Сәдібек Түгел: Ұлттық спорт саласына реформа керек

1440

Сәдібек Түгел ағамыз аты аңызға айналған ұлттық құндылықтардың ұлықтаушысы, Ұлы Дала мәдениетін зерттеуші, даңқты Құлагерге ескерткіш орнатқан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан тұлға.

Ол Ұлттық ат спорты федерациясы мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі, Ұлттық ат спорты федерациясының президенті, ҚР «Атбегілер мен шабандоздары» Одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы «Қазанат», «Құлыным», «Ұлттық спорт», «Ұлы Дала Қырандары» журналдарының бас редакторы, Ұлттық спортқа арналған бірнеше кітаптың авторы. Біздің тілшіміз арнайы барып, ұлттық спорттың білікті білгірі Сәдібек Түгелден сұхбат алды. Соны ұсынып отырмыз.

— Сәібек аға, ұлттық спортқа қалай келдіңіз?

— Жалпы, ұлттық құндылықтармен шұғылдануды маған Алла тағала маңдайыма жазған деп ойлаймын. Ұлы Дала ойындарымен бала жастан айналысып келемін. 7 жасымнан бастап бәйгеге қатыстым, бертін келе ат баптаумен, ұлттық ат ойындарын ұйымдастырумен белсене айналыстым. Содан бері жылқы шаруашылығы мен ат спортының бел ортасында жүрмін. Көптеген беделді халықаралық, республикалық, аймақтық жарыстардың ұйымдастырушысы болдым. Әкем Түгелге алғысым шексіз. Ең алғаш атқа мінгізіп, кейін тай, құнан жарыстарға қатыстырып, шыңдаған әкем болатын. Марқұм ерекше атқұмар жан еді. «Қазанат» сөзін 1961 жылы алты жасымда әкемнен естідім. Әкем – белгілі жылқышы еді. Өзінің көрген-білгенін, ойға түйгенін қалаған кірпіштей етіп, жүйелеп айтып отыратын көреген кісі еді. «Қазақтар қазанатқа қарыздар. Өйткені, қазанат – қазақтың қазынасы. Осынау ұланғайыр қазақтың жерін бабаларымыз қалай қорғады, қалай сақтап қалды? Бұл қасиетті жерді қазақ батыры құр шоқпарды сүйретіп, жаяу қорғаған жоқ қой. Тұлпарлардың, қазанаттардың үстінде, үлкендігі есік пен төрдей азынаған айғырлардың және қазақ халқының қайсарлығы мен мықтылығының арқасында қорғады. Қазанат – ердің қанаты. Яғни, азаматтың ары мен намысын қолдан бермейтін қазақтың қазанаттары болған» — дейтін әкем. Бүгін тарихқа көз жүгіртсек, рас солай болған. Сондықтан да, мен қазанаттарды іздеуші, ұлттық құндылықтарды оның ішінде, Қазақтың ұлттық спорт түрлерін дамытуға бар күш-жігерімді, білімім мен мол тәжірибемді аямай жұмсап, қарапайым қазақтардың алғысына бөленіп жүрген ұлықтаушының бірімін. Ия, мен жатпай-тұрмай қазағымның қазанатын іздеп жүрген жанмын! Өйткені Қазанат халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болғаны тарихатан белгілі. Расында Қазанаты болғанда қазақ халқы қор болмаған!

Жазушы ағамыз Асқар Сүлейменов: «Осы басқа халық қайдан жаралсын, мейлі маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған!» – деп айтқан екен. Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухы биік, ер халық! Қазанат – қазақтың сахарасы. Ұлы Даласының екінші есімі. Осыншама кең даланы меңгеру үшін, осыншама кеңістікті қаусыру үшін тек қазанаттың ғана жалы мен белі, тұяғының желі керек болды. Бұл сөзіме тарих куә.

