Ұлттық спорт фестивалі. Түркістан облысы чемпион (ФОТО)

702

Астана қаласында 4 қыркүйекте басталған ҚР Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалі аяқталды.

Төрт жыл сайын өтетін ұлттық спорттың басты додасында өңірлер асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша ең мықтыны анықтады.

Фестивальдің ашылу салтанатында ҚР Мәжілісінің төрағасы Е.Ж.Қошанов қатысып, спортшыларға сәттілік тілеген болатын.

Ұлттық спорттың 11 түрінен 85 спортшы әкеліп, үздік өнер көрсеткен Түркістан облысы (574 ұпай) жеңімпаз атанды. Екінші орынды Астана қаласы (549 ұпай) алса, үздік үштікті Жамбыл облысы (460 ұпай) түйіндеді.

Асық атудан — Павлодар облысы мен Астана қаласы (бес асық), аударыспақтан — Ақтөбе облысы, бәйге, жамбы ату, қазақ күресі, теңге ілуден — Түркістан облысы, дәстүрлі садақ атудан — Астана қаласы, жекпе-жектен — СҚО, көкпардан — Жамбыл облысы, құсбегіліктен — Алматы облысы, тоғызқұмалақтан — БҚО (ер) мен Павлодар (әйелдер) облыстарының спортшылары үздік өнер көрсетті.

Фестивальдің бағдарламасына дәстүрлі садақ ату (жерде тұрып садақ ату) спорты тұңғыш рет енгізілген болатын. Сондай-ақ, теңге ілу спортшылары бірінші рет «қос құлаш», «жеті құт», «бес белес» деген үш түрлі дистанцияға бөлініп жарысты.

Бұл шара ҚР Үкіметінің ҚР дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарын іске асыруға бағытталған.

Фестивальге еліміздің барлық өңірінен 11 спорт түрі бойынша 1381 спортшы қатысты.

Аталған жарысты ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ұлттық спорт түрлері федерациялары ұйымдастырды.

Шараның жабылу салтанатында ҚР Ұлттық спорт түрлерінен VII фестивалінің жалауы Шымкент қаласына табысталды. Ұлттық спорттың келесі ішкі олимпиадасында жаңа рекордтар мен қайта жаңғырған ұлттық спорт түрлері тіркеледі деп сенеміз.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!