Қайрат Исхан: Адай жылқысын дамытуға кемі 5 жыл керек
Белгілі жылқытанушы ғалым, Қазақ аграрлық зерттеу университетінің профессоры Қайрат Исханмен адай жылқысын дамыту мәселелеріне қатысты сұқбаттасқан едік.
– Қайрат мырза, әуелі мынаны анықтап алайықшы, адай жылқысы тұқым ба, түр (тип) ме?
– Қазақ жылқысының бекітілген төрт тұқымы бар. Олар – жабы, Қостанай жылқысы, мұғалжар және көшім жылқылары. Осылармен бірдей дамып келе жатқан қазақ жылқысының «адай» типі байырғы жылқы болып саналады. Нақтылап айтайын, адай жылқысы тұқым емес, әзірге тип. Бұған дейін де солай зерттеліп келген. Тип дегеніміз, өздеріңіз білетіндей, тұқымға жатпайды. Тұқым болу үшін оның бірнеше типі болуы керек. Ал типтің өзі бірнеше аталық ізден құралады. Бұл жылқы тұқымының даму методологиясы.
Әрине, адай жылқысы еліміздің батысында, әсіресе Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарында кең тарап, мал шаруашылығына пайдаланылып жүр. Олардың қазақ жылқысының өзге тұқымдарынан интерьерінде, сыртқы бітімінде бірнеше ерекшелігі бар.
Адай жылқысы сырттай жұқа, сүйегі аса ірі емес, жал-құйрығы сұйық, қол-аяғы жіңішке, мініске ыңғайлы келеді. Оның «адай жылқысы» атануының өзі тұрғылықты жеріне байланысты, еліміздің оңтүстік батысында көбінде адай руының орналасқанын білесіздер. Бұл жылқы типі мініске арналған, ұзақ қашықтыққа төзімді, Атыраудың, Маңғыстау мен Қызылорданың қуаң табиғатына бейімделген, құрғақ ауа райына, тұзды, сорлы өлкеге үйреніскендігімен ерекшеленеді.
Адай жылқысының тип ретінде дамуына айрықша үлес қосып, оны ұзақ жыл бойы зерттеген ғалымдар бар. Солардың бірі қазақ халқынан шыққан тұңғыш жылқытанушы ғалым, жылқы тақырыбында алғаш ғылыми диссертация қорғаған, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, көп жыл Семей Зоотехникалық институтының ректоры, жылқы шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі болған Садықов Байдолда Қамзаұлы. Адай жылқысын алғаш болып ғылыми тұрғыда зерттеген ғалым сол Байдолда Қамзаұлы. Ол «Адай жылқысының биологиялық және шаруашылықтағы ерекшелігі» деген монография жазды. Оның сыртында ғалым адай жылқысының өнімділігі туралы зерттеулер жасады.
– Ол қай кезде жасалған еді?
– 1958-1960 жылдар шамасында. Сол Байдолда ағамыздан кейін адай жылқысы қолға алынып, қазақ жылқысының бір типі ретінде зерттеліп, қағаз бетіне түсе бастады.
1969 жылы Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Айтжан Иманғалиев деген ғалым іргелі еңбек жазып, диссертация қорғады. Соның негізінде «Адай жылқысының өнімділік сапасы» атты монография қалдырды. Ал Тәуелсіздік жылдарында (2006 жылы) бұл жылқыны Мұрат Нұрышев, Г.Сизонов, В.Степачов т.б. қатарлы ғалымдар зерттеді. Одан бөлек 2022 жылы Ресейдегі Тимириязев академиясының «Жылқы шаруашылығы» кафедрасында Қағаева Мақпал Темірханқызы осы адай жылқысы туралы ғылыми еңбегін қорғады.
– Демек адай жылқысын зерттеу тоқтап қалған жоқ дейсіз ғой?
– Дәл солай. Осы ғылыми еңбектердің, келтірілген деректердің негізінде біз адай жылқысын ары қарай дамытуға мүмкіндік аламыз. Бір сөзбен айтқанда бұл жылқыны дамытудың даңғыл жолы бар десек те болады.