Жылқыны әлемде ең алғаш қолға үйреткен біздің аталарымыз. Ол жөнінде әлемнің маңдайалды ғалымдары мойындаған Берел, Ботай қорымдарынан табылған бұлтартпас дәлелдеріміз бен фактілеріміз бар. Бала кезімде «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп…», «көлденең жатқан көк тасты, тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген…» тұлпар түлігін елестететінмін. Сәби қиялмен қазанатты тауып алып, ерттеп мінсем деген арман пайда болды. Есейе келе бұл азаматтық позицияға ауысты. Тіпті ат спортын дамыту жолына түбегейлі ден қою мақсатында 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысынан Алматыға арнайы көшіп келдім.

Қазақтың қазанаты қазақ даласында бар. Оған біздің талай бәйге кезінде көзіміз жетті. Атақты Адай жылқысын, Қостанай жылқыларын қалайша қазанат дей алмаймыз. Біле білсеңіз, қазір әлемге танымал ағылшын жылқыларында қазанаттың қаны бар. Ағылшындар ертеде асыл тұқымды арғымақтарды біздің сайын даладан алып кеткен. Олардың ұтқаны сол – қазанаттың ұрпағын көбейтіп, асылдандыра білді. Соның арқасында әлемге танылды.

Қазір әлемде жылқының 250-ден астам асыл тұқымы бар. Олар: ағылшын, араб, америка, ганновер, орлов, ақалтеке деп кете береді. Біздің Қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені, қазақ қазанатының бойында төзімділік, жүйріктік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-бабаларымыз өздерін «жылқы тектес халықпыз» деп бекер айтпаған. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек», деген аталарымыз.

– Бұрынғы заманда жылқының саны көп болған деседі

– Иә, көп болған. Бір-ақ мәлімет келтірейік. 1916 жылғы санақ бойынша қазақтарда 5 миллион 640 мың жылқы болған. Жалпы қазақ даласында 1928 жылға дейін 60 миллионнан астам төрт түлік жайылып жүрген. Халқымыздың саны 6 миллионға жуық болатын.

– Сіз жылқы шаруашылығының тарихын зерттеп жүрген азаматсыз… Малдың саны неге күрт кеміді?

– Сұрақ дұрыс. Жылқының күрт азаюының астарында сұрқия саясат жатыр. Бір сөзбен түйіндесем, әдейі қазақты жер бетінен жоғалту және рухани жаншу үшін қолдан жасалған қылмыс. Оның авторы – Сталин, қосалқы авторы Голощекин деген оңбағандар. Сталин 1926 жылы Қазақстанға басшылыққа Голощекинді жібереді. Жарты жылдан кейін оны өзіне шақырып, тапсырмасының қалай орындалып жатқанын сұрайды: «Филипп Исаевич, Қазақстанға барғаныңызға бірталай уақыт болды. Жергілікті жұртты Совет өкіметіне бағындыра алдыңыз ба?» – дейді. Басшысының не ойлағанын жылдам түсінген Голощекин: «Иосиф Виссарионович, көшпенділерді тез бағындыру үшін сізден рұқсат алатын ұсынысым бар. Соны сізге айтайын деп едім». «Айтыңыз». «Менің зерттеуім бойынша, Иосиф Виссарионович, қазақ халқының мықтылығы миллиондаған жылқысында жатыр. Қазақ – ер халық. Ал атқа мінсе, тіпті өзгеріп кетеді. Ешкімге бағынбайды. Ұлан-ғайыр созылып жатқан кең далада оларды ұстау қиын. Одан шығатын жол біреу-ақ. Ол – қазақтарды аттан түсіріп, астарындағы асауларын тартып алу». «Логикаңыз дұрыс, Филипп Исаевич, өзім де солай ойлап едім. Шыңғыс хан аттарымен әлемді бағындырып, әйгілі болған ғой. Ұсынысыңызды қабыл алдым. Іске кірісіңіз, тез арада қазақтарды аттан түсіріп, тұлпарларын жойыңыз», – деп Сталин нақты тапсырма береді.

