Ахмет ТОҚТАБАЙ. Қазақ жылқысының төзімділігі жазба деректерде

11675

Қазақ жылқысының әлемдегі басқа тұқымдардан өзгешелігі және артықшылығы сол, оның ерекше төзімділігі мен шыдамдылығы. Ғасырлар бойы қазақ халқы аридный зонаның: жаздың аптап ыстығы мен қыстың аязды қарлы боранында, көктемнің қара суығы мен жауын-шашынында ашық далада өз қорегін өзі тауып жеген жылқы тұқымдарын сұрыптап, дамытып отырған. Көнекөз қариялар: «Бұрын жылқы баласы қазіргідей сұлы мен арпаны жегенді қойып, бұл дәнді өзіміз де көргеміз жоқ, — дейді. – Қыстың қандай аяздарында жүздеген шақырым жол жүріп келіп, атты суытқан соң ат дорбаға талдың қабығын салып бере салтаны едік, соның өзіне тойып, осқыранып тұрушы еді, қазіргі аттардың күндіз түні жегені арпа мен сұлы, солармен тауда анық екі бел ассаң шаршап қалады. Шіркін-ай, сол бұрынғы жылқылар қайда, тұқымы да жоғалды ғой», — деп көнекөз адамдардың айтып отырғанын көзіміз көрді».
Қазақ жылқысының тамырына балта шапқан 1929-1931-жылдары коммунистердің жасаған коллективтендіру саясаты, сол жылдары қазақ жылқысының генефондының 80 пайызы құрып кетті.
Қазақ жылқысының қасиеттері жайында тарихи әдебиеттерде таңдана жазылған көптеген фактілерді көруге болады. Мысалы С.Жантюриннің «Очерки киргизского коневодства» атты 1883 жылы Журнал коневодствоның 7-8 сандарында жарық көрген мақаласында мынадай деректер келтірілген: «Қазақ жылқысының күшінің басымдылығы мен беріктігін көршілер: Орынбор, Орал, Сібір казактары әлдеқашан бағалаған, олардың барлығы тек қазақ жылқысына мінеді, біздің (Ресейдің – А.Т.) барлық Орта Азияға жасалған жорықтарымыз, қазақ жылқысының арқасында жүзеге асты. Әсіресе 1873 жылы Хиуа далалық жорығында қазақ жылқысының күй талғамайтындығы мен шыдамдылығы айқын көрінді. Басқалармен салыстырғанда қазақ жылқыларынан өте аз мөлшерде шығын шықты».
Ал Военный сборниктің 1873-1878 жылдар арасында жарық көрген сандарында төмендегідей мәлметтерді кездестіруге болады.
1869 жылы Ырғыз уезінің бастығы Вогак барлығы қазақ жылқыларынан және 120 атқыштардан құралған отрядты бастап 3 ракеталы станогімен, үш футты зеңбіректі сүйреп, тәулігіне 60-80 шақырым жол жүріп отырған, ал бүйірдегі барлаушылар тәулігіне 100-120 шақырымнан алып отырған. Отряд бір айда 1500 шақырым, оның ішінде 800 шақырымды құм жолмен жүрген. Жорық кезінде барлығы 3-ақ ат шығын болған.
10410864_679202772193024_5868329046038970482_n1870 жылы полковник граф Борх Орынбор казактарының бір жүздігімен және 60 әскер атқыштарымен барлығы қазақ жылқыларына мінген, бір зеңбірекпен, үш күндік азықпен Жыбысқы сайынан шығады. Мақсаттары көтеріліс жасаған қазақ ауылдарын талқандау. Отряд алтыншы тәулік дегенде жем-шөпсіз, сусыз 38-40 градус ыстықта құмда жүріп, Жыбысқыға қайта оралады. Оған қосымша отряд Үстіртке көтеріліп, 5-6 өте қиын асулардан асады. Асулардың тіктігі соншалық, адамдар мен аттар төмен сырғанап, зеңбіректі керілген жіп арқылы әскерлердің көмегімен жоғарыға шығарған. Бірде-бір ат шығын болмаған. Орыс армиясының Құлжаға, Шәуешекке дейінгі жорықтары қазақ жылқысының арқасында жеңісті болды. 1870 ж. 20 казак 11 сағаттың ішінде 120 шақырым жол жүрген. Арттарында қалған әскерлерге көмекке тез жетіңдер деп хабар беру үшін бір қазақ баласын жібереді. Бала жалғыз атпен барып хабар беріп қайтып келеді. Сонда 300 шақырым жерді 29 сағатта еңсерген екен.
