Есмырза Жаңбыршиев, ардагер жылқышы: Қазақ осы жылқының арқасында жаудан жерін қорғады

9124

Есмырза Жаңбыршиев аталарынан бері қарай жылқышы болып келеді. 1942 жылы әкесі Жаңбыршы еңбек армиясына алынады. Колхоз белсенділері әкесі баққан жылқыны ауылға айдатып әкелгізіп, Жұмағали Жапақовқа санап бергелі жатады. Сол сәтті еске алған Есмырза ақсақал:

– Мен ол кезде 11 жаста едім. Жылқыны алып қояйын деп жатқан соң, бергім келмей, бақырып жыладым. Екі айғыр үйір жылқының ішінде төрт бием де бар еді. Сосын ферма меңгерушісі ақсақал өзгелерден: «Мынау жылқыны баға ала ма?» деп сұрады. Бәрі де «Баға алады! Туғаннан жылқының ішінде өсіп келе жатыр»,- деді. Содан маған сеніп тапсырды, жылқыны шашау шығармай бағып кеттім.

EsmyrzaОл кезде соғысқа қажетті аттарды алып тұрды. Жылқыны айдап баратын адам табу қиын. 1943 жылы Орлов деген қалаға 150 ат алып бару керек болды. Аттарды алу үшін «полуторка» машинамен үш орыс жігіті келді. «Елтай» колхозында жылқы көп екен. Осы төңіректегі жылқыларды бір жерге жинады. Мен жылқыны тас қылып иіріп тұрған едім. Саржан Аташов деген ақсақал өзімен бірге «Мына баланы аламын!» деп мені таңдады. Қырдың үстімен Гурьевке (қазіргі Атырау) айдап бардым. Сол қалада аттар поезға тиеліп, Орловқа жөнелтілді. Мен бірге кеттім. Жолда жау ұшақтары поезды бомбылады. Составтың арт жағына түскен бомба вагонды айырып кетті. Ат алуға келген орыс жігіттері «Сен жарайсың!» деп менің арқамнан қағып жатыр…

Қазір тіпті кейбір қатыспағандар да соғыс ардагері деген атақты алып, арнайы зейнетақы мен жәрдемақы алатынға ұқсайды. Мен ондайдан «нөлмін»! Бала-шағаның қасында, өз шаруашылығымызға бас-көз болып жүріп жатырмын. Жасымыз сексеннің бесеуіне келді.

Жылқы баққан кезде алдыңғы қатарлы жылқышы атандым, құлынды көп алдым. Орскіге, Ақтөбеге жылқы айдалса, мен барамын. Гурьев пен Ақтауға да бірнеше рет жылқы айдап бардық.

Мені жылқы бағудан шығарып та тастайды. Кешегі Кеңес өкіметі заманында сол кездің басшылары мені қорқытамыз деп әйелім және бала-шағаммен бірге мың шақырым жерге далаға да тастап кетті. Бірақ кейін амал жоқ, кеңшар жылқысын бағу үшін маған береді.

Ол заманда жылқыны алыс қырға шығарып бағатынбыз. Сол кезде сонау Арал теңізіне дейін, тіпті Мибұлақ деген жерге дейін баратын едік. Ащыбұлақ деген жерге де бардық, арғы жағында Шалқар 70 шақырымдай еді. Жылқының жауы қасқыр ғой. Күні-түні жылқының ішінде жүріп күзетемін. Көз ілмей жүрген күннің өзінде қасқырға жегізіп алған кездерім болды. Ауылға жылқыны иіріп тастап, тамақ ішеміз. Алысқа үй ішімізбен бірге көшіп жүреміз. Әйелім Жәниба түйеге барлық жүкті артып алып жүреді. Тоқтаған жерге киіз үйімізді тігеміз. Жылқы баққанда «әй, кәпір» атанғаным жоқ. Шаруадан қалған жоқпын.

Өмір бойы жылқы бағып, атақ-абыройға бөлендім. 1984 жылы кеңшардың бір директорымен сөзге келіп қалып, 1 мың жылқыны 3 қараша күні тапсырып, 5 қараша күні жұмыстан шықтым.

Жылқының қандай қасиеттерін ерекше айтар едіңіз?

– Жылқының табиғаты ерекше. Қазақ осы жылқының арқасында жаудан жерін қорғады. Жарысқа түсіп, бәйге алып, абыройы аспандады. Қазіргідей машина жоқ заманда халық жылқымен күн көрді. Кешегі Кеңес өкіметі кезінде бастықтар да ат мінді. Олар атты шартпен алады. Жиналысқа да сонымен барады. Жылқы деген қазақтың бұрынғы машинасы мен ұшағы!