Сталиннің тапсырмасын орындауға Голощекин барын салады. Қазақ даласының сәні, қорғаны, ішсе сусыны, жесе тамағы – жылқы малын аз уақытта қырып салады. Міне, мұны рухани жою деп айтады. Сталин мен Голощекиннің қасақана істелген зұлматына шыдамаған бауырларымыз мүмкіндігінше шет елге үдере көшті. Сол кезде қазақ жылқыларының қасақана қырылғаны туралы мәліметтер, деректер архивтерде сақталған.

Дегенмен, арғы бетке өтіп, тұқымы сақталған тұлпарларымыз да бар. Бүкіл Қытайды мойындатқан Бейжиңгер сол қасиетті қазанаттардан қалған ұрпақ. Оған да шүкір дейміз.

Біз, қазақтар, қазанаттар десек, Алпамыстың Байшұбарын, Қобыландының Тайбурылын, Қамбардың Қарақасқасын, Исатайдың Ақтабанын, Абылай ханның Ақбоз атын, Қабанбайдың Құбасын, Ақан серінің Құлагерін, Бошайдың Үш қарасын айтамыз.

– Қазанаттар туралы жақсы айттыңыз. Бұл үлкен тақырып қой. Енді ұлттық ат спортына оралсақ дұрыс болар еді. Сәке, ұлттық спорт түрлерінің негізгі ойыны «Ат ойындары» емес пе?

– Шынында, біздің ұлттық спорт түрлерінің 90 пайызы атқа қатысты ойналады. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да осында. Спортшы қандай шымыр, мықты болса, оның аламан бәйгеге немесе көкпарға қосатын аты да мықты, жарамды болуы шарт. Басқа спортта бапкер тек спортшыны дайындаса, ұлттық спортта бірнеше бапкер – біреуі спортшыны, енді біреуі атты баптайды. Мен білетін ұлттық ат спортының 15 түрі бар: аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, тай жарыс, дөнен жарыс, қыз жарыс, жамбы ату, ат омырауластыру, ат құлағында ойнайтын «ер жігіт ойындары» деген сияқты.

– Сәке, осы жерде ұлттық спорттың тарихымен таныстырып өтсеңіз.

– Қазақ ұлтының ұлылығын, қазақ халқының даналығын, қазақ елінің елдігін әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы – ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары деп есептейміз. Ұлттық спорттың мың жылдан бергі тарихы бар. Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жамбы ату, қамшыгерлік, саяткерлік, түйе жарыс – желмая, қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау ықылым заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап, ұлы ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай, «мың өліп, мың тіріліп» келеді.

Түйіндеп айтсақ, ұлттық спорт – Ұлы Дала мәдениетінің темірқазығы. Ал мәдениет – ұлт рухы, болмысы!

Ұлттық спортымыз 2000 жылдық тарихында, менің зерттеуімде, 4 кезеңді бастан кешіріп отыр.

І кезең: Дәуіріміздің 6-ғасырынан – 18-ғасыр аралығын қамтиды. Түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын орда, Қазақ хандығының даму тұсы 13 ғасырға созылған көшпенділер спортының қалыптасу кезеңі.

ІІ кезең: Ресей империясының қарамағында бодан болған тұсымыздағы ұлттық спорт түрлерінің дамуы. Толық 18-19-ғасырлармен мен 20-ғасырдың басына дейінгі – 217 жыл. «Байтал түгіл бас қайғы» заман.

ІІІ кезең: Қазан төңкерісі болған 1917 жылдан – 1991 жылдар Советтер одағы тарағанға дейінгі 74 жыл. Ұлттық спортымыздың – көлеңкеде өскен шөптей қалтыраған кезеңі.

ІҮ кезең: Қазақтың Тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқсаннан бүгінгі күнге дейінгі аралық. Ұлттық спорттың айының оңынан туып, жұлдызының жарқырай бастауы.

Жоғарыда айтып өткенімдей ұлттық спорт Ел тәуелсіздігінің арқасында өткен тоқсаныншы жылдардың басында қолға алына бастады. Оны көтерген Айып Құсайынов, Бошай Кітапбаев, Анатөлі Құлназаров сынды азаматтар. Соның арқасында еліміздің көптеген облысында ат спорты ойындары жиі өткізіле бастады. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын.