А.Шмактың жазбаларындағы «Орыс әскерлеріннің арасындағы байланысты қазақтың балалары қосарға бір ат алып, пошта қызметін атқарған. Шабарман балалардың мұндай жұмысын – «үкілі пошта» деп атаған. Перовск фортынан (қазіргі Қызылорда – А.Т.) Орынборға дейін (1300 шақырым) шыққан жедел хабар тасушы қазақ балалары 5-6 тәулікте жетеді екен. Ташкенттен Орынборға (2000 шақырым) дейін қос атпен 18 тәулікте барған» деген жолдардан да қазақ жылқысының төзімділігін, қазақ азаматтарының шабандоздығын байқауға болады.
Ташкент пен Орынбор арасындағы поштаға қазақтар жалданып, көптеген жылдар бойы жұмыс істегендіктен халықтың арасында фольклорда ол оқиғалар сақталып қалған. Балқия (Әлім), Омар (Шөмекей) айтысында Балқия Тарланды мақтайды да, сонда Омар Ақбауырды жырлайды:
Тарланың Байғабылдың асында үшке келді,
Тартудың күшіменен зорға келді.
Менің Айқын атамның Ақбауырын айт,
Тәшкеннен түсте шығып, Орынборға кешке келді.
Әрине, Омар өз елінің атын мақтағанда әсерлеп, әспеттеп жырлаған, Тәшкеннен Орынборға бір түстік тұрмақ бір тәулікте келу мүмкін емес. Айтыста Балқия жеңіледі.
Қазақ жылқысының айрықша төзімдігі жайында орыс армиясының басылымдарында тапқырлықпен жазылған әскерилердің мақалалары көп-ақ, бәрін келтіру мүмкін емес. Орал казак әскерлерінің атаманы генерал Дандевиль 1877-1878 жылғы орыс-түрік соғысындағы орыс кавалериясының жағдайына сараптама жасай келе, ішкі Ресейден келген кавалерия полктарының аттары тек жемшөптің күшімен жүргенін, жем тиген керуен келмей қалса. Ашығып –арып күйі жоқтығын, көптеген жылқылардың шығын болғанын жазады.
Тіпті көптеген жылқылардың Плевна түбінде жайыла алмайтыны соншалық, алдыңғы тізелерін бүгіп, шөпті шалып жегенін, жайылудан мүлдем қоңдана алмады деп көрсетеді.
Генерал өзі басқарып барған қазақ жылқыларына мінген Орал казактарының бірде-бір жылқысы шығынға ұшырамағынан мақтана жазады. Ресейден келген атты әскердің жартысына жуығы аттарынан айрылған.
1925 жылы жазда Баянауылдан (Павлодар облысы) Омбы облысының бір жеріне қайтыс болған адамның хабарын жеткізу үшін бір жас жігітті жібереді, аралары әрі-бері 400 шақырым шамасы болса керек. Жігіт аттанарда әкесі кіндігінің астынан қолтығына дейін, арқанмен шандып тастайды, неге дегенде алыс жолда ат үстінде шаршамас үшін депті. Жігіт бір күнде барып қайтып түн ортасында келіпті. Әкесі жігітке төсекті өзінің жанынан салдырып, келіннің жанына бармайсың деп ескерткен екен.
