«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ»: Он бірінші кезеңнің қорытындысы

4023

16 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің он бірінші кезеңі Сыр елі, жыр елі – Қызылорданың шырайлы өңірі Шиеліде аяқталды.

Шабандоздар белгіленген маршруттың 1050 шақырымын басып өтті.

Он бірінші кезең қорытындысы бойынша, Түркістан облысының командасы кезекті рет жеңімпаз атанды. Бұл жолы ақтөбелік шабандоздар мәре сызығын екінші болып аттаса, Қостанай облысының командасы үшінші болып жетті. Нағыз жүзден жүйрік анықталатын аламан бәйгенің 1050 шақырымы артта қалды.

Бас ветеринар Ольга Гробер Ақтөбе облысы мен Алматы қаласы командаларының бүгінгі шабысына қарап, Түркістандағы жеңіс тұғырынан көрінуі әбден мүмкін деген болжам жасады.

Сонымен қатар командадан тыс келе жатқан жамбылдық аттың жағдайы өте жақсы. Алда үш кезең бар. Сондықтан нақты осы команда жеңіске жетеді деп айту қиын. Түркістанға дейінгі жол ауыр. Үздік келе жатқан кез келген команданың аяқасты жарыстан шығып қалуы да мүмкін, — деді бас ветеринар О.Гробер.

Сонымен қатар Маңғыстау облысы командасының бір аты 11-кезеңнің алғашқы 50 шақырымында жарақат алып, команда капитансыз үш атпен мәреге жетті.

Айта кетейік, 9 команда ішінде Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында ғана 4 ат, қалған 7 команда үш атпен жорықты жалғастырады.

Алда 3 кезең, яғни 250 шақырым қалды. 9 команда 17 қыркүйекте таңғы сағат 7:00-ден бастап алғашқы 50 шақырымды еңсеруге аттанды. Түскі астан соң 9-кезеңнің кезекті 50 шақырымын бағындыруы тиіс. Сонымен командалар алдында 1150-інші шақырымды еңсеру міндеті тұр.

Он бірінші күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:

  • Маңғыстау облысы, 74 сағат 10 минут 29 секунд;
  • Қостанай облысы, 74 сағат 29 минут 43 секунд;
  • Ақтөбе облысы, 75 сағат 01 минут 56 секунд;
  • Жетісу облысы, 76 сағат 54 минут 40 секунд;
  • Астана қаласы, 79 сағат 25 минут 07 секунд;
  • Алматы қаласы, 81 сағат 03 минут 00 секунд;
  • Түркістан облысы, 83 сағат 20 минут 08 секунд;
  • Абай облысы, 85 сағат 03 минут 13 секунд;
  • Қарағанды облысы, 93 сағат 44 минут 51 секунд;

Ұлттық жоба ұлан-ғайыр атырапты айлап атпен жүріп өткен бабалар жорығын қайта жаңғыртуда. Қазақтың қазанаттарын дәріптейтін жеңімпаздарды қомақты жүлде қоры күтіп тұр. Сырдан өтіп, ер түріктің бесігі Түркістанға бет алатын 1300 шақырымдық марафон-бәйгенің жеңімпаздары 19 қыркүйекте белгілі болады.

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.