Өз басым сондай ірі жарыстардың бел ортасында жүрдім, бірталайын ұйымдастырдым. Осы мақсатпен 1994 жылы Шығыс Қазақстаннан Алматыға арнайы көшіп келдім. Сол уақыттарда белгілі адамдардың мерейтойларын өткізу дәстүрге айналды да, ат ойындары жиіленіп өте бастады. Бірақ, қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көп олқылық кетті. Аударыспақ, көкпар ойындарын өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалушылар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жастарды қызықтырудан қала ма деп қорықтық.

Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылдың қаңтарында Жастар ісі, туризм және спорт Министріне өз қолыммен төмендегі мәтінде хат жаздым:

ҚР жастар ісі, туризм және спорт

Министрі Б.С. Әйтімова ханымға

Ұсыныс хат

Құрметті Бірғаным Сарықызы!

Тәуелсіз мемлекет болғанымызға үш жыл толып, төртінші жылға аяқ басты. Егемендігімізге сай спорттың олимпиадалық түрлері өсіп-өркендеу кезеңін бастан кешіруде. Үкімет тарапынан қажетті қаражат бөлініп, спорт кешендері көптеп салынуда. Бұл сөзсіз қуанарлық жағдай.

Өкінішке орай, мың жылдық тарихы бар, халқымызбен бірге жасап келе жатқан төл спортымыз – Ұлттық ат ойындарымыз – Аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан жарыс, жорға жарыс, көкпар, теңге алу, қыз қуу, аударыспақ және басқа түрлері көзге ілінбей, ұмыт қалып тұр. Айтайын дегенім, халықта осы спорт түріне деген үлкен құлшыныс бар, бірақ оны қолдайтын спорт басшыларында, әкімдерде құлық жоқ. Олар ұлттық ойындарымызға үрке қарайды, спорт түрі деп санамайды. Мен оларды мәңгүрттер деп санаймын. Негізгі кемшілік – ережелердің жоқтығы. Сізден сұрарым, біз дайындаған Қазақ Ұлттық ат спортының барлық түрлерінің Ережесін заңды түрде бекітуге және Ұлттық Ат спорты түрлері Федерациясын құруға ат салысуыңыз болып табылады.

Құрметпен,

Ұлттық ат спортының жанашыры, атбегі   Сәдібек Түгел

                                                                    15 қаңтар 1995 жыл. Алматы қаласы.

Абырой болғанда бұл хат министрліктің сол кездегі бөлім меңгерушісі Елсияр Қанағатовтың қолына тиді. Бізге сол тұста шын ниетімен көмек жасаған Елсияр бауырға әлі күні алғысымыз шексіз. Мен жарыққа шыққан екі кітабым да ол туралы жазып, рахметімді білдірдім. Әлі де жүрген жерде, газет, журналдарда, радио, телевиденияларда айтып келемін. Өйткені, ол ұмытылмайтын жағдай. Ал өз кезеңінде Елсияр бауырымыз менің осы ұсыныс-хатым туралы жүрекжарды тілегін елге жеткізді. Ол үшін де оған мың да бір алғыс айтамын. Бұл дегеніңіз оның әділдігін, адалдығын білдіреді. Тілегім, балалары мен немерелерінің қызығын көрсін.

Сонымен, менің хатымның негізінде Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев сынды бірқатар жігіт тізе қосып, ақырында ұлттық ойындар Ережелерінің алғашқы нұсқасын жаздық. Ережелер дайын болғаннан кейін 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында тұңғыш рет қазақ атбегілерінің Құрылтай конференциясын ұйымдастырдық. Бұл күн – Ұлттық ат спорты түрлерінің Федерациясы үшін тарихи дата болып есте қалды.