– Мемлекет басшысы адай жылқысын асыл тұқымды жылқы ретінде дамытуды тапсырды. Жалпы асыл тұқымды жылқы болу үшін қандай да бір шарт бар ма? Мысалы, осындай-осындай ерекшелігі болу керек деген…
– Иә, мемлекет басшысы тапсырма берді. Одан бері де 5-6 ай уақыт өтті. Ал, Президент тапсырма берсе болды, барлығы өз-өзінен жасала кетпейді ғой. Ең әуелі осы салада жүрген ғалымдар бас қосып, талқылау жасайды, одан кейін Ауылшаруашылық министрлігі мен Әділет министрлігіне арнайы хат жолдануы керек. Бұл кезек күттірмес міндет болатын. Бірақ 6 ай өтсе де бұл шаруалардың бірде-бірі әлі жүзеге асқан жоқ.
Ал асыл тұқымды жылқыға қойылатын талаптарға келер болсақ, адай жылқысының өзіндік ерекшелігін жаңа айттым. Оның қазақ жылқысының өзге тұқымдарынан айырмашылығын да тілге тиек еттік. Сонымен қатар адай жылқысының шығу тарихында қазақтың адай руы тұрғанын да есте ұстаған жөн. Оның сыртында, бұған дейінгі мәліметтерге қарағанда адай жылқысына түркіменнің теке, жәуміт жылқыларының қаны араласқан болуы мүмкін деген деректер кездеседі. Адай жылқысының сидаң, ылдым-жылдым болуы, құрғақ, шөлейт өңірлерге төзімді болуы да соған байланысты деп айтылады. Бірақ, бұның бәрі әлі толық зерттеліп, ғылыми айналымға толық енген жоқ. Осының бәрін негіздеп, жылқы тұқымын тіркеу шартын дайындау керек. Сонымен қатар жаңағы аталған өңірлердегі, сонау Жаңаөзен қаласынан бастап, Түпқараған, Қарақия аудандарының алыс түкпірлеріндегі адам аяғы баспайтын алқаптарда мыңдап жылқы өсіріп отырған шаруашылықтар бар. Ғалымдар соларға барып, адай жылқысының стандарттық өлшемін алып, кешенді бағалау жасап, адай жылқысының негізіне келетіндерін таңдап алу керек.
Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымыздай, тұқымды тіркеу шартына сәйкес таңдап алынған жылқылардың генетикасын толық зерттеуден өткізу мәселесі бар. Генетикалық сараптама үшін қылын пайдаланады. Осындай қағаз-құжаты, өлшем-пішімі дайын болғаннан кейін ғана барлығын жиып, құжаттарын Республикалық жылқы шаруашылығы палатасына тапсыру керек.
Жылқы эволюциясы, экстерері, конститутциясы, интерьері, дене өлшемі, жылқының жеке, үйірлік картшкалары, генетикалық сертификаты, оның тұқым ретінде даму ерекшеліктері туралы арнайы ғылыми мақалалар, соның негізінде монографиялар жазылған кезде адай жылқысын қазақ жылқысының дара тұқымы ретінде дамытуға болатыны жөнінде ғалымдар арнайы тұжырымдама бере алады. Ол үшін әр облыстан сарапшылар келіп, тұқымды апровациядан өткізуге мүмкіндік туады. Әрине, бұл біраз уақытты және қомақты қаржыны талап етеді.
– Жаңа сөз басында, адай жылқысы көбінде Атырау, Маңғыстау, Қызылорда өңірлерінде шоғырланын айттыңыз. Ал ол өңірлерде жылқының осы түрін өсіретіндей нақты жылқы зауыты жоқ екені де айқын. Мұндай жағдайда жылқыны асыл тұқым етіп дамытуға мүмкіндік бола ма?
– Жылқы тұқымын дамыту үшін жылқы зауыты болуы міндетті емес. Әрине, асыл тұқымды жылқы зауыты болса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз ғой. Өкініштісі сол, әзірге елімізде мемлекеттік деңгейдегі жалғыз жылқы зауыты ғана бар. Ол – Қостанай жылқы зауыты, өздеріңіз білетін. Оның да жағдайы керемет болып тұрмағаны баршаға аян. Әрине, бұл елімізде жылқы шаруашылығы тұралап жатыр дегенді білдірмейді. Жеке шаруашылықта өздері үшін жылқы тұқымын асылдандырып, дамытып отырғандар көп. Сол шаруашылықтардың жылқысын негізге алып, солардан адай жылқысының байырғы аталық ізін, қазіргі сапасын сұрыптай отырып, сол сұрыпталған жылқыға асыл тұқымды деген мәртебе беруге болады. Соның негізінде адай типін дамытуға, жеке тұқым ретінде тіркеуге әбден мүмкіндік бар.
