Бүкіләлемдік Көкпар қауымдастығын Данияр Қобыландин басқарады
Дүниежүзілік көкпар қауымдастығын Данияр Қобыландин басқарады. Мұндай шешімді бірлестік мүшелері кезекті конференцияда ашық дауыс беру арқылы қабылдады.
28 қыркүйекте Бүкіләлемдік Көкпар қауымдастығының форумы онлайн режимде өтті.
Форумға Қазақстан, Венгрия, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ресей ұлттық спорт федерация өкілдері қатысты. Сонымен қатар, форумның басты қонағы Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының жауапты қызметкері Джалалитдин Дирил қатысты.
Форумда жаңа мүшелер қабылданып, халықаралық ұйымдармен меморандумға отыру рәсімдері өтті. Онлайн форумда екі түрлі мәселе күн тәртібіне шығарылды. Оның бірі – Бүкіләлемдік Көкпар қауымдастығының президентін ауыстыру болды.
Бұған дейін қауымдастық президенті болған Еркін Абзалов өз еркімен президент лауазымынан бас тартып, орнына жас әрі тәжірибиелі маман Данияр Қобыландинді ұсынды. Қауымдастық мүшелері бірауыздан Даниярдың кандидатурасын мақұлдап, дауыс берді.
Өз кезегінде Данияр Қобыландин қауымдастық мүшелеріне сенім білдіргендері үшін алғыс айта отырып, вице-президенттікке Өзбекстан өкілі Еркін Абзаловты ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Бұған дейін президент атанып келген Абзалов енді вице-президент болды.
Бүкіләлемдік Көкпар қауымдастығының тізгіні бұдан былай Қазақстанның қолында болмақ.
Осы орайда Данияр Қобыландин қауымдастықтың кезекті отырысы 2023 жылы 28 қазанда Алматыда өтетінін, оған мүше мемлекеттің барлығын арнайы шақыратынын ескертті.
Онда ұлттық және дәстүрлі ат спорты ойындарын одан әрі дамыту және кеңінен насихаттау бойынша кезек күттірмейтін міндеттер мен Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туралы мәселелер қаралатын болады.
Маған көрсеткен жоғары сенімі үшін барлығына алғысымды білдіргім келеді. Қауымдастық қызметін жоғары деңгейге көтеруге бар күшімді саламын. 2024 жылы Қазақстанның елордасы Астанада өтеді деп жоспарланған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алдында бәрімізге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біздің алдымызда ұлттық және дәстүрлі ат спорты ойыны көкпарды одан әрі дамыту бойынша орасан зор міндеттер тұр. Иә, ойын әр елде әрқалай аталады, бірақ ойын ережесінің мәні мен мағынасы бір, – дейді Қобыландин.
Екінші мәселе – қауымдастық құрамына жаңадан мүше қабылдау жайы талқыланды. Онда бұған дейін құрама қатарына кіруге өтініш беріп келген Пәкістан елін және Венгрияның халықаралық «Кобори» федерациясын қабылдау туралы шешім шығарылды.
Сонымен қатар бірқатар халықаралық федерациялар Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығымен екіжақты меморандумға отырды.
Еске сала кетейік, Данияр Қобыландин бұған дейін Республикалық «Аударыспақ» федерациясының президенті болған.
Данияр Қобыландин 1984 жылы дүниеге келген. Заңгер, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистрі.
Қазақстан Көлік министрлігінде және ел Президенті Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған. 2013 жылдан бері ол Қазақстандағы ең ірі бизнесмендердің бірі.
Дене шынықтыру және спорт құрылымдарында жұмыс істеу тәжірибесі мол. 2018-2022 жылдар аралығында ҚР «Аударыспақ» федерациясын басқарды.