Екі ғасырдың тоғысында халқымыздың тарихында ерекше орын алатын Ұлы оқиға болды. Ол – Елордамыздың Алматыдан Астанаға көшуі еді. Мен сол ұлы көшпен алғашқылардың бірі болып Алматыдан Астанаға қызмет ауыстырдым. Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы болып тағайындалдым. Осы кезеңде Федерациямыздың жұмысы тоқырап, жетімсіреп қалды. Өйткені, адамдарсыз жұмыс жүре ме? Не істеу керек? Ойланып, ақылдасып федерацияның офисін Алматыдан – Астанаға әкелу керек деп шешім қабылдадым. Бұл сәтте маған ағалық көмегін беріп, қолдау көрсеткен қазақтың біртуар азаматы, тау тұлға Құлназаров Анатөлі Қожыкенұлы. Ол кісіге федерациядағы жағдайды айтып, телефон соқтым. Ағам бірден қолдай кетті. Осы айтқандарымды қағазға түсіріп, маған жібер, мен қолдаймын деді. Мен А.Қ. Құлназаровтың атына арнайы жолдадым.

Күшіміз бірілікте деп, ұлттық ат спортының азаматтары бірлесіп, тізе қосып, Ұлттық Ат спорты федерациясының съезін 1998 жылдың 7 сәуірі күні өткізіп, Әділет министрлігіне тіркеттік.

Жұмыс жанданды. Жер-жерде федерацияның филиалдары ашылды. Федерация туралы жағымды пікірлер қалыптасты. Барлық жарыс Федерацияның атымен, соның ережесімен өткізілді. Қалың ел қазағымыз біздің атқарған жұмысымызға оң бағасын берді.

Осылайша, ұлтқа жаны ашитын азаматтардың арқасында көптеген ұлағатты шараларды жүзеге асырдық. Біз құрған Ұлттық Ат спорты федерациясы болса өсіп-өркендеп, құрамында 27 Федарациясы бар ірі қауымдастыққа айналды. Республика бойынша 12 ұлттық ат спорты мектебін, 17 клуб пен орталықтар, 27 ипподром аштық.

Тәуелдсіздік алған 1991 жылдан 2013 жылға дейінгі аралықта бүкіл Қазақстан бойынша ұлттық спорттың барлық түрінен 18475 әртүрлі жарыстар, шаралар, басқосулар өткізуге мұрындық болдық. 2001 жылы Халықаралық «Көкбөрі» Федерациясын құрдық. Ұлттық спортымызды әлемге паш еттік. Бұл – зор жетістік деп ойлаймын.

Ұлттық спорттның тарихы мен Ұлттық Рухты көтерудегі рөліне арналған «Атбегілік – асыл өнер», «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!», «Джигиты и аргамаки Казахстана», «Қазанат», «Ұлттық спорттың шежіресі», «Летопись национального спорта» кітаптарын шығардым.

Ұлттық спортты кеңінен насихаттауға арналған «Қазанат», «Құлыным», «Ұлттық спорт», «Ұлы Дала Қырандары» республикалық журналдарын жарыққа шығарып келемін.

«Ұлттық Ат спорттының өркендеуі» — «Расцвет Национального Конного спорта» атты Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлерін дамытудың 2000-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын дайындап, қолданысқа енгізгенімді көзқарақты жұрт жақсы біледі. Менің осы бағдарламамды басшылыққа алып, өзі істегендей пайдаланғандар да болды.

Сонымен қатар, «Атбегілердің Ар-ожданы» — «Кодекс Чести Конников Казахстана» атты құжатты дайындап, жүзеге асырдым.

Ел жақсы біледі, мен «Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері туралы» ЗАҢ ЖОБАСЫН дайындап, сол кездегі Парламентке ұсындым. Өкінішке орай оған көңіл аударған бір депутат болмады. Осы Заң жобасымен қоса «Қазақстан Ұлттық спорт түрлері төрешілерінің құқықтары мен міндеттері» атты заң жобасын да ұсынған едік.

