«Ұлы дала жорығы». Ақмоланың намысын қыздар қорғайды (ФОТО)
Елімізде «Ұлы дала жорығы» ІІ марафон-бәйгесі басталды. Жарысқа 19 команда қатысып жатыр, соның ішінде Ақмола облысы атынан қатысқан қыздар құрамасы көпшіліктің назарын аударды.
Марафон-бәйгеге ел өңірлерінен 19 команда қатысып жатыр. Ерекшелігі сол – Ақмола облысының намысын қыздар қорғайды, қалған командалардың құрамында тек ер адамдар.
Ақмолалық нәзік жандардан «Ер адамдармен бірге ат жарыста бақ сынау қиынға соқпай ма?» деп сұраған едік.
Биылдыққа бірінші рет жарысқа шығып отырмыз. Жалпы 5-6 жылдан бері түрлі ат жарыстарына қатысып келеміз. Қыздарға арналмаған спорт түрі деген – стереотип. Ат спорты ерлер немесе қыздар деп бөлінбейді. Мүмкіндік тең. Оның үстіне, жеңіске жету тек шабандозға байланысты емес, аттың дайындығы өте маңызды. Біздің командада 5 адам, оның 4-еуі — қыз, 1 ер адам, — деді команда мүшесі Лаура Бұқпаева.
Бұған дейін «Ұлы дала жорығы» басталып, шабандоздар Астанадан Түркістанға жол тартқанын хабарлаған едік.
Ат жарысы елорда іргесіндегі Қаражар ауылынан басталды. Шабандоздар 1 300 шақырымды бағындырып, 19 қыркүйекте Түркістанда мәреге жетеді.
Жарыстың алғашқы күні 50 шақырым межені қыздар құрамасы 4 сағат 28 минутта жүріп өткен болатын. Ал екінші күні аталған команда 100 шақырымды 9 сағат 3 минутта жүріп өтті.
Команда құрамымен таныстырар болсақ:
Ахметова Ляззат Жолдасбекқызы – «Иманжүсіп» командасының мүшесі. 1989 жылы дүниеге келген, бұған дейін марафонға қатыспаған. Мамандығы – экономист. Отбасылы, бір баласы бар. Садақ атудан Қазақстан Республикасының чемпионы, Садақ атудан спорт шебері. Егер жүлдегер атанып жатса, «анасына сыйлық жасауды» ұйғарған қыз, өмірлік үлгі тұтар адамы – ата-анасы екенін айтады.
Бұқпаева Лаура Ардаққызы — «Иманжүсіп» командасының мүшесі. 2002 жылы дүниеге келген, бұған дейін марафонға қатыспаған. Мамандығы – Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және ат спорты бойынша жаттықтырушы қарындасымыз Конкурдан Қазақстан Республикасының чемпионы. Өз-өзін үлгі тұтатын Лаура жүлдеге ілінсе, пәтер сатып алуды армандайды.
Исмаилова Анна Юрьевна — «Иманжүсіп» командасының мүшесі. 1980 жылы дүниеге келген. Мамандығы — Бастауыш сынып мұғалімі. Анна тұрмыста, үш баланың анасы. Әкесін үлгі тұтатын қыз бұған дейін марафонға қатыспаған. Жүлдегер атанса, қаржысын отбасына жұмсайтынын айтады.
Касенова Евгения Григорьевна — «Иманжүсіп» командасының мүшесі. 2002 жылы дүниеге келген. Мамандығы – мерчендайзер. 2013 жылдан бастап конкур ат спорты түрімен айналысып, қалалық және облыстық жарыстардан бірнеше рет орындарға ие болған (3 орын – 2019, 1 орын – 2020, 2 орын – 2022). Ата-анасын үлгі тұтатын Евгения жүлдеге ілінсе, қаржыны әпкесінің еміне жұмсап, отбасына көмектеспек. Бұл да өзге қыздар секілді, марафон-бәйгеге алғаш рет қатысып отыр.
Садуақасов Мерзах Жылқыбайұлы – «Иманжүсіп» командасындағы жалғыз ер азамат. 1974 жылы дүниеге келген. Сантехник мамандығын игерген азамат үш баланың әкесі. Өзі де әкесін үлгі тұтатын Мерзах марафонға алғаш рет қатысып отыр. Жүлдеге ілінсе, қаржыны отбасына жұмсауды жоспарлаған.
«Ұлы дала жорығы» марафонының жалпы жүлде қоры — 65 млн теңге. Жеңімпаз командаға 30 млн теңге, 2-орынға 20 млн теңге, ал 3-орынға 15 млн теңге табысталады.
Argymaq.kz
ФОТО: Дмитрий Ругис
[…] Ақмола облысының «Иманжүсіп» командасы туралы арнайы жазған едік. Құрамында 1 ер азамат, 4 қыз қатысып жатқан команда […]