйықтайды, тұрған соң Үкіметтің «Моё» сүтін ішеді. Бардың қадірін білмейміз. Бір жағынан, бұл – ауылға жеткен интернеттің, асфальттің, бір-бір жеңіл көліктің нәтижесі. Өрістегі малды қарау керек болса, жылқыдан бұрын зуылдап тұрған машина бар. Жылқыны жеу үшін ұстайды. Оның тақымға сіңетін ащы терінің қасиетін, әсіресе, белсіздікке ем екенін білмейді. Жылқының иісі тыныс жолдарына шипа боларын, асауды бас білдіру балаға өжеттік, қайсарлық өз күшіне сенім артатынын түсінбейді. Аттың арқасында жел бар екенін, оған мінген адам аруақтанып отыратынын, шапқанда пырылдаған танауынан шыққан дыбыс шабыт беретінін ұмыттық. Ал сүті, қымызын айтпай-ақ қояйын. Айта берсе, көп. Жылқы қадірін білетін ауыл азаматтары азайып барады…

Жерлес ағайдың сөзінде ащы шындық жатыр. Дұрыс. Барлық жағынан да, өзімізге байланысты. Сондай-ақ, екінші ойлайтын жағы да бар. Ол – тұрмыстық кедергі. Бұрынғы қазақы жылқы мінгендердің ішінде жағдайы бар жігіттер шет елден асылтұқымды аттың түрін әкеліп жүр. Жергілікті жылқы мініске жарағанмен, бәйгеге шаппай тұр. Делебе қоздырар тұлпарлар тым сирек болғаннан да шығар, атқа құмартқан аз.

Ал өзіміздікін тек сойысқа ғана ұстайды. Тағы бір айта кететін нәрсе, қолға ат ұстап, мінгісі келгенмен, оның жағдайын жасаудың өзі қиындау. Үш жылқыны қорада ұстап көріңіз. Жем-шөптің бағасы аспандап тұр.

Қорыта айтқанда, құла қасқа мен күрең төбел болсын, теңбіл көк пен шұбар ат болсын, қай жылқының да пайдасы зорын тәптіштеп жатырмыз-ау. Бірақ айтуын айтқанмен, іске асыру да – ерлік. Жылқы жайын ұққандар жалына жармасуды да азайтпаса екен. Ынталы топтар атқа мінгізуге арнайы жоба ойлап тапса, қанекей?! Мұндайда анық «бәрекелді» дейсіз. Атқа міну де, мінгізу де бізге ғана жарасады емес пе?!

Айтпақшы, Сыр бойындағы шұрқыраған жылқы санын нақты көрсете кетуді жөн көрдік. Қараңыз. 163700 бас. Бұл да сенімсіздеу. Әйтпесе, бір ауылдық округте 200 бас жылқы деп көрсетілсе, сол ауылда кейбірінің 500-600 бас жылқысы бар. Ал сондағы жылқылы ағайынның малы бұл есепке неге кірмей қалған деп сізбен бірге мен де күмәнданып жүрмін…

Ержан ҚОЖАС

«Сыр бойы»

1 comment

  1. Арман 25 Шілде, 2021 at 18:59 Ответить

    Өте орынды жазылған мақала екен.
    Атқа қазір ешкім мінбейді, санап аларлық қана адам болмаса. Өкінішті….

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.