Көз майымызды тауыса отырып, «Аламан байге», «Тоқ байге», «Құнан бәйге», «Жорға жарыс» «Тай бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Жекпе-жек», «Ер жігіт ойыны» (Джигитовка), «Желмая», «Бүркітшілік», «Бес қару», «Сайыс», «Ат омырауластыру» ойындарының ЕРЕЖЕСІН заман талабына сай қайта жазып, қолданысқа енгіздік.

Айта кететін жағдай, біз – федерацияны құрушылар 1993 жылдан бері үкіметтен көк тиын алмай, қоғамдық, патриоттық, фанаттық негізде жұмыс істеп, сақтап, дамытып келеміз. Бізді достарымыз «жалаңтөстер» деп атап кеткен. Ол кезде кедергілер мен қиыншылықтар өте көп болды. Реті келген соң атап өтейін: Ұлттық ат спорты федерациясын да, Қауымдастықты да жабылудан, жабудан алып қалғанымыз көпке аян дүние. Ол бөлек әңгіме.

Ұлттық спортпен әлемдік аренаға шыға алмаймыз дегендер, ұлт деген ұғымнан мақұрым, орыстанып, еуропаланып кеткендердің бос далбасасы. Ат спорты арқылы біздің қазірдің өзінде қаншама ел таныды. Олар қазақ деген ұлттың ат құлағында ойнаған халық екенін мойындады. Ұлттық спортты әлемге таныту арқылы біз қазақтың мәдениетін, салт-санасын, спортын, этнографиясын, тарихын насихаттаймыз. Біздің спортшылар шетелге барғанда жай ғана аттарын жетектеп бара салмайды. Ер-тұрманы, ұлттық киімі, жасау-жабдығымен барады. Оларды көрген шетелдіктердің талайы естерінен танды. Бір ғана қамшының өзі қаншама мәлімет береді. Ер-тұрман мен ат әбзілдері – нағыз қазақтың тарихы мен өнерін паш етеді. Ал күрес пен боксқа қатысатын спортшыдан осының қайсысын көре аласыз. Сондықтан, ұлттық спорт арқылы біз еліміздің, ұлтымыздың салт-санасын шетелге танытамыз. Ұлы дала мәдениетін паш етеміз.

Еуропаны мәшине, техника жасаудан оза алмауымыз мүмкін, ал енді қазақтың Қазанаты арқылы ұлттық спортын дамытсақ, онда күллі Батысты артта қалдырар едік.

Ең алғаш рет 1996 жылы Венгрия Республикасы ұйымдастырған әлем шабандоздарының бірінші фестиваліне қатыстық. Әлем шабандоздарының тұнғыш фестивалінің бас жүлдесінен дәмелі 23 мемлекет ішінен қазақтың жұлдызы оңынан туды. Көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу сынды төл ойын түрлері бойынша оқ бойы озып шықтық .

Бұрын-соңды мұндайды көрмеген, еуропалықтар жапырылып құлады. Ақырында фестиваль төрешілері мен қазылар алқасы бас жүлдені біздің жігіттердің қанжығасына байлады. Бізге дейін мажарлықтар: «Бізді дүниеде ат үстінен аударып түсіретін ұл туған жоқ» деп мақтанып жүреді екен. Осы мажар жігіттерін біздің Қаһар Қиянтаев, Шадияр Шоқанов, Жаныс Саев сияқты жігіттеріміз қасқағымда ат үстінен жұлып-жұлып алып, лақтырып жіберді. Венгрлік гусарлардың салмақтарының өзі 120-130 келі, бойлары екі метрден асады. Біздің жігіттер орта бойлы, әлгілердің иықтарына да жетпейді. Бірақ, әдіс-айла мен тақым мықты болғанда, салмақ пен күштің дәрменсіз болатынын сонда көрдік.

2001 жылы Халықаралық «Көкбөрі» федерациясы құрылды, оған әлемнің 17 елі мүшелікке енді. Бұл біздің көкпарымыздың әлемдік сипатқа ие болуы деген сөз. Сол 17 мемлекеттің ішінде Жапон, Түркия, Қытай, Ресей, Венгрия сынды ірі мемлекеттер де бар.