– Яғни адай жылқысын жергілікті зауытсыз-ақ, осы жылқыны өсіретін шуаруашылықтардың көмегімен дамытуға болады дейсіз ғой…
– Бұған аталған өңірлерде толық мүмкіндік бар.
– Жақында Маңғыстау өңіріне барып, ондағы жағдаймен танысып қайтқаныңыздан хабардармыз. Өз көзіңізбен көрген, осы саладағы жалғыз білікті маман ретінде айтыңызшы, ол жақта жылқы өсіруге мүмкіндік бар ма?
– Иә, дұрыс айтасыз. Наурыз айында сол Маңғыстау өңірінде болдым. Облыстық ауылшаруашылық департаментінің мамандарымен жолықтым. Ол жерде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жылқытанушы ғалымдары атынан баяндама жасадым. Онда адай жылқысын ғылыми тұрғыда қалай зерттеу керегі толық қамтылған арнайы бағдарламамен таныстырдым. Асыл тұқымды жылқы ретінде тіркеу, дамыту, зерттеу мәселелері қанша уақыт алатыны, қалай жүргізілетіні, оған қанша қаражат жұмасалатыны туралы бағдарламада бастан-аяқ айтылған.
– Ол жерде қандай да бір екі жақты келісім болды ма, жоқ, сіз өз ұсынысыңызды ғана айттыңыз ба?
– Біздің университеттің ғалымдары бар және басқа да жылқытанушылар бар, барлығы 5-тей ғалымның ұсынысы берілді. Ешқандай келісім жасалған жоқ. Жиынға облыстық ауылшаруашылығы департаментінің басшылығы, облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық ақсақалдар алқасының мүшелері және сол өңірдің жылқы өсіруші шаруалары мен мамандары қатысқан еді, бірақ бізді жиын қаттамасымен әлі таныстырған жоқ.
– Жиын бойынша қандай шешім қабылдағандарынан хабарсызсыз?
– Өкінішке қарай солай болып тұр. Егер мүмкіндік берсе, адай жылқысын сол өзінің байырғы мекенінде дамытып, қазақ жылқысының асыл тұқымды бір тұқымы ретінде тіркеуге әбден болады.
– Бір жылқы тұқымын жаңадан дайындап шығу үшін бірнеше этаптан тұратын, 25-30 жыл уақыт керек. Десе де Адай жылқысы өзіңіздің сөзіңізге қарағанда типтік деңгейге келіп тұр. Енді мұны дамытып, тұқымдық деңгейге жеткізу үшін қанша уақыт керек?
– Жоғарыда қандай жұмыстар жүргізу керегін, оған қандай құжат, қанша қаржы керегін айттым ғой. Егер біз айтқандай шаруашылықтардан жылқыларды сұрыптап алып, оны ИСЖ-ға тіркеп, арнайы сертификат алып, өлшемін, интерьерін, сыртқы пішін-формасын туралап, генетикалық тексерістен өткен жылқыны 5 жылда тұқым ретінде тіркеуге болады. Себебі, өзің айтып отырғандай, адай жылқысы қазірдің өзінде типтік сатыда тұр. Енді бірнеше қадам жасалса, тұқымдық деңгейге көтерілуіне болады. Дегенмен ол үшін осы жылқыға, қазақ жылқысының дамуына шынайы жанашыр мамандар болу керек. Осы жылқының тұқым ретінде, оның ішінде асыл тұқымды жылқы ретінде дамуына жан-тәнімен жұмыс істейтін жандар ғана бұл істі атқара алады деп ойлаймын.
– Сіздің ойыңызша шамамен қанша қаржы жұмсалуы мүмкін?
