Жүйрік аттың өкпесі кішкене болады

2096

(Жалғасы. Басы мына жерде)

Жүйрік аттың белгі-сынынан Мінайхан Тотайұлының жанарына ілікпеген бірде-бірі жоқ деуге болады.

Мінайханның өткір қос жанары жүйрік аттың басынан құйрығына дейін тінтпеген түкпір қалмаған. Көрген, білген, сезгендерін санасына таңбалап, сыншы болып кем-кетігін сынау, байқау арқылы түзетуге тырысып, тексеріп, зерттеу арқылы біртіндеп ішкі ағзасындағы көмескі белгі-сынын ашудың соны өрісіне ізденіс жасап, тереңге тартады.

Жайшылықта жүйрік аттың сыны – басы мен ұлы денесіне түгелдей жайылып жатады. Оны қыран жанармен шолып, байқап отырады. Жүріс-тұрысынан, мінезіндегі қасиетін аңғарады. Ондай болса, көрінбейтін ішкі ағзасында қандай көмескіленген белгі болады? Бұл сұрақ ойға оралысымен қатты аңсары ауады. Сондықтан өзі білетін жүйрік аттың иелеріне ат кәртейгенде, соғымға сойғанда өзіне айтып қоюын ауызекі кесетіп, тапсырып отырады.

Мінайхан Тотайұлы сонау 1970 жылдардан бастап жүйрік атты тексеру-зерттеу жұмыстарын өрістеткен. Ол күллі саналы ғұмырында жұлқынған зердесін қашанда жүйріктің ішкі ағзасындағы жасырын, жұмбақ құпиялы, тіпті көмескі көлеңкелі сын-сырын түсінуге арнайды.

Әрқандай бәйгеде ол қараүзіп келген жүйрік аттарды бәйгеден келе салғанда жанына барып, қадала қарап, оның сынын көріп, басқа да көзге түспеген белгілерін іздестіретін, қарастыратын. Әсіресе, өзінің қотыр кер тайын көп зерттеген. Бұл ат бестісінен бастап төрт жыл бәйгеге қосып, түйені де, биені де алды. Бұл ат аламан бәйгеде шауып келгенде алқынып, ентікпейтін. Аса қатты соққан жүрегінің дүрсілін естігенімен өкпесі алқынып, ентікпейтініне қайран қалатын. Шауып келгенде Мінайхан әдейілеп жануардың жанына тұрып, аттың өкпесі қандай екен деп шексіз ынтығатын.

Ол ұлтымыздың дәстүрлі сыншылық өнерінен кеңінен нәр алғанымен, ұлттық сыншылық өнер-білімге толық қанағаттанған көзбен қарамай, реалистік тұрғымен сыншылық өнер-білімін ішкерлей зерттеп, ғылыми ізденіс жасап, көмескі белгілерін ашуда арт-артынан жаңалық ашады.

Жүйрікті жіліктеп, ішкі ағзасын көріп, әдеттегі атпен салыстырып отырған. Кейіннен өзінің қотыр кер тайы асықты жілігінің жуан басының түбінен сынып мертікті, күтімге алып, бағып қатарға қосып, келесі жылы соғымға сойғанда боршалап, ішін ақтарғанда құпия сырдың беті ашылады.

Көмескі белгісінен үшеуі шығады. Бірінші – сойғанда өкпесін көреді. Бұл аттың өкпесі әдеттегі аттың өкпесінен кішкене, жіңішке болып шықты. Бұрынғылардың «өкпесі жоқ ат» деуінің себебі осы екен ғой деген таңданысты көңіл-күйде болады. Екінші – құс қанатты қабырғадан екі жағында екі-екіден төрт қабырға шықты. Арқа-белдеме сүйегінде жік жоқ, бітеу сүйек екен. Үшінші – азусыз ат еді. Оны бұрыннан білетін.

Жүйрік атта осындай көмескі белгі болады екен ғой деп ой қорытады. Әрі осы белгілер басқа жүйрік атта кезіге ме екен деген ойда болады. Содан бастап төңіректегі жүйрік аттың соғымға сойылған кезінде ерінбей барып, тікелей өзі боршалап, ішкі ағзаларын көріп, салыстырып жүрді.

Ауылдағы Базар Зарқымұлының қасқа атының соғымға сойылатынын естіп, тықыршып, қатты алағызады. Бұл қасқа ат 10 жылда 20 рет бірінші болып бәйге алған, енді кәртейіп, соғымға сойылмақшы.

Қандай бір істі тексеріп, зерттесең оның дәлелі, сипаты керек қой. Сыртқы аурулар бөлімінің дәрігеріндей болған ол ақтарылып түскен ішкі ағзаларын мұқият тексереді. Қасқа аттың өкпесінің кішкене, бір жақ шеті үшкір екенін көріп, өзінің тұжырымдаған ақиқатының шындық екенін ақыры тұрақтандырады.

Жалғасы бар.

Бекзат Құрмашұлы,

mp.weixin.qq.com, (2022 жыл)

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Түпнұсқадағы тақырып: Сыншымыз бар, дүние таныған тұлпарымыз жоқ, бұл қандай жағдай?

ФОТО: Мейрамбек Ташкен

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!