2007 жылдың шілде айының ортасында Еуропаның төрі – Лондон қаласында біздің бүркітшілер тарихи жеңіске қол жеткізді. 33 мемлекеттің ішінен суырылып алға шықты. Бұл еліміз үшін үлкен абырой. Ұлыбританияға тұңғыш рет барлық жасауымен, оның ішінде сандық, қылыш, найза, ертоқым, алаша, текемет, қамшыдан тартып, сегіз қанат киіз үй апарған біздің жігіттер – бүкіл фестивальге қатысушыларды таң қалдырды. Франция, Германия, Бельгия, Британия, Бразилия, Жапония, Қытай секілді мемлекеттер қатысқан бұл фестивалға 5000-дай адам келді.

2012 жылдың 12-14 қазанында Турцияның Денизли қаласында әлем елдерінің ұлттық ойындарынан фестивалі жоғары деңгейде өткізілді. Оған дүниежүзінің 25 мемлекеті қатысты. Олар: Америка, Жапония, Мажарстан, Словакия, Украина, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Албания, Германия, Австрия, Болгария, Грузия, Азербайджан, Литва, Ауғанстан, Латвия, Эстония, Чехия, Франция, Италия, Малайзия, Индия және Түркия. Фестивальға 500-ден астам ұлттық ойындардың шеберлері, спортшылары, шабандоздары, көкпаршылары, палуандары, әртүрлі ауыр заттарды көтеретін, ауыр автокөліктерді сүйрейтін күштілері күш сынасты. Әрбір ұлттың ұлттық ойындарының 25 түрінен қызықты жарыстар, әсерлі көрсетулер болды. Қазақстан көкпардан құрама команда апарды. Елімізге аттары мәлім, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары, көкпардан спорт шеберлері: Дәулетбек Омбаев, Темірқан Айтбаев, Қазбек Амангельдинов, Мұстафа Уатаев, Бақтыбай Шырынқұлов, Еркеғали Мырзабаев. Бас бапкер әрі алаңдағы ойыншы болып Қуан Құрамаев барды. 12 қазан күні Қырғыз Республикасының құрама командасымен ойнадық. Матч өте тартысты әрі қызықты өтті. Өйткені қырғыздар бұл жарысқа қатты дайындалып, қайтсек те жеңеміз деп келген екен. Ол жөнінде маған сол аймақта тұратын қырғыз бауырлар айтты. Біздің жігіттер намысты бермеді, шебер ойнады. Нәтижесінде біз – 10:5 есебімен жеңіске жеттік.

Екінші ойын Түркия көкпаршыларымен болды. Ол да керемет өтті. Есеп 7:2 қазақтар жеңді. Бұл дегеніңіз қазақ көкпаршыларының халықаралық деңгейдегі айтулы жеңісі. Фестиваль өте жоғары деңгейде өткізілді. Үш күн толығымен 500 мың адам тұратын Денизли қаласы ұлттық рухта өмір сүрді. Мыңдаған түріктер ойындарды тамашалады, қол соғып қошамет көрсетті. Қазақтың көкпарына деген құрметтері мен құлшыныстары ерекше болды. Түркия үкіметіне алғысымнан басқа айтарым жоқ. Ең бастысы олар Ұлттық ойындарға арналған «Қызыл жалау» атты сайыс аренасын салып, іске қосқан. Біздің көкпар ойынына өте ыңғайлы. Бір сөзбен айтсам, түрік бауырлар рухты көтеретін, ұлттық ойындарын мемлекеттің толық қарауына алған. Оған қаржы аямайды. Үлкен әсер алып қайттым.

Бұл жерде мәселе біздің қатысуымызда және не болмаса жетістігіміз бен жеңісімізде ғана емес, ол сол түрік ағайындардан алатын сабақ та, тағылым да жатыр деп ойлаймын.

