Ерболат Тоқсанов: Қазір шабандоз бала табу қиын

4474

Естеріңізде болса, өткен жылы наурыз айында ШҚО-да 130 шақырымдық аламан өтіп, одан «Тарпаң» есімді жүйрік бас бәйге алған болатын.

Тарпаңның иесі – Ерболат Тоқсанов. Қатонқарағай ауданының азаматы. Бір сәті түскенде Ерболаттан ат баптау, бәйге бала дайындау, алысқа шабатын Тарпаңның қолына қалай түскені жайлы әңгімелесудің сәті түскен еді.

— Әңгімені бапкерліктен бастайықшы. Сіздің ат баптаудағы ерекшелігіңіз қандай?

— Ең әуелі атты жақсы көре білуіңіз керек. Аты бәйгеден келмей қалса ұратын, жай уақытта да оқыс қылық көрсетіп қалса жекитін адамдар бар. Олай болмайды. Ол – жануар. Егер оны түсіне білсеңіз, оны мәпелеп, еркелете білсеңіз, ол да сізге жақын болуға, сіздің сеніміңізге кіруге тырысады. Ат пен бапкердің, ат пен шабандоздың арасындағы сенім өте маңызды. Екіншіден, тамағын уақытында беру керек. Ат ешқашан жүрістен қорықпайды, тамағы дұрыс болса болды. Үшіншіден, қандай ат мінсең де, ол жүйрік болсын, ол шаруа көлігі болсын, тіпті қойға мінетін ат болса да жақсылап суыту керек. Менің басты ұстанымым осы.

Тағы бір айта кетерлігі, басқалар секілді укол салмаймыз. Қазіргі кезде көптеген атбегі атына неше түрлі укол салуды әдетке айналдырды. Ал өзіміз көп жылқы бақпаймыз, керісінше ара бағамыз. Ауылымыздың кез келген адамы – омарташы. Жүйріктерімізді де балмен жаратамыз.

— Балмен жарату деген қалай?

— Аттың жеміне бал араластырып береміз.

— Оның аттың ағзасына беретін пайдасы қандай?

— Мысалы атқа укол салған кезде ол бірден қанға тарайды да, дәрі ретінде ғана әсер етеді. Ал балды жеп тұрған жеміне араластырып берген кезде, ол кәдімгі тамақ секілді бойына сіңеді. Кез келген дәріден мықты.

Сонымен қатар, омартаның тозаңдығын (пыльца) береміз. Бұл табиғи допинг деуге болады. Атты қойып, адамның өзі бір-екі қасық жегеннен кейін қызуың көтеріліп, денеңіз қызып кетеді. Баптап отырған атқа бәйгеден бір ай бұрын бал мен тозаңдық береміз.

— Жаңа бір сөзіңізде атты жастайынан шанаға, кәшебойға жегіп дағдыландырамыз деп қалдыңыз…

— Атқа мінгізіп, үнемі қаражарысқа салып отыратын бала жоқ. Бала болған күннің өзінде оларды шаршатпау үшін, атты тай-құнан кезінен кәшебойға, шанаға жегеміз. Солай баптаймыз.

— Өзіңіз айтпақшы, қазіргі кезде атбегілер бәйге атына шабатын бала, яғни шабандоз жоқ дегенді көп айтады. Бұл мәселені сіздер қалай шешіп отырсыздар?

— Рас, қазір аттың сырын ұғып, бәйгенің мәнін түсінер бала жоқ. Өзіміздің ауыл шағын болғанымен, көрші ауылдарда атқа шауып жүрген балалар бар, соларды шақырамыз. Бұл өте үлкен жауапкершілік! Баланы ата-анасынан, мектебінен сұрап аламыз. Оның амандығына жауап беруіміз керек. Шабандоз атқа шауып қана қоймай, астындағы атын жан-дүниесімен сезінетіндей болуы керек. Ол үшін баланы атпен бірге «баптау» артық етпес еді.

(ШҚО Зайсан ауданында 2019 жылы 10 наурыз күні 130 шақырымдық аламанда бас жүлде алған «Тарпаң» атты сәйгүлік. Иесі — Ерболат Тоқсанов, шабандозы — Сергей Рыбин)

— Әңгімені «Тарпаңға» қарай бұрайықшы. Бұл жүйрік қолыңызға қалай түсті?

— Тарпаң – өзімнің қолтумам. Енесін құлын кезінде көрші ауылдан сатып алғамын.

— Оның жүйрік табатын бие боларын біліп сатып алдыңыз ба, әлде малдану үшін алып па едіңіз?

— Ол кезде ұрғашы құлын болған соң, малдану үшін алған едім. Бірақ, үйірдегі он құлынның ішінде ерекше болып өсті. Түр келбеті де, мінезі де, жүріс-тұрысы да өзгелерден бөлек болды. Тарпаң сол құлын бие болған кезде туған төлі.

