Жылқы түсінің негізгі ерекшеліктері

15377

Жылқылардың түр-түстерінің маңызы, жылқының бір-бірінен айыруға көмектесетін ең басты белгісі болып саналады. Бірақта жылқы жануарына тән түр-түстердің атаулары тек оларды бір-біріне айыру, ажырату үшін ғана емес, сонымен қатар олардың сынын, сымбатын, сыр-сипатын анықтауда, жақсы-жаман қасиеттерін білдіруде де белгілі маңызды рөл атқарады.
Жылқылардың түр-түстері мен жүн-түгінің реңін оның қылшығының түріне қарап бөледі: бүркеме (басы, мойны және аяқтары), қорғаныш (жалы, құйрығы және шашасы). Жылқының жүн-түгі оның терісінің түсіне де байланысты. Жылқы терісі қара, қызғылт немесе теңбіл болады. Ақ түк және ақ тұяқ жылқының қызғылт терісінде пайда болады, ал қара теріде және боз түсті жылқының өзінде қара тұяқ жаратылады. Гейестің байқауы бойынша қара терісі бар жылқыдан гөрі қызғылт терісі бар ақ түсті жылқылардың конституциясы борпылдақ және босаң болады. Жылқының қоңыр түстес түгі, ақ түктерден қарағанда мықты екенін келтіреді. Профессорлар П.Н.Кулешов және С.П.Урусов жылқының торы түстестері жұмысқа төзімді және дене бітімі, денсаулығы мықты деп санаған.
Меланома аурулары боз, көк түстес жылқыларда кездеседі және тұқым қуалайды. Сондықтан, бұл ауру кездесетін шаруашылықтар торы түсті жылқыларды өсіргенді жөн деп санайды. Араб атбегілері былай деген: «Ешқашан жирен ат сатып алма, сатсаң қарасын сат, бозға қамқорлық жаса, ал өзің тек торыға мін». Қазіргі кезде жылқының түр-түсі мен оның жүйріктігінің арасында өзара байланыстың жоқтығы дәлелденген.
Г.Мендельдің ғылыми-зерттеу жұмыстары, белгілердің тұқым қуалауда тұрақты заңдылықтың барлығын, будандастыратын организмдардің генотипін біле тұра, олардан алынатын ұрпақтардың белгісін болжауға болатындығын көрсетеді. Бұның жылқы селекциясы үшін де зор маңызы бар. Мысалы, АҚШ-та «аппалуза» деген жылқы тұқымы шығарылған және оның өзіндік ерекше қасиетінің − белгісі шұбар түс. Ал, жылқының «поломино» деген тұқымының ұнамды кейіпінің түсі ақ жал сары, яғни денесінің түсі жылтыр сары да, жалы мен құйрығы ақшыл болып келеді. Германияда тауда өсірілетін «гафлинг» атты жылқы тұқымы ақ жал шабдар түстес болып стандартталады.
Жылқының басқа түстерінің аллельдік арақатынасы, олардың доминанталығы мен рецессивтілігі шамамен толық анықталған деуге болады. Соның нәтижесінде ата-тегі белгілі айғыр мен биені түр-түсіне қарап, олардан туылатын құлынның түсін нақтылы болжау мүмкіншілігі толық бар. Мысалы, қара мен күрең түстер бір аллельді және қараның гені басыңқы, көк пен күрең түстер бір аллель, көктің гені басым және т.б.
Жүн түктері жылқы денесіндегі жылуды ұстап тұру қызметін атқарады. Азықтандырылуы мен табиғаттың мезгіліне байланысты түктің ұзындығы өзгеріп отырады. Қыс айларына қарағанда жаз мезгілінде оның түгі қысқа болады. Қоңы жақсы құлындардың түгінен гөрі арық құлындардың түгі ұзын келеді. Маусымдық түлеу процессіне байланысты жылқының түк қабаты біртіндеп әлсін-әлсін жыл мезгілдеріне орай, алмасып тұрады.
Профессорлар Г.Неума мен А.С.Красниковтың классификациясы бойынша жылқылардың түр-түстері үш топқа бөлінеді. Бұл классификация жылқылардың түр-түсінің жалпы анықтау белгісін көрсетеді.
Жылқының түр-түсінің классификациясы
1. Негізгі:
Бір түсті — ақ немесе боз, сары, жирен, қара.
Екі түсті — құла, қаракер, шабдар, күрең, торы.
Аймақтық (зональдық) — жирен шабдар, шабдар сұр.
2. Аралас:
Түктері ақ және түрлі-түсті — көк, бурыл
3. Құрамалы:
Екі түрлі — ала
Күрделі — шұбар
Жылқының түр-түсіне байланысты қолданылатын атаулар.

Жылқы — үй жануарлардың ішіндегі ең көріктісі және әдемісі. Жылқының түр­-түстерін сөз етуге байланысты ескеретін тағы бір жағдай, оның түр-түсі жасына байланысты өзгеріп, құбылып отыратындығында. Жылқының құлын, тай кезіндегі түр-түстері құнан, дөнен шыққанда, бесті болғанда өзгеріп кетуі ықтимал. Мәселен, көк тай өсе келе боз дөнен болуы мүмкін және т.с.с. Сондықтан, түр-түстер жылқылардың жасына да қатысты. Сонымен жылқы малының түр-түстерінің жағына және тұлға жағына қарап, бір сөзден тұратын жалаң атаулар және екі, үш не оданда көп сөзден тұратын жылқылардың жалпы түстері болғандықтан, олар сөз ыңғайына қарай, нақтылы түрде:

құла жылқы, торы айғыр, жирен құнан, көк дөнен, қаракер бие, шабдар байтал, көк теңбіл ат, ала тай және т.б. деп те,

кейде бұл атаулар заттанып барып:

бәйге торы, боз жорға, сандал көк, көк шолақ, торы теңбіл, сары қасқа және т.б. болып та қолданылады.

Khairat I.Исxан Қ.Ж. «Жылқы шаруашылығы» Алматы Нұр-Принт баспасы 2009 ж.
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.