Өлгий-Қобда қалаларының арасы 200 км-ді 1950 жылы Өлгийден Қобдаға хабар беруге бір салт атты таң ата шығып, күн бата қайтып келіпті, сөйтіп 400 км бір күнде аңсарған. Келгенде әлгі ат тоқтамаған соң шылбырын лақтырып жіберіп, біраз жіберіп ап, шылбырының ұшынан ұстап әрең тоқтатыпты.
Генерал Броневский қазақтың атқа отырысы мен салт жүруге шыдамдылығы мен жылқыларының төзімділігі турасында: «Атқа, түйеге, бұқаға (өгізге-А.Т.) мініп салт жүруге ерекше құмар, ерге отырғанда қораштау көрінеді, бірақ өте мықты отырады, ер-тұрманды өздері жасайды, үзеңгілері өте ыңғайлы, бірақ черкештердікіне қарағанда аса қысқа емес. Салт жүргенде шаршау дегенді білмейді, бір күнде 200 шақырымды еңсереді, атты жеңіл жүгенмен және қамшымен басқарады. Аттың қадір-қасиетін түсінеді, тәжірибесі мол, алыс жерлерге жүргенде аттың күшін сақтай біледі:
«Мен өзім бір батыр тұлғалы сұлтанның салмағы 8 пұттай (120-130 кг — А.Т.) бірнеше қазақтармен жетектеріне бір-бір атты алып (Сібірде двуконь – қосар дейді) тау-тасты жерлермен 300 шақырым жол жүргенінің куәсі болдым. Олар сонда ешқандай шаршағанымыз жоқ, тек ұйқымыз ғана келді деді. Тағасыз аттары шаршап-шалдыққаны көрініп тұр, суытып, тынықтырған соң, ешқандай емсіз бұрынғы тың қалыптарына келді. Мұндай мысалдарды сансыз көп келтіруге болады».
Көптеген авторлар қазақтардың бүкіл болмыс-бітімі салт жүруге үйренгені сонша, жаяу жүруді білмейді деп көрсетеді. Салт жүру тек ерлерге ғана тән емес, қазақ әйелдерін де атсыз елестету мүмкін емес. «Мұндай әйелдер де ерекектер сияқты салт атпен жүреді, олардың ерлерінің артқы және алдыңғы қасы биік, әмбе кең, әсем үзеңгілері қысқа. Олар (әйелдер – А.Т.) ердің үстінде тым жоғары отырады, аттың арқасынан 10 вершоктай (1-вершок — 4,4 см) көтеріліп, аяқтарын бүгіп отыру жеңіл және ыңғайлы деп атайды. Ердің үстіне көрнекті жабу жабады, ерлердің ер-тұрманына қарағанда өте көркем» — дейді П.А.Юдин өзінің «Киргизы» деп аталатын этнографиялық жазбасында.
«Ол (қазақ – А.Т.) бір тәулікте 200 шақырымды жол құрлы көрмейді. Барымташылар Каспий теңізіндегі Бозашы түбегінен Кіші Борсық құмына екі тәулікте жетіп, алты құдық деген жердегі біздің сауда керуенін тонаған. Құдық басында демалмай-ақ, қуғыншыларға қарасын да көрсетпей, сол күні оларды Девлетяр (Дәулет жар – А.Т.) – деген жерден шыққан.
Ол апат болған жерден «керуенді тонаған жер – А.Т.) 70 шақырым».
Бұрынғы кезде алыс қашықтықтарды бағындыратын белді, берік, жүрдек аттар болды, оған шыдайтын нағыз шабандоздар да болды. қазір осныың екеуі де жоқ деуге болады.
1880 жылы граф Зубович деген бүкіл Еуропаны таңғалдырып, Вена мен Париж аралығын 15 күнде жүріп өткен екен. Орыс зерттеушілері мұндай ерлік кез келген қазақтың қолынан келетініне ешқандай күмән келтірмейді.
Қазіргі уақытта салт аттылардың осындай жарысын өткізсе аттың да шабандоздардың да жағдайын білуге болар еді.

Безимени-6Ахмет Тоқтабай,
«Қазақ жылқысының тарихы» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.