Ат спорты қандай мерекенің де сәні ғой! Ертеректе 7 қарашада, 9 мамырда жарыстар өтіп тұрды. Өзім бәйгеге ат қосатынмын. Талай рет жүлде алдым. Сонымен қатар жорға жарысына да қатысып жүрдім. Бәйгеге шабандоз болып балаларым шапса, жорға жарысына өзім түсіп, атымды жорғалатам. Мақтанғаным емес, жорға жарысының алдын бермедім. Бәйгеге ат қосуды қойғаныма 20 жылдай болды.

Өмір бойы баққаным адай жылқысы. Біреулер басқа жақтан бәйге аттарын әкеліп, айғыр ауыстырып жатады. Мен олай бірін де ауыстырмаймын. Осы адай жылқысының ішіндегі жүйрік биені тауып, соған жүйрік айғырды салып, жақсы тұқымын аламын.

Маңғыстаудың жылқысы әрі төзімді, әрі қайратты, әрі осы жердің табиғатына бейім болып келеді. Ертеректе Нұртас Оңдасынов деген басшы болды. Ол Бейнеуге келіп, әдеттегідей атшабыс емес, бірнеше күндік жарыс өтетінін айтты. Оған Түркіменстаннан, басқа жақтардан да небір жүйрік аттар келді. Алпыс шақты ат қатысты. Әрбір 25 шақырым сайын аттарды белгілеп тұратын адамдар қойылды. Сонда біздің адайдың «Мажақай» деген кер аты жеке дара бірінші келді. Адай жылқысының мықтылығын көрсетті. Содан кейін ұзақ уақыт бойы ондай жарыс бола қойған жоқ. Ал осы соңғы жылдары қайтадан қолға алып жатыр екен деп естідім.

Туғаннан жылқының ішінде өскен соң, оның бүкіл қасиетін тани білеміз ғой. Қайсысы жүйрік, қайсысы төзімді болатыны құлын кезінен байқалады. Ат сатып алатын адамдар әлі күнге дейін маған таңдатады.

Бес жасымнан жылқы баққаннан бері осы жануарға деген қызығушылығым басылған емес. Өзім мотоциклден екі рет жығылдым, машинадан екі рет құладым. Ал жылқыдан жығылып, ешбір жерім сынған емес! Жылқыны көрмесем, отыра алмаймын. Қазірдің өзінде балаларым тайларды ұстап, жалын күзеп, таңба басып жатса, мен сол қораға қамалған асау жылқылардың ішінде жүремін. Балаларым «Сені жылқы теуіп өлтіреді!» деп қорадан шығарып жібереді. Кейбіреуі теуіп те жатады, бірақ маған тимейді. Бала күнімде аттардың артында бұлаңдап жүріппін.

Астыңызға мінген аттардың қандай ерекше қасиеті болды?

– Бір қызыл айғырды мініп, жылқы бақтым. Ол айғыр жылқыны шыр айналып жүреді. Бірде-бірін шашау шығармайды. Ауыздығын алып тастаймын, ол шалып оттап жүреді, мен үстінде отырып, кейде қалғып кетемін.

Жылқы үркіп қашса, қасқырға жем болады. Үйірін қасқырға алдырмайтын ақылды айғырлар болады. Олар үйірді бір жерге иіріп қояды.

Өзім қасқырдың жауы болдым. Біразын қырдым кезінде. Атпен қуып та аламын, қақпан құрып та ұстаймын. Үйде 15 қақпаным бар. Жүретін жолына, өздері өлтірген малдың өлімтігіне құрамын. Осыдан он шақты жыл бұрын Тұщықұдық пен Шебірдің арасында бір күнде бес қасқырды қақпанға түсірген едім. Жас кезімде қасқырды атпен қуып келе жатып, қапталына келгенде, ұрып өлтіремін. Кейде мылтықпен атып аласың. Жалпы, машығым жылқы бағу мен қасқыр аулау болды.

Өзім жасымда білім ала алмай қалдым. Сауықшыл адам да емеспін. Бәйге болып жатқан кезде концерт көруге не басқа ойын-сауықтарға да бармаймын. Тіпті қазірдің өзінде теледидарды да көргім келмейді. Кейде бірін-бірі сүйіп жата ма, біздің көңілімізге қонымсыз көріністерді көрсетіп жатады.

Aibatyr S.Айбатыр СЕЙТАҚ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Фотода Есмырза Жаңбыршиев. Фотоны түсірген автор.

(qazaquni.kz порталындағы «Жылқы мінезді қария» мақаласынан ықшамдалып алынды)

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.