Бірінші тағылым: Бүгінгі таңда ұлттық спорт түрлерін түріктер басты назарда ұстап отыр. 1952 жылы құрылған, құрылғанына 60-жыл болған «Түрік дәстүрлі спорт түрлері федерациясын» Режеп Тайып Ердоған бастаған Түрік өкіметі толығымен өз бюджетіне алған. Сонымен қоймай түрік ағайындар – барлық үлкен қалаларында, біздікі сияқты облыс орталықтарына ұлттық спорт түрлерінің бірі «Джирит» аталатын ойындарына арнап арнайы алаңдар – стадиондар салып берген. Алаңдары біздің көкпарға өте ыңғайлы. Астына құм төселген .

Біз «Қызыл жалау» атты «Джирит» стадионында өнер көрсеттік. Бұған бір мезеттен 7 мың адам сияды. Стадионның бағасы – 2 миллион доллар екен.

Бірінші тағылым бойынша ой-пікір ұсыныстармыз қандай?!

Ол – Қазақстанда дәл осындай көкпарға, «Бес қаруға», «Джигитовкаға», «Бүркітшілікке», «Жамбы атуға», «Қыз қуу», «Теңге ілуге», «Ат омырауластыруға», «Жұдырықтасуға», «Жекпе-жекке» арналған арнайы стадион салуды қолға алу. Осы мәселені ұсыныс-жоба ретінде өз Үкіметіміздің, облыс әкімдерінің алдына мәселе ретінде қоюымыз қажет деп санаймын. Біз бұл сұрақты Мәдениет және спорт министрлігіне құлаққағыс етеміз. Өйткені бұл – ауқымды, күрделі шара. Ол мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге аспайды.

Екінші тағылым: Түркияда ұлттық спорт түрлері – олимпиадалық спортпен тең дәрежеде қаржыландырылады. Бізде де, солай болу керек деп есептеймін.

— Соңғы он жылда үлкен дағдарысқа ұшыраған ұлттық спортты дұрыс дамытудың жолдары қандай?

— Біріншіден, ұлттық спортта ұлттық спорттан хабары бар білікті мамандар, таза азаматтар жұмыс істеуі тиіс. Ұлттық спортқа өмірін арнап, осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген ағайындардың басын қосып, ақылдасу мәжілісін дайындап, өткізу керек.

Екіншіден, білікті мамандардың белсене араласуымен «Ұлттық спортты дамытудың 2030 жылдарға дейінгі стратегиялық концепциясын» дайындап, жарыққа шығарып, қолданысқа енгізу керек.

Үшіншіден, ауыл спортын жандандыру керек. Ол үшін спорттық мектептер мен арнайы орталықтар ашу қажет. Бір сөзбен айтқанада, ұлттық спорттың жаны алыс ауылдармен, аудандарда.

Төртіншіден, Ұлттық спорттың білікті ұйымдастырушы мамандары мен төрешілерін дайындайтын арнайы оқу орыны – техникум-колледж ашу маңызды. Бұл көкейкесті мәселені мен 20 жыл айтып, жазып келемін.

Бесіншіден, Ұлттық спорт қауымдастығы аппаратының жұмысына заман талабына сай өзгертулер енгізіп, жетілдіру, дұрыстау керек. Ол үшін, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Жоғары кеңесін құру қажет. Сол кеңес жалпы басшылық жасайды.

Алтыншыдан, Ұлттық спорт қауымдастығының құрамында 10 емес 20-30 Федерация болуы тиіс. Сонда сан сапаға ауысады.

Жетіншіден, Көкпар федерациясын қайта құру керек.

Сегізінші, биыл «Замана желімен жарысқан Қазанат» атты ұлттық спорт түрлерінің республикалық фестивалін өткізу керек.

Тоғызыншыдан, Құлагер ескерткішінің жанынан рухы күшті батырлар мен ерлердің патриоттық орталығын ашу қажет.

Оныншыдан, Ұлттық спортқа қатысты барлық жарыстар мен шаралардың бірыңғай Күнтізбесін талқылап, бекіту қажет.

— Сәдібек аға, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.