— Ал әкесі ше? Тарпаңның әкесінде жүйріктік бар ма?

— Осы Қатонқарағай ауданының тағы бір ауылынан тай кезінде сатып алдым. Тарпаңның әкесі жирен, енесі – торы. Тарпаң да енесі секілді торы болды. Оның тұқымында да асып бара жатқан жүйріктік бар-жоғын нақты білмеймін.

— Аттың сырт келбетінен жүйрік екенін тани аласыз ба?

— Көбінде аттың жаясына қараймын. Жаясы жайпақ болса, жаман жылқы болмағаны. Сонымен қатар, аттың шоқтығына мән беремін. Шоқтығы қанша биік болса, сонша мықты ат болғаны. Үшіншіден, мүмкіндігінше мініп көремін. Атқа тақымыңыз тиіп, шамалы жүрген кезде барлығы белгілі болады.

Тағы бір анықтама – алыс жолға мініп келіп, суытып, таңертең көрген кезде атыңыз елеңдеп, қунақ болып тұрса, демек жақсы ат болғаны. Ал құлағы салбырап, жүні «өліп» тұрса, ол тым жақсы ат емес.

— Тарпаңмен аңға жиі шығатыныңызды айттыңыз…

— Иә, мал ұстайтын болған соң, бір жағынан таулы өлке болғандықтан, «жаманауыз» (қасқырды айтып отыр – ред.) көп біздің жақта. Соған жігіттер аңға шығады. Жазда Алтайдың басындағы өзендерге балыққа барады. Тауға шығып келген соң, ертеңінде қойға, мал жайлауға, шанаға жегіп, жұмысқа салады.

— Тарпаңға дейін жүйрік баптап па едіңіз?

— Бұған дейін де бірнеше жүйрігім болды. 2012 жылы Тарбағатайда үлкен бәйге болды. Еліміздің барлық жерінен жүйріктер келді. Қабанбай бабамызға қойылған ескерткіштің ашылуында 40 шақырымға созылған бәйгеде «Байшұбар» атты айғырымды қосып, жүлделі орын алды. Негізі аламанда сол ат қана келген еді. Әбден күн батып, қас қарайып кеткен соң ат шаптырып, 18 айналым болған аламанда менің атыма екінші орын берілді.

— Неге?

— Бас жүлдеге тігілген қымбат көлікке қызыққан біреулер айналымның арасында тың ат қосып жіберді.

— Қолда басқа жүйрік бар ма?

— Бар. Таза қанды ағылшын аттары. Ауданда, облыста жүлде алып жүрміз.

— Таза қанды мен қазақы қолтума жайлы не айтасыз?

— Әуелі аттың қанша қашықтыққа шаба алатына мән беру керек. Рас, біздің аттарда жылдамдық төмен, бірақ, төзімділік бар. Мысалы, қазіргі 16, 25 шақырымдық бәйгелерде ағылшын аттары озып тұр. Қазақы жылқының ерекшелігі тау-тасқа салсаң да, күй талғамайды, қыста тебінде, жазда жайылымда. Ал таза қанды аттарды атқорада бағып ұстамасаңыз, басқаша мүмкін емес.

Бізде мықты атқора тұрған жоқ, оны салу үшін қаржылық жағдай да керек. Қолдағы жүйрік атымыз да, жай атымыз да қысы-жазы далада жүреді. Ыстық-суыққа бірдей төзімді.

— Қолда жылқы бар шығар?

— Иә, 100-ге жуық бие бар. Соны сауып, қымызын керегімізге жаратып отырмыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Осы орайда, бағанадан бері Ерболат Тоқсанов ағамызбен өрбіген әңгімемізді тыңдап отырған жылқытанушы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Исханнан жылқы жеміне бал қосып берудің пайдасы жайлы сұрадық.

«Жылқыға азық берген кезде рацион құрылады (құрамы анықталады). Рацион құралған кезде негізгі ескерілетін дүние, азық құрамында ақуыз, май және көмірсу болуы керек. Сондықтан, жылқыны азықтандырғанда спорттық жылқыға бал беру қалыпты жағдай. Ал балдың құрамында көмірсулар мол. Осы көмірсулар организмге сіңген кезде тез ыдырайды. Сонымен қатар ол глюкозаның міндетін атқарады. Сондай-ақ, глюкозаның екінші қырынан қарасаңыз, ол – қант. Демек, глюкоза – организмге күш береді. Яғни, денеге сіңген глюкоза АТФ түрінде бұлшықетте қор ретінде сақталады. Бір сөзбен айтқанда, денеге тараған бал, бұлшық етте күш болып сақталады. Жылқы балды жеу арқылы бойындағы күшті бұлшық етке жинақтайды. Ол шабыс барысында жылқыға күш береді» — деді Қайрат Исхан.

Ержан Жаубай,

BAQ.KZ

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.