– Әрине барлығы қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Қанша патриот болып, жылқы шаруашылығын тәжірибеге ұсынған шаруашылық басшысы болса да, соған сұрыптау жүргізіп, жылқыны таңдап алатын ғалымдар болса да бүгінгі таңда қаржысыз жұмыс істеулері қиын. Сондықтан Президент тапсырмасын негізге ала отырып тиісті мекемелер, жергілікті әкімшіліктер, тіпті өзге жақтан инвестор тартса да адай жылқысын дамытуға жеткілікті қаржы тауып берулері керек. Осының бәрі сақадай-сай болса, жоғарыда айтқанымдай, адай жылқысын қазақ жылқысының бір тұқымы ретінде тіркеуге 5 жыл уақыт кетеді.
– Жақында ғана Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қостанай және адай жылқысын дамытуға мемлекет қоржынынан қаржы бөлінетінін айтқан еді?…
– Иә, ондай сөз айтылғаны рас. Мұндай көлемдегі қаржы үш жыл сайын ғылыми зерттеулерге бөлінетін мемлекеттің гранттық қаржысы. Осыдан үш жыл бұрын ғылыми бағдарлама бөлінген қаржының уақыты қараша айында аяқталады. Ал 682 млн теңге бұл адай және қостанай жылқысын дамытуға арналған бағдарлама биыл конкус түрінде жарияланады. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (ПЦФ) бағдарлама грантына университет, ғылыми зерттеу институттарының ғалымдары қатыса алады.
– Демек бұл бұған дейін де болған қаржы ғой, түсінгенімше?
– Иә, қай мекеменің ғалымы ұтып алса, сол мекеме осы қаржыны игеріп, жылқы шаруашылығына жұмыс істеуге тиіс. Адай жылқысын дамытуды Президент тапсырды, демек бұл қаржы мен адай жылқысын дамыту бағдарламасына бөлінетін қаржыны шатастырмау керек. Үкімет үш жыл сайын жылда берілетін қаржыны әлдеқандай етіп, адай жылқысын дамытуға қаржы бөлдік демегені жөн. Себебі адай жылқысын асылдандыруға, тұқым ретінде қалыптастыруға дербес қаржы қарастырылуы керек деген ойдамын. Әйтпесе мына аталған сома жылқының жаңа тұқымын қалыптастырып, тіркеуге жетпейді. Оның өзі Қостанай жылқысы мен адай жылқысына бөлінетінін ұмытпаңыз. Әрине, сол салаға деп аталғандықтан, жартысын адай жылқысын дамытуға жұмсауға болады, бірақ ол аз болары сөзсіз.
– Соңғы сұрақ болсын, адай жылқысын дамыту арқылы біз неден ұтамыз? Қандай пайдасы бар? Мысалы көшім мен мұғалжарды ет-сүт бағыты бойынша дамытып отырмыз дейміз ғой…
– Сұрақ орынды. Кім не десе, о десін, адай жылқысы – байырғы жылқы. Қазақ халқымен бірге жасасып келе жатыр десек те болады. Әсіресе қуаңшылыққа, шөлейтке төзімділігі, жүрдектігі, алыс сапарға талмайтын беріктігі бұл жылқының басты ерекшелігі. Ата бабамыздан мұраға қалған жылқыны дамыту арқылы ғасырдан ғасырға жалғасқан ұлттық құндылығымызды жоғалтпай, әсіресе қазақ жылқысы оның ішінде адай жылқысы арқылы көшпенділік мәртебемізді көтере аламыз.
Ал пайдасына келер болсақ, кеше ғана өткен 1200 шақырымдық жорықта осы адай жылқысы бас жүлдені алды. Кеңес уақытында да, Тәуелсіздік жылдарында да адай жылқысы алыс қашықтыққа төзімділігімен 60, 100, 120 шақырымдық марафондарды ұтып келді. Ең басты пайдасының өзі осы – ұзаққа төзімділігі. Ал ет-сүт бағытында көшім мен мұғалжар жылқысынан өнімділігі төмен болса да, өзі жерсінген Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарындағы табиғи ерекшеліктерді ескерсек, жергілікті өнімділігі өзге жылқыдан еш кем емес. Сондықтан, басқалармен тең дәрежеде өнім бермеді деген салыстырудың керегі жоқ.
Сөз соңында адай жылқысы өз өзін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Біз соны сөзден іске қарай бейімдесек, дайын тұрған түлігімізді тіркеп, нәтиже шығаратын уақыт келді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әділет Мұсахаев,